«Алатау» дәстүрлі өнер театрының XI маусымы көрерменге «Қорлан» драмасын ұсы...
Ар мен өмір арасындағы таңдау: елордада «Ақ мұнар» премьерасы өтті
MadeniPortal.kz
Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың «Ақ мұнар» шығармасы негізінде сахналанған жаңа спектакльдің премьерасы өтті. Әфсана жанрындағы қойылым 29 және 30 қыркүйекте көрермен назарына ұсынылды, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Спектакльдің сахналық нұсқасын жасап, режиссерлік еткен – Нұрлыгүл Ғалымжанқызы. Қойылым адамгершілік, ар-ождан, мейірім, жауапкершілік пен табиғатқа деген қарым-қатынас секілді құндылықтарды арқау етеді.
Оқиға қатал табиғат жағдайында тіршілік үшін күрескен екі эскимос – Айнан мен Емронның төңірегінде өрбиді. Янракыннат мекеніне бет алған олар ақтүтек боранда жолдан адасады. Сапар барысында шананы сүйреген иттердің жетекшісі – Ақ ит суық пен ауыр жолға шыдамай өледі.
Осы сәттен бастап кейіпкерлердің адамгершілік туралы түсінігі сынға түседі. Емрон тірі қалған иттерді аман сақтау үшін өлген Ақ итті азық етуді ұсынса, Айнан мұны қатыгездік деп қабылдайды. Екі кейіпкер арасындағы осы тартыс бірте-бірте өмір мен өлім, ар мен жауапкершілік туралы философиялық ойға ұласады.
Қойылымның негізгі сауалы да осы тұста ашылады: адам өмір үшін күрескен ең қиын сәтте өзінің адамдық болмысын сақтап қала ала ма?
Басты рөлдерді Оразалы Игілік пен Мұхамедсаид Бағашаров сомдады. Сондай-ақ қойылымға Ілияс Өтетілеу, Аяжан Бағдат, Айдос Дүйісбай, Бибол Байғараев, Алмаз Әбденов, Аққанат Қуандықов және театрдың өзге әртістері қатысты.
Шығармашылық топтың айтуынша, «Ақ мұнар» көрерменді адам мен табиғаттың байланысы, мейірім мен қатыгездіктің ара-жігі және адамдық құндылықтардың бағасы туралы ойлануға жетелейді.