Солтүстік Қазақстан облысында қайғылы оқиға болды. 60 жастағы жүргізуші жүк көлігінің дөңгелегі жары...
Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу емтихандары жаңа тәртіппен тапсырылады
ашық дереккөз
Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу емтихандары жаңа тәртіппен өтеді, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Емтихан тапсыру рәсіміндегі өзгерістерді Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі ІІМ-мен бірлесіп талқылады.
Біріншіден, қазақстандықтар жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханды ақылы негізде шексіз рет тапсыра алады, бірақ әр әрекет арасындағы аралық кемінде 10 күнтізбелік күн болуы тиіс.
Қазіргі таңда қазақстандықтарға 3 тегін мүмкіндік беріледі: екеуі – 1 күн аралықпен, үшіншісі – 30 күннен кейін.
«Аталған мүмкіндіктер аяқталған соң қайта оқудан өту талап етілетін, бұл кей жағдайларда азаматтарды жүргізуші куәлігін заңсыз жолмен алуға итермелейтін жағдайлар туғызды», – делінген хабарламада.
Үкіметтің атап өтуінше, бұл норма рәсімді қолжетімді етіп, артық шектеулерді алып тастауға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.
Екінші шара – Астанадағы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығы филиалы базасында пилоттық жобаны іске қосу.
«Жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық емтихан тапсыру жүйесіне кейіннен толық енгізу мақсатында академиялық адалдықты қамтамасыз ету технологиялары сыналады», – делінген.
Сонымен қатар орталықта көлік құралын қауіпсіз басқаруға қажетті білім, білік және дағдыларды дұрыс бағалауға жарамдылығын растау үшін теориялық тесттерге кешенді психометриялық зерттеулер жүргізіледі.
Үшінші және төртінші шаралар – жасанды интеллект технологияларын белсенді қолдану: теориялық емтихандарда толықтырылған шынайылық (AR) технологияларын пайдалану және практикалық емтихан тапсыру процесін автоматты бақылау үшін компьютерлік көру жүйесін енгізу.
«Бұл шаралар тыйым салынған техникалық құралдарды қолдану мүмкіндігін барынша азайтып, заңбұзушылықтарды тіркеуге мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.
Бесінші шара – жүргізуші куәлігін алуға байланысты цифрлық шешімдердің ақпараттық қауіпсіздігін барынша күшейту, оның ішінде оларды аса маңызды ақпараттандыру нысандары тізіміне енгізу арқылы.
«Бұл заңбұзушылықтар мен рұқсатсыз араласу үшін, тіпті қылмыстық жауапкершілікке дейінгі шараларды күшейтуге мүмкіндік береді», – делінген.
Алтыншы шара – әкімшілік жауапкершілік нормаларын енгізу.
«Жауапкершілік емтихан тапсырушыларға да, жүргізуші куәлігін заңсыз алуға көмектесетін тұлғаларға да қарастырылады. Мұндай шаралар емтихан кезінде заңбұзушылық анықталған жағдайда қолданылады», – деп атап өтті Үкімет.
Оларға тыйым салынған құрылғыларды, микроқұлаққаптарды, микрокамераларды, сондай-ақ байланыс құралдарын пайдалану жатады. Сондай-ақ теориялық емтихан тапсырудан 1 жылға дейін шеттету мүмкіндігі қарастырылған.
Жетінші шара – авто мектептердің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту.
«Олардың жұмысы жүргізушілерді даярлау сапасы және азаматтардың кері байланысы негізінде бағаланады. Сондай-ақ қызметін лицензиялау енгізу жоспарланып отыр. Дайындық сапасы төмен болған жағдайда лицензия толық қайтарып алынады», – делінген хабарламада.
Үкіметтің айтуынша, бұл өзгерістер жүргізуші куәлігін алу процесіндегі жасанды кедергілерді жоюға, рәсімнің ашықтығы мен қолайлылығын арттыруға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.