Сырлы әлем, сиқырлы дүние... Сызылтып тартқан сыбызғының сыздап шыққан үніндей бейуақ кешқұрымның кө...
«Ауылым — алтын тұғырым» байқауының жеңімпаздары анықталды
Бүгін елордада «АУЫЛ» партиясы мен «Мәдениет порталының» ұйымдастыруымен өткен ауыл тақырыбына арналған қаламгерлер арасындағы «Ауылым – алтын тұғырым» атты әдеби онлайн конкурсының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Биыл аталған конкурстың «Алтын тұғыр» бас жүлдесін «Драматургия» номинациясы бойынша жазушы-драматург Төкен Әлжантегі жеңіп алды. Жеңімпаз үш номинация бойынша 1 орынды жеңіп алған қаламгерлердің арасынан қазылар алқасының шешімімен анықталды.
Байқауға қатысқан 207 қаламгердің арасынан «Поэзия» аталымы бойынша 1-орынды Рауан Қабидолдин иеленсе, 2-орынға Жадыра Байбұланова, 3-орынға ақын Әлібек Шегебай лайық деп танылды.
Сондай-ақ аталған номинация бойынша Кеңшілік Мырзабеков атындағы арнайы жүлдемен - Жұлдыз Ілебаева, Нұрлан Мәукенұлы атындағы арнайы жүлдемен - Дана Исағұлқызы, Серік Қапшықбайұлы атындағы арнайы жүлдемен - Әрбибек Даули, Қаныбек Сарыбаев атындағы арнайы жүлдемен - Асылбек Жаңбырбай, «Ауыл» партиясының арнайы жүлдесімен - Жанат Боқашұлы марапатталды.
«Проза» аталымы бойынша бірінші орын Ретбек Мағазға, екінші орын Жадыра Шамұратоваға, үшінші орын Абай Аймағанбетовке бұйырды.
Бұл аталымда Әбіш Кекілбаев атындағы арнайы жүлдемен - Әлихан Жақсылық, Ақан Нұрманов атындағы арнайы жүлдемен - Абай Ораз, Рақымжан Отарбаев атындағы арнайы жүлдемен - Асылан Қуанышұлы, «Ауыл» партиясының арнайы жүлдесімен - Рүстам Гасымов марапатталды.
«Қалыптасқан суреткер болмаса, драматургияға аяқ басу қиын. Биыл осы жанрда тоғыз шығарма қатысты. Драматург болу үшін адамның жанын терең түсіну керек. Қалыптасып қалған дәстүрге жанның келіспеуі «драматургиядағы конфликт» деп аталады. Жанрдың ерекшелігі - жан мен сананың арпалысында», - дейді жазушы-драматург, қазылар мүшесі Роза Мұқанова.
Биылғы «Алтын тұғыр» белгісінің иегеріне Абайдың 175 жылдығына орай қосымша ақшалай сыйлық тағайындалды.
Бұл сыйлыққа «Драматургия» аталымы бойынша бірінші орын иегері Төкен Әлжантегі қол жеткізді.
Аталымның екінші орны - Әлібек Байболовқа, үшінші орын - Әділхан Асановқа бұйырды. «Драматургия» аталымы бойынша да арнайы жүлделер тағайындалып, Баққожа Мұқай атындағы арнайы жүлдемен - Дидар Амантай, Қалихан Ысқақ атындағы арнайы жүлдемен - Советхан Қазиев, Сәкен Жүнісов атындағы арнайы жүлдемен - Өтен Ахмет марапатталды.
Байқауға ұсынылған шығармаларға белгілі қоғам қайраткерлері, танымал ақын-жазушылар мен әдебиеттанушы ғалымдардан құралған қазылар алқасы төрелік етті. Атап айтар болсақ, комиссия төрағасы – ҚР Парламенті Сенатының депутаты, журналист, белгілі жазушы Жабал Ерғалиев, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы драматург - Роза Мұқанова, жазушы-ғалым - Жолтай Әлмаш, ақын, жазушы, композитор Ерқожа Әлқожаұлы және бүгінде озық ойымен, өткір тілімен, жазу шеберлігімен оқырманынын баурап алған жас ақын-жазушылар - Бауыржан Қарағызұлы, Ербол Бейілхан, Талғат Ешенұлы, Нәзира Байырбек сынды майталман мамандар бар.
Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/layfstayl/debiet/zhaaly/42763/