Марат ТӘЖИН Мемлекет басшысы ұсынған «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қоғам дам...
«Туған жер», «Отан» туралы мақал — мәтелдер
Отан — елдің анасы
Ел — ердің анасы.
Ит — тойған жеріне,
Ер — туған жеріне.
Кісі елінде сұлтан болғанша,
Өз еліңде ұлтан бол!
Бақа көлін сүйеді,
Бұлдырық шөлін сүйеді,
Ер жігіт елін сүйеді.
Опасызда отан жоқ.
Өз елім — өлең төсегім.
Отансыз адам —
Ормансыз бұлбұл.
Құлан қағын қорғайды,
Киік лағын қорғайды.
Кісі елінде күркірегенше,
Өз еліңде дүркіре.
Мал қонысын іздейді.
Ер жігіт туысын іздейді.
Есі бүтін елден шықпайды,
Елінің қырын жықпайды.
Аққу көлін аңсайды,
Адам туған жерін аңсайды.
Ер жігіт елінің ұлы,
Намысының құлы.
Ел-елдің бәрі жақсы,
Өз елің бәрінен жақсы.
Отан үшін күрес —
Елге тиген үлес.
Іргесі берік елді — жау ала алмас,
Ауызы бір елді — дау ала алмас.
Сұңқар қиясын сағынады,
Торғай ұясын сағынады.
Туған үйдің түтіні жылы,
Туған ананың күтімі жылы.
Ұлтарақтай болса да
Ата қонысы жер қымбат.
Ат төбеліндей болса да
Туып-өскен ел қымбат.
Жат елдің жақсысы болғанша,
Өз еліңнің сақшысы бол.
Отанға опасыздық еткенің,
Өз түбіңе өзің жеткенің.
Туған жердің торғайы да сүйкімді,
Отансыздың оты жанбайды.
Отанға опасыздық еткенің,
Өмірден қаралы болып өткенің.
Отанын сүйген отқа жанбайды,
Суға батпайды.
Туған жердің торғайы,
Тұрымтайдай көрінер,
Құлыны тайдай көрінер,
Қыздары айдай көрінер.
Ата қоныс — ата мекен.
Туған жердің жуасы да тәтті.
Отанды сүю —
От басыңнан басталады.
Ер жігіт: «Өскен елім, — дейді, —
Кіндік кескен жерім», — дейді.
Туған елің болмаса,
Тумай-ақ қойсын күн мен ай.
Есі бар жігіт елін табар,
Есі жоқ жігіт жаттың отын жағар.
Жат жердің қаршығасынан,
Өз жеріңнің қарғасы артық.
Тұлпар тегін табар,
Ер жігіт елін табар.
Адам елінде,
Қоға көлінде көгерер.
Бақыр қазан қайнаса —
Бәріміздің бағымыз.
Туған жердің әр тасы,
Біздің алтын тағымыз.
Өз інінде көртышқан да батыр.
Мал екеш, мал да,
От жеп, су ішкен жеріне тартады.
Жат жерде жаның қиналса
Ел қадірін білерсің,
Жұтым суға зар болсаң,
Көл қадірін білерсің.
Адам отанын іздейді,
Қой қотанын іздейді.
Әркімнің өз жері — жұмақ.
Арша өскен жерінде,
Адамзат өскен елінде.
Ата мекен — анаң екен,
Қысылғанда панаң екен.
Құртақандай торғай да,
Өз ұясын қорғайды.
Егілмеген жер — жетім,
Елінен айырылған — ер жетім.
Туған жердің
Түйе жейтін жапырағы да дәрі,
Түйе аунайтын,
Топырағы да дәрі.
Тұғырына саңғыған сұңқар оңбас,
Үйірінен айырылған тұлпар оңбас.
Туған жердің күні де ыстық,
Күлі де ыстық.
Ат үйірін сағынса
Артқы аяғын қағынар,
Ер үйірін сағынса,
Ер-тұрманын тағынар.
Туған жер — тұғырың,
Туған ел — қыдырың.
Елінен безіп, елсізде өлгеннің-
Екі көзін қарға шұқыйды.
Жинақтаған: Дастан Қастай