Сіздің банк шотыңызда бірнеше миллион доллар бар деп елестетіп көріңіз. Сіз мұндай байлықты не үшін...
Жабал Ерғалиев. Әуелі Көкшетауды сүю керек!
Көкшетау қаласы – Сарыарқаның саумал самалы тербеткен сайын даласында сұлудың жасауынан үзіліп қалған әсем әшекейлі Бурабайынан бастап, зерлі Зерендісін, атақты да аруақты Айыртауы мен Имантауын бауырына басып жатқан көркем көркімен, сұлу табиғатымен тамсандыра білген, «Оқжетпесімен» сұқтандырып, Сексен көлімен сыр ұқтырған киелі өлкенің қасиетті ордасына айналған еді.
«Көкшетау!» деп асқақтады, «Көкше!» деп тамсанды, оған ғашық болды, оны бір көруге, ауасын бір жұтуға іңкәр болды адамдар!
Төрткіл дүниенің төрінде жүрсем де көңіл төрінен сен кетпейсің, Көкшетау!
Талайлардың тал бесігі болып тербелген де, сұңғыла көкейді ән болып кернеген де, кең дүниенің сырын шайқап күйі де болып шалқып төгілген де сен едің, Көкшетау!
«Өзің боп нәзігім де, дөкейім де, Көкшетау, сен жүресің көкейімде»,–деп күні кеше қайран да, қайран Еркеш ақынның жыр кеудесінен ала құйын болып ұйтқыған бораныңмен де, ұйыған аптап самалыңмен де, кең дүниенің ырғағымен тербелген биші қайыңыңмен де, көк қарағайы көкке қолын созған іңкәр да ұлпа көгіңмен де қымбатсың, ардақтысың, ажарлысың, сүйіктісің, сүйкімдісің, Көкшетау!
Бауырыңдағы балапанын алдырған бүркіт іспеттес Бұқпа таудың тұрысы анау әне! Кең дүниеге құлағын түріп, сол кең дүниенің тылсым сырын ұққысы келген сұңғыланың кейпімен баяу мүлгиді. Жарықтық мәңгілікке орнаған, сөйтіп мәңгіліктің жырын айтуға жаралған Бұқпа таудың мазасын ақ толқыны жағаға тынымсыз соққылап жатқан Қопа көлі ғана алғандай ма қалай?! Қайтсын-ай енді! Қопа да еркелегісі келеді әлде кімге! Қопа да қамыққан көңілінің кірін шайғысы келетіні бар. Дүние-ай, шіркін!..
Кімнің көңілі кірлемей жүр дейсіз осы күні. Адам баласының ең әуелі өз қадірін өзі білмеуінен жылап жатқан көңілдер қаншама. Төгілген көз жастарын айтсайшы! Дүние-ай, шіркін!..
Сол бір кемі бар көңіл дүниенің жұбанары да, жұбатары да сенсің, Көкшетау!
Жүдеген де, үдеген де, құлазыған да, аспандап, асқақтаған да, жәбір көріп жасқанған да, аруақтанып айбаттанған да, қуаттанып қайраттанған да кездерің аз болмады-ау, Көкшетау!
Көкшетау көркейген сайын көңілім өсіп, Көкшетау өркендеген сайын еңсем көтеріліп, Көкшетау абаттанған сайын жанымның жадырай түсетіні тағы да бар.
Көкшетау, сен менің мәңгі айтып өтер әнімсің! Көкшетау, сен менің мәңгі айтып өтер сырымсың да, жырымсың да!
Әне, қазіргі Көкшетау көңілімнің лағыл бір сезімдерін селдететін әсем бір күйімен жүрегімде тербеліп тұр. Көкшетау, талайларды тамсандырып, ән мен жырдың ырғағымен тербелген едің, әлі де тербелерсің!
Міне, түнгі Көкшетау! Сол түнгі Көкшетаудың көңіл көкжиегіндегі көгілдір әлемнің көк сағымы да, жасылды дүниенің жасыны да алаулайды.
Сол әсем бір гүлзардың ортасында Көкшенің күйімен, Көкшенің әнімен, Көкшенің сәнімен бұралған бейнелі монумент тұр. «Көкшенің ерке самалы» деп ат қойдым оған. Түнгі Көкшетаудың түрлі бояуымен сәулеленіп тұрар сол «Көкшенің ерке самалы» ел мен жердің еркіндігін, Көкшенің ұл-қызының еркелігін мына аппақ әлемнің бояуына қанықтандырғандай әсер қалдырады.
Көкшенің әрдайым биікте тұрар ар-иманындай болып жаңа мешіттің алтындалған айшықты күмбездері де ай сәулесіне малынып тұр.
Түнгі Көкшетау!.. Сенің көшелерің мен бақтарыңдағы ақ қайыңдар мен көк теректер Көкшетаудың көркі ғана емес, күні ертең көгілдір Көкшенің әнін айтып, тілеуін тілеп, мәңгі сыбдырлап, жайқалып тұрарына да көңіл сенеді.
Енді міне, осы бір жаңадан жасанып жатқан Көкшетау көшелері Көкшетау атты қаланы асқақтатты, Көкшетау шынайы бір қалаға ұқсап шыға келді. Көкшетау жаңа жасанып, Көкшетау жаңа түлеп жатыр!
Түнгі Көкшетау!.. Баяғы Қараөткел мен Ақмолаға, қазіргі Нұр-Сұлтанға тартылған күре жолдың бойындағы тас тұғырдағы Құлагер тұлпардың ескерткішіне көңіл шіркіннің жетелей беретіні бар. Көкшетаудың абыройын аспандатқан, Ақан серінің аруағын асқақтатқан, тұлпар тұяқты қайра бір тірілткен ескерткіш болды-ау деп қуанамын.
Әне, тас тұғырда Құлагер тұр! Жануар-ай, кең дүниенің қысқа шылбыры мен тар тұсауынан босанғаны енді болды ма екен, беймәлім кеңістікті бетке алып, бауырын еркін бір жазып, төрт аяғын тең басып, жал-құйрығы төгіліп шауып келеді. Жануар-ай, өз соңынан түскен қуғыншы қарақшының бар екендігін сезе ме екен, шұрқыраған үні келеді құлағымның түбіне.
Ей, адамдар, аяндаршы Құлагер дүниені! Ей, адамдар, құлатпаңдаршы Құлагер өмірді! Ей, адамдар, жылатпаңдаршы Ақан адамның сері көңілін!
Тас тұғырдағы Құлагер, міне, осылай деп шұрқырайды. Соны ұғар, соны түсініп-түйсінер сана болсын деңіз!
***
Жүрегінде Көкшетауға деген сүйіспеншілігі, көңілінде Көкшетауға деген адал пейілі мен ниеті бар азамат қана Көкшетауды бүгінгідей көркейтіп, бүгінгідей нұрландырып, бүгінгідей асқақтата алады.
Көкшетау сынды бұл қаланы көркейту үшін қаржы ғана емес, бұл қалаға деген махаббат пен сүйіспеншілік те керек екен деп ойлаймын. Иә, Көкшетау көңілдің қаласы, Көкшетау жүректің қаласы, Көкшетау ой мен сезімнің қаласы. Осы бір жай Көкшетауға қызмет бабымен келіп-кетіп жатар кім-кімнің де әрдайым есінде болса екен! Кімде кім Көкшетауға қызметке келмес бұрын, әуелі менің Көкшетауымды сүйіп кел!
Түнгі Көкшетау! Мен де сенің түнгі бесігінде мүлгіген ой әлеміңмен бірге тербеліп, бірге тебіренемін.