Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына...
Рахат Мамырбек. “Ұлт туралы арман”
Осы біз қазақ халқын өз алдына бір мемлекет құрып отырған ұлт деп айтып жүрміз. Шынтуайтқа келгенде олай емес қой. «Қабырғалы ұлт» деп тілі мен ділі, жүректі мінезі мемлекет кемерінен шалқып төгіліп, жан-жағын да жарылқап жатқан жайсаң орысты айтуға болады.
Ұлт болудың әуелгі шарты – білім жүйесі (балабақша, орта мектеп, ЖОО, ғылыми институттар) бүтін күйінде сіздің тілде сөйлесін. Екінші – мемлекет (үкімет, сот, тұтас өндіріс, ұлттық банк, әскер, т.б.) сіздің тілде ғана жұмысын жүргізсін. Одан ары – қоғам, яғни саяси партиялар, жастар немесе әйелдер ұйымы, газет-журналдар, түрлі этникалық топтар жария сөзін сіздің тіліңізде айтсын. Осындай тіл мен қоғам, этнос пен мемлекет бірлігіне жеткен елдерді ғана ұлт деп айтады.
Барлық адамның көңіліне қарап, ұлттың аяулы, көркем дүниелерін ардақтайтын, жаңа үйленген жастар өміріне жаны ауыратын, коғамның барлық саласындағы еркін бәсекеге келісетін әділ билікті, зиялы билікті халық өз қалауымен орнатпаса, қортық бойынан ешкімді асырғысы келмейтін, әділетсіз билігін күзетумен, билік арқылы байлық жинаумен ғана айналысатын безбүйрек бюрократия, осы бюрократия бауырынан өріп шығатын бүйі тектес олигархия ешқашан оны орнатпайды. Италия, Франция, Германия сияқты ұлттық мемлекеттің классикалық үлгісін дүниеге әкелген өжет халықтардың саяси тарихын қарасақ, мұндай тажалдарды (бюрократия мен олигархияны) бұқаралық қозғалыстар ғана жеңе алған екен. Сірескен сеңді бұзуға қарапайым қарашаның ғана жігері жете алған екен. Ал саяси партиялардың кейіннен күшейгенін көресіз. Халық монархиямен күрес барысында республикалар мен уақытша үкіметтерді әлденеше рет ауыстырып жүріп, әділ қоғамның ең әуелгі шарты – сайлауды ғана орнатып берді. Өйткені, әділ сайлаусыз саяси партиялар арасында шын бәсеке тумайды, халық жақтаған жеке тұлғалар билікке келмейді. Біз қадірін біле бермейтін осы екі дүниенің жолында бұл халықтар барлық ерік-жігерін сарп етті.
Бірақ халық өнерінің, ұрпақ кабілетінің кақпағы мен ұлт өмірін жан-жакты кеңейте дамытатын дарындардың жолы мәңгі ашық тұруы үшін, бюрократия күш алып, өзінің меңіреу билігін кұламастай етіп кайта орнатпас үшін, халықшыл, ұлтшыл, зиялы тұлғалар опат болмас үшін әділ сайлаудың өзін бұл халықтар, әуелгі шарт болғанымен де, бәрібір жеткіліксіз деп санады!
Дүниежүзілік ой әлемінің алыбы, неміс халқының мақтанышы Вебер аксақал алғаш рет неміс парламенті саяси партиялардан ғана құралған кезде, шынайы халық сұрыптауы арқылы парламентке өткен партиялар үкіметті жасақтап, министрлерді партиялық тізіммен өздері сайлаған кезде, монархияны ауқымды қозғалыстарымен жөнге салған неміс бұқарасын «неміс халқы есейіп ұлт болды, адам баласы өмір сүруге қолайлы қоғам құрды, тіпті адамзат жердегі ұжмаққа жол тапты» деп жариялап, өзі осы сөздерді жазып отырып, ағыл-тегіл жыламаушы ма еді? Ұлттың барлық арман, мүддесін бойына жиған шығармашыл адамдарды, халық өзі танып, жастайынан сүйіп өсірген батыл жастарды билікке әкелетін партиялық пропорция жүйесі мемлекетті қаншалықты күшейткені белгілі. Адам нанғысыз дәрежеде күшейген мемлекетті Гитлер сүйікті Вебер аялаған әділ жолдан бұрып, бір адамның, әділетсіз бюрократияның табанының астына әкеліп түсірді. Осы күнәсінен қазірдің өзінде неміс азаматы адам баласының кезіне тіктеп қарай алмайды! Соғыстан кейін диктатура бұғауынан босаған неміс халқы конституциясын жедел өзгертіп, ұлттың мәңгі құбыла принциптерін бекітті. «Халық мүддесін саяси партиялар ғана ұлттық кеңеске (парламентке) алып шығуға құқылы»; «үкіметтің саяси бағыты партиялық парламентте ғана бекітілуі керек»; «парламентке әділ сайлау арқылы өткен партиялар ғана үкіметті жасақтауға құқылы»; «билігі өктем бір президент болмасын(!)». Бұл билікқұмар, аса әумесер бір топтың немесе бір тұлғаның табанының астына неміс ұлты, тұтас мемлекет ешқашан түспеуі үшін жасалған, халық жан алысып, жан беріскен тынымсыз күндер арқылы қол жеткізген аяулы кепілдіктер еді. Бұл – бақытты халықтардың ғана қолы жететін ұлттық үкім! Бюрократияны жеңген халықтық, постиндустриалды мемлекеттер – Франция мен Германия қазір бүкіл Еуропаның айтөбелі болып отыр.
Ал біз осы ұлттық белестерден өтпей, адамгершілікті шешімдерден туатын осындай алмағайып тарихты бастан кешпей, аяқ астынан, ғайыптан тайып (!), ұлттық мемлекет құрамыз деп ойлаймыз ба? Қазақтың тілге, қазақы мәдениетке, жер асты байлығын игеруге, осы саладағы жариялылыққа, ауылдағы тіршілігіне, қаладағы қонысына қатысты қай талабы орындалып жатыр? Ұлт мүддесін билік басына алып шығатын халықшыл тұлғаларға жол ашпай, бюрократия бұғауында отырып-ақ, тіл мен қоғамды, этнос пен элитаны біріктірмей-ақ «ұлт» атағын иеленуге бола ма?
Рахат Мамырбек