Шәкәрім Құдайбердіұлы қаза табардан бір ай бұрын Сәбит Мұқановқа 1931 жылы 3 ақпанда елсіздегі Саятқ...
31 мамыр - саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні
Тарихтағы бұл қаралы күн Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 1997 жылдан бастап аталып өтеді.
Саяси репрессия қашан басталды
КСРО республикаларында репрессия 1928 жылдан басталды. Қазақ елінде алдымен Алаш қайраткерлері тұтқындалды. Оларға "ұлтшыл" деген айып тағылды. Салдарынан Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков, Санжар Асфендияров, Ахмет Байтұрсынов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Абдулла Розыбақиев, Тұрар Рысқұлов, Мұхамеджан Тынышбаев, Ілияс Жансүгіров және тағы басқа зиялылар ату жазасына кесілді.
Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады. 25 мыңнан астам адам ату жазасына кесілді. Олардың арасында ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері, дәрігерлер болды.
Көш
Репрессия жылдары Қазақстанға 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың корей, 507 мың Солтүстік Кавказ елдерінің өкілдері жер аударылды. Сондай-ақ қазақ жеріне күшпен қырым татарлары, түріктер, гректер, қалмақтар мен өзге де ұлт өкілдері көшірілді. Жалпы елімізге 1 миллион 500 мың адам жер аударылды.
Қазақ жеріндегі лагерьлер
"Халық жауларын" анықтау бойынша қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шекті. Олар үшін Қазақстанда АЛЖИР (отанына опасыздық жасағандардың әйелдері қамалған Ақмола лагері), Карлаг (Халықтық ішкі істер комиссариатының Қарағанды еңбекпен түзеу лагері), Степлаг (саяси тұтқындарға арналған лагерь) арнайы лагерьлері құрылды.
АЛЖИР
Ең ірі лагерь – АЛЖИР, бұл жерде "отанына опасыздық жасағандардың" әйелдері қамалды. Талайдың тағдырын тәлкек еткен мекеме КСРО ішкі істер халық комиссариатының бұйрығымен 1937 жылы 15 тамызда Ақмола қаласының жанындағы Төңкеріс (Малиновка) елді мекенінде құрылды. "АЛЖИР" лагері 30 га жерді алып жатты. Оның Қарағанды және Ақмола облыстарында бірнеше бөлімшелері болған.
"Қазақстандағы лагерьлерге КСРО-ның түкпір-түкпірінен мал тиейтін вагондармен әйелдерді әкелінді. Бұл вагондарды сол кезде "сталиндік немесе столыпиндік" деп атаған екен. Әйелдер өздерінің қайда келе жатқандарын білмеген. Оларға "күйеулеріңмен кездесесіңдер" деп айтыпты. Ол кезде жылдам жүретін пойыздар болмаған. Сондықтан пойыздар айлап жүрген. Мысалы, Қазақстандағы Ақмола (АЛЖИР) лагеріне әйелдер 2 ай жүргенін айтады", - дейді "АЛЖИР" мемориалды-музей кешенінің қор сақтаушысы Жанар Ергелдинова "Қанмен жазылған хат" деректі фильмінде.
Сондай-ақ, музей қызметкері әйелдердің жолда көрген қиындықтарын былайша баяндайды:
"Әйелдер қақаған аязда тоңып, үсіп кететін жағдайлар болған. Оларға отынды да шамалап береді екен. Мысалы, таңертең ұйқыдан тұрған кезде шаштары мұз болып қатып қалады. Ал вагондар бекеттерге тоқтаған кезде "әйелдердің өлі денесі түсіп жатты деген" деректер де бар. Олардың туған-туыстары, олардың қайда екенін білмеген".
Лагерьдегі әйелдер 20 сағаттап жұмыс істеген.
"Қазақстандағы лагерьде 62 ұлт өкілі жазасын өтеді. Әйелдер 18-20 сағат жұмыс істеді. "АЛЖИР" лагерінің жанында "Жалаңаш" деген көл бар. Онда әйелдер қамыс шауыпты. Олар күніне 40 бау қамыс жинауы керек. Егер бұл талапты орындамаса, оларға бір тілім нан да, тамақ та бермепті", - дейді АЛЖИР" мемориалды-музей кешенінің бөлім меңгерушісі Раиса Жақсыбаева.
Оның айтуынша, қазақ ауылдары лагерьдегі әйелдерге шамасынша көмектесіп тұрған.
"Лагерьдегі адамдар қой бағып, бидай еккен. Сол кезде қазақтар мал бақпай ма? Олар лагердегі әйелдерді аяп, көмектескен. Олар тастың астына нан, ет қалдырып кетіп жүрген. Онда әйелдермен сөйлесуге болмайды. Себебі, барлығын күзетшілер қарап тұрады. Тамақтың қайда сақталғанын әрі "біз кеткеннен соң алыңдар" деп барлығын ыммен, қамшымен түсіндірген", - дейді ол "Қанмен жазылған хат" деректі фильмінде.
"Халық жауы" деп жала жабылғандардың ұрпақтары не дейді
Әкесі жазықсыз атылып, анасы 9 жыл "АЛЖИР" лагерінде болған Зарема Османова отбасының кінәсіз жапа шеккенін айтады.
"1937 жылы 16 шілде күні түнде әкем Төребек Османов ұсталды. Ол өз заманының білімді азаматы еді. Оған "Халық жауы, кеңес үкіметіне қарсы шықты" деп жала жабылды. Онда мен 3,5 жастамын. Болған оқиға еміс-еміс есімде қалыпты. НКВД әкемді 3 айдай ұстады. Сол жылдың 4 қазанында әкем ату жазасына кесілді. 17 қазанда анамды алып кетті", - дейді ол.
340 мың қазақстандық ақталды
Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау, заңсыз қудаланған азаматтардың құқығын қалпына келтіру жұмыстары елімізде тоқтаған жоқ. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 14 сәуірінде "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы" заң қабылданды.
1997 жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды.
Тәуелсіздік жылдары 146,5 мың кінәсіз айып тағылған қазақстандықтың аты жазылған 14 "Аза кітабы" жарыққа шықты. Заңнамаға сәйкес, 340 мыңнан астам қуғын-сүргінге ұшыраған азамат ақталды.
2011 жылы елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды облысындағы Қарлаг орнында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейі ашылғанын атап өтіп, жазықсыз сотталғандарды ақтау жұмысы жалғасатынын айтты.
"Этностық және діни тегі бөлек миллиондаған адамдар, тоталитарлық жүйенің диірменіне түсіп, өзгеше ойлағаны үшін күнәсіз сотталып, туған жерлерінен аяусыз айдалып, ГУЛАГ түрмелерінде жазықсыз көз жұмды. Біз үшін, азат, тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматы үшін оларды еске алу және есте сақтау қасиетті парыз. Әділеттіктің салтанат құруы үшін біз Қазақстанда кең көлемді жұмыс жүргізіп келеміз. Тоталитаризм құрбандары жерленген жерлерде ондаған ескерткіш белгілер орнатылған. Бұрынғы ГУЛАГ лагерьлерінің орындарында мемориалдық кешендер жұмыс істейді", - деген еді Назарбаев.
Ашаршылық
Сонымен қатар 31 мамыр – ашарлықта қаза тапқандарды еске алу күні. Қазақ даласында ашаршылық 2 рет болды: 1921-1922 және 1932-1933 жылдар.
1921-1922 жылдар
Азамат соғысы аяқталғаннан соң Кеңес одағының халқын тағы бір ауыр сынақ күтіп тұрды. 1921-1922 жылдары ұзаққа созылған қарсыз қыс жауынсыз жазға ұласты. Қыста қардың, көктем мен жазда жауынның болмауы қатты құрғақшылықты, оның салдары ашаршылық нәубетін әкелді.
Орал, Орынбор, Қостанай, Бөкей, Ақтөбе губернияларында құрғақшылықтан егін шықпай қалды. Мал өсірумен айналысатын көшпелі және жартылай көшпелі аудандардағы жайылымдар мен шабындықтар толықтай күйіп кетті. Оның үстіне 1920-1921 жылдардағы ұзаққа созылған қатал қыс Торғай уезінде малдың жаппай қырылуына әкеп соқты. Салдарынан Қазақстанның көпшілік ауданы ашаршылық құрсауында қалды.
Кейбір деректерге сәйкес, 1921 жылдың күзіне қарай Кеңес одағында 20 миллионнан астам адам аштыққа ұшырады.
1922 жылдың наурыз-сәуір айларында Қазақстанда ашаршылық ушығып кетті.
ҚазОАК-нің төрағасы Сейітқали Мендешевтің 1922 жылғы 8 шілдеде КазОАК-нің III сессиясында жасаған баяндамасында осы жылдың көктемінде алынған толық емес деректер бойынша қазақ жерінде аштыққа ұрынғандар саны 2 миллион 832 мың адамға жеткені айтылады. Ал 1920 жылдың соңында халық саны 4 миллион 781 мың 263 адам болған. Оның 50,3%-і - қазақтар, 31,2%-і - орыстар, 14,4%-і - украиндар.
1932-1933 жылдар
2012 жылы Астанада "Ашаршылық құрбандарының рухына тағзым" атты монументінің салтанатты ашылу рәсімінде Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес Одағы аумағындағы 1932-1933 жылдары болған ашаршылық адамзат тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі екенін атап өткен болатын.
"Сол кездерде Қазақстанда ғана емес Ресей, Украина, Беларусь жерлерін қамтыған алапат ашаршылық 7 миллион адамның өмірін жалмады. Жасанды зауалдан ең қатты зардап шеккен халықтың бірі – қазақ еді", - дейді Елбасы.
Тарихи деректерге сәйкес, 1932-1933 жылдары ең кемі 2 миллион қазақ аштықтан ажал құшты. Ал 200 мың қазақ басқа мемлекеттерге көшіп кетті.