...Пұшантайдағы Абай ауылының үстi хан базар. Елiмiздiң санаттағы мықты, ер жiгiттерi басы қосылған....
Джордж Вашингтон: Осы жетістігім үшін анама қарыздармын
ДЖОРДЖ ВАШИНГТОН - Америка Құрама Штаттарының Тұңғыш Президенті
Анасы - МЭРИ ВАШИНГТОН
«Мәдениет порталы» Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану докторы, профессор Арыстанбек Мұхамедиұлының жақында тұсауы кесілген «Кемеңгер тұлғалардың ұлы аналары» кітабынан жарияланымдар топтамасын ұсынады. Кітап аналарға арналған... және адамзат тарихында әлемдік оқиғалар мен миллиондаған адамдардың тағдырына әсер еткен ұлы, көрнекті данышпандарды тәрбиелеген аналардың ерекше өмірлік тарихына негізделген. Бұған дейін Мұхаммед Әлидің анасы: "Құдай мені бұл баланың анасы болу үшін таңдады" және Дмитрий Менделеевтің анасы: "Батамды бердім, Митенка..." деген жазбаларды ұсынған болатынбыз.
Кітап беттеріндегі мемуарларда өз балаларының таланттарын ашып, тұлға ретінде қалыптасуына ерекше үлесін қосқан даңқты аналар, атап айтқанда олимпиадашы Песейдордың анасы, ФЕРЕНИКА; Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың анасы ӘЛЖАН НАЗАРБАЕВА; орыстың ғалым-энциклопедисті Дмитрий Менделеевтің анасы МАРИЯ ДМИТРИЕВНА КОРНИЛЬЕВА; Сингапур Республикасының Бірінші Премьер-министрі Ли Куан Юдың анасы ЧУА ДЖИМ НЕО; американдық өнертапқыш Томас Эдисонның анасы НЭНСИ ЭЛИОТ; Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің анасы МАРИЯ ИВАНОВНА ПУТИНА; футбол королі Пеленің анасы СЕЛЕСТА АРАНТИС, Түркия Республикасының бірінші президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің анасы ЗҮБЕЙДЕ ХАНЫМ; белгілі ғалым-нейрохирург Бен Карсонның анасы СОНЯ КАРСОН; Бесінші Республиканың бірінші президенті Шарль де Голльдің анасы ЖАННА ДЕ ГОЛЛЬ; физикадан Нобель сыйлығының лауреаты Альберт Энштейннің анасы ПАУЛИНА ЭЙНШТЕЙН; Америка Құрама Штаттарының бірінші президенті Джордж Вашингтонның анасы МЭРИ ВАШИНГТОН; әлемге белгілі суретші Пабло Пикассоның анасы МАРИИ ПИКАССО ЛОПЕС; Франция императоры Наполеон Бонапарттың анасы МАРИЯ ЛЕТИЦИЯ РАМОЛИНО, дүние жүзі тарихындағы тұңғыш ғарышкер Юрий Гагариннің анасы АННА МАТВЕЕВА, саясаткер Махатма Гандидің анасы ПУТЛИБАЙ ГАНДИ; бокс аңызы Мұхаммед Әлидің анасы Одесса Грэди Клэй, Нобель сыйлығының лауреаты Нельсон Манделаның анасы НОНГАПИ НОСЕКЕНИ туралы сыр шертілген.
Бүгін, 22 ақпанда, Құрама Штаттардың негізін салушылардың бірі, АҚШ-тың тұңғыш президенті, саяси қайраткер Джорж Вашингтонның туғанына 289 жыл толады.
ОСЫ ЖЕТІСТІГІМ ҮШІН АНАМА ҚАРЫЗДАРМЫН!
1789 жылдың 30 сәуірінде Федерал-холда мыңдаған адам Американың бүкілхалықтық сайлауында тұңғыш рет жеңіп шыққан Президент Джордж Вашингтонның сөз сөйлеуін тыңдауға жиналды.
Дәл осы уақытта Тұңғыш Президент туған қаласы Маунт-Верноннан Нью-Йоркке жүріп кетті. Бұл ол үшін бір қаладан екінші қалаға апарар жол ғана емес, «жетістік жолы» еді.
Әкімшілік те бұл маңызды кездесуді тағатсыздана күтті. Ұлықтауға (инаугурация) дайындалған жұрт маңызды кездесуге әр нәрсенің дұрыс болуын қадағалады. Бірнеше сағаттан кейін елдің бірінші тұлғасы Америка халқына адал қызмет етуі туралы мемлекеттік ант қабылдайды және бұл хабар әлемге тарамақ.
Вашингтонның өзі байсалды күйінен танбады. Аз ғана уақыт ойлана келе, Маунт-Вернон мен Нью-Йорктің арасындағы жолдың ұзақтығына қарамастан, Фредериксбург қаласына кіріп шығуды бұйырды, онда аяулы АНАСЫ тұратын еді. Өмірінің атаулы сәті алдында анасының ақ батасын алып шығу ол үшін маңызды болатын.
Мэри Вашингтон өзінің сұңғақ бойлы ұлына аналық мейірімге толы жылы жанарымен қарап тұрып, салтанатты түрде:
– БАЛАМ, ӨЗІҢЕ БЕРІЛГЕН АМАНАТТЫ АБЫРОЙМЕН АТҚАР, БҰЛ ЖАУАПКЕРШІЛІК ТЕК ҚАНА СЕНІҢ МАҢДАЙЫҢА ЖАЗЫЛҒАН, СЕНІҢ ҒАНА МОЙНЫҢДА, – деді... Сәлден соң, – БАРА ҒОЙ, ДЖОРДЖ, СЕНІ ҚАШАНДА ТӘҢІРІ МЕН АНАҢНЫҢ БАТАСЫ ҚОЛДАП ЖҮРСІН, – деп ақ батасын берді...
Анасының сөзі тұңғыш Президенттің жүрегінен мәңгілік орын алып, оның халқы мен елі үшін қалтқысыз қызмет етуіне себепші болды!
Сол күні Вашингтон анасын соңғы рет көрген болатын....
Кейінірек ол: «Мен бақытты балалық шағым өткен Маунт-Вернонмен ғана емес, отбасыммен қоштасып, еліме қызмет ету арманын арқалап, Нью-Йоркке жол тарттым», – деп есіне алады.
Болашақ Президентті тәрбиелеуде анасының орны ерекше еді. Ол баласын еңбекке баулып, сабырлық, өзін-өзі ұстай білу қасиеттерін бойына сіңірді. МЭРИ ВАШИНГТОН ТАБИҒАТЫНАН АСА АҚЫЛДЫ, ЕРІК-ЖІГЕРІ МЫҚТЫ ӘЙЕЛ БОЛАТЫН.
Анасының талапшыл қасиеті – Джордждың есінде, сондықтан табиғатынан ұяң, эмоционалды бала анасының көңілінен шығып, талабына сай болуға талпынды.
Дәл осы күрескерлік қасиеті кейін Джордж Вашингтонға СЫН САҒАТТА СЫР БЕРМЕЙ, кез-келген мәселені байыппен шешуге көмектеседі.
Джордж Вашингтон 1732 жылдың 22 ақпанында, Бридж-Крик өзенінің бойындағы әкесінің үйінде дүниеге келген. Ол туғаннан кейін отбасы Фредериксбург қаласының маңындағы Страффорд графтығына көшеді. Джорджтың балалық және жасөспірім шағы осы жерде өтеді. 1743 жылы, әкесі дүниеден өткеннен кейін, балалардың тәрбиесі мен жауапкершілік толығымен анасына жүктеледі. Ол Ферри-Фармда үй шаруашылығын жүргізіп, бес баланы өзі тәрбиелейді.
Тарихшы Рон Чернов: «МЭРИ ВАШИНГТОН ҰЛЫ ДЖОРДЖ ВАШИНГТОННЫҢ ӨМІРІНДЕГІ ТҰҢҒЫШ ГЕНЕРАЛ РӨЛІН АТҚАРДЫ ДЕП АЙТУҒА ТОЛЫҚ НЕГІЗ БАР», – деп жазады.
Қатал, негізсіз күле бермейтін әйел болып көрінгенмен, Мэри Вашингтон өте қарапайым, жүрегі жылы жан еді. Бес баланы тәрбиелеген жалғыз басты ана перзенттерінің бойына жігер мен мақсаткерлік қасиеттерін дарыта білді. Джордждың сырт келбеті мен мінезі анасына қатты ұқсайтын. Әрине, жесір әйел уақытының көп бөлігін үй шаруасымен өткізетін. Соған қарамастан, ол балаларына да уақыт бөліп, олардың тек білім-ғылымға құмарлығын арттырып қоймай, бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіруге де тырысатын.
Мэри балаларына діни мазмұндағы кітаптардан үзінділер оқып беретін. Джорджға аса әсер еткені Э. Гейльдің «Діни және адамгершілік бағыттағы ойлар» атты кітабы еді. Болашақ Президент сол кітапты аса ұнатып, оны өмір бойы қолынан тастаған емес. Дәл сол кітаптан «Адам өмірінің мәні неде?», «Адамның не істеуі керек?», «Қандай принциптерді ұстанған абзал?» - сынды т.б. өмірлік маңызды сұрақтарға жауап табатын.
Мэри Вашингтон баласының барлық салада жетісікке жетуін қалайтын. Осы мақсатты көздеген анасы оны Вильямс мектебіне оқуға жібереді.
Джордж өзінің перзенттік міндетін толық түсініп, анасының үкілі үмітін ақтауға бар күш-жігерін салады. Ол сол мектепте бірнеше жыл бойы оқып, математика, геометрия, сызу өнері сынды пәндерді қызыға оқиды. Анасының арқасында ағылшын тілін еркін меңгеріп шығады. Джордж көп оқып қана қоймай, жүгіру, секіру, атқа мінумен қатар басқа да спорт түрлерімен айналысты.
Мэри Вашингтон қолынан келгенше балаларының білім алуына жағдай жасауға тырысты. Болашақта ел алдына шығып сөйлеуге көмектеседі деген оймен ұлына биге баруға ықпал етті.
Мэри баласының бағындырған белестеріне қарап, оған былай деп кеңес беретін:
– Балам егер сенің ісің өрге басып тұрса, жаныңдағы адамға көмектес, оған қол ұшын беруден аянып қалма.
Осындай кездері Джордж абзал ананың ойы өзінің сүйікті ойшылы Э. Гейльдің ойларымен сәйкес келетініне таң қалатын. Адамгершілік ұстанымдарына қанып өскен Джордж өз достары алдында да тік мінезділігі мен шыншылдығы үшін абыройлы болатын.
– Анашым, – деп табалдырықтан қуана аттаған Джордж, – мен тағы да аралық сот болып, сыныптастарымның арасындағы жанжалдың шешілуіне ықпал еттім, – дейді. Мен оларға көмектесе алдым ба, қалай ойлайсыз? – деп сұрайды.
Күлімсірей қараған анасы бұл жолы да баласын қолдап:
– Әрине! Сен барлығына әділ баға бердің ғой? Дұрыстап ойландың ба? – деп сұрайды.
Біраз кідірістен соң, Джордж ернін тістеп, ойлана жауап берді:
– Әрине, мен толық сенімді емеспін, бірақ жүрегім бәрін дұрыс істегенімді сезіп тұр... – дейді.
Америкалық Кеңесте басшылық қызметте жүргенінде, Джордж Вашингтон дәл осы аралық сот қызметін атқарады. Түрлі даулы істерді қарастыра отырып, ол ылғи анасының «Сен барлығына әділ баға бердің ғой? Дұрыстап ойландың ба?» – деген сұрақтарын есіне алатын.
«АНАМ МЕН БІЛЕТІН ЕҢ СҰЛУ ӘЙЕЛ БОЛАТЫН. АНАМА МӘҢГІЛІК ҚАРЫЗДАРМЫН. МЕНІҢ ӨМІРІМДЕГІ БАР ЖЕТІСТІГІМ, БІЛІК-ҚАБІЛЕТІМ МЕН ТӘРБИЕМ, БАРЛЫҒЫ – АНАМНЫҢ АРҚАСЫ», – деп еске алады Джордж Вашингтон.
Мэри Вашингтон ұлының жетістіктерін қашанда мақтан ететін, оның тәрбиелеп, өсірген ұлын Американың тұңғыш Президенті етіп сайлауы оған мақтаныш сезімін сыйлағаны анық. Анасына жолдаған хаттарында ДЖОРДЖ ҮЛКЕН ҚҰРМЕТПЕН «АСА ҚАДІРЛІ ХАНЫМ» ДЕГЕН ТІРКЕСТІ ҚОЛДАНАТЫН.
Мемлекет басшысы ретінде Джордж Вашингтон жаңа мемлекет құрылысын ұйымдастырудағы тұңғыш тұлға болды. Оның тұсында АҚШ Конгресіне президенттік Жолдау жасау дәстүрге айналды; ол американдықтарды Конституцияны құрметтеуге шақырды; өзі қашанда айналасына зиялы қауым өкілдерін жинады.
Мемлекеттік істерге араласа келе, Джордж Вашингтон, өзіне іштей бірнеше рет анасының сұрақтарын қоятын: Сен барлығына әділ баға бердің ғой? Дұрыстап ойландың ба? Ол анасының өмірдің қиыншылығына еш мойымайтын қасиетіне риза болатын. Мэри ұлының Құрлықтық әскерде шайқасып, көтеріліске қатысқан кезінде, ел басқаруы уақытында баласының амандығын тілеп отыратын.
1789 жылы Джордж Вашингтонның анасы қайтыс болады. Жүрегі қан жылап тұрса да, жұмысқа алаңдаған Джордж Вашингтон қайғысын көрсетпеуге тырысты. Бұл кезде ол жаңа астананың бас жоспарын әзірлеп жатқан еді. Қала жоспарын жобалау ата тегі француз, сәулетші, инженер-құрылысшы П.Ш. Ланфанға тапсырылды. Ланфан АҚШ астанасының жоспарына Париж, Лондон, Рим сынды Еуропаның ең үздік қалаларының құрылысындағы негізгі элементтерді қосты.
Вашингтон қаласының тарихы 1790 жылдың 16 шілдесінде басталды. Бұл күні Америка Конгресі Мэриленд және Вирджиния штаттарының шекарасынан астана құрылысына жер аумағын беру туралы шешім шығарды. Бұл жерді Джордж Вашингтонның өзі таңдаған болатын.
Бір жылдан кейін қала құрылысын бақылаған ҮШ КОМИССАР, қаланы президент Вашингтонның құрметіне атау туралы шешімге келді, тағы бір жылдан кейін президент резиденциясы – Ақ үйдің құрылысы басталды.
Қаланың саяси қайреткердің есімімен аталуы тарихтағы сирек жағдайлардың бірі болды, ал оның есімі мәңгілікке Америка жылнамасына алтын әріптермен жазылды.
Дәл осы тарихи жағдай тәуелсіз Қазақстан тарихында да қайталанып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті ерке Есілдің жағасында жаңа қала салады. Еуразия кіндігіндегі кішкентай ғана Ақмола Қазақстанның жаңа астанасына айналады.
Халықта «АНАНЫҢ АҚ БАТАСЫНАН АРТЫҚ ҚОРҒАНЫС ЖОҚ», – ДЕГЕН АСЫЛ СӨЗ БАР. «ОЛ БІЗДІ ҚОЛДАП, ӨМІР БОЙЫ ҚОРҒАП ӨТЕДІ. АНАНЫҢ АҚ НИЕТІ МЕН ТІЛЕГІ БАЛАСЫНЫҢ ҰЛЫ ІСТЕРДІ АТҚАРУЫНА СЕБЕПШІ».