Абай Мауқараұлы. Вирус жәндік пе, зат па?

ТАНЫМ
1720

Абай Мауқараұлы, жазушы-журналист.(ғылыми-танымдық эссе)

Қазіргі жедел ақпарат заманында дәл осы «коронавирустай» шу тудырып, жер бетіндегі адамдардың назарын қатты аударған басқа хабар аз шығар, сірә!? 

Себеп не? Қытай елінің Ухань деген қаласында тыныс жолын ауыртатын жаңа вирустың кенет шығуы. Әрі оның өте жедел тарап, ауырған адамдарды көптеп өлуі. Сөйтіп, ілезде эпидемияға айналуы яғни жұқпалы түрде бір қаланы яки бүтін елді қамтуы. 

Одан да қатерлісі басқа елдерге де шұғыл жайылып пандемияға яғни дүние елдеріне тарап үлгеруі. 

Одан да қатерлісі осы жаңа вирустың табиғатының бейтаныстығы, оның тоқтамай таралуы әрі ауырған адамдарды бұрынғы грипптік вирустарға қолданатын тәсілдермен емдегенде нәтиженің аз болуы. 

Және Италия, АҚШ, Иран секілді өркениетті елдердің медицинасының өзі жаңа вирустың алдында әлсіз қалуы... Міне, бұдан басқа да көптеген жайттар бізде "қытайвирус" деген атау алған індет таратушының атағын "жер жарғызуда".

Сөйтіп, дүниежүзілік ақпарат тасқыны сол вирустан да әлемге көп тарап жатыр. Алайда, адамдардың көбі осы жаңа вирустың қандай екені тұр ғой, тіпті вирус дегеннің не екендігінен хабарсыз екендігі таңдандырды. Содан, білмейтін нәрсесін білетіндей етіп бір-біріне насихаттауы сақтану жолын қарастырудан гөрі үрейді күшейтті.

Сондықтан, осы вирусты әдеттегі пендешілік санамен қатерлі жау, қауіп тудырушы кесел деп ойласақ, ең әуелі одан сақтанудың әрі онымен күресудің жолы жаудың қандай екенін танудан басталады ғой, деген байламға келдік.

Сол үшін осы вирус деп аталған нәрсенің табиғаты не екенін, қалай тарап, қайда өсіп-өнетіні жөнінде, нендей жолмен неліктен ауру тудыратынды жайлы қалың қауымға арнап «ғылыми-көпшілік танымдық түсінік» беруді қажет деп көрдік. 

Бұл жаудың басқа жаудан ерекшелгі «көрінбейтін жау» екендігі десек, оны біліми көзбен ғана көре аламыз. Ғылыми жолдармен ғана сезе аламыз, дәл сондай жолдармен ғана онымен күресе аламыз, деген сөз. 

Сонымен, осыдан үш жүз елу жылға таяу уақыт бұрын яғни 1673-жылы Голландиялық өнертапқыш Левенгук өзі жасаған үлкейткіш шыны арқылы тамшы судан «кішкентай жәндіктерді» яғни біз қазір «бактерия» деп атайтын тіршілік иелерін алғаш ашқан еді. 

Осылайша, Бактерология деген ғылым саласы осыдан бастап дамығаны сонша, адамзат қазір бактериялардың түрлі-түрлі пайдалысын шаруашылыққа қолданып, ауру тудыратынына қарсы вакцина дайындап, ауыртқан кезде жазып алатын қаншама түрлі антибиотиктерді де жасап қойды. 

Айтайын дегенім, осы «кішкентай жәндіктердің» түрінің сонша көптігі. Жер бетінде омыртқалы, омыртқасыз деп үлкен екі топқа бөлінетін көзге көрінетін кішкентай, өте үлкен алып қаншама жәндік-жануарлар бар екенін Биологиядан білеміз. 

Ал, бактериялардың түрі осылардан 25 есе көп! Ал, санының шегі жоқ десе болады. Бактерия қолайлы жағдай туғанда әр бір жиырма минүтте екі есе көбейеді. Мұны былай түсінуге болады, жалғыз бактерия осылай өскенде жер бетін он күнде толық жаба алады! 

Содан да, бактерия жер бетінің бүкіл түкпірінде тіршілік етеді. Бір грамм топырақта үш миллиярдқа дейін, өзеннің бір сантиметр куб таза суында жүз мыңнан кем емес, үлкен қалалардың ауа тозаңының сантиметр кубы сайын судағыдан сәл ғана аз осы бактериялар «сайран салып» жүреді. Жауын тамшысында ғана өте аз, не болмауы мүмкін. 

Бактерия тіпті, мұхиттың ең терең тас қараңғы түбінде де, жүздеген метр тереңнен атылып шығатын артезиян суларда да, жер асты мұнай құрамында да, оттай жанған сахара құмдарында да, антариктиканың мұз-жартастарында да кезіге береді. 

Ал, адамның өз денесінде де түр-түрі қаптап жүр. Оның адам денесіне қызмет ететін пайдалысы да, дене әлсіреген кезде бас салып ауру тудыратындары да қатар тіршілік етуде. 

Мәселен, тоқ шегіміздегі бактерияның микрофлорасы біздің дене жылуымызды қамтамасыз ететін энергия көзі әрі жеген азығымыздың ең соңғы қалдығын қортатын ең пайдалы түрі. Ал, жұтқыншақ безіндегі стрептококк деген бактерия «ангина-тонзиллит» деген денсаулыққа зиянды созылмалы аурудың қоздырушысы.

Міне, осылайша біздің бүкіл денеміз бактериялардың «квартирасы» десе де болады. Бет-жүзіміз, шашымыздың арасы, бүкіл денеміздегі терілердің тесіктері, қол, саусақ, тырнақ асты, ауыз, мұрын қуысы... қойшы бактерия мекендемейтін бір жер таба алмайсыз!

Мұны неге айтып отырсыз, бактерияның вирусқа қанша қатысы бар, деген сұрақ көкейіңізге туып келе жатқан болу керек. Өйткені, осы көзге көрінбейтін екі жәндіктің өзара байланысы ауру тудыратын вирустан қорғану жағынан өте қатысты екенін түсіндіру үшін айтып едім. Енді, соған келеміз.

Бактерияның ең кішкенесі 2-4 микрон, ал ең үлкені 40 микрон болады. Бір микрон деген миллиметрдің мың да бір бөлігі екенін ойласаңыз, бактерияның қаншалықты кішкентай екеніне таңқаласыз. Сөйте тұра бактерия бір жасушалы кәдімгі жәндік, өз-өзінің өзгеше түрі бар, көбейеді, өз-өз жауынан сақтанады... деген секілді. 

Ал, бізге «жау болып тиіп жатқан» вирустың көлемі қандай? Орыстың бір вирусолог ғалымы оны адамдарға түсінікті болу үшін былай салыстырыпты: вирусты бір тиындық дөңгелек деп көрсек, ең үлкен бактерия оның жанында Мәскеудің «Динамо» деген стадионындағы футбол алаңындай депті. 

Яғни, вирус бактерияны өлшейтін өлшемнен мың есе кіші миллимикрон деген өлшеммен мөлшерленеді екен. Мәселен, мидың менингит ауруын қоздыратын вирусы 30 миллимикрон, ал темекі жапырағын шыбарлайтын вирус бұдан екі есе кіші, аусыл қоздырғыш вирус 8 миллимикрон ғана.

Міне, вирус осынша кішкентай болғандықтан да ғылымда белгілі болғанына жүз жылдан ғана асты. Яғни, 1892-жылы Ресей ғалымы Дмитрий Ивановский ұзақ уақыт жасаған жанкешті тәжірибенің нәтижесінде «темекі жапырағын шыбарлап» ауыртатын кеселдің бактериядан да кішкентай «белгісіз жәндіктен» екенін тапты. Бірақ, оны ең зор үлкейткіш микроскоппен де көре алған жоқ. Тек қана, ауырған темекі жапырағынан алынған сөлді ерекше нәзік сүзгімен көп қайта сүзу арқылы сондай жәндіктің бар екенін дәлелдеді. 

Осы вирусты тек қана электрондық микроскоп іске асқан соң көргенде яғни 200 мың есе үлкейткенде көзге түсетін қарындаш пішінді «тірлік иесі» болып шықты. (Адамзат алдындағы осындай ерен еңбегі үшін кейін болса да Ресейдің Вирусология институтына Ивановскийдің атын берген екен.)

Алайда, Вирусология ғылымы оп-оңай қалыптаса салған жоқ. Көптеген биолог ғалымдар вирусты жәндік емес, күрделі химиялық зат деп атады. Өйткені, вируста жасуша-клетка жоқ еді. Вирустың бүкіл түрі өте күрделі протейн белоктары мен нуклейн қышқылынан құралады. Протейн белогын вирустың қабы десек, нуклейн қышқылы оның өзегі саналады. 

Мәселен, темекі жапырағын ауыртатын вирус таяқшасының ішіндегі нуклейн қышқылының ұзын молекуласын ерекше тәсіл арқылы жеке суырып алғанда ол «жәндіктік» қасиетінен дереу айырылып, әншейін химиялық заттарға айналып шыға келген. Вирус кезіндегісі секілді бірінен-бірі көбейетін, өз түрін сақтайтын, ортаның кері әсерінен «қашатын» қасиетінен айырылып қалған. Бұл ғажап тәжірибе, қалай десе де, вирустың ең қарапайым жәндік екенін көрсетіп берді. 

Сонымен қатар, вирустың өзегін құрайтын нуклейн қышқылы оның негізгі қасиеті, тірлік белгісі екендігін де анықтады. 

Осындай, қаншама зерттеулердің нәтижесінде сонша жүз жылдан бері адамзатты талай қырғынға ұшыратып кеткен «тымау-грипп вирусының» түр-түрі белгілі болды. Бауырдың жұқпалы дертін тудыратын "А", "В", "С" дейтін вирус түрлері де әбден танылды. Сөйтіп, вирусология ғылымы медицина саласының бір қанаты болып, одан сақтанудың, емдеудің жолдары да жолға қойылып келе жатқан еді. 

Вирусологияның ең негізгі жаңалығы вирустардың паразит жәндік екендігін ашқаны. Осыған байланысты вирустарды негізгі үш топқа бөледі: Қазір өсімдік текті 200 түрлі вирус анықталған, ал жануар және адам текті вирустардың да түрлері сол шамада. Ал анықталмағаны қаншама! 

Былайша, айтқанда вирустар тек қана тірі, жанды организмде ғана тірлік ете алады, деген сөз. Осынша түрлі вирустар өз-өз «таңдаған өлкесінде» ғана тірі бола алады. Мәселен, өсімдік текті вирустың жануар мен адамға қатысы жоқ. 

Алайда, жануар текті вирустар адамға жұға алады. Ал, адам текті вирустың да адам денесінде «жақсы көретін» арнайы жерлері бар. «Сарсүзек» яғни гепатиттің «с», «в» т.б. түрлері тек бауырға кіріп соны бүлдіреді. Грипп вирустары жұтқыншақ, кеңірдек, бронхларда, өкпе ішіндегі алвеолдарда тез өседі, деген секілді...

Сонымен, вирустың көлеміне салыстырсақ АДАМ деген олар үшін бір-бір ғаламшар секілді, ал оның оларға қолайлы өкпе, бауыр, ішек деген жерлеріміз түрлі-түрлі құрлық-материк тәрізді десе болады. Өйтсе, осы триллиондған вирустар баяғы жиһангер еуропалықтар құсап үнемі жаңа мекен қарастыруда. Өз тірліктері үшін жантласуда, сан түрлі амал жасауда. Біз адамдар мұны "ауру тудырушы жау" деп атаудамыз. Адам мен вирустың шын мәніндегі табиғи байланысы осы ғана. 

Алайда, Ұлы Жаратушы тарапынан вирус та бір мақұлық болып саналады. Өйтсе, оның жаратылу мақсаты бар. Ал, Құранда "бүкіл жаратылыс, мақұлқат адамзатқа қызмет етуші" деген мағынадағы аяттардың болуы, оның біз ойлағандай тіпті де жау ғана емес, қызметші, шынықтырушы, ойландырушы, сақтандырушы... тағы-тағы хикметтері болуға керек. 

Енді, вирустар қайтіп таралады, қалай жұғады дегенге келейік. Мақаламыздың бас жағында топырақта, ауада, суда... қаншама бактериялардың болатынын айттық. Міне, ауру тудыратын вирустар уақытша осы бактерияларды «көлік» ете алады. Көздеген жеріне жеткенше біраз уақыт «өзінен үлкен» осы жәндікті паналай тұрады деген сөз. Тымау-грипп тудыратын вирусты медицинада «Тыныс жолдарының жедел тымауы» (ОРЗ) яғни ауа-көпіршіктері арқылы жедел таралатын вирустық жұқпалы ауру, деп атайды. 

Былайша айтқанда, грипп-тымаумен ауырған адамның түшкірік, жөтелі, сөйлегені арқылы айналаға шашыраған вирустар ауадағы бактерияларға жабысып басқа сау адамдарға тасымалданады. 

Ауадағы бактерияға жабысқан мыңдаған жаңа вирустар басқа адамдардың тыныс жолына, мұрын қуысына, ауызына, жұтқыншағына кіріп келеді. Кіріп келе сала жаңа вирус енді, адамның өзіне қолайлы жері саналатын тамақ, мұрынның кілегей қабатына жабыса бастайды. 

Алайда, адамның арнайы қорғанысқа арналаған кілегей қабаттары жаңа шабуылдаушы вирустарды «хош келдің!» деп, құшағына ала салмайтыны анық. Ең бірінші кезекте, түшкіру арқылы «кіріп келгендерді» қуып шығу амалы іске асады. Одан, аман қалған вирустарды кілегей қабаттың «ерітіп жіберуші» сөлдері іске жегіліп жоюға кіріседі. Одан да аман құтылып кеңірдекке қарай қашқан вирустарды «жөтел» деген рефлекс қақырықпен қосылып қуып шығуды қарастырады. 

Сонымен қатар, сырттан «вирус» деген жау кіріп келгендігі бүкіл денеде ерекше түйсік арқылы жарияланып иммундық-жүйе яғни денедегі Ішкі Істер Қорғанысы қарсы шабуылға дайындалады. Сөйтіп, лимфадағы, қандағы қаншама «арнайы түйіршіктердің» сандары әдеттегіден молайтып, қорғанысқа дайын тұрады. Мұндай табиғи «SOS»-тың ең алғашқы белгісі дене температурасының ерекше көбеюі арқылы білінеді. 

Бірақ, қауіпті вирус денеге кіре сала ондай «SOS» жаряланбайды яғни «жасырын» кезең деген болады. Бұл денеге кірген вирустың адаптацияға түсіп күш алғанша «бұғып жатуы» десе болады. (Шетелден коронавруспен ауырғанын білмей келгендер осы кезеңде қалғандар)

Ал, қазіргі таралып жатқан «коронавирус» осы грипп-вирусына өте ұқсайды. Көпшілік тығыз жиналған жерде тез таралуы, үлкен қалаларда көбеюі бұл вирустың да ауа-көпіршік арқылы, ауадағы бактерияларды «көлік» ететінін дәлелдеп тұр. Және, жұққан адамдардың да ең әуелі тыныс жолын бүлдіруде. Сол себептен де, үлкен қалалардағы көшелерде ауқымды дезинфекцияларының жүрілуі ауадағы және басқа заттардағы бактерияларды қырып-жою арқылы вирустардың жолын кесу болып табылады. 

Ал, вирустарды жұқтырған адамдар болса оны әлі жетпеген жерге «тасымалдаушы» деген сөз. Сол себептен де, індетті одан әрі таратпаудың, қоғамды сақтаудың бірден-бір жолы «Карантин тәртібін» орынату екені анық. 

Адамзаттың соңғы Елшісі с.а.у. да «Індет таралған өлкеден шықпаңдар әрі індет таралған өлкеге бармаңдар» деген хадисін қазір эпидемиология ғылымы жан-жақты дәлелдеп қойғаны тегін емес. 

Осыған сәйкес, бұл індеттен жеке адамның ең тиімді сақтану жолын да осы сүннетке байланысты етіп айтсақ бүкіл адамға түсінікті болар деп, үміттенеміз. Пайғамбарымыз с.а.у. «Мұсылман адам қайда жүрсе де дәретпен жүрсін» деген мағынадағы хадисін аманат еткені, мына дүниеде пәле мен індеттен сақтанудың бірден-бір жолы екенін көрсетіп тұрғаны анық. 

Күніне бес рет кейде одан да көп рет алынатын дәреттің төрт парызы, біз жоғарыда айтқан дененің ашық жерінде жүретін бактерияларды жуып, тазартып тұратын ғажап ғибадат әрі сенімді тазалық. 

Ал, дәреттің сүннеті саналатын тамақ, ауыз қуысын әр жолы үш реттен қарғара дыбыс шығару арқылы шаю, мұрын қуысын да кеңсірікке дейін үш реттен шайып-жуудың қаншалықты маңызды екендігі мақалада айтылған мәселені ұққан адам үшін өте түсінікті болу керек. 

Өйткені, өте таза тұрған мұрын қуысы мен тамақ қуысы шаң басқан, кір басқан қуыстан артық екені, індетке қарсыласу қабілеті жоғары болатыны белгілі емес пе!? (Мәшинеңіздің бітелген май-филтрін ауыстыратыныңызды еске алыңыз!) 

Ұлы Жаратушы әрбір адамның мұрын, тамақ қуысында ғажайып қорғаныс жүйесін жаратып қойғандығы, біздің тағып жүрген маск-тұмылдырықтан артық екенін сәл ойланған адам ұға алады. 

Осындай қарапайым, ақша жұмсалмайын, арып-шаршамайтын тиімді бір сақтануды мұсылман ретінде, бұрынғы дәргер ретінде отандастарыма айтуды өзіме міндет санадым. (Бұдан басқа сақтану, емделу жолдары жеткілікті айтылуда)

Ал, қазіргі ақпаратта көп жазылып жатқандай қария адамдардың бұл індетке тез шалдығуы олардың мұрын, тамақ кілегей қабаттарының кәріліктен жұқарып әлсіреуі және иммундық-қорғаныс жүйесінің де азаюы деп ұғу керек.

Және, бұл жаңа вирустың таралып адамдардың ауыра бастағанына назар аударсақ, балалардың ауруы мүлде жоққа тән, жас адамдар жеңіл ауырып сауығуда, жасы елуден асқандар ауыр түрімен науқастанып көбі осының себебінен өлім жағдайына жетуде. Сондықтан, бұл індет жаппай тараудан сақтанудың жалғыз жолы жалпы карантиннен де маңызды жеке адамның, жеке отбасның өз-өз карантині болуы шарт екенін ұқтырды.

Сонымен қатар, бұл індеттің адамды ауыртуы көбінде салқын тигізген адамдарға тән көрінуде. Яғни, көптеген адамдар дәргерге айтқан шағымында "шөлдеп келіп суық су ішіп едім, тамғым ауырып қалды, тоңазытқыштан суық қымыз іше сала жөтеле бастадым, сырттан терлеп келіп салқын душқа түсіп едім кенет ыстығым көтерілді..." дейді. Олай болса, бұл вирус суықтаған адамды "аңдиды" деген сөз. Олай десек, бүкіл адам қандай жағдайда да суық нәрсе ішпеуі, терлеп келіп салқын бөлмеде шешінбеуі, суытқыш қоспауы, салқын душқа түспеуі керек!

Және, бұл вирусты тікелей өлтіре алатын антибиотик және вакцинаның болмауы емдеу нәтижесін азайтуда. Қазір тек қана ауырған адамның иммундық жүйесін жақсарту, қозғалған ескілікті ауруларының асқынуынан қорғау, қосымша оттегін беру... секілді амалдар жасалуда.

Алайда, кейбір мұсылмандық емдеу тәсілінде бұл вирустың арша, адраспан, хисталхинди т.б. дәрілік шөптердің түтінінен әлсірейтіні, өлетіні, өсуі тежелетіні дәлелденуде. Яғни, осы шөптерді адамдар өз бөлмелерінде тұтатса және күніне әлде неше рет тыныс жолы арқылы өкпесіне жұтып шығарса қабыну-үдеріснің тез қайтатыны айтылуда. 

Әрі осындай дәрілік шөптердің хисталхинди, куркума... секілді кейбір түрлерін дозалы дәрі ретінде ішу де пайдалы антибиотик деп, бағалануда.

Сонымен қатар, өзіміздің ұлттық тағамдарымыз сарымсақ салған ыстық қара-сорпа, қойдың құйрық майы сапырлылған ыстық сүт, қалапмырлы шай, сарсаумал-қымыз, жаңа ұйыған жылы айран сырқаттың тез тыңаюына әсер ететіні айдан анық. Қазақ "жаман тымауға жақсы тамақ" деп бекер айтпаған. 

Және, бір айта кететіні осындай қырық күн шілде ыстықта "өкпе қабыну" деген дерттің етек алуынан адамдар сақтану үшін әдеттегідей жаздық жұқа, жеңіл киіммен емес, қайта жылы, қымтанған киіммен жүруді талап етуде. 

Қорта айтсақ, бұл індеттен сақтану жолы той секілді тобырлық топтануды тоқтатуы, жеке адамның тазалық тәртібін ұстана білуі. Әрі осы індеттің суықта құтыратынын түсінуі және оның түтіннен қорқатынын білсе дейміз.

Және, бір пікірді қоса кетсем деп, едім. Осыдан жүз жылға таяу уақыт бұрын грипптің тағы бір пандемиясы таралған кезде әлдебір физик ғалым «Бұл грипп күннің радиактивтігіне байланысты күшейіп тұр, күн активтігі азайған кезде тоқтайды» дегенде, надан көпшілік «аспандағы күннің жердегі ауруға қандай қатысы бар?» деп, мазақ қылыпты. 

Бірақ, бұл ғылымда қазір дәлелденіп қойған құбылыс. Қазір де, осындай вирустың өршуі, дүниежүзінде ауа-райы катаклизмдерінің күшеюі жер шарның магнит өрісінің ауытқуынан деген болжамдар да айтылуда. Расында, шексіз әлемді бір-бірімен Ұлы Жаратушының себептер заңдылығы ұстап тұрғанын қалай жоққа шығара аласыз... 

Сондықтан, кейбір блогерлердің «Бұл қытайдың бактерологиялық соғысы» дегенін жаңа вирустың саясатқа қолданылуы деп, түсінген дұрыс. Әйтпесе, жанды вирусты қойып, адамзат технологиясы әлі күнге күрделі белоктарды да құрастыра алған жоқ. Бұл Жаратушының ғана күші жететін жаһандық құбылыс екенін түсінген кезде ғана бүкіл адамзат бірін-бірі кінәлап, алауыздық тудырудан тиылады, ЖЕР деген жалғыз баспанадағы тағдыры бір адам баласы екенін ұғып Ұлы Жартушыдан пана сұрай бастайды, соған сай амал жасайтын болады.

Сондықтан, Исламтанушы ғалымдардың «Бұл Ұлы Жаратушының адамзатқа жасаған ескертуі, көптеген хикметі бар ғаламдық құбылыс» деуі әлдеқайда ақылға қонымды. 

01-04-2020


Абай Мауқараұлы. Тобырлық санадан ұлттық санаға дейін...

author

​​Абай Хамза (Абай Мауқарұлы)

ҒАЛЫМ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...