17 жасар мас жасөспірім полицейдің санынан тістеп алған

Фото: ЖИ/MadeniPortal.kz

ЖАҢАЛЫҚТАР
147

Байқоңырда полиция қызметкеріне қарсылық көрсетіп, дене жарақатын салған 17 жастағы жасөспірімге қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz. 

Прокуратура мәліметінше, оқиға 1 қазанға қараған түні қаладағы саябақтардың бірінде болған. Тәртіп сақшылары мас күйінде жүрген жасөспірімді тоқтатқан. Алайда ол полицейлердің заңды талабына бағынудың орнына оларды балағаттап, ұсталған кезде қарсылық көрсеткен.

Жанжал кезінде жасөспірім полиция қызметкерлерінің бірін санынан тістеп, жарақат салған.

Қазір ол билік өкілдерін көпшілік алдында қорлады және полиция қызметкеріне күш қолданды деген күдікке ілінді. Істі "Байқоңыр" кешеніндегі Ресейдің Тергеу комитеті тергеп жатыр.

Байқоңыр қаласының құқықтық мәртебесі ерекше. Қазақстан аумағында орналасқан қала Ресейге жалға берілген «Байқоңыр» кешенінің құрамына кіреді. Сондықтан мұнда екі мемлекет арасындағы келісімдерге сәйкес арнайы құқықтық тәртіп қолданылады. Сол себептен бұл оқиға бойынша тергеуді Ресейдің Тергеу комитеті жүргізіп жатыр. 

Байқоңыр прокуратурасының мәліметінше, жасөспірімге Ресей Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша іс қозғалған:

  • 318-баптың 1-бөлігі – билік өкіліне күш қолдану. Бұл бапта 200 мың рубльге дейін айыппұл, мәжбүрлі жұмыс немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.

  • 319-бап – билік өкілін көпшілік алдында қорлау. Бұл үшін 40 мың рубльге дейін айыппұл, 360 сағатқа дейін міндетті жұмыс немесе бір жылға дейін түзеу жұмыстары көзделген. 

     

Дегенмен күдіктінің 17 жаста екені ескеріледі. Ресей заңнамасы бойынша кәмелетке толмағандарға жаза тағайындаудың арнайы тәртібі бар. Сот оның жасын, өмір сүру және тәрбиелену жағдайларын, қылмыстың мән-жайын ескереді. Бас бостандығынан айыру жазасы жасөспірімді қоғамнан оқшауламай түзету мүмкін емес деп танылған жағдайда ғана қолданылуы тиіс. 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматыдан Астанаға ұшып бара жатқан ұшақта бір мезгілде үш жолаушының денсаулығы сыр берді. Абырой...

АЙМАҚТАР

«Қазгидромет» 24–25 қазан күндері Қазақстанның 10 облысында ауа райының күрт өзг...