ҚПЛ-2026: «Ордабасы» чемпион атанды, «Қайсар» 1-лигаға ұшты

Фото: pflkaz

СПОРТ
110

Қазақстан Премьер-лигасының 2026 жылғы маусымы өз мәресіне жетті. 31 қазанда өткен 30-турдан кейін чемпионаттың барлық жүлдегері, үздік сұрмергені және Бірінші лигаға түсетін командалар анықталды. Биылғы маусымның басты жеңімпазы – Шымкенттің «Ордабасы» клубы, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Шымкенттік клуб 30 матчтың 21-інде жеңіске жетіп, бес рет тең ойнады және төрт кездесуде жеңіліс тапты. Команда 68 ұпай жинап, қарсыластарынан оқ бойы озық шықты.

«Ордабасы» чемпиондық атағын соңғы турға дейін күтпей, 29-турда мерзімінен бұрын қамтамасыз еткен еді. Осылайша шымкенттіктер Қазақстан чемпионы атағын екінші рет иеленді.

Күміс жүлде алматылық «Қайратқа» бұйырды. Команда маусымды 65 ұпаймен аяқтады. «Қайрат» 30 кездесудің 19-ында жеңіске жетіп, сегіз рет тең түсіп, үш мәрте жеңілді.

Ал қола жүлде үшін күрес соңғы турға дейін жалғасты. «Астана» сырт алаңда «Жетісумен» 2:2 есебімен тең ойнап, үшінші орнын сақтап қалды. Елордалық клуб 54 ұпай жинады.

Дәл осындай ұпайды көкшетаулық «Оқжетпес» те еншіледі. Команда соңғы турда «Елімайды» 4:1 есебімен жеңгенімен, қосымша көрсеткіштер бойынша төртінші орынға тұрақтады. 

2026 жылғы чемпионаттың қорытынды турнир кестесі мынадай:

  1. «Ордабасы» – 68 ұпай;
  2. «Қайрат» – 65 ұпай;
  3. «Астана» – 54 ұпай;
  4. «Оқжетпес» – 54 ұпай;
  5. «Ақтөбе» – 49 ұпай;
  6. «Елімай» – 45 ұпай;
  7. «Тобыл» – 41 ұпай;
  8. «Жеңіс» – 36 ұпай;
  9. «Ұлытау» – 35 ұпай;
  10. «Қызылжар» – 33 ұпай.

Одан кейінгі орындарға «Каспий» (33 ұпай), «Ертіс» (32 ұпай), «Атырау» (30 ұпай), «Алтай» (28 ұпай), «Жетісу» (27 ұпай) және «Қайсар» (25 ұпай) жайғасты. 

Маусымның соңғы турында төменгі орындардағы командалар үшін де маңызды ойындар өтті.

«Жетісу» өз алаңында «Астанамен» 2:2 есебімен тең түсті. Алайда бұл нәтиже талдықорғандықтарды Премьер-лигада алып қалуға жеткіліксіз болды.

Ал «Қайсар» елордалық «Жеңіске» 1:2 есебімен есе жіберіп, чемпионатты соңғы орында аяқтады. Қызылордалық клуб 30 матчта небәрі төрт рет жеңіске жетіп, 25 ұпай жинады.

Осы нәтижелерден кейін «Жетісу» мен «Қайсар» келесі маусымда Бірінші лигада өнер көрсетеді. 

2026 жылғы чемпионаттың үздік сұрмергені атағын «Ордабасы» шабуылшысы Берн Йонсен жеңіп алды. Норвегиялық футболшы қарсыластар қақпасына 14 гол соқты.

Екінші және үшінші орындарды 12 голдан соққан «Тобыл» шабуылшысы Урош Милованович пен «Қайрат» ойыншысы Марк Гуаль бөлісті.

Төртінші орынға «Астана» футболшысы Марин Томасов 11 голмен жайғасса, үздік бестікті 10 гол соққан «Қайрат» шабуылшысы Эдмилсон түйіндеді.

Осылайша, ҚПЛ-2026 маусымы «Ордабасының» чемпиондығымен, «Қайрат» пен «Астананың» жүлдегер атануымен есте қалды. Ал келесі маусымда Премьер-лигадағы командалар құрамы өзгеріп, «Жетісу» мен «Қайсардың» орнына Бірінші лиганың үздік клубтары қосылады.