Жұма сайын мешітке барсаңыз қол жайған тіленшілерден көз сүрінеді. Ұят пен қысылып-қымтырылу дегенді...
Мәди үңгірі сыр сақтап тұр
Табиғаттың тамаша туындыларымен менмұндалайтын Қарқаралы аумағы туризм орталығы болмақ. Жоба жасалып та қойған. Тарих қойнауына жетелейтін бұл өлкеде Қаздауысты Қазыбек би, ұлы Абай, Мәди Бәпиұлы, Қасым ақынның ізі жатыр. Жүздеген тұлғаны дүниеге әкелген өлке – бұл. Дегенмен әлі күнге дейін ашылмаған ақиқат та жетерлік. Мәдидің үңгірі сыр сақтап тұр...
Ғаламторды ақтарсаңыз: «Едірей таулары – Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Едірей ауылы маңында орналасқан. Бұл – Сарыарқадағы Арқалық және Мыржық тауларының солтүстіндегі таулы жоталар. Ол жақпартасты шоқылар мен қырқалардан тұрады. Осы тауларда ақын Мәди Бәпиұлының үңгірі орналасқан. Едірей сөзінің шығу тарихын түрік этимологиясымен байланыстырады: көне түрікте «ед» – жеті мағынасын берсе, «әрей» – арай дегенді білдіреді.
XVIII ғасырдың 20-жылдарындағы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіреті мен 30-жылдары қайталанған жоңғар шапқыншылықтарынан елді сақтап қалу мақсатымен Қазыбек би өзіне қарасты руларды Сыр бойынан Арқаға көшіріп, кейінірек 40-жылдары Едірей, Үшқара, Арқалық және тағы басқа өңірлерге қоныстанған. Мәди Бәпиұлының балалық шағы Едірей тауларының маңында өткен. Ақын өлеңдерінде Үшқара, Едірей таулары жиі айтылады. Ақын Мәдиге негізсіз айыптар тағылып, қудалауға ұшыраған кездері осы үңгірді паналаған» дегенді ғана оқимыз. Алайда тарихшылар, осы аймақтың өткенін қағазға түсіріп жүрген өлкетанушылар Мәди қудалауға ұшырағанда бұл үңгірге жасырынбағанын тілге тиек етеді. Бұдан екі жыл бұрын «Орталық Қазақстан» газетінің 90 жылдығы аясында ел мен жерді көру мақсатында ұйымдастырылған экспедицияда Қарқаралы мен осы Едірей тауларына баратын жолдың машақатын көріп, түзу жолда 2 сағатта баратын жерге 4-5 сағатымызды сарп етіп жеткеніміз бар. Сол уақытта «Жол жөнделсе, аудан орталығына Егіндібұлақ ауылы жақындай түсер ме еді? Едірей тауына туристер көбірек келер ме еді?» деген де іште сауалдар кетті.
Осы турда академик Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің оқытушысы, белгілі тарихшы Нұртас Смағұлов: – Бұл үңгірде Мәди бабамыз тығылып, паналады деген жаңсақ сөз бар. Бабамыз ешкімнен қорықпаған. Ал қорықпаған адам тығылып, бой тасалай ма? Меніңше, ыстық күндері салқындау үшін, шабыт мазалағанда дамылдау үшін паналаған болуы керек, – деген еді. Бұл жөнінде нақтыламақ болып драматург, жазушы Ермек Балташұлына хабарластық. Ол кісі де Нұртастың сөзін нақтылай түсті. «Шындығында, Мәди ешқашан үңгірді паналамаған, ел ішінде еркін жүрген. Композитор өмірінен деректі шығарма жазған Әшімбек Бектасовтың жазғандарына қарасақ, Мәди бозбала кезінде құрбы-достарымен бірге келіп, бастаңғы жасаған осы үңгірде. Негізінде, бұрын бұл «қара үңгір» деп аталған, кейін «Мәди үңгірі» немесе «Мәдидің қара үңгірі» деп атала бастады. Осылай болып тарихта таңбаланады», – дейді Ермек ағамыз.
Мәди үңгірі туралы республикалық «Қаздауысты Қазыбек би» қорының Қарағанды облысындағы өкілі Мейірман Елубайұлы Ortalyq Qazaqstan газетінде шыққан «Едірей биіктері» мақаласында: «Қараүңгір ішіне төрт-бес аттылы адам сиятындай көлемі бар үлкен бөлмеге ұқсайды. Үңгірдің түкпірінде тамақ істеуге ыңғайлы пеш ретінде пайдалануға келетін тастар орналасыпты. Бір таңқаларлығы, мұнда жаққан оттан шыққан түтін жоғары қарай бойлап, тастар арасындағы саңылауларға сіңіп кете барады екен. Бірақ түтін қайдан шығатынын әлі ешкім білмейтіні табиғаттың таңғажайып жұмбақтарының бірі. Бүгінге дейін Қараүңгірге ел адамдары келіп, тас пешке тамақ істеуді қызықтап, демалуға келіп жүреді екен» деп жазған екен. Тарихымызды зерделеп жатқанымызға азғана уақыт болды. Ол да болса бізге дәтке – қуат. Ұлтымыздың ұландары ұлықталып жатыр. «Бағанадан бері жазып, тілге тиек еткені қай Мәди?» дейтін оқырман да болары сөзсіз. Олай болса айтайық...
Мәди Бәпиұлы 1880 жылы Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Жас кезінен-ақ ән айтып, домбыра тартып аты шыққан. Арғы аталары атақты Қазыбек бидің ұрпағы. Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай сияқты cаңлақтар дәстүрін жалғаушы. Зорлықшы бай-болыстар мен патша отаршыларына қарсылық көрсетіп, қуғынға ұшыраған» деп таспалапты «Қу-Балқантау» энциклопедиясында. Сол кездегі үстем тап өкілдерінің «ұры» деген жалған жаласымен Атбасар, Карқаралы, Семей, Омбы түрмелерінде болады. Қамауда елін, жерін сағынып, әділетсіз заманға налыған Мәди өзінің атақты «Қаракесек» әнін шығарады. 1915 жылы Мәди түрмеден қашып шығады. Бұл кезде оның әндері халыққа тарап кеткен еді. Мәди жөнінде талай аңыздар да айтыла бастаған.
Атқамінер жандайшаптардан жасырынып, ұзақ уақыт туған жерге ат ізін сала алмайды. «Шіркін-ай» әні осы кезде туған. 1916 жылы ол еліне оралады. 1917 жылы болыс билеуші Айтқожа Теміржанов Мәдиді «жылқы ұрлады, түрмеден қашты» деп айыптап, тағы да түрмеге жөнелтеді. Қазан төңкерісін Мәди Қарқаралы абақтысында қарсы алады. 1918 жылы бостандыққа шығады. Композитордың халық арасына кең тараған атақты «Мәди» әні осы кеңестік кезеңмен байланыстырылады. Кеңес үкіметі кезінде 1919 жылы Мәди Колчакқа қарсы шайқастарға қатысады. Ақ гвардияшыларды Қарқаралыдан қуып шығысымен, жаңа өмірді нығайтуға кіріседі. Ал Кеңес қызметіне кіріп алған жаулары оны ебін тауып өлтіруді ұйғарады. 1921 жылдың ақпан айында Мәди қаза табады.
Атақты әнші-композитор Мәди Бәпиұлы өз шығармаларында бостандықты, адам жанының тереңдігін, қазақ халқының тамаша дәстүрлерін жырға қосады. Кең тынысты, салтанатты, шаттыққа толы оның әндері күні бүгінге дейін ел аузында. Олар опералардан, сиюталардан, кантаталардан тұрақты орын алды. Композитордың тағдыр-талайынан терең сыр қозғайтын Мәди Бәпиұлының әндері талайларды тебірентумен келеді. Мәдидің шығармашылық мұрасы толық жиналмаған. Иә, «Атыңнан айналайын Қарқаралы, Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады. Сайыңнан сайғақ құрлы сая таппай, Мен бір жан қуғын көрген Арқадағы...» деп азаттықты жырлаған Мәдидің, ер Мәдидің басқа да шығармалары табылары, сыр сақтаған «Мәдидің қара үңгіріне» қарай жол да түзелеріне аз қалғандай.
Қарағанды облысы