«Шымбұлақ» кезекті рет ең үздік курорт деп танылды

Фото: «Шымбұлақ» тау курорты

ТУРИЗМ
557

Мәскеуде тау-шаңғы саласының үздіктерін анықтайтын SKI BUSINESS AWARDS жүлдесінің қорытындысы жарияланды. 2024-2025 маусымының нәтижесі бойынша «Шымбұлақ» тау курорты ТМД елдеріндегі ең беделді номинация – «Ең үздік тау-шаңғы кешені» аталымы бойынша жеңімпаз деп танылды, деп хабарлайды MADENIPORTAL.KZ.

Сонымен қатар, биыл енгізілген жаңа номинация – «Ең үздік тау-шаңғы курортының басшысы» аталымында «Шымбұлақтың» бас директоры Ринат Абдрахмановтың еңбегі ерекше атап өтілді.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, биыл байқауға 50 номинация бойынша 240-тан астам үміткер қатысқан. Жеңімпаздар қазылар алқасының шешімі мен ірі тау-шаңғы порталы Ski.ru ұйымдастырған ашық дауыс беру нәтижесінде анықталды. Үздіктерді анықтау кезінде компаниялардың саланың дамуына қосқан үлесі ғана емес, сала жетекшілерінің жеке жетістіктері де ескерілген.

Айтай кетейік, «Шымбұлақ» ТМД-дағы «Ең үздік тау-шаңғы кешені» аталымында қатарынан үшінші жыл үздік деп танылып отыр. 2022 жылы курорт ШЫҰ елдері арасындағы «Ең үздік тау-шаңғы курорты» атағын иеленсе, өткен жылы ТМД курорттары арасында негізгі марапатпен қатар, «Ең үздік глэмпинг/кемпинг» аталымында да жеңімпаз болған.

«Өткен маусымда “Шымбұлаққа” 1,5 миллионнан астам адамның келгені – курортқа тек жергілікті ғана емес, шетелдік туристердің де қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді. SKI BUSINESS AWARDS марапатының биылғы жеңісі – бұл команданың кәсіби жұмысының, инфрақұрылымды дамыту және қызмет сапасын арттыру жолындағы еңбегінің нәтижесі. Мұндай беделді марапаттар өңіріміздегі өзге де тау-шаңғы курорттарына серпін беретіні анық», – деді Еуразиялық тау курорттары альянсының бас хатшысы Андрей Кукушкин.

SKI BUSINESS AWARDS жүлдесі 2018 жылы тау-шаңғы индустриясының кәсіби мамандарын ынталандыру және саланың беделін арттыру мақсатында тағайындалған. Жыл сайын бұл марапатқа «Роза Хутор», Oi-Qaragai Mountain Resort, «Эльбрус», «Красная поляна», «Шерегеш» сияқты әйгілі курорттар үміткер болып келеді. «Шымбұлақтың» кезекті рет ТМД аумағында үздік курорт деп танылуы Қазақстандағы тау-шаңғы саласының жоғары әлеуетін және елдің туристік беделін арттыруға қосқан үлесін айқын көрсетіп отыр.

 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Актер Жахан Отарғалиевтің әйелі оның өмірі мен отбасындағы қарым-қатынасы жайлы шынайы ойымен бөліст...

ПОЭЗИЯ

СЫЗ. НӨСЕР. КҮЗ… Өтті жаз,Кетті алыстап жұмақ көктем.Күз келді,Қайтты құстар шұбап көкпен.Да...