1. Қазақтың бұрынғыдан қалған сөзі(Жыл басы)Қазақтың есептерінде жылдан үлкен мүшел дегендер бар. Мү...
Ақын Мирас Асанның 7 өлеңі
15136
COVID-19 - адамзат тарихындағы он сегізінші пандемия. Адамзат тарихында қаншама соғыс, қаншама пандемия болды. Бәрі де өтті. Ия, бәрі де өткінші. Бұл апат та өтер, кетер... Жайбырақат, жайдарлы күнімізге де оралармыз. Шыдайық, сақтанайық, жақынымызға жанашыр болайық! Әлемнің үмітіне үрей туғызып, көңіліне қаяу түсіріп, жан әлемін құлазытып тұрған осынау пандемия кезінде "Мәдениет порталы" кішкене болсын жүректерге жылу сыйлағысы келеді. Осы мақсатпен портал ұжымы қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік орыны бар ақындарға сауын айтып, өздерінің көңілінен шығатын 7 өлеңін сұрап, жариялап келеді. Бұған дейін елге белгілі Бақытгүл Бабаш, Құралай Омар, Айнұр Төлеу, Ұларбек Дәлейұлы, Мақпал Жұмабай, Тоқтарәлі Таңжарық, Ұларбек Нұрғалымұлы, Ықылас Ожайұлы секілді ақындар өлеңдерін ұсынған болатын. Ақындарға алғысымыз шексіз! Қадірменді оқырман, бүгінгі ақын - Мирас Асан! Мархабат!
Мирас Асан, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты. «Бекзат», «Соңғы раушан», «Сүйесің, жүрек, сүйесің» жыр жинақтарының авторы. Мархабат!
ҰЛЫМ ЖАЛҒАСҚА Ағарған әр талын самайдың, Өмірдің жолы деп санаймын. Мен жалпы, ең ұлы ойларға, Баланың көзімен қараймын. Ойменен өтуде кей күнім, Тойменен өтуде кей күнім... Сүрініп, жығылып кеп тұрсам, «Менімен күресші» дейді ұлым... Белдесер тас түйін жас ұлға, Насихат айтамын басында: Біреумен күресу түк емес, Өзіңмен күрестің қасында... Бейнесін балалық шағымның, Ұлымнан көп іздеп сабылдым. Содан ба, «ат болам» мен оған, Жауырын жасырып жанымның... Жігітті қайрайды әр қайқаң, Сарай деу дұрыс па салмай там?.. Хайуанат бағына барса ұлым, Жол бойы адамдық жайлы айтам. Тығылмақ ойнасақ, төзімді Көбіне мен жұмам көзімді. Қызығы, ұлды іздеп шығам да, Таба алмай қаламын өзімді... Тәлімнің бұл мүмкін ірісі, Тұлпардың тай күннен жүрісі. Балама ұстазбын мен ылғи, Балама шәкіртпін, дұрысы. Бәрін дос санайтын аппағым, Мұң артып тұр бірде қап-қалың. Досым жоқ дейді ұлым күрсініп, «Менің де...» дей жаздап, тоқтадым. Жаңылған, жығылған жерім көп, Өмір – мұз, Өмір – от, Өмір – доп. Сырғанақ тепсе ұлым, мен тұрам, Тағдыр да тайғанақ дегім кеп. *** Жартасқа бардым, Күнде айғай салдым. Абай Тағдырдың тарқауы кем, түйіні көп Тартқаны біртоға рай, бұйығы кеп. Сыртыңнан еркіндіктің түрін жасап, Ішіңнен қамалудан қиыны жоқ... Кеудеме қымтап келген сайра, құсым, Қамалған сен бе, мен бе... ойран ішім! Бір жағы ренжу де ыңғайсыздау, Ешкімге айта алмайтын ойлар үшін! Бір өксіп, бір күрсініп, бір өкініп, Мөп-мөлдір жасқа айналдым міне, тұнық... Қоғамның үнсіздігін кешу ауыр, Дауысың бар екенін біле тұрып. Адасып ақылымнан тыс іргелі, Ойларға соғыламын – мүсін көбі... Дыбыссыз кино құсап күн кешемін, Қосылып жаңғырыққа ішімдегі. Аспаннан шайдай ашық бұлт іздеген, Бір үміт мен шығармын жұрт үзбеген. Бақыты тартылмайтын таразымен, Уақыты өлшенбейтін күнтізбемен. Тым-тырыс неге мынау мекен барлық, Заһарды ішем үнсіз шекер бал ғып... Хакім кеп айғай салған жартас — мен-ау, Қаңқ етіп, қайта мылқау кетер қалғып! *** Бұл күз бізді неге есіне түсірді? Қарсы отырмыз – бақыттылау пішінді... Даяшы ұл дәм мәзірін әкелді, Даяшы қыз ән мәзірін ұсынды... Кезек-кезек ойнап жатқан саз да, Алла-ай, Суыртпақтап сыр тартады сөз барлай... Күллі әннің кейіпкері сен сынды, Күллі әннің мәтінін мен жазғандай... Бұл не сезім, батты әп-сәтте жан мұңға, Махаббат па, басқа салған тағдыр ма? Ойша бидің құшағында тербелдік, Ойша үйдің тұрдық ұзақ алдында... Сен алыстап, жақындауда өзге алыс, Боза түскен бода-бода боздады іш... Сені мүлде сүймегендей бұрылыс, Мені мүлде сүймегендей қозғалыс... Ғашықтықтың сырқаты іште қашанда, Екі бетте қарсы отырмыз қос арна... Тік қарауға болушы еді, о саған? Тіл қатуға болушы еді, о сонда? Үнсіз іштен төгіл, төгіл ән-жырым, Үнсіз іштен егіл, егіл жан гүлім... Бұл шақ менің ең аяулы сезімім, Бұл сәт менің ең аяусыз тағдырым. Ұлым кетіп барады мектебіне Қарындашы жап-жаңа ұшталмаған, Қаламсабы жап-жаңа ұсталмаған, Жейдесі де дәп-дәл шыт кірлемеген, Дәптері де су жаңа тысталмаған, Ұлым кетіп барады мектебіне, Биік шыңға балапан беттеді де! Құлдыраңдап қояды құлыншақ ұл, Қолы құлын жалына жеткені ме? Әліппесін қолтыққа қысқан көкем, Әріп көшін танымақ ұстам бекем! Сондай құштар өмірге, сондай ынтық, Өмір де оған дәл сондай құштар ма екен? Сөмкесі үлкен өзінен арқалаған, Тақта да үлкен, білемін, парта да оған... Бес күн жалған ой жүгін барады асып, Бестегі ұлым ойыны тарқамаған... Білім – бәйге, жарысқа жан сал күшпен, Тәкаппарлық көрсетпе, болсаң да үстем. Ақ құрт шашып анашың сыртта қалды, Ақ бор ұстап ұстазың қарсы алды іштен. Алда сенің ақ арман, арай гүлің, Ақыл айтар дәл бүгін орайлы күн: Сөзін бөлме ұстаздың һәм сөзге ерме, Сөз болғаннан жаман жоқ, абайла, ұлым. Халықшыл бол қаһарман Хақ қолданған, Қылықтарға ұнамсыз жат бол жаман. Бірді бірге қосуды үйрен, дұрыс, Бірді бірге соғудан сақ бол, балам. Ақтап үміт, арқамның босат жүгін, Қыран – Сенсің, Тудағы шашақты Күн! Тарихың бар Күлтегін тасқа жазған, Сол тарихқа ешқашан тас атпа, ұлым. Жырақ қалма қызықты жыр-ән кештен, Шындыққа да берік бол шыған көшкен. Алты құрлық, төрт мұхит – барлығын сүй, Алты Алашты бірақ та шығарма естен. Кетпес, білем, кей сөзім бірден ұнап, Ойыныңнан кетпегін мүлде жырақ. Ала допты болады сәл қууға, Ала жіпті аттама мүлде бірақ. Қуанышпен қарсы алды бұл күнді атаң, Құрақ ұшып қарсы алды бұл күнді апаң. Қоңырауыңды алғашқы сенің тыңдап, Омырауымды жас жуып тұрмын, ботам. Күтеді алдан әлі сан сапар, сарай, Сол жолдарда ағартқан әкең самай. Мектепке анаң апарса қалай бүгін, Меккеге ертең сен де оны апар солай! Көздерімде қуаныш лағылы ойнап, Қадамыңа қараймын бәрін ойлап... Тарыдай боп мектепке кірген саған Таудай талап тіледім, тарыдай бақ. *** Мен өзім бе расында бұл егілген? Сыртым бүтін ішім от, тілегім кем. Жүрегімнен туады жақсы көру, Жек көру де туады жүрегімнен. Кебісі тар жүйрікпін желісі кем, Өресі тар жүлікпін өрісі кең. Қамқорлық та жасаймын қол ұшымен, Жемқорлық та жасаймын жең ұшымен. Құшағымды құлаштап жаямын да ем, Түртпектейтін тағы мен таяғыммен. Аяғыммен барамын қиянатқа, Мешітке де барамын аяғыммен. Сорлылығым сол шығар соқырлығым, Адамдыққа жетпей тұр ақыл, құным. Әйбәт өлең шығатын ауызымнан, Ғайбат өсек бұрқырап отыр бүгін. Көпке зиян, жалғызға пайда қылдық, Обаны аттап ойсыздау тойға кірдік. Біреуге у ұсынған кесемменен, Өзім су ішіп отырмын, қайда әділдік? *** Күлкімді де тоздырдым кие-кие, Мұң да тозды, іш-қазан күйе-күйе. Тозды маңдай тау-тасқа соғылумен, Тозды алақан қошемет, қол ұрумен. Үміт тозды күтуден, кезігуден, Күдік тозды жақыннан безінуден. Табан тозды арманды қуалаудан, Жанар тозды ояну, көз ілуден... Тозды миым – тәнімнің ақылманы, Тозды күйім, ескіріп жатыр бәрі... Жүрек тозды сезім – бал, ақыл – удан, Білек тозды бақытты шақырудан... Тозған иық, тозған бас, тіл ұшым кем, Айғайлаймын жалғанға құр ішімнен... Төзіп келе жатырмын кім үшін мен? Тозып бара жатырмын кім үшін мен?*** Жолықтық бақ үшін бе, мұң үшін бе? Білмеймін, кімбіз екеу, тірі сүлде... Жария оқырмансың жұрт алдында, Жасырын кейіпкерсің жыр ішінде... Сені еске салады әсем әрбір әуен, Сені ойлап атады аппақ таң дұғамен! Білмеймін, тұтас ғұмыр жатыр бәлкім, Біз кешкен жалқы сәтте мөлдір әлем. Білмеймін, маған кімсің расында сен, Жолықтық, кез болғандай жасынға сең... Бейдауа дертсің жалғыз ішімдегі, Бейтаныс бойжеткенсің қасымда әсем. Шайырдың шаттығы орта, күлкісі кем, Тағдырдың келем үшкір түрпісімен... Тауып ап мен өзіңді жалғыздықтан, Танымай өте шығам жұрт ішінен... Сел құйып жатса да ұзақ ар биігі, Шөл қысып қаталайды жан күйігі. Мен бұған үйренгенмін ең қызығы, Мен бұған үйренгенмін ең қиыны.