Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясы Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік...
МҮШЕЛ ЖАСТЫҢ МӘНІ НЕДЕ?
Мүшел жас - қазақ халқының адам жасын есептеу үлгісі
Дәстүрлі қазақ қоғамында баланың 13 жасқа толуы «алғашқы мүшелі» делінеді, одан кейінгі мүшел жасы әр 12 жыл қайталанған сайын есептеліп отырады. Халықтың адам өмірін кезеңдерге бөлуіне байланысты қалыптасқан шартты түрдегі бөліністері мен мүшел санау үрдістері қоғам мүшесінің әлеуметтену жағдайын, яғни қоғамдағы орны мен мәртебесін белгілеуді білдірді. Бірақ бір мүшел жастағы ерекшеліктен келесі мүшел жасқа өтуді әлеуметтік құбылыс деп тануға негіз жоқ. Өйткені ол адамның биологиялық қасиеттеріне де тән құбылыс болғандықтан, әр мүшел ішінде адамның өзіне тән қасиеттері мен болмысы қалыптасады. Мүшелдер арнайы ғұрыптар арқылы аталып өтілген. Олар: жарты мүшелге келген ұл баланы сүндетке отырғызып, атқа мінгізу мен қыз баланың құлағын тесіп, сырға тағу, алғашқы мүшелінде балиғатқа толуына байланысты он үште отау иесі болу, тағы басқа. Мүшелден мүшелге өту аралығындағы жаста адамға қауіп-қатер жуық болады деп есептеліп, тән мен жанның өзгеріске ұшырайтын тоқырау кезі, белесі деп саналды.
Кейбір деректерде «мүшел» сөзінің «мүше» сөзінен екені айтылады, сонда мүшеге ие болған хайуан деген ұғымды береді, яғни барлық хайуан емес, киелі, қасиетті хайуан ғана уақыт өлшеміне ие болған.
Кейбір деректерде «мүшел» сөзі қатар деген ұғымды білдірген, мүшел жылы сол адамда қатерлі жыл болады деп есептеген. Соған байланысты жаратылыстан тыс тұрған күштерге жалбарынып, құдайы беріп, қан шығарып, мүшелден аман-есен шығу үшін деп сол адамның қимас киімін және матадан жыртып жарлы-жақыбайларға таратылады екен.
Мүшел жас күні мал сойып, құран оқыту да мүшел жастан аман-есен шығып, ұзақ өмір сүру үшін, бақытты болу үшін істелетін ырым екен. Мүшел жасты былай жіктеуге болады.
1 жасқа дейін шақалақ, нәресте
1 жастан 10 жасқа дейін сәби
1 жастан 2 жасқа дейін қыз бала бөпе, ұл бала бөбек
2 жастан 3 жасқа дейін бүлдіршін
3 жастан 5 жасқа дейін балдырған, балауса
6 жастан 7 жасқа дейін бала, балақай
8 жастан 12 жасқа дейін ойын баласы, жеткіншек
13 жастан 15 жасқа дейін ересек бала, жасөспірім
16 жастан 19 жасқа дейін бозбала, бойжеткен
20 мен 30 жас аралығы жас жігіт, қыз
30 бен 40 жас аралығы дүр жігіт, аға, еркек, кәрі қыз, келіншек
40 пен 50 жас аралығы ер түлегі, отағасы, әке, көке, әйел, ана, тәте
50 мен 60 жас аралығы жігіт ағасы, сары кідір әйел
60 пен 70 жас аралығы қарасақал, ата, қара кемпір, апа, әже
70 пен 80 жас аралығы ақсақал, ақбұрым
80 мен 90 жас аралығы ақ үрпек шал, ақ үрпек ана, қарт, қария
90 мен 100 жас аралығы селкілдек шал, селкілдек кемпір
100 жастан жоғары кейуана, баба
109 жас шөпшек сүю;
121-ге жетсең, онда неменеңде қасында дей бер.
Астрономия ғылымының айтуы бойынша, әрбір 12 жылда Юпитер өзінің орбитасын бір рет айналып шығады екен. Сонда адамның мүшел жасы да әрбір он екі жыл сайын кіріп отырады. Мұнда да бір байланыстың бары анық. Бір жылда 12 ай бар. Мүшел 12 жыл уақыт атауы. Қазақтың ұлттық ұғымында жас саны мүшелмен есептеледі. Халық даналығында осы қағида шын мәнінде тапқырлық санақ есебі екенін ғылым да мойындайды. Бұл тәсіл өткен жылдарды есептеуге де, адам жасын анықтауға да өте ыңғайлы әрі бірден-бір оңай есептік жүйе. Бұл жасында әр адам сақтанып жүреді, алыс, ауыр сапарларға шықпайды. Ауа райының қолайсыз кезеңдерінде абайлап жүреді. Қазақтардың мұндай сақтануы негізсіз емес. Өйткені адам ағзасында әр 12 жылда үлкен өзгерістер болып тұрады. Ертедегі шығыстық ғылым осыны анықтаған.Әр адамның өз пешенесі жазылғанын білсек, онда адам баласы үшін 37 жас ең қауіпті мүшел жас болып саналады. Себеп те бар?! Нағыз кемелденген кезеңде сырт көздің сұғы дегендей, адам баласы от пен жалынның ортасында ғұмыр кешіп жүреді.
13 жас кейбір нәзік балалар үшін қауіпті, өйткені баланың бойындағы өзгеріс кезеңі жәйімен өтсе қауіп жоқ, ал күрт өзгерсе, кейбір балалар жүрек, жүйке ауруларына ұшырауы мүмкін деседі. Осындай мүшел есік қаққанда: «О, Құдірет, мені осы мүшелден қатерсіз өткізе гөр!» деп Аллаға жалбарынатын.
25 жас жігіттіктің алғашқы сатысы. Ол кезде ер жігіт бусанып, дене құрылысы өсіп, жетіліп, күші тасып тұратын кез. Бұл мүшелде де садақа беріп, келесі мүшелге дейін аман-есен болайын деп ниет етеді.
37 жас адам өміріндегі ең басты мүшел. Бұл мүшелде адам жігітшіліктен мосқалдау кезеңге өтіп, ақыл тоқтатып, дүниеге қызыға да, қызғана да қарайтын кез.
49 жас бұл адамның даналыққа аяқ басатын кезеңі. Бұл мүшелде кейбіреуі немере сүйсе де, кәрілікке мойын бұрмай, «маған кәрілік келмесе екен, әлі де болса қартаймай ойнап-күліп қалайыншы» дейтін кезі.
61 жас адамның даналығы артып, өзінен туған балаға сын көзбен қарап, басқан ізін аңдып, жаман-жақсысын ажыратып, өзі де тәрбиеге келетін кезеңі.
73 жас бұл кәріліктің мойынға мініп, аяғын тұсап, отырса тұруы, тұрса отыруы мұң, жатса ұйқы жоқ, адамның діңкесі құрып, «айһай, жас кезім-ай» деп көкірегі қарс айырыла күрсініп, дөңбекшіп барып ұйықтайтын кез.
85 жас бұл мүшелде адамның айдай басы қатып, өзінен кейінгілермен бала құсап ұрсып, жеген тамағын жеген жоқпын деп, өкпелегіш болатын кез. Сол үшін де ел арасында «күлсең кәріге күл», бұл жасқа жеткен де бар, жетпеген де бар деседі.
Мүшелтой кейде «мерейтой» деп те атайды. Мұндай салтанатты кеш мереке, той дәрежесінде мемлекетке, елге айрықша еңбегі сіңген мемлекет, ғылым, өнер, әдебиет қайраткерлерінің туған күніне байланысты өткізіледі. Бұл әдеттегі туған күн емес, саяси әлеуметтік оқиға. Қазақтар туған күнді немесе мүшел жасқа толуын атап өтуді бұрын әдетке, салтқа айналдырмаған. ХХ ғасыр басынан бастап қазақ мәдениетінде белгілі қайраткерлердің мүшел тойлары 50, 60, 70 жасқа толуына байланысты өткізіле бастады. Мерейтойдың (мүшелтойдың) әлеуметтік, рухани мән-маңызы өте зор. Ол белгілі ақын, жазушы, ғалым, батыр т.б есімі елге белгілі адамдардың еңбегін бағалау, оның мәртебесін көтеру ғана емес, қалың жұртшылықты әсіресе, жастарды ұлы іске, өнерге, білімге тәрбиелеудің үлгісі, халыққа қызмет етудің көрінісі деп бағаланады. Мүшел жасқа толған қайраткер ел алдында есеп береді, өз қызметінің жемісін көреді.
Кездесу кештерін өткізіп, жоғары атақтармен марапаттайды. Олардың есімімен елі-жұрты, туған-туысқандары мақтанады, қуанышына ортақтасады. Кейінгі жастарға үлгі етеді. Жастар да оларға еліктейді, армандайды және солай талаптанады.
Нұргүл САБАҚАНОВА