Ақмола облысында жергілікті атқарушы органның лауазымды қызметкерлері бюджет қаржысын жымқырды деген...
Мораторий мен коллекторлар: Берешек деңгейін қалай азайтуға болады?
Фотосурет ашық дереккөзден алынды
2024 жылғы 19 маусымда Мемлекет басшысы Кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру жөніндегі заңға қол қойды. Заң Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және қаржылық сауаттылықты арттыру туралы Жолдауын іске асыру үшін әзірленді, деп хабарлайды madeniportal.kz тілшісі inbusiness.kz сілтеме жасап.
Жаңа заң коллекторлардың жұмысын қалай өзгертеді?
2024 жылғы 1 шілдеден бастап 2026 жылғы 1 мамырға дейін коллекторлық агенттіктерге азаматтардың кредиттері бойынша құқықтарды (талаптарды) беруге заң жүзінде тыйым салынды. Бұл дегеніміз, 2 жыл ішінде банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлар азаматтардың борыш жүктемесін азайту үшін берешекті қайта құрылымдау және айыпақыны (айыппұлдар, өсімпұлдар), комиссияларды кешіру арқылы барлық реттеу рәсімдерін жүргізеді. Мораторий проблемалық берешек деңгейін және проблемалық қарыз алушылар санын азайтуға мүмкіндік береді.
Бұрын қалай болып еді?
Ағымдағы жылғы 1 шілдеге дейін азаматтардың кредиттері бойынша құқықтарды (талаптарды) коллекторларға беруге банктік қарыз/микрокредит шартында қарыз алушының тиісті келісімі болған, мерзімі өткен берешек туындаған (тұтынушылық кредит бойынша 90 күннен, ипотекалық кредит бойынша 180 күннен астам) және берешекті реттеу рәсімдерін жүргізген кезде жол берілді. Нәтижесінде коллекторлық агенттіктер жаңа кредиторларға айналды.
Берешекті реттеуге бола ма?
Иә, 2024 жылғы 1 қазаннан бастап коллекторлық агенттіктер азаматтардың берешегін реттеу рәсімдерін жүргізуге міндетті. Бұл коллекторлық агенттіктерге берілген кредиттер бойынша міндеттемелерді орындауда қиындықтарға тап болған азаматтарға қолдау көрсету үшін қажет.
Қарызды реттеу тетігі қалай жұмыс істейді?
Коллекторлық агенттік банктік қарыз шарты бойынша немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарды (талаптарды) алған сәттен бастап 30 күн ішінде борышкерге міндеттемені орындау талаптарын өзгертуге өтініш беру құқығы туралы хабарлауға міндетті.
Борышкер хабарламаны алғаннан кейін кез келген уақытта коллекторға өтінішпен жүгінуге құқылы, онда берешектің себептерін және оны реттеу нұсқаларын, оның ішінде мыналарды көрсетеді:
1) негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша төлемдерді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу;
2) берешекті өтеу кезектілігін өзгерту;
3) банктік қарыз немесе микрокредит мерзімін өзгерту;
4) айыпақыны (айыппұл, өсімпұл) азайту немесе толық күшін жою жағына қарай өзгерту;
5) банктік қарызға қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдерді өзгерту немесе толық күшін жою;
6) негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша берешекті толық не ішінара кешіру;
7) кепіл берушінің ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікті тараптардың келісімінде белгіленген мерзімдерде дербес сатуы;
8) кепілге салынған мүлікті коллекторлық агенттікке беру жолымен міндеттемені орындаудың орнына бас тарту төлемін беру;
9) міндеттемені сатып алушыға бере отырып, ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікті сату.
Өтінішке міндетті түрде жүгіну себептерін растайтын құжаттар қоса беру қажет.
Коллекторлық агенттік борышкердің өтінішін қабылдауға, тіркеуге және қарауға міндетті. Егер ұсынылған мәліметтер жеткіліксіз болса, коллекторлық агенттік
10 жұмыс күні ішінде қосымша мәліметтерді сұратады. Бұл ретте борышкерге оларды ұсыну үшін 5 жұмыс күні беріледі. Егер құжаттар мерзімінде келіп түспесе, онда коллектор өтінішті қараусыз қалдыруға құқылы.
Құжаттардың толық топтамасын ұсынғаннан кейін коллекторлық агенттік
күнтізбелік 15 күн ішінде жауап беруге міндетті.
Коллектордың шешімі үш нұсқаның бірінен тұруы мүмкін:
- қарыз алушы ұсынған міндеттемені орындау талаптарындағы өзгерістермен келісу,
- міндеттемені орындау талаптарын өзгерту жөнінде қарсы ұсыныс,
- міндеттемені орындау талаптарын өзгертуден бас тарту.
Берешекті реттеудің ұсынылған шаралары, сондай-ақ қарыз алушының мәртебесін растау үшін қажетті құжаттар бойынша ақпарат коллекторлық агенттіктің ресми интернет-ресурсында орналастырылады.
Коллекторлық агенттік міндеттемені орындау талаптарын жақсарту талаптарымен біржақты тәртіппен өзгертуге құқылы. Бұл айыппұлдарды, өсімпұлдар мен төлемдерді азайтуды немесе жоюды, қарызды немесе пайыздарды толық немесе ішінара кешіруді, негізгі қарыз бен пайыздық төлемдерді кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді қамтуы мүмкін.
Егер коллекторлық агенттік осындай жақсарту талаптарын қолданса, онда ол бұл жөнінде борышкерге хабарлауға міндетті. Қарыз алушы қолданылған жақсарту талаптарымен келіспеген жағдайда, хабарламаны алғаннан кейін 14 күн ішінде өтініш жібере отырып, олардан бас тартуға құқылы.