Нарқұлан Райхан: Біз қоңызбыз ба?

ӘДЕБИЕТ
3095

Қазіргі таңда қазақ оқырмандары мен зерттеушілері арасында дәстүршіл және жаңашыл қазақ поэзиясы тақырыптарына байланысты үлкен бір дискуссия жүріп жатқаны белгілі. Жаңашыл қазақ поэзиясы қандай болу керек? Дәстүр мен жаңашылдықтың сабақтастығы қай деңгейде? Әрине, бұл сұрақтарда әркімнің өз жауабы бар. "Мәдениет порталы" осы бір дускуссия аясында қазіргі қазақ поэзиясының хәл-ақуалын бағамдау және XX ғасырдың соңы мен XXI ғасырдың басында дүниеге келген қазақ ақындарының "түсініксіз" һәм "түсінікті" өлеңдерін талдау, талқылау мақсатында «Папирус» айдарын ашып отыр. «Папирус» айдарында әр аптаның дүйсенбісі бір ғана ақынның өлеңдері жарияланып, аптаның қалған күндері сол жарияланған өлеңге жасалған анализдер мен пікірлер оқырман назарына ұсынылатын болады. 

Бұған дейін "Мәдениет порталы" Тілек Ырысбектің "Қайран қытай кеспесі..." және Бекзат Смадиярдың "Бұл кезең - ұмыту кезеңі..." атты өлеңдер топтамасына жазылған талқылар мен талдауларды жариялады. Күні кеше Ұмтыл Зарыққанның "Кафка" топтама өлеңдеріне жазылған Мерей Қарттың "Шытырман шығармашылық ғұмырға ие ақын" анализі "Папирус" айдарында жарық көрген болатын. 

Клод Моне. Әсер

Бұрқанды өлеңнің буы Ұмтыл. Иә бұл біздің кәдімгі Ұмтыл ғой. Оның өлеңдерінен Алтайдың ардакүрең айғырының азынаған дауысы естіледі. Қанастың ну орманында жатқан Омарғазының қоңыр аюуының даусы жаңғырады.... 

Шығыстың алып қорғаны ішінде 

үйірін аңсап азынаған жылқының дауысын естіп пе ең? 

қып-қызыл тұман ішінде төгілген күлтелі жалы. 

Ол енді ғұмырлық арманын адақтап 

қыран құс қалықтап өте алмас 

қап-қара орманның түбінде қалды...

Клод Моне. Ле-Гаврдегі портОның ойлары оқыс ойлантады. Абайлап оқымасаң омақастырады. Осыншама қоңырлықты қайдан алды деп таң қаласың. Біз бұл жерде асыра мақтаудан аулақпыз. Рух қайда есем деседе өзі біледі дейді емес пе?! 

...Күңгірт мәтін мен жарық парақтың тербелісінен 

енді су теріс ағатын сынды 

уақыт кері жанатын сынды. 

Сіз бұл өлеңді оқысаңыз ештеңе түсінбеуіңізде мүмкін. Бәлкім түсінерсіз. Мен алапат күштің буын байқадым. Егерде ары қарай дендетіп оқи жөнелсеңіз алтынның буы шалған адамдай қалбалақтап қаласың. Оның өлең жолындағы шексіздігі сонау Ұлы Ертістен бастау алған тұманың алып Солтүстік мұзды мұхитына құятыны іспетті тоқтаусыз. Кей жерінде үзіліп барып қосылса, енді бір жерінде кілкіп ағады. Тіпті бір жерінде адам шыдап бермес көк иірім болып тулап ағады. 

Клод Моне. Руэль-ле-Гаврдың көрінісі

Алты бұрышты ғаламның алыс шетіндегі 

сол бір бейбақ жан 

және оның шүңірек көзі 

шүңірек көзде малтыған мен 

мен және менің асқақ отаным 

бәріміз қоңызбыз біртұтас пішінде... 

Біз қоңызбыз ба? Әлде әлем қоңыз ба? Оның асқақ отаны қайсы Отан? Ол бәлкім Алтайда қалған ұлы сағынышын жоқтап отырған шығар. Ұмтыл өзін жоғалтып алудан қорқады. Сол үшінде өлең жазатын сияқты. 

«Бөкен жарғақ» өлеңінде: 

Байжігіттің «Бөкен жарғағын» тыңдаймын кейде 

өзімді жоғалтып алмауым үшін 

өзімді өзім ұмыт қалдырмау үшін пәниге. 

Қарашығымнан үгіліп 

алақанымнан уылжып тұратын сонда 

тұтас бір дүние. 

Бұндай бұрқанды өлеңді оқығанда қалғып кеткен найзағай рухың қайтадан есінеп оянып, кең сахарада құлаштап-құлаштап шапқың келеді. Сонда бетіңе тиген самал желден өз-өзің тапқың келеді.

Нарқұлан Райхан

author

Ұмтыл Зарыққан

АҚЫН

Жаңалықтар

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі алтын, күміс, қорғасын, мырыш және басқа да қатты пайдалы қазба қ...

Спорт

Қазақстандық Шавкат Рахмонов пен ирландиялық Иан Гэрри арасындағы айқасқа екі аптадан сәл-ақ астам у...