Көңілде қобалжу, пейілде мазасыздық. Қызыл шиқан сияқты ол іседі, сыздайды, іріңдейді, жарылады. Мұн...
Тұрсын Жұртбай. Қоғамда азаматтық соғыс деңгейіндегі рухани күрес жүріп жатыр
ҰЛТ
Ұлт – ұлы ұғым. Бұл ұғымның аясы өте кең әрі оның бірнеше формасы бар. Мәселен, империялық елдер сол елді құрап отырған, өзіне бағынышты ұлттардың бәрін біріктіріп, бір ұлт атанып отыр. Оның жарқын мысалы – Америка. Америкаға ұмтылғандардың бәрі «америкалық ұлттың қатарына кіремін, сіңісемін және Америка мүддесін қорғаймын» деп барады. Бұл қатарға тек қытай диаспорасын қосуға болмайды. Өйткені қытай ұлты қай елге барса да, ассимиляцияға түспейді. Олар әрқашан өз тілін, дәстүрін, медицинасын, ұлттық асханасын өздерімен бірге алып жүреді әрі сол елге соны орнықтырады. Қытайдың өзге ұлтқа сіңісіп кетпеуінің ең басты себебі – оның мәдениетінің, руханиятының құдіретінде жатыр. Сырт елге шыққан әр қытай өз елінің мүддесін мәңгілік қорғайды.
Теріскейіміздегі ежелгі көршіміз Ресей де Америка сынды түрлі ұлттан бір ұлт жасау жолында әрекет жасап келеді. Бірақ Ресейдің территориясы, саяси бағыты басқа болғандықтан, бодандықтың бір түрі есепті империялық елдердің ұстанып келе жатқан саясатын Ресей жүзеге асыра алмады. Өйткені Ресейдегі ұлттардың діні, тілі, ділі, салт-санасы бір-біріне ұқсамайды. Әрі олар байырғы атақонысы, өз территорияларында отыр. Ресейдің бір ұлт бола алмайтынының басты себебі де – жер, жер және жерге иелік. Әр ұлттың өз жері оның белгілі бір кеңістікте өз мәдениетін дамытуға мүмкіндік береді. Жердің қасиеті де сонда. Жерінен айырылған ұлт ұлт ретінде де құрдымға кетеді. Яғни ұлттың тірі паспорты – тіл, тұғыры – жер. Осы екеуі сақталса ғана ұлттың ұлттық негізі болып есептелетін ұлттық экономика қолға алынады. Ұлттың өзіндік келбетін қалыптастырып, айшықтап тұратын өзге дүниелер осы үш тағанның төңірегінде ғана түлеп, жаңарады. Ал Қазақстанға келсек, территориясы бар, тілі шалажансар, экономикалық дербестігі жоқ. Мұндай жағдайда түрлі ұлтты біріктіріп, бір ұлт болуға ұмтылыс Қазақстанда атымен жоқ деуге болады. Қазақстандағы ұлт мәселесі қандай күйде екені баршаға мәлім ғой деп ойлаймын.
ҰЛТШЫЛДЫҚ
Ұлтшылдық – империялық мемлекеттер пайда болғанда айналымға енген ұғым. Яғни өз боданындағы ұлттардың территориялық тұтастығы мен ұлт азаттығы үшін күрескен адамдарды империялық елдер ұлтшылдар деп атады. Олар империяның жауы. Өйткені империяға қарсы. Жапондар, британдықтар, қытайлар, испандар – бәрі осы ұғымды пайдаланды. Бұл ұғым Ресейде де болды. Бірақ Ресей ұлтшылдарға саяси жау есебінде қарады.
Мәселен, бүгінгі жаһандану дәуірінде де өзінің ұлттық дербестігін сақтап қалғысы келетіндер империялық көзқараспен қарағанда жікшілдер, діншілдер, ұлтшылдар болып есептеледі. Өйткені олар өзгенің қол астына өтіп, бөгденің ықпалында қалғысы келмейді. Мысалы, Англияның Еуроодақты тастап шығуы да ұлттық дербестікті сақтап қалудан туындаған ұлтшылдық. Қазір француз ұлтшылдығы деген шығып жатыр. Ұлтшылдық немістерге де ене бастады. Әрбір француз, неміс ұлттық мүддесін қорғауға көшіп жатыр. Еуропадағы елдердің өзі Еуропаның бір мемлекетке айналғанын қаламайды. Еуроодақтың жиналысы өткен сайын Брюссельде, Женевада, Мюнхенде еркін ереуілдер өтіп тұрады. Неге? Өйткені олар өз ұлтын сақтап қалғысы келеді. Сондықтан ұлтшылдықты сүйкімсіз мағынаға, саяси терминге айналдырған империялық саясат. Мысалы, Қазақстан өзінің ұлттық мемлекетін құруға талпынса, ол неге ұлтшылдық болады? Немесе Украина өзгенің ықпалынан кетіп, өзі дербес ел болғысы келсе ол неге ұлтшылдық болуы тиіс? Кімнен кем? Қазақстан да, Украина да ұлттық мемлекет құруға қақылы.
Егер біз Алтын Орданың иелігінде болған жердің бәрі біздікі, қазақтың ұлттық мүддесі бәрінен биік тұрсын, ұлттық экономика құрамыз деп ұрандайтын болсақ, міне, онда ол қазақ ұлтшылдығы болар еді. Меніңше, мұндай ой ешқандай қазақтың қаперінде жоқ. Асылы, қазақтардың Отаны – Қазақстан. Біздің ұстанымымыз осы болуы тиіс. Бұл – жеке ұлттық санамызды өз кеңістігімізде пайдалануға мүмкіндіктің болуы және соған сыртқы ықпалды жою. Сонда ғана, Ә.Бөкейханов айтқандай, «ұлт дамып, жетіледі». Сосын барып экономика, тіл, қазба байлықтар т.т. интеграцияға түссе болады.
Қазақстан – Қазақ мемлекеті. Алаш ұстанған бес идея қазіргі Қазақстанда толықтай жүзеге асуы керек. Олар: жер, ұлттық экономика, тіл үстемдігі, дін және дәстүрге негізделген ұлттық ғылым арқылы ұлттық демократиялық мемлекет құру. Бұл – Жапонияның ұстанған жолы. Қараңызшы, бірде-бір адам жапондарды ұлтшыл демейді. Өйткені олар осы ұстанымдарды қатаң ұстанды. Әсіресе тәуелсіздік идеясын ұлттық ғылым негізінде жүзеге асыратындарын білді. Жапондар1864 жылы самурайлық феодализмді доғарып, бірден жаңа дамуға көшіп, 1902 жылы Ресей империясын жеңді. Осы 25 жыл ішінде дамып, әлемдік держава дәрежесіне көтерілді. Алаш ұстанған бес идеяны Алаш қайраткерлері жапон үлгісінен алды. Олардың арманы Жапония сияқты дербес мемлекет құру еді. Егер біз Жапония сынды империялық емес, өзін-өзі қамсыз ететін ұлттық мемлекет құрамыз десек, бұл ұлтшылдық па? Ұлтшылдық емес. Ол – өркениетке қосылудың басты амалы. Бірақ Алаштың осы ұстанымы патшалық Ресейдің, Совет өкіметінің, бүгінгі Ресейдің тұрғысынан алып қарасаң ұлтшылдық болып табылады. Өйткені біз өзіміздің дербестігімізді сақтағымыз келеді.
Германияның дүниежүзілік экономикалық орталығының жыл сайын шығарып отыратын қорытындысы бар. Сол қорытындының осыдан бес-алты жыл бұрынғы деректерімен танысқан едім. Өкінішке қарай, сол қорытынды бойынша біздің жеріміздің 64 пайызы қазақтың қолында емес. Өнеркәсіптің 78 пайызы Қазақстан азаматтарының меншігінде емес. Ғылымды айтпай-ақ қояйын. Ол былай тұрсын, біз бастауыш сыныптардың өзін ағылшын тілінде оқытуға кірісіп жатырмыз. Білім саласын ұлттық бағдарламаға көшірейік десең, ол халықаралық бағдарламаларға сәйкес келмейді деп шығады. Ал осы мәселені көтерсең ұлтшыл атанасың. Ұлтшыл атандырып жүргендер кімдер? Ол – өз ішіміздегі қара орыстар.
ҚАРА ОРЫСТАР ҚАУПІ
Орыстілді қазақтардың бірігіп кеткені сонша – олар өздерінің өмір сүру кеңістігін жан дәрмен қорғайды, әрі осы жолы да аяусыз күреседі. Олар ұлт мүддесін қорғайтын азаматтарды ұлтшыл деп, ұлттық қозғалыс, әрекеттерді «қазақбайшылық» дейді. Кейінгі 10-15 жылдың бедерінде БАҚ бетінде орыстілді қазақтардың айтатыны осы. Бүгінгі шенеуніктердің ең көп бөлігі де солар. Олар билікте тұрғанда Қазақстанда ешқашан қазақ тілі үстемдік құрмайды. Бұл ретте менің ойыма осыдан 30 жылдай бұрын Әнуар Әлімжанов марқұмның айтқаны есіме түседі. 1986-87 жылдар шамасы. «Қаламгерге» келсем, Әнағаң кофе ішіп отыр екен. Барып сәлемдестім. Ол кезде мен Алаш қайраткерлерін ақтау ісімен жүргенмін. Алаш зиялыларын ақтауға қарсы болып, жанығып жүрген сатқындар туралы әңгіме барысында айтып едім, Әнағаң: «Тұрсын, мен рушылдықтан қорықпаймын. Қазақ рушылдықтан құрымайды. Таласады, тартысады, айтысады. Бірақ бәрібір шындық жеңеді. Әрине, қиын. Бірақ одан ұлтқа қауіп төнбейді. Мен қала баласы мен дала баласынан қорқамын. Қазіргі қала балалары мүлдем басқа бағытқа кетіп қалыпты. Даладағы ауыл балалары қазақы қалпында қалып қойды. Ертең қала баласы мен дала баласының арасында үлкен қарама-қайшылық туады. Әрине, қаланың балалары жеңеді. Олардың тілі де, ділі де жеңеді. Үкіметің де солардың дегеніндей болады. Міне, сол кезде қазақтың басына күн туады. Мен шетелді көп көріп жүрмін ғой. Тәуелсіздік алған көптеген елдің басындағы трагедия біздің басымызға да келеді», – деді. Міне, сол трагедия қазір біздің басымызға келді. Қазақстанның ішіндегі қазақ ұлтшылдығы дегенді шығарып жүргендер де сол өзіміздің қаракөздер – орыстілді қазақтар. Мемлекет басында да түгелдей солар отыр. Олардың тілі де, көзқарастары да мүлдем басқа. Олар өздерін үстем тап өкілі сынды ұстайды, қазаққа жиіркене, шекеден қарайды. Тіл, дін, рух арқылы оларға қалай әсер етесің?! Мәселен, Совет Одағы кезінде қазақтың 35 пайызы ғана қазақша сөйлейді деп зар илейтінбіз. Қазіргі тілдің жағдайы одан да сорақы. Тіл саудаға, өндіріске, ғылымға, технологияға енбейінше, ол тіл ешқашан үстемдік орната алмайды. Рух арқылы да әсер етуің екіталай. Өйткені олардың рухы шоқынып кетті. Дініңіздің халі – анау. Енді ойлаңызшы, осындай мәселелерді көтерген адамды ұлтшыл деуге бола ма, жоқ па? Кімге қарсы күресесің? Сыртқы жау болса, ол анық болар еді. Ал мына жаумен қалай күресесің? Өз қолыңды өзің қалай кесесің? Егер бұл ұлтшылдық болатын болса, онда күресу керек. Мен мұны азаматтық соғыс деңгейіндегі рухани күрес дер едім. Сондықтан бұл күресті азаматтық рухани ұлтшылдық деуге болады. Ал ұлтшылдықтың өзі Қазақстанда жоқ. Өйткені ұлтшылдық империяға қарсы, бодандықтағы ұлттардың күресі екенін айттық.
Осы күнге дейін көп азаматтар жерді, тілді, ұлттық руханиятты, ұлттық мүддені қорғап сөйлегені, әрекет еткені үшін ұлтшыл атанып келді. Соның ішінде мен де бармын. Ал президент Н.Назарбаевтың мақаласында ұлтшыл атанып, жұртқа жексұрын болып келген адамдардың 10-15 жыл бойы зарлап айтып келгендерінің бәрі көрініс тапты. Сонда біз не үшін, кім үшін осы уақытқа дейін ұлтшыл атандық? Мұның бәрін қиыстырып отырған шенеуніктер. Ұлттық мәселе көтерсең, президентке қарсы деп атой салып шығады. Онысы – өздерін қорғауы. Ал өздері өзгелерді жеккөрінішті етіп көрсетудің амалын шебер меңгерген. Бізде мемлекеттік құрылым ұлттың мүддесіне жұмыс істемейтін, керісінше, жеке адамдардың қорғаныс-қауіпсіздік комитетіне айналып кеткен.
ҰЛТТЫҚ САНА
Ұлттық мүдде жолындағы азаматтық рухани күрестің айнасы – ұлттық сана. Өткен ғасырдың 90-жылдары Алаш қайраткерлері ақтала бастағанда ұлттық сана тазаруға бет алып, дұрыс жолға түсіп еді. Бірақ кейін, шамамен 1996-97 жылдары, осы жол рушылдыққа қарай ойысып кетті. Оны сол кездегі идеологияға жауапты адамдар істеді. Олар қазір де сол идеологияны қалыптастырып отыр.
Менің бір досым бар. Ұлтқа жаны ашитын адам. Бірақ Алаш десе, өре түрегеледі. Алашқа қарсы. Сол досыммен он шақты жыл кездеспей кетіп, бір күні көшеде жолығып қалдым. Көзқарасы сол қалпы екен. «Саған не болды?» десем, «Алаштың ішінде біздің жақтан бір адам жоқ екен. Ондай Алашорданың маған керегі жоқ» дейді. «Сен дертке ұшыраған екенсің. Бұдан өзің ғана емделмесең, басқа ешкім көмектесе алмайды. Арыз жазушы мен сол арыздың кесірінен жазаланғандар туралы деректерді ал да, салыстырып отырып суық ақылмен қара!» дедім. Ол басын шайқап кетті. Ойланды. Нәтижесі қалай болары белгісіз. Мұны неге айтып отырмын, біз ұлттық санада осы жолға кетіп қалдық.
1932 жылы өткен пленумда «Қазақ университетіне Голощекиннің атын берейік. Социализм үшін бүкіл қазақ халқын құрбан етуге дайынбыз!» деп сөйлеген адамның баласы кейін бір жолығып қалды. Ол кісі өзі ұстаз, сыйлы адам еді. Әкесі репрессияға ұшырады, атылды, отбасы айдалды. Сөйтіп, жолығып қалғанда мені оңаша шығарып алып: «Тұрсын, бауырым, менің әкем туралы солай жазыпсың ғой», – деді. «Иә, бірақ мен бір ауыз сөзін ғана алдым ғой, оқыған шығарсыз?» дедім. «Иә, оқыдым. Саған қарсы айтар дауым жоқ. Сонда мен әкем үшін кешірім сұраймын ба?» деді. «Жоқ, осы сөзіңіздің өзі де жетеді» дедім. Міне, бұл азаматтық трагедиясы бар тұлғалар. Өзі қазаққа қызмет етті, бірақ әкесінің бір ауыз сөзі әлгіндей. Мен ол кісілерді азаматтық құрбандар деп есептеймін. Бұл мысалдарды айтып отырғаным, азаматтық рухани ұлтшылдық ұлттық сананың тазаруы үшін де тоқтаусыз күресу керек. Мемлекет ұлттық сананың оң бағытын бұрып, желпіндірмеуі керек еді. Амал жоқ, бұл да бүгінгі қазақтың ең үлкен трагедиясы. Сондықтан да ұлттық рухани азаматтық ұлтшылдық болсын деп ойлаймын.
Дайындаған Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ
"Жас Алаш" газеті