Сұраған Рахметұлы. Даланың озангері

Фотосурет ашық дереккөзден

ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІ
65

Метафораға қарай

Дөнгөтийн Цоодол (1944.02.7) деген мешін жылы ақпанның 7 жаңасында өмірге келген есіл жырдың егесі. Қоңыр далалық әуездің қоңырау сылдыр озаншысы, бозторғайдың әуенімен өскен өрен, ақ еспе шайыр. Моңғолияның әдебиетінде баллада жанрын жақсы қалыптастырған тағылымгер жанкешті төтен сырбаз құбылыс. Түб деген орталық аймақтағы Бүрэн (Buren) атаулы орталығы бар оймақтай ауылдың дарынды топ еркелерінің кілегейі, өз аламан әдебиеттің серкелерінің бірегейі. 

Моңғолияның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Мәдениетке Еңбек сіңірген қайраткері, әдебиеттің маңғаз майталманы. Дарқан даланың тамырынан жаралған далағұмар данагөй даңғайыр ақыны. Шығармалары шынайы да шымыр ширатпа жібектей. 

«Арда даланың алты реңі» (1970) тұңғыш жинағы атақты ақын Бэгзийн Явуухуланның алқауымен жарық көрген. Бұдан соң ағыла түскен: «Сайын даланың сақарасы» (1975), «Алыстан мұнартқан құзар тау» (1980), «Тырналардың тізбегі» (1980), «Алақанның сызығы» (1986) деп кете береді. 

Бұл туындаларда бұла ақынның нағыз бұлқынған бұрқасынды өзім деп өрнек сала бастаған кезінде өргендері, өрескел шабытты шағындағы лирикалық ғажайып жырлары қамтылған. 

Қаламмен ғаламды шарлаған шағрияшы

Өткен ХХ ғасыдың 60-70- жылдары ғалам әдебиетінің ерекше жауһарлары да байырғы шалғайдағы елге еркін келіп жеткен кезде ол кісі аудармаға байыпты кірісті. 

Бағзы ғасырдағы Нишапурлық өрен Омар Хайям һәм Ғийас әд-Дін Әбу-л-Фатх Омар ибн Ибраһим әл-Хайям (1048-1122) руаяттарына және өлердей тәнті болған да осы назымдарды мөлдіретіп моңғолшаға аударған ақын. ХІХ ғасырдағы француз жазушысы Анри-Рене-Альбер-Ги де Мопассанның ең атақты «Алқалы ханышайым» (La Parure,1884) новелласын да әдемі тәржімеледі. Әлемге әйгілі орыс жазушысы, орманды жұрттың орасан даңықты дарынды драматургі Антон Павлович Чеховтің (1860-1904) «Әимян» әңгімесін моңғолшаға шебер аударды. Жапонияның әйгілі новеллистісі Акутагава Рюноскэнің (1892-1927) «Махаббат – иллюзияға жақын сезім» ауқымындағы миниатюралық шығармаларынан мөлдірете тәржімеледі. Сондай-ақ, авар ұлтының аса ардақтаған Ұлы тұлғасы Дағыстанның Халық ақыны даңқты ақыны даңғайыр шайыр Расул Ғамзатовтың таңдамалы өлең жырларын моңғол тіліне аударған.

Цоодолдың соқпақтары

Осынау абырой, даңқы аламан Дөнгөтийн Цоодол есімді дара тұлғамен таныстығым шамалы ғана. Бала шағынан болшағына шейінгі уақытта бастабында күзетші, жұмысшы жылқышы, түйеші, соттың хабаршысы, Жастар ұясының нұсқаушысы, аймақтық деңгейдегі жергілікті «Алғашқы 5 жылдық» газетінің тілшісі, Партияның ЖОО-нында журналистикалық ілімдері бойынша дәріс тыңдаушы, Мәскеуде Қоғамдық ғылымар академиясында соц жүйенің насихатын оқып, тоқып әлеуметтанушы қатарлы әйтеуір түрі мен түгелі бүтін түмен сабақтарда саналы дәріс таңдаулы білім алған түренгер де білімдар да саналы жан. Цоодол аға өз кезегінде соншама ішкі комплексі райсыз, ынтасыз, ықтиярсыз болса да ПОК-інде сарабдал сарапшы қызметіне тартылған шағы тағы бар-ды... Ол осы қатарлы сантүрлі сынамалы сатылардан өткені өжет әрі биік руһты, таза парасатты бекзада, заманындағы сауатты өз ортасы ақынды биіктен биікке көтерді. 

Ол кісі өзінің ғұмырнамасына арналған мемуарлық (memorіa) туынды – «Сары атан – қара мекен» (2005) естеліктерінде осының бәрін түгел суреттеп баяндайды. Барлық руһани ғұмырында баллада, новелла, эссе, ода (ode) жырлары, аударма жанрларында қалам тартты. 

Баллада – орта ғасырда француздардан ұласып, бүткіл әлемдік поэзия әлеміне кеңінен етек жайған, моңғолдықтарға сәл кешеуілдеп жеткен лиро-эпостық жанр осы еді. Дөнгөтийн Цоодолдың «Сараңдар», «Шідер», «Менің жаман замандастарым», «Жаңғалақ», «Атжалман кісі», «Жалбарыну» қатарлы балладалары тіптен керемет-ті. Моңғолия қазақ әдебиетінің көшбасшысы Ақтан Бабиұлына арнаған «Ақтанға зар» жыры да таңғайып.

Еңсесі биік эпик Цоодол

Кең маңдайына иығына қарай төгілген буырыл бұйра шашын кежегесіне қарай кері қайыра лақтырып, керемет қырағы сөзімен баурап алар тапқыштығы есімде. Бұл кісінің жерлес қаламдас достары Моңғол әдебиетінің тұтас бір кезеңінің түренді термодинамикасы атанған әрі көшпенділер әдебиетінің алтын шырағын бәз қалыпынша сақтап биікті бағындырған Бавуугийн Лхагвасүрэн, Пунцагийн Бадарч қатарлы ағалардың әдеби еңбектерінен бірсыпыра аудармалар жасап оқырманға ұсынғанымыз да бар.

Дөнгөтийн Цоодол ағаның 4 томдық таңдамалы еңбегін (2015) парақтап аударып, төңкеріп, қарап отырмыз бүгін. Даланың әуезін санасына сіңірген дара таланттың өлеңдерінен әлі де аудару керек екен!? Шарағатты жас шағри шағында жалындап жанған да шалқыған шайыр сөнбеген, жасамыс жасында бықсымаған Цоодол аға. 

Тағы да бір гәп бар екен...

Демек ең күрделі шаруа поэзияны аудару екен. Соның ішінде Дөнгөтийн Цоодол сынды қарапайым да күрделі шайырларды тәржімемен еңсерудің қиыны сезіледі. Осыдан бірнеше жыл бұрын ақынның бір түп өлеңдерін аудармақ болып шын ниетпен ынталы болғанымыз да әредік еске оралады. Бой бермеген-ді боз арғымақ. Әйтеуір поэзиялық құрылымдағы сөз, сөйлемдерді қуалсақ – мазмұн мен мағыналар жан-жаққа жамырап алып қашып біртүрлі өзекталды күйге түсіреді. Расында қалай жинасаң да өлеңнің бір қисыны келмей, өңшең ілкі өңмен өрілген ішкі өрімдер өзара өбіспей әбден қиналатын едік. Кейде аударма сәтті болғанымен «өлеңнің мағынасы жоғалып кетуі» де ғажап емес. Аударылмайтын да өлеңдер болатынын содан созбақтата барып-барып жаңадан шын сезінгендей, шамалап түсінгендей болғанымызды жасыра алмаймыз да.

&

Мұнда функционалдық стилистикалық сауаттың жетіспеушілігі өз алдына. Қарапайым-ау деп ал кеудеге сенуіміздің өзі сәл артықтау ғана. Гәп тек осы сылтауда ғана болса жақсы ғой!? Мүлдемге өңге жағдаят туындауы да ғажайыптың басы... Ұлттың өзегі тілдің ішкі қалтарыстарына сүңгу үшін де шеберлік, тым нәзік түйсіктен өзге де бірдеңелер жетіспейді екен... Әрине экстралингвистикалық су жаңа талдаудан тысқары мағынаралық байламдар, суреткерлігің, машығың да кем болса: тіпті тағы да таршаң санаң да табандап тартып тұрса: өзіңе біткен шамалы шамаң қатты шаршатады екен.

 

Дөнгөтийн Цоодол

Мен саған қарыздармын

Күндіз кетіп, жай қайтқан

замандар-ай...

Қарайламай жүргенмін саған қалай!?

Шар айнада перуей арайлы арай,

Ояу жаттың мендегі – қамалған Ай.

 

Елең етіп сабыр ғып, құлақ түріп,

Кереметім, жаныңды шырақ қылып.

Күтетінсің сағынып, құлап, тынып,

Күлетінсің ағылып жылап тұрып.

 

Суық тиген балама алаңдамай,

Қуып кетсем де дым демей маған қарай...

Сен тамызған ошағым, тағамға бай,

Мен қарыздар емеспін, саған қалай!?

 

Тәуір киіп, жыр кеулеп, тындырғаным,

Сабылдырып кезекке тұрғызғаным...

Күн, түн демей, тынықпай бір күн жаның,

Бүлдіргенім, жаматып, жудырғаным.

 

Кеш күнім де:

Сенен өзге жоқ менің ешкімім де,

Желең жейде ендіріп, пеш түбінде,

Ең ғажайып едік-ау ескі күнде,

Енді азайған әр қалды-ау, кескініңде.

 

Шебер елең қылаңдап, самайыңнан

Немерелер шұнаңдап маңайынан,

Ұядайын қойыныңнан мені айырған –

Ұрпағың ғой той-думан бал айымнан...

 

Бараны ма өткен шақ маңыздардың,

Қарағым-ау мен саған қарыздармын!

 

Сұраған Рахметұлы

author

Сұраған Рахметұлы

АҚЫН

СПОРТ

Қытайда туып-өскен ұлты қазақ спортшы Ақнар Адақ Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалала...

PESTEL

Исламабадта мешітте жұма намазы кезінде жарылыс болып, кемінде 31 адам қаза тауып, 169-дан астам ада...