Желтоқсанның 19-шы жұлдызында Алматы қаласында «Сыншылар жүлдесі 2022» жылдың қорытынды...
Айтматовтың «Қызыл алма» шығармасы сахналанды
ФОТОСУРЕТТІ АВТОР ҰСЫНҒАН
Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының сахнасында 7, 8, 12 сәуір күндері Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл алма» шығармасының премьерасы аншлагпен өтіп, көрерменнің рухани сұранысына дәл жауап берген көркемдік құбылысқа айналды. Бұл қойылым – жай ғана инсценировка емес, режиссер Баатырбек Шамбетов ұсынған терең режиссерлік концепция мен тұтас сахналық партитураның нәтижесі.
Айтматов прозасының поэтикасын сахна тіліне көшіру – күрделі міндет. Осы тұрғыда режиссер шығарманың сыртқы фабуласына емес, ішкі драматургиялық өзегіне үңіліп, психологиялық театр элементтерін пластикалық шешіммен ұштастыра білген. Қойылымның темпо-ритмі бірде баяу сырғып, бірде ширыға түсіп, кейіпкерлердің ішкі монологтары мен астарлы әрекеттері арқылы көрерменді нәзік иірімдерге жетелейді.
Сахналық кеңістік – метафораға құрылған. Қоюшы суретші Ирина Лунга жасаған сценографияда минимализм принципі үстемдік етеді. Бос кеңістік, жоғарыдан төгілген жапырақтар – уақыт пен сезімнің өшпелі табиғатын ишаралайтын символдық код. Бұл – натуралистік емес, шартты театрдың айқын көрінісі.
Қойылымның пластикалық партитурасын жасаған балетмейстер Ғазиза Алимбаева сахналық әрекетті хореографиялық мәтінге айналдырған. Әрбір мизансцена – дәл есептелген, әрбір қозғалыс – психологиялық күйдің көрінісі. Пластика мен драмалық әрекеттің синтезі спектакльдің жанрын саунд-драма мен физикалық театр элементтеріне жақындата түседі.
Бұл қойылымдағы ерекше табыс – «Театр адамдары» деп шартты түрде алынған ансамбльдік топ. Олар – хор, олар – әрекеттегі метафора, олар – кейіпкерлердің ішкі күйінің визуалды көрінісі. Біркелкі сұр костюмдегі бұл актерлік ансамбль сахналық кеңістікте бір деммен өмір сүріп, спектакльдің ритмдік құрылымын ұстап тұрады. Олар оқиғаны баяндап қана қоймайды, оны сезіндіреді, тіпті кей сәттерде басты кейіпкерлердің ішкі жан айқайына айналады. Спектакльдің ерекше бір қыры – оқиғаның бастан-аяқ би мен пластика арқылы өрілуінде. Түрлі сюжеттік билер арқылы басты кейіпкерлердің жан дүниесі терең ашылып, сахналық әрекет ерекше ырғаққа ие болады. Бұл тұрғыда көпшілік сахналарда ойнайтын әртістердің алар орны айрықша. Олар бірыңғай сұр түсті костюмде бір кісідей жұмылып, сахналық тұтастықты қамтамасыз етеді. Режиссер бұл топты шартты түрде «Театр адамдары» деп алып, оқиғаның өрбуіне негізгі қозғаушы күш ретінде пайдаланған.
Аталған кейіпкерлерді сомдаған актерлер:
Бірінші театр адамы – (арт. Асланбек Шайсұлтанов)
Екінші театр адамы – (арт.Азат Қайыржан)
Үшінші театр адамы – (арт.Нұрлыбек Тілеулес)
Төртінші театр адамы – (арт.Әліби Мұрат)
Бесінші театр адамы – (арт. Ақерке Хасихан, Аяулым Елубай)
Алтыншы театр адамы – (арт. Мақпал Сүлейменова, Әсем Шайсұлтанова)
Олардың синхронды ойыны, дәл қимылы мен ішкі тәртібі қойылымның көркемдік деңгейін айқындай түскен.
Басты кейіпкерлер галереясына келсек, Исабеков – ішкі драматизмі терең, психологиялық тұрғыдан күрделі образ. Мейрамбек Мұхатай бұл рөлде сыртқы әрекеттен гөрі ішкі импульске сүйеніп, «ішкі әрекет» мектебінің талаптарына сай бейне сомдайды. Оның әр паузасы, әр үнсіздігі – мәнге толы. Бұл – актердің сахналық шынайылыққа жету жолындағы кәсіби ізденісінің көрінісі.
Сәбира бейнесін сомдаған Аяулым Елубай мен Ақерке Хасихан – бір рөлдің екі түрлі трактовкасын ұсынады. Бірі – ішке бүккен мұң, сабырлы трагизм арқылы көрінсе, екіншісі – сыртқы қарсылық пен жан айқайына жақын. Бұл режиссерлік шешім кейіпкердің көпқабатты табиғатын ашуға мүмкіндік берген.
Бейтаныс қыз – романтикалық иллюзия мен өткінші сезімнің символы. Мақпал Сүлейменова мен Әсем Шайсұлтанова бұл бейнені жеңіл пластика, нәзік интонация арқылы жеткізіп, кейіпкердің жұмбақ табиғатын сақтап қалған.
Ал Анар – спектакльдің эмоционалдық өзегі. Жансая Жұмабекова сомдаған бұл бейне – сахнадағы шынайылықтың ең таза формасы. Оның әрекетінде жасандылық жоқ, ол – тірі сезім. Баланың психологиялық күйі арқылы қойылымның басты конфликтісі айқындалады.
Музыкалық партитура да режиссерлік оймен сабақтас. Әлемдік классикалық әуендер мен заманауи технология (ЖИ) арқылы өңделген қырғыз сарындары сахналық атмосфераны тереңдетіп, эмоциялық фонды күшейтеді. Дыбыс – бұл қойылымда жай фон емес, ол – әрекеттің тең құқылы қатысушысы.
Бұл тұста сахна сыртында еңбек етіп жүрген үлкен шығармашылық және техникалық ұжымның еңбегін ерекше атап өткен жөн. Спектакльдің жарық суретін үйлестірген жарық операторы, актер бейнесін толықтыратын грим шеберлері, сахналық әлемнің шынайылығын жасаған бутафор мамандары, дыбыс атмосферасын қалыптастырған дыбыс операторлары, костюм мен образ тұтастығын қамтамасыз еткен тігіншілер мен костюмерлер, сондай-ақ реквизитке жауапты қызметкерлер – барлығы да қойылымның көркемдік деңгейін көтеруге өлшеусіз үлес қосты.
«Қызыл алма» – сахнадағы актерлік ойын ғана емес, бүкіл театр ұжымының үйлескен еңбегінің нәтижесі екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.
Режиссер Баатырбек Шамбетов бұл театр сахнасында бұған дейін де өзіндік режиссерлік қолтаңбасын қалыптастырып үлгерген. Ол қырғыз авторы Мырза Ғапаровтың «Киотоға жол» қойылымы мен отандық автор, көзі тірі классик Төлен Әбдіктің «Өтелмеген парыз» драмасын сахналап, көркемдік ізденіске құрылған, терең психологиялық шешімдерімен ерекшеленген туындылар ұсынған еді. Аталған қойылымдар арқылы режиссердің авторлық стилі айқындалып, көрермен тарапынан жоғары бағасын алған болатын. 2026 жылың басынан бастап театрдың тұрақты қоюшы режиссері ретінде іске кіріскен Б.Шамбетовтың шығармашылық ізденістері жаңа белеске көтерілетіні анық.
Шыңғыс Айтматовтың сахнаға сирек шығарылатын, көпшілікке тың қырынан танылып отырған бұл шығармасының театр сахнасында жаңаша интерпретацияда көрініс табуы – театр әлемі үшін айрықша жаңалық. Бұл туындының сахналануы шығармашылық ұжым үшін де зор жетістік әрі кәсіби биік белес болып саналады.
«Қызыл алма» – бұл сахналық мәтін ғана емес, бұл – көрерменмен ішкі диалог. Бұл қойылымда сыртқы оқиғадан гөрі ішкі шындық маңызды. Ал сол шындық әр көрерменнің жүрегінде өз үнін табады. Себебі адам баласы кейде ең жақын жандардың қадірін кеш түсінеді. Ал театр – сол кешігіп жеткен сезімнің айнасы.
Манарбек ҚЫДЫРБАЙ, Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының көркемдік жетекшісі