«Қателігімді түсіндім, енді өмірімді жаңадан бастағым келеді»

дереккөзден

СҰХБАТТАР
29

Жалған ілімнің жетегінде: жабық діни жамағаттан шыққан азаматтың өмірлік сабағы

Дінді тануға деген таза ұмтылыс пен рухани ізденіс кейде адамды дұрыс жолға бастаса, кей жағдайда түрлі радикалды топтардың манипуляциясына ұшыратып, өмірлік үлкен қателіктерге ұрындыруы мүмкін. Бүгінгі кейіпкеріміз Азамат (есімі өзгертілген) – бір кездері жабық діни ағымның ықпалында болып, қателігінің ауыр зардабын тартып, бүгінде өмірін жаңа парақтан бастауға бел буған азамат. Ол өзінің ащы тәжірибесі арқылы қоғамға, әсіресе жастарға маңызды сабақ боларлық ойларымен ашық бөлісті.

Азамат, дінге келу тарихыңыз қалай басталды? Жалпы, бұл жолға түсуіңізге не түрткі болды?

Мен ол кезде Астанадағы медициналық колледждердің бірінде оқып жүрген едім. Намазға жығылып, дінге бет бұруым 2010-2011 жылдарға тұспа-тұс келді. Ол уақыт елорданың нағыз қарқынды дамып, құрылыс қайнап жатқан кезеңі болатын. Өзім де құрылыс басында еңбек еттім, алайда жұмыс тұрақсыз еді, пәтер жалдап тұрдым. Намаз оқи бастағаннан кейін бұрынғы ішімдікке үйір достарыммен араласқым келмей, олардан бойымды аулақ ұстай бастадым. Сол сәтте маған рухани тірек болатын, көзқарасымыз ортақ жаңа орта қажет болды.

Жаңа ортаны қалай таптыңыз? Бұл ұйымның ішіне қалай еніп кеткеніңізді байқамай қалған жоқсыз ба?

Басында барлығы қарапайым басталды. Мешітке барып, жұма намаздарына тұрақты қатысып жүрдім. Дәл сол жерде Таблиғи жамағат өкілдерімен таныстым. Бір күні жұма намазынан кейін олар мені өздерінің отырысына шақырды. Алғашында олардың қызметінің негізгі мәні мен түпкі мақсатын толық түсінген жоқпын. Бірақ уағыз-насихаттарын тыңдап жүрдім және ол маған қатты ұнады. Өйткені мен дәл сол кезде өзіме қолдау көрсететін орта мен нағыз бауырластықты іздеп жүрген едім, ал олар маған соны ұсынды.

Олардың насихат жүргізу әдістері қандай еді? Адамдарды өздеріне қалай тартатын?

Ол кезде бұл жамағаттың қызметіне заң жүзінде әлі тыйым салынбаған болатын. Олардың негізгі ұстанымы – дінді тек кітаптан оқып қоймай, тәжірибе арқылы үйрену керек деген түсінік еді. Біраз уақыттан кейін мен де оларға қосылып, үш күндік сапарға шықтым. Сол сапар барысында маған адамдардың қалай өмір сүретінін, қалай тамақтанатынын және қалай құлшылық жасайтынын іс жүзінде көрсетті.

Біз ауылдарды аралап, мешіттерде түнейтінбіз. Жергілікті тұрғындарды мешітке шақырып, кейін үй-үйді аралап насихат жүргізетінбіз. Мұны өз ішімізде «амали дағуат» деп атайтынбыз. Арнайы дайындалған мәтіндерді оқып, соларды қарапайым халыққа жеткізуге тырысатынбыз. Уақыт өте келе менің де бойым үйреніп, сапарларда адамдарға өзім уағыз айта бастадым. Қазір артқа қайрылып, сын көзбен қарасам, діндегі көптеген күрделі мәселелерді өзім толық түсінбей жатып, өзгелерге үйреткен екенмін.

Уақыт өте келе көзқарасыңыз қалай өзгерді? Радикалды бағытқа ойысу, қоғамнан оқшаулану қалай басталды?

2016 жылы мен бұл ортаға қайтадан, бұрынғыдан да тереңірек араластым. Ол кезде жамағат мүшелері арнайы пәтер жалдап, сол жерде тұрақты түрде басқосулар өткізіп тұрды. Кейін саналы түрде түсінгенімдей, олардың бекіткен көптеген қағидалары қазіргі зайырлы қоғамның заңдылықтарымен мүлдем қабыса бермейтін екен. Оларда үнемі үш күндік немесе қырық күндік ұзақ сапарларға шығу керек деген қатаң талаптар болды. Сонымен қатар, топ ішінде өздерінің ғана жазылмаған арнайы тәртіптері қалыптасқан еді.

Олардың түсінігінде адамзат тарихындағы ең жақсы кезең – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір сүрген дәуірі. Әрине, бұл діни тұрғыдан дұрыс ұстаным болғанымен, кей адамдар оны тек сыртқы формаға, киім киіс пен тұрмыстық бөлшектерге ғана тіреп қоятын. Мысалы, олардың арасында джинсы немесе қарапайым футболка киюді мүлдем дұрыс көрмейтіндер болды. Тіпті, мешіттегі ресми ұстаздың сыртқы келбеті өздерінің қалыптасқан түсініктеріне сәйкес келмесе, оны тыңдамауға, одан білім алмауға шақыратын.

Осылайша, уақыт өте келе санамызда «біз ғана дұрыс жолдамыз, қалғанының бәрі адасқан» деген эгоистік көзқарас мықтап қалыптасты. Мұндай ортада адам өзін басқалардан ерекше, таңдаулы сезіне бастайды. Өзін өзгелерден көбірек білемін деп ойлайды. Адамдар сенің уағызыңды тыңдап отырған сайын, өзіңді қоғамдағы өте маңызды тұлға ретінде сезінесің. Шын мәнінде, бұл – көптеген жабық немесе радикалды топтарға тән өте қауіпті психологиялық құбылыс. Адам тек өз ортасының ғана пікірі дұрыс екеніне көзсіз сеніп, сырттан келген кез келген балама пікірді қабылдаудан бас тартады.

Бұл шектеулер мен радикалды көзқарастың жеке өміріңізге, отбасыңызға тигізген әсері қандай болды?

Діни ағымның ықпалы ең алдымен менің шаңырағыма ауыр соққы болып тиді. Әйелім толықтай хиджаб киді. Біз үйде үстелге отырудан бас тартып, тек жерде отырып тамақтанатын болдық. Ас ішкенде қасық пен шанышқыны қолданбауға барынша тырыстық. Теледидарды «шайтанның құралы» деп есептеп, оны көруді мүлдем тоқтаттық. Осындай радикалды өзгерістердің салдарынан ата-анамызбен арадағы түсініспеушілік күн санап көбейе берді.

Отбасымның шырқын бұзған ең ауыр қателігім – қырық күндік сапарға шығып кетуім болды. Мен әйелімді үйде жалғыз қалдырып кеттім. Сол кезде отағасы ретіндегі отбасылық жауапкершіліктің мәнін мүлдем түсінбеген екенмін. Қырық күннен кейін үйге оралғанымда, әйелім екеуміздің арамыздағы қарым-қатынас бұрынғыдай болмады, арамыз қатты суып кеткен еді. Бұл жағдай ақырында біздің ажырасуымызға алып келді. Бүгінде мен бұл кезеңді өмірімдегі ең үлкен әрі ең өкінішті сабақтардың бірі деп санаймын.

Қылмыстық іс қалай қозғалды? Темір торға түсуіңізге нақты не себеп болды?

Өз әрекеттерім үшін толық жауап беруге дайынмын, дегенмен маған тағылған кейбір айыптармен іштей келіспейтін тұстарым да бар. Мен өзімді ешқашан қандай да бір топтың лидері санаған жоқпын. Біз адамдарды жамағатқа шақырдық, ал мен өз ішімде оны таза исламға шақыру деп қабылдадым.

Бәрі 2017 жылы басталды. Рамазан айында пәтерлердің бірінде ауызашарлар өткізіліп, сол жерде діни насихат айтылып жүрген болатын. Кейін белгілі болғандай, біздің бұл әрекеттеріміз құқық қорғау органдарының қатаң бақылауына ілінген екен. Сол жылы менімен қоса жалпы саны он үш адам тұтқындалды.

Жазаңызды өтеу барысында көзқарасыңыз қалай өзгерді? Адасқаныңызды қашан толық түсіндіңіз?

Мен жазамды Талдықорған қаласындағы түзеу мекемесінде өтедім. Дәл сол жерде менің сана-сезімімде үлкен төңкеріс болды десем артық айтқандық емес. Мекемеге Нұр-Мүбарак университетінің білікті ұстаздары арнайы келіп, бізбен терең түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Олар маған оқитын кітаптар берді. Сол кітаптардың арқасында мен көп нәрсені қайта оқып, өткеніме сыни көзбен қарап, терең ойлануға мүмкіндік алдым.

Қазіргі уақытта мен белгілі теолог әрі дінтанушы Ерлан Ақатаевтың дәрістерін тұрақты түрде тыңдаймын. Оның маған ұнайтын тұсы – сөзі мен ісінің толық сәйкес келуі. Ең бастысы, ол адамдарды бөліп-жармайды, барлығын ортақ құндылықтарға үндейді.

Қазіргі өміріңіз қалай өрбіп жатыр? Дінге енді ғана бет бұрып келе жатқан жастарға қандай өмірлік кеңес берер едіңіз?

Бостандыққа шыққаныма аса көп уақыт бола қойған жоқ. Қазір уақытша ауылда тұрып жатырмын. Алайда алдағы уақытта қалаға көшіп келіп, тұрақты жұмысқа орналасып, өмірімді жаңадан, таза парақтан бастасам деген үлкен ниетім бар. Бұрынғы жіберген қателіктерімді енді қайталамауға бар күшімді саламын. Ендігі жерде әрбір қадамымды терең ойланып, ақылға салып барып жасаймын. Болашақта қайтадан отбасын құрып, қоғамдағы кез келген адам сияқты қалыпты, тыныш өмір сүргім келеді.

Ал жастарға айтар ең басты кеңесім – дін мәселесінде ешқашан асығыстыққа салынбаңыздар. Діннің негізгі мақсаты адамдарды ізгілікке, парасаттылық пен адамгершілікке шақыру. Бірақ кейде адам бәрін бірден, тез үйренгісі келеді де, аңғалдықпен түрлі теріс пиғылды топтардың ықпалына қалай түсіп кеткенін байқамай қалады. Менің де өзімді басқалардан озықпын, бәрін білемін деп ойлаған тәкаппар кездерім болды. Біз кейде албырттықпен асығып, бір жамағаттың ішіне кіріп кетеміз де, кейін өмірде қатты сүрінеміз.

Сондықтан кез келген білімді әліппесінен бастап, сатылап, біртіндеп меңгеру қажет. Дінге қатысты кез келген мәселені жан-жақты зерттеп, тек қана сенімді, ресми діни білім көздеріне сүйенген дұрыс.

 

Сұхбаттасқан: Гүлбиназ Абай

ТАҒЫ ДА ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстан Үкіметі Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өткен XXV қысқы Олимпиада...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау саласына еңбегі сіңген бірегей медицина қайраткерлері...