Дүргінбайұлы Қызырбек 1990 жылы дүниеге келген. Халықаралық өнер фестивалінің поэзия аталымы бойынша...
Ақын Асылбек Жаңбырбайдың 7 өлеңі
3167
Әлемнің үмітіне үрей туғызып, көңіліне қаяу түсіріп, жан әлемін құлазытып тұрған осынау пандемия кезінде "Мәдениет порталы" кішкене болсын жүректерге жылу сыйлағысы келеді. Осы мақсатпен портал ұжымы қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік орыны бар ақындарға сауын айтып, өздерінің көңілінен шығатын 7 өлеңін сұрап, жариялап келеді. Бұған дейін елге белгілі Бақытгүл Бабаш, Құралай Омар, Айнұр Төлеу, Ұларбек Дәлейұлы, Мақпал Жұмабай, Тоқтарәлі Таңжарық, Ұларбек Нұрғалымұлы, Ықылас Ожайұлы, Мирас Асан, Төлеген Меллат, Ерлан Жүніс, Ерғали Бақаш секілді ақындар өлеңдерін ұсынған болатын. Ақындарға алғысымыз шексіз!Қадірменді оқырман, бүгінгі ақын - Асылбек Жаңбырбай! Мархабат!
ШІЛДЕ ГАЛЛЮЦИНАЦИЯСЫ Күннің көзі тұрғандай бір шашып от, Өртеніп тұр шөл дала... Бірақ неге көлеңкемнің басы жоқ, Мен шығармын көрбала? Өлген ойдың жинап алып қаңқасын, Жүрегіме жерледім. Ақылдың да кептіреді-ау аңқасын, Қосылған соң шерге мұң. Мына жақта азаттық та тәуелді, Үндемеймін қырсығып... Түстім, міне, қалыбыма әуелгі, Жан ғой – нағыз тіршілік... Қараң қалды құштар сезім, шат көңіл, Естілед тек жаңғырық. Алда дейді көрер қызық, тәтті өмір, Көп адасқан қаңғы үміт. Жанарымнан бара жатыр тасып от, Өртеніп тұр бәрі де... Бірақ неге көлеңкемнің басы жоқ, Табиғаттың кәрі ме? ҮШ ҚАЗЫҚ Үш қазық бар, үшеуіне байландым, Үш қазық бар, үшеуін де айналдым. Айналайын деген сөзді айта алған Қазағымның құдіретіне қайранмын. Темірқазық – қағулы тұр көгімде, Жарқыраған аспанымның төрінде. Ойларым да жұлдыз құсап туады, Сөнер кезде қарсы ағады өлімге. Өмірқазық – қағулы тұр жерімде, Жанға қуат дарытатын сенімде. Үміт сыйлап атып жатыр әр таңым, Өткен күнді орап беріп кебінге. Тәңірқазық – қағулы тұр жүректе, Кеудемдегі ақжармалы тілекте. Ниетім де аппақ нұрдан жаралған, Жарып өтем қамалсам да түнекке. Үш тағаным, үш бағаным бұл менің, Елемеймін басқалардың дүрмегін. Өзге жолға түскім де жоқ, түспедім, Өзге жолды білгім де жоқ, білмедім. СҮЮ Шабыттансам сезімді тербеп тұрып, Зарықтансам сөзімді шербет қылып, Қысқа күнде көңілді делбеп қырық, Сені сүю – Өлеңді сүю екен! Адамзатты дос көріп серті бірге, Ғаламзатты қош көріп дерті ділге, Жүрегіммен жыр жазып Жер тілінде, Сені сүю – Әлемді сүю екен! Раушан гүлі өзің деп жұмағымның, Реушен нұры көзің деп шырағымның, Барын ұғып мәңгілік сыңарымның, Сені сүю – Ұмайды сүю екен! Жарау атпен намысым Айдан да асып, Ғадауатпен ар үшін майдандасып, Махаббатпен күн кешіп қайран ғашық, Сені сүю – Құдайды сүю екен! ТАРАЗЫ Кім қалды таразыға тартылмаған? Ахмет Байтұрсынұлы Секілді ақ – мейірімді, қара – зұлым, Ақылмен ажыраттық па аражігін? Көп нәрсе ойдан алшақ, көзден таса, Басы тең бола бермес таразының. Бір жақта тән тұрғанда, бір жақта – жан, Өз мінін қолға алмайды, сын жақпаған. Бар еді көкейімде азғантай мұң, Даңғаза жеңіп кетті-ау ыржақтаған. Бірде рух басым түсер, бірде – нәпсі, Білмеймін, кімге жаман, кімге жақсы? Албасты басып жатса ап-ауыр боп, Керек қой қуып шығар ділге бақсы. Желінді саудагерге халық талай, Көңілдің жеңіл жолдан қамыққаны-ай. Көп пенде қорланып жүр күрескенмен, Алдымен өз салмағын анықтамай. Туыппын таразының таңында мен, Суық күн жылытыппын жанымды әрең. Тәңірдің таразысы барын біліп, Амалым оң болсын деп жалынған ем!.. ТАҚЫТ ПЕН ТАБЫТ Бұл жердің үсті – тақыт, асты –табыт, Бүгінде мың құбылды басты қалып. Байқаймын жалтыраған алтыннан да Жыланның көзіндегі жасты танып. У болып жүрегіме сосын тамар, Бу болып көңілімдегі қошым қалар. Жөн сілтер әулие де жоқ бұрынғыдай, Құдайдан келмей қойды тосын хабар. Сайтаным жасап жатыр таңнан сынақ, Қайтамын дүниеден де жалғаншылап. Ғасырды індетпенен қақсатқандай, Басымды ауыртып жүр алдамшы бақ. Жандағы талай сырқат жазылды кеш, Арманды алға сүйрер қажырлы көш. Дерт кетер бойыңнан да, ойыңнан да, Тақтан түс алдыменен, тәжіңді шеш. Нұр көрем кілең өтірік, жарық көрем, Тақыттың арғы беті – табыт деген. Шындыққа апаратын қайық сынды ол, Жылжиды барса келмес бағытпенен... АДАМ Жолымды жасап қойған Хақ Тағалам, Пенделер жазған заңды жаттамағам. Сыртымнан күйелі ғана қаралайды, Ішімнен өзімді өзім ақтап алам. Нар таулар шөгіп жатыр төс табандап, Қайтемін таудай болсам босқа алаңдап. Кей-кейде қоштаған жақ сатып кетер, Кей-кейде келе қалар тоспаған бақ... Қоңыздың табанында қи аунаған, Байлықты мен мұншама жия алмағам. Қып-қызыл шала байлап құйрығына, Мысықтай өтер дүние мияулаған. Көңілдің көлеңкесі – көптің қамы, Бұл өмір - бардың жоғы, жоқтың бары. Тасыған ғашықтық пен пасықтық қой, Сасыған сол баяғы «боқтың қабы...» 7 ШІЛДЕ Ақ үй анау еңселі, Төбесінде қап-қара боп қарға отыр, Қарқ-қарқ етіп көзімдегі зарды оқыр. Көкке менің ащы даусым жетпейді, Қирап қалған ортадағы ар-көпір. Мына жаз да әкелмеді тыныштық, Қарға миын қайнатардай тым ыстық. Күрк-күрк етіп жөтелгенде қалың ел, Бұрқ-бұрқ етіп ұшып кетті ырыс-құт. Қарғаның да жасы үлкен ғой, кәрі-дүр, Біздің шалға жете алмайды бәрібір. Жарқ-жарқ етіп мерекелік от шашты, Науқастарға болса, қане, дәрі бұл. Қаралы жұрт қайғы жұтып, қан құсты, Тәж-тажалға айтып жатыр қарғысты. Баяғы ойын саясатқа айналды: – Ұшты, ұшты, қарға ұшты!..