Адамзат тарихының дамуының ең алғашқы кезеңі тас дәуірі екенін әлем тарихшыларының тарих жылна...
Спинозаның адамы
Бүгінге дейін болып-болмаған күллі пәлсапаның ханзадасы, класикалық философияның ең беделді өкілдерінің бірі Бенедикт Спиноза өмірге келген яки өмірге келгендей болған барлық адамдар үшін төрт түрлі өмір сүру формасының бар екенін айтады. Олар, а) атақ пен даңқ үшін өмір сүру; ә) баю үшін өмір сүру; б) эмоционалды ляззат үшін өмір сүру; в) адамның адам ретінде өз-өзін дамыту үшін өмір сүру. Спинозаның айтуы бойынша, атақ пен даңқ бізге басқалар тарапынан берілген дүниелер. Бұл тұрғыда адам атақ пен даңқ үшін өмір сүретін болса өзгелердің белгілеп берген стеоретиптермен ғана күн кешуіне тура келеді. Ал баю үшін, яғни ақша үшін өмір сүретіндер, үнемі қорқыныш ішінде ғұмырын өткізуге мәжбүр. Себебі байлықтың көлеңкесі көбіне-көп адам баласы үшін кедейлік болып көрінеді. Үшінші кезекте Спиноза эмоционалды ляззаттар үшін өмір сүру формасы жайлы айтады. Мұдай ляззаттар адамның өзіне емес өзгелерге немесе сыртқы күштерге тәуелді дейді философ. Мұнымен қоса эмоционалды ляззаттар сынап секілді өзгермелі. Жүйелілік және тұрақтылықтың жоғы екі бастан. Соңғы өмір сүру формасы адамның өзін-өзі дамытуы һәм тануы болып табылады. Ал адамның өзін-өзі дамытуы үшін білімнің маңызы зор. Тек білімге сүйенген өмір ғана бақытты өмір деп аталуы мүмкін. Спиноза үшін адамның өз-өзін дамытуы және білімге қол жеткізу үшін белгілі бір дәрежеде ақылға ықтияжы бар. Тек ақылға қол жеткізгенде ғана адам бақыты өмір сүре алады.
Табиғатты бір бүтін деп ұғатын және оның рационал түсініктемесін орнатуға тырысатын Спиноза адам болмысына келгенде көптікті бірлікке азайтуға бейім. Оның метафизикасында Құдай, табиғат және адам арасындағы байланыс бейне бір Бермуд үштағаны секілді. Себебі Спинозадағы бұл үштағанның ішінде орын алатын барлық элементтердің бір-бірімен мызғымас байланысы бар. Сондықтан адамды түсіну үшін оны Құдаймен және табиғатпен бірге қарастыру қажет деп санайды Спиноза.
Ол үшін Құдай мен Табиғат ұғымдары бір-бірінен ажырата алмайтын екі іргелі ұғым. Осы тұрғыдан алғанда, Спиноза барлық болмыстың негізінде бір ғана субстанция бар екенін мойындайды. Бұл субстанция өмір сүру үшін өзінен басқа ешнәрсеге мұқтаж емес. Яғни, себебі тек қана өзінде болатын және бар болуы басқа бір болмысқа бас ұрмайтын жаратылыс. Осы пікірлерден жолға шыға отырып, Спиноза тілімен айтсақ, дәл осындай негізге сай келетін болмыс бар болатын болса, ол жалғыз ғана Құдай. Демек осы бір Құдайдан тыс ешқандай субстанция бар бола алмайды.
Спинозаның пікірінше, бар нәрсенің бәрі Құдайда бар және ештеңе Құдайсыз өмір сүре де алмайды, ұғынылмайды. Құдайдың табиғатынан пайда болатын барлық нәрсенің маңызды бірлігі туралы айтуға болады. Құдайды мәңгілік деп қабылдау, бар нәрсенің онтологиялық тұрғыдан Құдайдан бөлінбегендігін білдіреді. Бұл дегеніміз Спиноза философиясында табиғатты Құдайдан онтологиялық тұрғыда бөлек деп санауға болмайды. Дәлірек айтсақ, Құдайдан бөлек, табиғатты пассивті һәм қосалқы өнімі ретінде қарастырудың еш қисыны жоқ. Себебі табиғат Құдайдың бар құдіретіне ие. Табиғат – бұл Құдай. Табиғат – бар нәрсенің жиынтығы.
Құдай барлық нәрселердің жалғыз себебі, бірақ трансценденттік себеп емес, имманентті себеп. Құдай имманентті себеп ретінде өзін-өзі бар етеді. Яғни, Құдай құдай болуға мәжбүр. Ал Спинозаның адамынан бөлек құдайы жайлы әңгіме тіпті өзгеше. Спинозаның пікірінше, Құдай мен Табиғаттың (God and Nature) шексіз атрибуттары бар. Бірақ адамның ақыл-ойы Құдайдың шексіз қасиеттерінің екеуін ғана білуге күші жетеді. Бұлар Ойлану (cogito) және кеңею яки көбею (extension) атрибуттары. Бұл екі қасиет құдайлық табиғаттың мәнін көрсететін екі негізгі қасиет. Біз осы екі негізгі қасиеттің арқасында Құдайдың мәнін материя әлемінде және кейде ойлау әлемінде көреміз һәм сезіне аламыз.
Спинозаның пікірінше, Құдайдың мәнін белгілі бір жолмен ашатын әрбір қасиеттің көптеген өзгерістері немесе модустары бар. Бұл тұрғыда модификация немесе субстанция өзгерістері өздігінен емес, басқа бір нәрсе арқылы бар болған және сол басқа нәрсе арқылы түсінілген. Кез-келген материалдық объект - бұл таралу сапасының модусы, ал әр ойға қатысты жағдай - ойлаудың модусы. Сонымен, модустар субстанциядан мән мен болмыс арқылы ерекшеленетін болса да, олар да субстанцияның мәнін құрайтын қасиеттер. Субстанция мәнін белгілі бір жолмен ашатын кез-келген қасиет сансыз өзгеруімен немесе модустармен бірге болады. Спинозаның метафизикасында барлық болмыстың бірыңғай вокализмі немесе мағыналылығы болғандықтан, субстанция мен олардың модусын бір-біріне тәуелді деп санауға болмайды. Басқаша айтқанда, өздігінен пайда болған (субстанция) мен бар болған (модус) арасындағы онтологиялық үзіліс туралы айту мүмкін емес.
Жоғарыда айтқанымыздай Спиноза үшін бар нәрсенің бәрі Құдайда бар, ештеңе Құдайсыз өмір сүріп, ұғынылмайды. Яғни әрбір модус тек құдайдың табиғатында бар бола алады және онымен бірге ұғынылады. Себебі Құдай бар жалғыз субстанция. Модустар міндетті түрде тек Құдайдың субстанциясының өзгерістері мен көріністері деңгейінде болады.
Енді осы бір Спинозаның метафизикалық жүйесінде адамның орны қай деңгейде? Оған деген көзқарасы қандай? Қажеттіліктер жүйесінде адам бүтіннің бір бөлігі ғана ма? Адам еркіндікке ие жаратылыс па? Адамның өзінен басқа тіршілік иелерімен қандай байланысы бар? Адамның Табиғат-Құдайдың бір бөлігі ретіндегі ең үлкен күш-жігері, жоғары ізгі қасиеті және ең үлкен бақыты қандай? Адамды басқа тіршілік иелерінен ерекшелейтін ең негізгі аспект қайсы? – деген сынды сұрақтардың туындайтыны заңды құбылыс.
Өз философиясында адамның орны жайлы айтар уақытта Спиноза, ең алдымен, жан мен тән мәселесіне назар аударады. Себебі, оның айтуынша, бұл мәселе Декартта шешілмеген. Декартта жан мен тән немесе ақыл мен тән бір-бірінен мүлдем өзгеше болып қана қоймай, оларды біріктіруге һәм кіріктіруге болмайтын екі бөлек зат ретінде қарастырады. Алайда, Спиноза мұндай дуалистік дәстүрден алшақтау арқылы өзіндік дәйекті монистік болмыс доктринасының аясында аталмыш сұрақтарға жауап іздейді. Спиноза тән мен жанды Аристотель сынды бір немесе бірдей ақиқаттың екі бөлек көрінісі ретінде қабылдауды орынды деп санайды. Себебі Спинозада ақыл ойдың, тән көбеюдің бір модусы және бір ғана ақиқат ретінде барлығы Құдайдың қасиеттерінің бейнелері деп есептейді. Осылайша Спиноза Декарттың жан мен тән сынды екі субстанциясын толықтай жоққа шығара отырып, тек бір ғана субстанцияның бар екенін ортаға қояды. Ол -табиғат немесе құдай, яғни табиғат-құдай.
Спинозаның пікірінше, табиғатта адамды Құдайдың екі өзіндік қасиеттері анықтайды. Яғни, адам қозғалыс пен тыныштық заңдарына бағынатын өз денесі және рухқа тәуелді. Ал осы жердегі адамның жаны - ойлау (cogito), тән – көбею (extension) атбирутының бір модусы болғаннан басқа ештеңе емес. Осыған байланысты адам тек Құдайдың модусы болып табылады. Шекті бір модус.
Спинозаның философиясында адамды ойлау және көбею атрибуттары айқындайтын болса да, сол атрибуттарды анықтайтын негізгі шарттар тек оларға жататын қасиеттерге ғана тән. Құдайлық субстанцияның өнімі болып табылғандықтан әрбір қасиеттер арасында параллелизм бар. Яғни, адамның тәнінде бір дүние бол сол сарында сезім паралельді түрде оның жанында да орын алады. Мысалы, бір адамның саусағына иненің ұшы кіретін болса материалдық физикалық өрісіндегі осы қозғалысқа жауап ретінде оның жан дүниесінде де сезім мен қабылдау пайда болады. Осы ойлармен Спинозаның Құдай мен Табиғат арасындағы дуализмді жойғандығы сынды адам бойындағы жан мен тән қатынасына байланысты параллелизм көзқарасымен де Декарттың дуалистік түсінігінен алыстағаны көрінеді.
Спинозада адам болмысты қорғау үшін сыртқы әлемді білуге және тануға мәжбүр. Себебі сыртқы әлеммен нақты ақпарат негізінде байланыстың орнатылуы, адам өмірінің маңызды аспектілерінің бірі болып табылады. Бұл адамдардың болмысты қорғап қалу үшін қажет. Сәйкесінше, табиғаттағы тірі және тірі емес тіршілік иелері сияқты, адамдар да күш-жігер жұмсап, conatus көрсетеді.
Бұл жердегі өзіндік болмысын сақтау және қорғау дегеніміз - барлық табиғи болмыстар мен физикалық жеке адамдарда болатын тенденция. Демек, «conatus» барлық физикалық индивидтердің, сондай-ақ адамның табиғаттың бір бөлігі ретіндегі болмысында да бар. Себебі, Спинозаның пікірінше, «барлығының бар болу үшін жұмсайтын күші (conatus) - сол заттың шынайы мәні. Яғни өмір сүру - күш салу. Өмір сүру -болмысты қорғау және сақтау.
Белгілі бір нәрсенің конатусы (conatus) - ол сол нәрсенің тіршілік үшін күресі. Сондықтан, бір нәрсе қаншалықты конатусқа ие болса, соғұрлым ол өзіне тәуелді болады. Конатус, яғни өзін-өзі қорғау күші - тірі және тірі емес нәрсенің бәрінде болатын қасиет. Ал адамдардың басқа тіршілік иелерінен айырмашылығы, әртүрлі жолдармен қоршаған ортасына ықпал ететін және ықпал еткізетін жаратылыс. Бұл жағынан ол басқаларға қарағанда өте таланты десек артық айтқанымыз емес. Алайда адамды басқалардан ерекшелендіретін ең негізгі аспект оның табиғатта үстемдік ететін себеп-салдар тәртібін білетін тіршілік иесі болуында жатыр.
Үлкен конатусқа ие адамның күш-жігері кез-келген әрекеттен жоғары. Себебі болмыстың қабаттары көбейген сайын олардың күштілігі мен артық болу қабілеті де арта түседі. Ал бұл күш-жігердің адам өміріндегі ең қажетті тұсы - ойлау мен білуге деген әрекетінде жатыр. Осы ерекшелікке байланысты адам өзін, өзгелерді және Құдайды тану күшіне ие бола алады.
Спинозада адамның өзі болу үшін не істеу керектігін көрсететін және оған жақсылықты үйрететін ақылмен бірге, күшті тиімді пайданалу ізгілікке бастап жол болып есептеледі. Яғни бұл жердегі күш, ізгілік немесе жақсы; әлсіздік, арамдық немесе зұлымдықты білдіретін жағдайлар екені ортаға шығады. Спиноза ізгілікті тек өзінің табиғатының заңдарымен ғана тани алатын және белгілі бір нәрселерді жасауға күші бар адамның мәнін немесе табиғатын білдіретін шарт ретінде қарастырады.
Спиноза үшін ізгілік адамның табиғатының заңдылықтары бойынша әрекет етуден басқа ешнәрсе болмағандықтан, әрбір индивид өзінің болмысын өзінің табиғатының заңдары бойынша сақтауға тырысады. Демек, ізгілік қағидасы - адамның өзінің болмысын сақтауға деген талпынысы. Осылайша, Спинозада өзінің болмысын қорғаған және бұл жолда тер төккен әрбір адам - ізгі адам.
Спинозаның пікірінше, өзін-өзі сақтау күш-жігерінен бұрын ешқандай ізгілікті ойластыру мүмкін емес. Өзінің болмысын сақтау және қорғау әрекеті жалпы өмірдің шынайы мәні болғандықтан, бұл күш-жігер болмай тұрып ешқандай ізгілік жайлы ойлау әсте болмас. Осыған сәйкес адамның өзін-өзі қорғауға тырысуы, оның ең негізгі күш-жігері болып табылады. Екінші жағынан, ізгілікті әрекет ретінде көрініс табатын адамның өзін-өзі қорғауға және сақтауға тырысуы, кездейсоқ әрекет емес. Спиноза үшін адамдар бұл әрекетте кейбір пайдалы факторларды ескереді. Оның пікірінше, барлығы өзіне пайдалы нәрсені іздеуге, яғни өз болмысын сақтауға қаншалықты көп тырысса һәм түсінсе, соғұрлым ол ізгілікке ие болады. Керісінше, ол өзіне пайдалы нәрседен, яғни өзінің болмысын сақтаудан қаншалықты алыстаса, соғұрлым әлсіз бола түседі.
Бұл тұрғыда Спинозада ізгі болу - адам өмірінің қажеттілігі. Адамдар бұл әрекеттің нәтижесінде бақытқа жетеді. Алайда бақытты болу үшін ізгілікті болу керек деген тұжырым жасауға болмайды. Өйткені, Спинозаның пікірі бойынша, бақыт - ізгіліктің табиғи салдары. Яғни, бақыт ізгіліктің сыйы емес, ол ізгіліктің өзі. Спинозаның тілімен айтсақ, біз оның қуанышын құмарлықтарымызға кедергі жасау арқылы сезінбейміз.
Спинозаның ойынша, ізгі өмір - ақыл-ойдың ережелерімен әрекет ету және болмысты сақтау. Осылайша, Спиноза ізгі өмір мен ақыл арасында тығыз байланыс орнатады. Бұл жерде тағы бір айта кетерлігі, ақылдың шекпенінен шыққан барлық әрекеттер білуге тырысудан басқа ештеңе емес. Ақыл-ойды пайдалану арқылы адам өзін білімге жетелейді. Бұл жерден шығатын қорытынды, Спиноза ақыл-ойға үлкен мән бере отырып, ақылға негізделген іс-әрекетті ізгі өмір деп санайды. Себебі ақылмен іс-әрекеттерді орындайтын адам - білімге арқа сүйеген және әрекет ішінде саналы түрде бар болған адам. Ал сол адамның өмірін ізгілікке бөлейтін аспект – ақылға негізделген білім. Ақылға негізделген білім - абсолютті, адекватты, кемшілігі жоқ, айқын және дұрыс, Құдайдың мәнін тілге айналдырған білім.
Спинозаның адамы өзінің барлық күшіне Құдайдың арқасында ие болған адам. Ең қызығы, Құдайдың арқасында адамның ие болған ең үлкен күші, адамды барлық тіршілік иелерінен ажырататын күш. Бұл күш - ойлау және білу. Осылайша, адам осы күштердің арқасында ізгілікке қол жеткізе алады. Ол тіпті ең жоғарғы жетістікке жетуі де мүмкін. Себебі, адам ақыл-ойының ең жоғары жетістігі, Құдайды тану, ал ең ізгі қасиеті - Құдайды білу. Сонымен қатар, бұл адамның ең үлкен бақыты болып есептеледі Спиноза үшін.
Спиноза үшін жоғарыда айтқанымыз секілді адамдар табиғаттың, яғни Табиғат-құдайдың бір бөлігі ретінде өмір сүреді. Ал табиғаттың бір бөлігі ретінде өмір сүруді білетін және қабылдаған адам - ізгі адам. Өмір сүру уақыты артқан сайын адамның ізгілікті болуы да арта түседі. Осы уақыт аралығында білім де артады, білім артқан сайын әрекеттер табиғатқа сай келе бастайды. Сол арқылы адам көбіне-көп Құдайға сай өмір сүреді. Дәлірек айтсақ ізгі адам кейпіне енеді. Осы ізгілікке шоғырланған адамның өмірден алған ляззаты да, бақыты да арта түседі.
Спинозаның философиясындағы адамның орнын анықтауда біз шешетін тағы бір мәселе - жақсы мен жаман ұғымдары. Спиноза бұл тақырыпқа байланысты былай дейді: «Мен жақсылықты айтқан кезде қуаныштың барлық түрін, қуанышқа көмектесетін және әкелетін барлық нәрсені, әсіресе сағынышпен байланысты нәрсені түсінемін. Зұлымдықты айтсам, әр түрлі қайғы мен қасіретті, әсіресе, сағынышты түкке тұрғысыз ететін кез-келген нәрсені түсінемін. Себебі біз бір нәрсені жақсы болғандықтан оны қаламаймыз, қалағанымыз үшін ол жақсы болады. Нәтижесінде біз жек көретін нәрсені жаман деп санаймыз». Тиісінше, әр адам өзінің сезімдеріне сүйене отырып, ненің жақсы, ненің жаман екенін шеше алады. Сонымен, адамның қызығушылықтары, сезімдері мен тілектері өзінен тыс заттарға қарағанда әлдеқайда құнды. Себебі адам - өзінен тыс тіршілік иелерін білуге және түсінуге күші бар жалғыз тіршілік иесі. Яғни біз ақылға сала отырып, болашақтағы үлкен жақсылықты қазір кішігірім жақсылыққа, қазір кіші зұлымдықты болашақтағы үлкен зұлымдыққа айналдыра аламыз. Осы ойларды ұсына отырып, Спиноза жақсылықты анықтаудағы пайдалылық принципін де ұмытпайды. Спиноза тілімен айтсақ, жақсылық айтылған кезде, біз үшін абсолютті пайдалы нәрсені, ал жамандық айтылғанда, қандай да бір жақсылықтың болуына не кедергі болатынын түсінеміз. Алайда, әр адамның жақсы мен жаманды түсінуі әр түрлі болуы немесе әр түрлі нәрсені пайдалы деп бағалауы Спинозадағы құндылықтардың салыстырмалылық мәселесін қолға алады.
Спинозаның философиясындағы адамның орнын анықтауда шешілуі керек тағы бір мәселе - адамның еркіндігі. Спиноза өз философиясында адамның еркіндігі жөнінде нақты әрі қатаң шешімдер қабылдайды. Мысалы, бұған дейін де айтқанымыздай, адам Табиғат-құдайдың бір бөлігі. Осы үшін оның тарапынан жасалынған іс-әрекетті өзі анықтайды деп ойлау абсурд. Демек, адамдардың өздерін еркінбіз деп санаулары қателік. Себебі табиғаттың бөлігі ретінде адам өзінің іс-әрекетінің абсолютті анықтаушысы емес. Спинозаның пікірінше, тек өзінің табиғатының мәжбүрлігімен өмір сүретін және оның қызметін тек өзі талап ететін болмыс қана еркін бола алады. Бірақ мұндай болмыс адам бола алмайды. Бұл анықтамаға сәйкес келетін бір ғана тұлға бар, ол - Құдай. Яғни Құдай құдай болуға мәжбүр болғаны үшін еркін. Ал Спинозаның Құдайы жөнінде әңгіме бөлек...
Файзулла Төлтай