Тәуелсіздіктің елең-алаңымен араласа қазақ киносына шоқ жұлдыздай жарқырап бір шоғыр кинорежиссерлер...
Зерделі ұлт қалыптастырудағы маңызды қадам
автордан
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын өте орынды әрі уақыт талабына сай қабылданған маңызды шешім деп санаймын. Бұл бастаманы толық қолдаймын.
Қазіргі қоғамда ақпарат өте көп болғанымен, терең ойлау мен сараптау мәдениеті әлсіреп бара жатқаны жасырын емес. Әсіресе жастар арасында қысқа ақпаратқа тәуелділік күшейіп келеді. Осындай кезеңде кітап оқуды ұлттық деңгейде қолдау – болашақ үшін жасалған маңызды қадам.
Кітап – адамды рухани байытатын, дүниетанымын кеңейтетін, саналы ойлауға тәрбиелейтін ең үлкен құрал. Кітап оқитын адам әрқашан ізденісте болады, ойын еркін жеткізе алады, қоғамға пайдалы тұлға болып қалыптасады. Сондықтан Президенттің «зерделі ұлт» идеясын көтеруі өте дұрыс деп есептеймін.
Жарлықта кітапханаларды жаңғырту, цифрлық кітапхана құру, жастар арасында оқу мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген. Бұл кітапхана саласының дамуына тың серпін береді. Бүгінде кітапхана тек кітап сақтайтын орын емес, ол – білім мен мәдениеттің орталығы. Осы бағыттағы өзгерістер оқырманға жаңа мүмкіндік ашады деп сенемін.
Сонымен қатар ұлттық әдебиетті қолдау, қазақ қаламгерлерінің еңбектерін кеңінен насихаттау мәселесі де маңызды. Өскелең ұрпақ ұлттық әдебиет арқылы елдің тарихын, руханиятын, мәдениетін терең таниды.
«Жылдың 10 оқырманы» сияқты жобалардың қолға алынуы да кітап оқуды насихаттауға ықпал етеді. Мұндай бастамалар жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, оқу мәдениетін қалыптастыруға көмектеседі.
Менің ойымша, кітап оқитын қоғам ғана дамыған, саналы, бәсекеге қабілетті мемлекет құра алады. Сондықтан бұл Жарлық – елдің интеллектуалдық болашағына бағытталған маңызды бастама.
Алматы облыстық орталық
әмбебап кітапханасының
директоры Ғ.С. Тоқабева