Жетісу облысында ірі жол-көлік оқиғасы болып, 10 адам көз жұмды, деп хабарлайды Мadeniportal.kz. Об...
Павлодарда әйел жаңа туған қызын 800 мың теңгеге сатпақ болған
Фото: freepik
Павлодарда Түркістан облысының тұрғыны жаңа туған қызын 800 мың теңгеге сатуға әрекет жасаған, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Прокуратура мәліметінше, әйел материалдық қиындықтарға байланысты жүктілігі кезінде дүниеге әлі келмеген баласын сатуға шешім қабылдаған.
Ол әлеуметтік желідегі «бала асырап алғым келеді» қауымдастығына хабарландыру жариялап, сәбиін сатып алуға дайын адам іздеген. Кейін баланы 800 мың теңгеге беру туралы келісімге келген.
28 наурызда әйел Павлодар облыстық перинаталдық орталығында дені сау қыз баланы дүниеге әкелген.
Арада үш күн өткен соң, 31 наурызда, ол жаңа туған сәбиін медициналық құжаттарымен бірге Павлодардағы пәтерлердің бірінде сатып алушыға берген. Алайда бұл адам құқық қорғау органдары ұйымдастырған арнайы операция аясында әрекет еткен.
Әйел сәбиін бергеннен кейін 100 мың теңге алған. Ақшаның сериялық нөмірлері алдын ала тіркеліп қойғандықтан, құқық қорғау органдары қылмысты құжаттаған.
Сот әйелді кәмелетке толмаған адамды саудалауға кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда сот шешімі бойынша жазаны орындау бес жылға кейінге қалдырылды.
Прокуратура балаларға қатысты кез келген заңсыз мәміле қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін еске салды.