Алматы облысында туристер арасында танымал табиғи орындардың бірінде аспалы шыны көпірдің құрылысы жалғасып жатыр. Нысан "Қара шатқал" туристік аймағында бой көтеріп, құрылысы 2026 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс, деп хабарлайды MadeniPortal.kz Tengri Travel-ге сілтеме жасап.
700-адамнан аспауы керек: Шарындағы 1,5 миллиард теңгелік шыны көпір
Фото: ЖИ/MadeniPortal.kz
Кеген ауданы әкімдігі біздің ресми сауалымызға берген жауабында нысан қандай болатынын айтып берді.
Аспалы шыны көпір Кеген ауданындағы "Қара шатқал" туристік аймағында салынады. Оның ұзындығы 210 метр, ал жаяу жүргіншілер бөлігінің ені 2 метр болады. Қорғаныс қоршауларымен бірге көпірдің жалпы ені шамамен 3 метрге жетеді.
Нысан тәулігіне 4 мыңға жуық келушіні қабылдай алады. Бұл ретте көпірдің үстінде бір уақытта 700-ден аспайтын адам болуы керек.
Жобаға сәйкес, жаяу жүргіншілер жолы қалыңдығы 40 миллиметрлік көпқабатты шыңдалған шыныдан жасалады. Екі жағынан биіктігі 1,5 метр болатын қорғаныс қоршаулары орнатылады.
Қауіпсіздік үшін көпір негізгі конструкциялардың жай-күйін бақылайтын датчиктермен, сондай-ақ желден тербелуді азайтатын жүйемен жабдықталады. Кіреберісте көпірдегі адам санын автоматты түрде есептейтін турникет қойылады.
Қатты жел, көктайғақ немесе басқа да қауіпті ауа райы кезінде көпірдегі қозғалыс уақытша шектелуі немесе толық жабылуы мүмкін.
Көпір қашан ашылады?
Жобаны 2026 жылдың IV тоқсанында аяқтау жоспарланған. Алайда қазір жобалау-сметалық құжаттаманың мемлекеттік сараптамасы әлі біткен жоқ. Әкімдіктегілер жобалық есептеу Қазақстанның құрылыс нормаларына сәйкестендіріліп жатқанын хабарлады.
Көпір туристер үшін құрылыс жұмыстары толық аяқталып, қажет тексерістер мен сынақтар жүргізіліп, нысан қабылданып, рұқсат құжаттары рәсімделгеннен кейін ғана ашылады.
Жоба құны қанша және оны кім салып жатыр?
Жергілікті әкімдік мәліметінше, шыны көпір құрылысының құны 1,5 миллиард теңге деп бағаланған. Жобаны "ASK CAPITAL" ЖШС өз қаражаты мен банктік қарыз есебінен қаржыландырып жатыр. Құрылысқа мемлекеттік бюджеттен ақша бөлінбейді.
Жобаға тапсырыс беруші де - "ASK CAPITAL" ЖШС. Құрылысқа шыны көпірлер мен бақылау алаңдарын салу тәжірибесі бар мамандандырылған компанияны тарту жоспарланған. Оның ішінде Қытай компаниясы да қарастырылып жатыр.
Мердігердің атауы әзірге жарияланған жоқ, себебі әкімдік бұл ақпаратты коммерциялық құпия деп санайды.
Кіру құны қанша болады?
Шыны көпірге билет құны әлі анықталған жоқ. Оны құрылыс аяқталғаннан кейін инвестор немесе нысанды басқаратын компания белгілейді. Сол кезде билеттерді сату тәртібі мен ықтимал жеңілдіктер де анықталады.
Көпірге кім қызмет көрсетеді?
Көпір ашылғаннан кейін оған инвестордың өзі немесе ол жалдаған арнайы ұйым қызмет көрсетеді. Олар нысанның техникалық жағдайы мен келушілердің қауіпсіздігіне жауапты болады.
Құрылыс барысы қалай?
Көпір құрылысы жеке инвестиция есебінен қаржыландырылады.
Бүгінде орында тұрақ, павильон және көпірге алаң дайындалды. Ауданы 600 шаршы метр болатын павильонда визит-орталық, қоғамдық дәретхана, мейрамхана мен дүкендер орналастырылмақ.
Сондай-ақ нысанға қуаттылығы 400 киловатт электр энергиясына қосылуға рұқсат алынып, эскиздік жоба мақұлданды және сәулет-жоспарлау тапсырмасы алынды.
Қазір қадаларға арналған 16 арматуралық қаңқаның 13-і дайындалды. Сонымен қатар бұрғылау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тереңдігі 25 метр, диаметрі 1,5 метр болатын 16 қадалық тірек орнатылады.
Бұрғылау аяқталғаннан кейін тіректерді бетондау және көпір конструкцияларын орнату басталады.