Қазіргі театр өнерінің даму үдерісінде мюзикл жанры ерекше орын алады. Ол синтетикалық өнер түрі рет...
Вивальдиден Пьяццоллаға дейін: Астанада ерекше музыкалық кеш өтеді
Опера және балет театры
1 қазан – Халықаралық музыка күніне орай «Астана Опера» әртістері елорда тұрғындары мен қонақтарына «Скрипка. Төрт маусым» атты мерекелік концерт ұсынады, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Концерт Күләш Байсейітова атындағы Камералық залда өтеді. Сахнада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театрдың бірінші скрипкасы Бағдат Әбілханов пен скрипкашы Әнел Шәкірова өнер көрсетеді. «Астана Опера» камералық оркестріне Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдин жетекшілік етеді.
Маэстроның айтуынша, Халықаралық музыка күнін концертпен атап өту театрда дәстүрге айналған.
«Біздер, музыканттар үшін бұл – қымбатты тыңдармандарымызбен кездесетін тебіреністі сәт. Оларсыз мерекені атап өту мүмкін емес», – деді Абзал Мұхитдин.
Кеш бағдарламасына Антонио Вивальдидің әйгілі «Жыл мезгілдері», Астор Пьяццолланың «Буэнос-Айрестегі жыл мезгілдері» және Макс Рихтердің Вивальди туындысына жасаған заманауи рекомпозициясы енген.
Осылайша көрермен бір кеште барокко дәуірінен аргентиналық танго мен заманауи музыкаға дейінгі үш түрлі «Жыл мезгілін» тыңдай алады.
Концерт сағат 19:00-де басталады.