Вонг Кар-Вайдың үздік 6 фильмі

КИНО
3002

Вонг Кар Вай (Wong Kar Wai) 1958 жылы 17 шілдеде Шанхай қаласында дүниеге келген. Шанхайдағы қонақ үй директоры болып істейтін күйеуіне тағы бір ұлы мен қызын тастап, бес жасар кезінде бұны шешесі Гонконгке алып кетеді. Гонконгқа келген соң, мандрин тілінде және оның Шанхай диалектісінде сөйлейтін балаға – енді, кантон диалектісін меңгеруге тура келді. Вонг Кар Вайдың киноға деген қызығушылығы тым ерте оянды. Оған басты себеп: кинотеатрлардағы барлық фильмдерді кантон диалектісінде қарау арқылы, жаңа тілге төселу еді. 1980 жылы Гонкон политехникалық университетін тәмамдайды. Графикалық дизайнер және сценарист болып  телевидениеге жұмысқа тұрады. Бес жыл ішінде он фильмге сценарий жазды.Вонг Кар Вай

Режиссер ретіндегі дебюті 1988 жылы «Көз жасы құрғағанша» фильмі арқылы жүзеге асты. Фильм ағайынды екеу туралы. Соның бірі қылмыс әлемінде танымал, ол өзінің бөлесіне ғашық болып, адал өмір сүруге бел байлайды. Осы, тырнақалды фильмнен-ақ автордың өзіндік қолтаңбасы айқындалған еді – қаңыраған, бос көшелер, арзанқол асханалар, басты кейіпкерлердің күтер үміті жоқ, сұрықсыз тірлігі... 

«Жабайы күндер»1990


Қайта оралмас өткен шақ туралы естелік-элегия.

Бұл - Вонг Кар-Вайдың әлі толыққанды болмаса да өзіндік фирмалық стилінің көрініс берген алғашқы фильмі. Оның «Көз жасы құрғағанша» дебюттік фильміндегі, Скорсезенің «Жауыздықтың көшелері» атты туындысынан еншілеген сюжеттен тыс, поэтикалық кірістірулер - нақты болжамы айқын қылмыстық іс-қимылдардан басым тұрды.  «Жабайы күндер» бейнелі тілге деген бейімдік пен астармен көмкерілген интимімен көңілді жаулай алды. Алас-ұрған кейіпкерлер ұрыс-керіспен жүріп, уақыттың қалай сусып өтіп жатқанын аңғармауы айтылады. Осы тұста азиялық киноның болашақ супержұлдыздары және кар-вайлық фильмдердің көзайымдары: актерлер Лесли Чун, Тони Люн мен табиғи талантты–оператор Кристофер Дойл алғаш рет экранға шығады. 

«Чунгкинг экспрессі», 1994


Адам тағыдырының қилы астасуын суреттеген қас қағымдық шедевр. 

Басқа бір картинаны түсіру кезеңіндегі демалыстарда, үш аптаның ішінде, тізе үстінде қиыстырылаған «Чунгкинг экспрессі» Квентино Тарантиноның өзін (тек ол ғана емес) солқылдата жылатып, кар-вайлық киноның Батысты жаулауға бет бұрған алғашқы қадамы болды. Фильмнің өзегін полицейлер туралы екі оқиға құрайды. 

Гонконгтың неон шамдарына шомылған, қым-қуыт сауда қуыстарынан: біреуі өзінің махаббатын тапса, екінші жоғалтып үлгерген. Ресми түрде «жаңа толқын» атты француздардың техникалық жетістіктерін иемдене тұра, «Эксперсстің» өзі: сюжеттік желісіндегі үзінділік параллелизм, клиптік монтаж және Кристофер Дойлдың билеген камерасы деген сияқты қанатты теңеулерге ие болды. Осының бәрі, режиссер үшін тек қана визиттік карта ғана болып қоймай, осы жаңа жүзжылдықтағы кинематографты бірнеше жылға ілгері бастырды.

«Құлдыраған періштелер», 1995

«Чунгкинг экспресінің» жалғасы — тек қасіреті одан да зіл батпан.

«Чунгкинг экспресінің» бір тармағы ретінде ойластырылған, «Құлдыраған періштелер» Гонконг көшелерінде соқтығысқан кездейсоқ тағдырларды ары қарай зерттей түседі. Міне, қанішер киллердің қасындағы монтиған көмекші қыз, өзінің әріптесіне өлердей ғашық, анау осы - бір мәрте істен соң, қанды кәсібін доғармақ болады; ұрлық жасап, түрмеге отырып шыққан мылқау саудагер, көзіне ілінген бірінші қызға бар мүлкі мен жүрегін ұсынады; ұлының жасырын түсірген отбасылық бейнетаспасын тамашалаған әкесі жүрек талмасынан жан тапсырады. 

Бірнеше параллелдік желіден тұратын (егер сондайлық болса) сюжет Кар-Вайдың бұрынғы фильмдеріндегі тақырыптарды қозғайды - жауапсыз махаббат, жалғыздық, айырылысқан тағдырлар, тек уайым-қайғысы бұрынғыдан да қоюлана түскен. Егер тән жанасуы болып жатса, оның өзі тек, таң алдындағы шапақпен қоса ғайып болады. 

«Бірге бақытты», 1997

Канн кинофестивалінің үздік режиссура аталымы бойынша лауреаты – бақыттың баянсыздығын суреттейтін қайғылы роуд-муви (жолүсті фильм). 

«Бірге бақытты» Кар-вайдың, оқиғасы Қытайда өрбімеген, сонау жер түбіндегі Аргентинада дамыған алғашқы лентасы болды. Әдемі өмір іздеген басты екі кейіпкер қиянға жол тартады: жаны нәзік Лай (Тони Люн) және алаңсыз Хо (Лесли Чун). Алайда, бұл екі ғашықтың бақыты жер түбіне қол ұстасып барса да баянды болмады: Лай күнкөрістің қамымен қара жұмысқа жегіліп жүргенде, Хо оның көзіне шөп салады – бұдан ары кейіпкерлердің өмірі бірте-бірте, жолығу мен ажырасудан тұратын тозаққа айналады. Тегі, Вонгтің қай кейіпкері болмасын, тағдырдың сан соқпағын бастан өткеріп барып, ақыр аяғында қарақан басы бақытсыздықтан қарайып, елден-жерден қуылып тынады.

«Махаббат көңіл-күйі», 2000

XXI ғасырдың ғажап мелодрамасы.

«Махаббат көңіл-күйі» Вонг Кар Вай шығармашылығының асқар шыңы деп танылып, көптеген эксперттер бір ауыздан мойындаған, XXI ғасырдың ең үздік фильмі болып саналады. Осындай дәрежеге жететінін өзі білместен, ол кинематограф тарихындағы форма мен мазмұнның гармония тауып үйлескен, ең бір әдемі картинасын түсірді. 

Бір қарағанда керемет, ауадай жеңіл, сөзге көнбейтін, махаббаттың тура өзіндей сезімді аңғарасың, бір қызығы жаңашыл эстетика мен этиканы насихаттаудан қашып, көрерменімен күрделі дүние хақында қарапайым, образдық тілде сөйлескен, ақпараттық ғасырдың тұңғыш фильмы атанды. Ара-тұра бұған дейін де, бұдан кейін де кино тарихында: аяқ алысы уақытпен бірге астасқан, небір қилы кездейсоқ сезім ұйтқыларының осыншалық мүлтіксіз қабысуы суреттелмеген-ді.  

«Ұлы шебер», 2013

Жекпе-жек өнері адам болмысының бір күйі екені туралы талғамы биік драма.

Ип Манның өмірі мен шығыс жекпе-жек өнері туралы аңызды киноға түсіру үшін Вонг он жылдай ойланып, толғанды. Нәтижесінде жалпы жекпе-жек өнеріне қатысты бір тамаша туынды дүниеге келді. Өткен ғасырдың ортасындағы Кытайдағы ру-тайпа аралық қым-қуыт алауыздықтарды суреттей (көп жерде ойдан құрастырылған), Кар-Вай әбден таптауырын болған «Қаһарман» немесе «Із аңдыған жолбарыс» сияқты шаблондарға түсіп кетпей, қайталанбас, өзіне ғана тән визуальдық стиль қалыптастырды – оның бәрі француз операторы Филипп Ле Сурдтың арқасы болатын. 

Алайда, режиссерге тән сары уайымшылдықтың табы бұл картинадан да аңғарылады. Бұл, қытайлық шытырман оқиғалы «уся» жанрының бір сирек мысалы еді; сілтеген соққы болмаған оқиға сияқты әсерге қалдырады. 

Дайындаған З. Самалбекұлы 


Оқи отырыңыз:

Андрей Звягинцевтің үздік 5 фильмі



author

Вонг Кар-Вай

РЕЖИССЁР

Жаңалықтар

25 мамырда оқу жылы аяқталып, салтанатты іс-шаралар өткізілетініне байланысты Ішкі істер министрлігі...

Жаңалықтар

25 мамырда оқу жылы аяқталып, салтанатты іс-шаралар өткізілетініне байланысты Ішкі істер министрлігі...