Қазіргі кейбір қазақтар өздерін мәдениеттің шыңына шыққан, өзбек, қырғыз, тәжік, түркмен, әзірбайжан...
Өмір (Новелла)
Фото: MadeniPortal.kz
Біреулер өмірді «әділетті» дейді. Енді бірі пенденің ниетіне байланысты, Құдай қалауын береді дейтіндер де бар. Егер расымен де, өмір жұрт айтып жүргендей адал әрі әділетті болса, қане? Ендеше мен 16 жасқа толмай жатып жеңіл жүрісті қыз атанар ма едім? Әрине, жоқ. Керісінше, қатарлас құрбыларыммен бойжеткен кездің ыстық сезімін сезініп, қызара шыққан қыр гүліндей құлпырып жүруші едім ғой. Жас өмірімді, абыройымды қор қылып, әр еркектіңқойынына кіруге ынтықпын ба? Жоқ. Мен жиіркенемін. Жаныма жақындағанда, денемді қолымен аймалағанда, ерінін мойныма тигізіп сүйген сәтін де... мен бәрінен жиіркенемін. Кеше ғана қаламыздағы бір дөкейдің ұлымен қонақ үйде бірге жаттым. Біреу үшін керемет болуы мүмкін. Жағдайыңды жасап алдың ба деп сұрайтындар да бар. Олай емес. Мен одан барынша жиіркендім. Себебі ол менен жиіркенбеді. Бірақ амалым қанша? Ол кетсе мен ақшадан айырыламын. Мен ақшасыз қалсам кәрі әкемді кім асырайды? Оны кім бағады?.. «Өмір әділетті» деген сөздердің бәрі жалған, өтірік. Бүгін барсың, ертең жоқсың. Бітті. Сонымен өмір тоқтайды.
Мың сан ойдың құрсауында көзін тарс жұмып жатқан Молли оқыс дыбыстан селк етіп, көзін ашты. Бөлме іші алагеуім. Терезеден батып бара жатқан күннің болар болмас қызғылтым сәулесі түсіп тұр. Терезе жанында үлкен айна тұр. Айнаның қасында жалғыз адамдық кереует бар. Керуетте қалың ойға шомып Молли жатыр. Жан-жағына қарап еді ештеңе білінбеді. Біз тұратын жеркепеде тышқан көп қой. Солардың бірі шығар деген оймен қайта көзін жұмды. Көз алдына бақытты кездері және сол қаралы күн оралды.
* * *
Осыдан үш жыл бұрын. Ол кезде Молли небәрі 15 жаста болатын. Қала сыртында шағын екі қабатты үйде тұратын бақытты отбасы. Үй шағын болғанымен, ішінде бақытты отбасы бар еді. Иә, мынау әлемде болып жатқан оқиғалармен, қақтығыстармен, түрлі табиғи апатпен ешқандай шаруасы жоқ. Тату-тәтті. Арайлап атқан таңға, ұясына қызара батқан күнге қуанып, қайғы-мұңның не екенін білмейтін отбасы мекендейтін.
Таңғы астарын ішкеннен кейін, дастархан басында "шағын үйдің" отағасы былайша сөз бастады:
— Қымбатты менің жұбайым! — деді де аяулы келіншегіне бір қарап, — Қымбатты біздің үйдің кішкене мүшелері, яғни балаларым! Бүгін тауға серуендеуге барсақ қалай қарайсыңдар? — деп жымия күліп дастархан басында отырған әуелі жұбайына сосын балаларына қарады.
— Маған қарамаңдар ерік өздеріңде. Мен әр қашан әкелеріңнің шешімін қостаймын, — деп күйеуіне қарады отанасы.
— Біз дайынбыз! — деді дастархан басын да отырған төрт бала бір ауыздан.
— Олай болса әр кім өз заттарын жинап, төменге түссін. Мен көлік жанында боламын.
Төрт бала бөлмелеріне кіріп әр түрлі заттын жолдорбаларына сала бастады. Біреуі теннис ракеткаларын, енді бірі футбол добын. Қалған екеуі болса спорттық киімдерін алды. Сағат 9:00-де барлығы көлікке жайғасты.
— Ешкім ештеңені ұмытқан жоқ па? — деді әкесі көлікке бәрі жайғасқаннан кейін.
Бір ауыздан "Ештеңені ұмытпадық, бәрін алдық" деген сөз естілді... Тауға баратын жолда қара көлік кетіп барады. Ішінде әндеткен балалардың дауысы естіледі. Тау табиғаты құдды осы отбасыны күтіп тұрғандай. Ауа райы жайма-шуақ.
Тау етегі жасыл түсті кілем төселгендей. Көк шөптерге аунай бергің келеді, аунай бергің келеді. Заңғар көкпен таласқан асқар шың күн нұрымен шағылысып көрінбейді. Бірақ та шың басында мұз бары анық. Себебі күн нұрышағылысқанда алмас тас секілді жарқ-жұрқ етеді. Таудың төменгі жағында екі-үш отбасы дем алып жүр. Көліктен Молли де түсті. Түскен беттен "ғажап" деді. Кең тыныстап, көк шөпке домалай кетті. Оны көрген бауырлары да Моллидің жасаған түсініксіздеу әдетін қайталады.
— Балаларды жиі әкеліп тұру керек екен. Таза ауаны сағынып, қаланың беймаза тіршілігінен шаршағанын көрмейсің бе? — деді көліктен жиналмалы шатырларды түсіріп жатқан әкесі.
— Иә, дұрыс айтасың. Аптаның бір күнін белгілеп балаларды әкеліп тұрайық.
— Міндетті түрде, — деді әкесі. Бірақ кім білген? Бұл олардың соңғы келуі екенін.
Әп-сәтте жиналмалы шатырлар тігіліп, дастархан жайыла кетті. Молли, ата-анасына қолғабыс етіп көмектесіп жүр. Одан кішкене қос інісі теннис ракеткасымен ойнаса, кенже сіңілісі кішкентай болғасын ба, анасының қасынан шықпай әлек. Анасы бір ыдысты алса "маған да, менде көмектесемін" деп жүгіріп жүргені.
— Балалар, дастарханға келіңдер! — деді анасы ойнап жүрген қос ұлына қарап. Жүгіріп келген олар:
— Әкешім! Анашым! Мен Томды 8:6 есеппен ұттым.
— Сенен өскенде үлкен теннисші шығады, — деп әкесі ұлының маңдайынан сүйді.
— Менен ше? Менен кім шығады әке?
— Том, сенен спортшы шықпайды. Сенен ғалым шығады.
— Рахмет, әке, — деп Томның жүзі жадырай кетті.
Тамақтанып болғаннан кейін өзара топқа бөлініп доп ойнады. Ұлдар және қыздар деген екі топ құрды. Кішігірім турнирде екі жақ қанша ұтамыз деп талпынса да екі жақ тең түсті. Соңында әкесі "Достық жеңді" деп ойынды аяқтады. Екінші ойын теннис болды. Бірақ бұл жолы әкелер тобы ұтты. Міне, осылайша кештің қалай болғанында аңдамай қалды. Қызара бөртіп күн батты. Таудың бөктерінде отырып күннің ұясына кіруін тамашалап болғаннан кейін жолға шықты. Кешкі самал жел, таудың таза ауасын кең тыныстай жұтып, ән салып, қара көлік жүйткіп келеді.
...Біз үйге барамыз,
Таза ауа жұтамыз.
Біз үйге барамыз,
Таза ауа жұтамыз... — деп әннің соңғы қайырмасы оқыс бір қимылдан үзіліп қалды. Үзіліп қалды дейміз-ау, жол үстіндекеле жатқан қара көлік әп-сәтте жолдан шығып төменге қарай құлдилай жөнелді...
Әндетіп, көңілді келе жатқан көліктің қарсы алдынан кенеттен бөгде көлік шыға келді. Күтпеген жағдайға тап болған әкесі қарсы бағыттан келген көлікке жол бермек болып, рөлді оқыс бұрған сәтте, тау бөктеріндегі тар соқпақпен жүйткіп келе жатқан көлік жүргізушіге бағынбай, жол жиегінен асып кетеді.
* * *
Таң ата тау бөктеріндегі жолда көлік апаты болғаны анықталып, арнайы іздеу шараларының арқасында көліктегі адамдар шығарылды. Өкінішке қарай көліктегі үш адам, яғни үш бала мойын омыртқалары үзіліп қайтыс болғаны, тек қалған үш адам тірі екені белгілі болады. Ауруханаға жедел жеткізілген науқастардың ішінде екеуінің жағдайы нашар, алған қалған бір науқастың жағдайы жеңіл жарақат екені анықталған.
...Аурухана бөлмесінде отыра беруден жалыққан Молли әкесімен, анасының қай бөлмеде жатқандығын біліп барғанда, өз көзіне өзі сенбей дағдарып, бір орында тұрып калды. Бөлмеде екі науқас қатар жатыр. Қайсы әкесі, анасы екенін аңғару мүмкін емес. Ақ марлымен оралған. Әкесімен, анасының сынбаған жері қалмағанын сезген Молли одан ары тұра беруге дәті шыдамай бөлмеден шыға беруге оңтайланғаны сол еді. Анасының қырылдаған, қынала шыққан дауысы бірден тоқтатты.
— Молли... — деді қинала дем алып. — Молли, жаныма кел... Мен саған сенемін... Сенемін. Әкеңді жалғыз қалдырма. Әкеңе пана бол, Молли.
— Анашым олай демеңізші, анашым, — деп қолымен көзіне келген жасты сүртіп тастады. Жас бірақ түйір мойыншақтай боп қайта шықты.
— Молли... — деп анасының ақырғы демі үзілді.
Көз алды қарауытып тас еденге Молли құлап түсті. Арада үш күн өткесін есін жиды. Алғашқы айтқан сөзі "Анам қайда, анам қайда?" деп дәргірлерден сұраумен болды. Бірақ тым кеш еді...
* * *
Аурухандан шыққаннан кейін Молли жұмыс іздей бастады. Жоғарғы оқу орнын бітірмеген, тіпті мектепті де толық аяқтамаған қызды ешбір жер жұмысқа алғысы келмеді. Амалы таусылған ол басы салбырап үйіне қайтатын. Ол қаланы ұзақ шарлайтын. Діңкесі құрып, әбден шаршағанша жұмыс іздейтін Бірақ таппады. Барлығының айтатыны бір ғана сөз "оқу орнын бітірген болсаң алар едім" дейді де шығарып салады. Жұмыс істеп ақша таппаса үйде науқас әке жатыр. Дәрі-дәрмек алмаса оның денсаулығы күннен-күнге нашарлай береді. Жинаған азын-аулақ ақшаның да шеті көрінуде.
Не істеу керек? Қандай амалы бар? Мектепке қайта барайын десе, бара алмайды. Себебі оқу ақысын төлеуге қаражаты жоқ. Барлық нәрсе айналып келгенде ақшаға тіреледі. Тек ақша, ақша және ақша.
Жұмыс іздеп табаны тозып, шаршап шалдығып көше бойымен келе жатыр еді. Қонақ үйден шығып келе жатқан бір сылқымға кезікті. Моллиді танитын адамша сайрай жөнелді:
— Жарқыным, ақша іздеп жүрсің бе? Жұмыс керек, солай ғой. Иә, иә, білемін жұмыс керек, жұмыс, — деп сақылдап күлді.
— Сіз жұмыс бересіз бе? — деді көңілінде еш алаңдығы жоқ, Молли.
— Жоқ. Мен жұмыс бермеймін. Бірақ ақша табуға жол көрсетемін, үйретемін. Көп ақша табасың. Өміріңді өзгертесің, — деп тағы да сақылдап күлді.
— Қалай сонда?
— Кәдімгідей. Жаңа менімен бірге шыққан жігітті көрдің бе? Өте бай, ауқатты, қалталы азамат. Мен оған өзімді сыйладым, ол маған ақшасын сыйлады. Болды. Жұмыс дегенің осы.
Не дерін білмеген Молли қаққан қазықтай дағдарып, тұрып қалды. Бойы дір-дір етіп. Көзі шүңірейіп, жағы солып өзгеріп сала берді.
— Болды, болды жарқыным, шошыма. Мен тек қалай жұмыс істеу керектігін үйреттім. Сенен ақы алмаймын. Мынау менің номерім, — деп кішкене қағазды қолына ұстатты да, сақылдап күліп кете барды.
Кішкене қағазды қолына жиіркене ұстаған Молли үйге келді. Үй іші қара көлеңке. Төсекте әкесі жатыр. О, сұмдық әкесінің жүзінен тіршілікке тән нышан білінбейді. Жан ұшыра Молли жедел жәрдемге қоңырау шалды.
Бақытына орай әкесі аман калды. Бірақ бір өкініштісі миында қан түйіршіктері бар. Ота жасатпаса миға қан құйылуы ықтимал деп дәрігер мән-жайды түсіндірді. Ота ақылы екенін ескерте кетті. Осы аптада ота жасалмаса өлімге бір табан жақын болатынын атап өтті. Ауруханадан шығып үйге келісімен Молли кішкене қағазды іздей бастады. Ақыры тапты. Бойына бар күшін жинап қоңырау шалды. Моллидің қоңырау шалуын күткендей телефон тұтқасын бірден алды.
— Сәлеметсіз бе? Мен алдыңғы... — сөзінің соңын аяқтатпастан.
— Есімдесің. Өзімде қашан қоңырау шалады деп күтіп отыр едім. Жақсы болды. Көп ойланбапсың ғой. Бүгін кешке өткен жолғы қонақ үйге кел. Қалғанын сол жерде түсіндіремін. — деді де телефон тұтқасын қоя салды...
Ары қарай не болғанын Молли еске алғысы келмейді. Үйіне бармай түні бойы көше кезіп, өзін лас сезінгені, бәрі-бәрі әлі есінде...
— Бір күнде осынша ақша тауыпсың. Біраз сұлулардың алдын орайын деп тұрсың... Бұл ақшаны енді не істейсің? — деп сылқым, Моллиға сұқтана қарады.
— Әкемнің отасына жұмсаймын. — деді баяу ғана сыбырлап.
— Онда дұрыс. Әкең тезірек сауығып кетсін!
— Рахмет!
— Енді тезірек үйіңе бар, — деп сақылдай күлді. — Біз біргеміз. Өзіңде көрген боларсың аса әкетіп бара жатқан жұмыс жоқ. Бастысы мейманның көңілінен шықсаң болғаны...
* * *
Моллиді тағы да сол дыбыс ойын бөлді. Бұл не болды деген оймен бөлмеден шыққанда еденге құлап тұра алмай жатқан әкесін көрді. Мұндай жайтты күтпеген Молли қолына телефон алып жедел жәрдемге қоңырау соқты. Әкесін орнынан тұрғыза бергенде көзі едендегі қою қызыл қанға түсті.
Көшені басына көтеріп жедел жәрдем де келді. Бірақ тым кеш еді...
Бейбіт НҰРМҰХАНОВ