Қобыланды – қазақтың жыр дәстүріндегі ең танымал жыр кейіпкері. Ол туралы қазақша мектеп бітір...
«Шипагерлік баянның» авторы – Тілеуқабылдың Өтейбойдағы емес
ЖАЛҒАНШЫНЫҢ ТАБИҒАТЫ
Жалғаншылар, яғни фальсификаторлар туралы не айтуға болады? Осы мәселеге келгенде үнсіз қалатын болсақ, болашақ үшін үлкен қылмыс жасаған болар едік. Бүгінгі өзін аздап та болса ар-ожданым бар деп есептейтін қазақтың алдында әрқашан да мынадай дилемма тұрады: егер белгілі бір дүниенің жалғандығы көзге көрініп тұрса, бірақ сол дүние ұлттың рухани жетістігін көрсете алар дүние болып тұрса қайтуге болар еді? «Жалған» деп жар салу керек пе, әлде жалған патриоттыққа салып «өзіміздің жетістігіміз деп көрсетіп отыр ғой, жалған болса болсын, бір жөні келер» деп үндемей қалу керек пе? Тарихты жалғандап, белінен басу барлық уақытта да, барлық жерде де болған, болып жатыр да. Ұсақты, ірілі қателіктердің қағидаға айналып бара жатқандығын көріп, «қайсыбірінің шетінен шығарсың» – деп үндемей қаласың да. Бірақ «мен жалғанмын» деп мұндалап тұрған дүниенің жай ғана белден басу емес, оның тарихтың желкесін қию екендігін сезінгенде, ол туралы айтудың – ождан ісі болып табылатындығын мойындауға тура келеді.
Қолымызда Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы деген кісінің «Шипагерлік баян» деген еңбегі жатыр. Басып шығарушы да, баспаға ұсынушы да оның кереметтігін сөз еткенде, тамаша сөздерін аямай төгіпті. «Шипагерлік баян» – XV ғасырдың, яғни «қазақтың бүгінге дейін жеткен ең көне жазба дүниесі» дегенді баспасөзден оқып, біліп, енді таптыртып алған соң, оған көз жүгіртіп шыққаннан кейінгі басқа келген ойлардың біріншісі — «мынауың барып тұрған фальшивка ғой» болды. Расында да, 1473 жылдарға дейінгі жазылып үлгерген, аттай 30 ұрпақ бойына жасырылып сақталған «киіз кітаптың» өзі де, сөзі де жалғандықтың кәусар суымен суарылғандай.
Жалаң сөзбен айыптауға болмайтындығын жақсы түсінеміз. Әділін айтсаң да, өтірік айтсаң да кез келген сынды «руы, жүзі басқа болған соң, не көре алмағандықтан сынап отыр» деп бағалайтын қазаққа сынның дұрыс екендігін көрсету үшін айтылар сөзге жауапкершілікпен қарауға тура келеді. Сондықтан әңгіме бетін «Жалғаншы (фальсификатор) деген кім, оның табиғаты қандай?» деген пәлсапалық тақырыпқа бұрғанды жөн көреміз. Жалғанды ақиқаттан қалай ажыратуға болады? Осы орайда кезінде Олжас Сүлейменов келтірген, Надеждин деген бір тарихшы-скептиктің сөзін өзгеріссіз келтіре кетуге болады. «Кез келген оқиғаның ақиқаттық сипатының өзіне тән ішкі шарты болады... Осы ішкі шарттар оқиғаның тарихи мүмкіндігін қалыптастырады. Егер оқиға осы заңдылықтарға мүлде қарама-қайшы бағытта тұрса, мені ешқандай көне тарихи жазба да, сын атаулының бар тепкісіне мойымаған белгілі бедел иесі де осылай болған еді деп сендіре алмайды». Яғни кез келген еңбектің болмысы белгілі бір ішкі шарттарға арқа сүйейді. Ол әр заманның өзіне ғана тән мүмкіндіктерге сүйенеді. Заман өзгерген сайын олар да өзгеріп отырады, сондықтан араға бірнеше ғасыр салып барып, жалған дүние жасағанда, адам қанша ғұлама, білгір, қу болғанымен, өткен заманның мүмкіндіктері мен шарттарын толық орындай алмайды, ең болмаса бір жерінде оның өтірігі шығып қалады.
Кез келген жазба дүниені жазу үшін, асқан деп асырмай-ақ айтсақ, қарапайым деңгейдегі дарындылық қажет. Ғылыми еңбек те, көркем роман да, оқулық та оны жазушы (құрастырушы) ғалымнан, жазушыдан, мұғалімнен өте ауқымды конструкторлық қабілетті талап етеді. Неден бастап, неден аяқтау керектігі, айтылар сөздердің реті, тарауы алдын ала жоспарланып, мәлімет сол қисынмен қағаз бетіне түсіріледі. Кейін олардың кейбір тұстарына өзгерістер енгізілуі мүмкін, соған қарамастан, еңбектің бастапқы қаңқасы мен айтылар ойдың жалпы фабуласы сақталып қалады. Сипаты әртүрлі болғанына қарамастан, ғалым да, оқулық құрастырушы да, көркем роман жазушы да осындай құрастырушылық әрекеттен айналып өте алмайды. Бұл – дарындылықты да, ойластырғыштықты да, үлкен зерделілікті де қажет ететін шаруа. Жер бетінде 6 миллиард адамның бәрінің бірдей жазушы бола алмайтыны да сондықтан, ол кез келген адамның қолынан келе бермейді. Міне, жалғаншы да осындай дарынды, білімді, ойластырғыш, қиюын келтіргіш азшылықтың қатарына жатады, тек оның пиғылы басқаша.
«Шипагерлік баянның» авторы – Тілеуқабылдың Өтейбойдағы емес, XX ғасырдың қазағы. Дәлірек айтсақ, Нұртай Түменбайұлы деген дәрігер, қазақ көнелігінің энтузиасы. Осылай деп айтуға сеп болған бірнеше белгілері бар.
Біріншісі – автордың адам анатомиясына қатысты, емдік, дәрілік ұғымдарға байланысты аталымдарды (терминология) қолдану жолы. Кітапта келтірілген қазақы терминдер бізге 1990-95 жылдарда қазақ баспасөзінде, ең алдымен, «Ана тілі» газетінде жарияланып тұрған орыс-шетел сөздеріне қазақша баламалар ойлап табу науқаны кезіндегі ұсынылған тарихи және ойдан шығарылған қазақ сөздерін еске түсіреді. Сол кезде әртүрлі мамандық иелері арасынан шыққан ұлт мүддесін ұстанған ниеті дұрыс қазақтар талай сөзді жаңа термин ретінде ұсынған болатын. Олардың ішінде қабылданғаны да, тек сол газет бетінде қалғаны да бар, бірақ қандай да бір мөлшерде осындай энтузиастар еңбегінің қазақ тілінің терминологиялық кешенінің қалыптасуына ықпал еткені айқын. Міне, «Шипагерлік баянның» шын авторы да осындай тіл энтузиасы. Өйткені 1473 жылға дейін жазылған еңбек болса, оның авторына жаппай сауаттанбаған көшпелі қоғамда мұндай терминологияны ойлап табу туралы ой да келмес еді. Кез келген адам кітап жазғанда, оның түсінікті болғанын қалайды. Яғни қарапайым қисын бойынша жазылған дүниені оқитын сауатты ортаның (оқушы аудиторияның) болуы шарт. Сондықтан автор өз еңбегін сол ортадағы қалыптасқан жазу тілі мен үрдісіне сай жазады. Мысалы, 1601 жылы жазылған Жалайыр Қадырғалидың, оның алдындағы Дулат Мұхаммед Хайдардың, одан кейінгі түрікпен Әбілғазының, Бабырдың еңбектері сол заманғы жазу тіліне сай жазылған, олардың еңбектері XIX ғасырға дейінгі ортаазиялық-қазақстандық түрік, парсы тілінде жазған барлық авторлардың жазу үрдісі ауқымында жатыр, сондықтан осы тұлғадардың еңбектерінің ақиқаттығы ешқашан дау туғызып көрген емес. Ал «Шипагерлік баян» өзінің қазақы терминологиясы арқылы ерекшеленіп, «бүйректен сирақ шығарып» отыр.
Осы термин мәселесіне қатысты тағы бір сөз. Автор кітап соңында текстен теріп алынған біраз аталымдарды беріпті, оны Түменбай Ыстанбайұлы оп-оңай аудара салыпты, ал кітап аудару, оның ішінде түсініксіз сөздерді аудару кез келген адамның қолынан келе бермейтін шаруа екендігі белгілі. Аударма ісі – өте қиын шаруа. Тіпті, көп біледі деген тіл мамандарының өзі осындай істерге бір-екі жылын ғана емес, бүкіл ғұмырын арнап, соның өзінде де аяғына дейін жеткізе алмай жатады. Мәселен, XVII ғасырдың басындағы қазақтардың тілінде жазылған Қадырғали Жалайырдың еңбегін бір емес, кем дегенде үш адам біраз уақыт жұмсап, бүгінгі қазақ тіліне аударды емес пе? Соның өзінде де сол аударманың шешілмей қалған мәселелері әлі сақталып отыр. Ал 1473 жылға дейін жазылды делінетін «Шипагерлік баянды» 1952 жылы Түменбай Ыстанбайұлы, ауылда, «шай ішіп отырып» аудара салды дегенге сенетіндер бар шығар, бірақ сәл ойланған адамға қисынсыздау көрінері сөзсіз.
Оның үстіне кітаптағы «туылма», «уәсиятнама», «мәндеме», «аңғарғы», «аңғарымдама», «дарымдалғы», «тектелгі», «нақтама» деген «көне сөздер» біздің тілімізде XX ғасырда қалыптасқан «баяндама», «жолдама», «тұжырымдама», «бағдарлама», «аялдама», т.б. жасанды сөздерді еске түсіреді. Кітаптың шын авторы өзінің жазған еңбегін ерекше ету үшін бүгінде бар сөздерге, «Ана тілі» газетіндегі үрдістей, қолдан жасалған көне сөздерді ойлап тапқан және өзінің ойлап тапқан сөздерін «көне кітаптікі» деп көрсеткен. Бұл – фальцификатордың бірінші әрекеті. Осы мақаланың авторы да 1992-1995 жылдары осындай жаңа терминдер ойлап табу ісімен айналысты, оған мысал ретінде географиялық терминдер ретінде ұсынылған ландшафт – «жертарап», экватор – «үйек», полюс – «кіндік», сальдо – «сарқын», пропорция – «балауыр», норма – «сыбаға», центр – «ергін», вертикаль – «боса», маятник – «бигеш», амплитуда – «ауыт», циклон – «орайын» сияқты т.б. (қараңыз: «Ана тілі» 4 ақпан, 1992.) жаңа аталымдарды атап шыға алады. Бұл тек баспасөз бетін көргендері ғана, ал көрмегені қаншама. Ойымыз, ниетіміз игі болғанымен, олардың бірде-біреуін Мемтерминком атау ретінде қабылдаған жоқ, оған өкпелегеніміз де жоқ, өйткені біз де бір үлес қосуға ғана талпындық қой. Ал осындай баламаларды өзіміз ойлап тауып, оны тез арада қолдана бастасақ, кітапты ешкім түсінбес те еді. «Шипагерлік баянның» шын авторы да осындай әдіспен жаңа сөздерді ойлап тауып, оларды XV ғасырдың қазағы түгілі XX ғасырдың қазағы да түсінбейтінін ескеріп, өз сөзіне өзі аударма жасаған.
Расында, тағы да қайталап айтсақ, бұл еңбек — Өтейбойдақтікі де, Түменбайдікі де емес, соңғысының баласы Нұртай Түменбайұлының еңбегі. Солай деудің себептері де жоқ емес. Кітап соңында берілген қосымша мәліметтерге жүгінер болсақ, Нұртай – дәрігер, «Егізтөбе фермасының доқтырханасының бастығы», ал оның әкесі Түменбай «оташылық өнері бар және әдеттегі дәрі-дәрмекпен елге ем-дом жасап жүретін адам екен» делінеді. Яғни біз автордың халықтық емшілік дәстүрден мол хабары болған отбасыдан шыққандығын және оның қазіргі заманғы медициналық білімі бар адам екендігін көріп отырмыз. Мұндай адам анау-мынау медицинаға қатысы бар еңбек жаза алады, тек жазушылық, құрастырушылық қабілеті, қиыстырғыш қабілеті болуы керек. Нұрекең – біздің шамалауымызға қарағанда, дәл сондай қабілеті, дарыны бар адам. Тек ол өзінің білетін, әкесінен көрген, естіген, өмірлік тәжірибесінен алған білімін жеке кітап етіп шығарудың орнына, оған көнелік, тарихилық сипат беруге тырысқан, сөйтіп «құдекең оны қос қолдап ұрып, шайтекең түрткен».
Екіншіден, тарихи-ғылыми еңбек жазу үшін де, тарихи көркем-әдеби дүние жазу үшін де, кез келген авторда белгілі бір зерделіліктің болуы шарт. Кітап жазушы өзі білетін жеке тақырыпқа қажетті мамандық-кәсіптен басқа жергілікті және жалпы ұлттық фольклорлық материалдарды (аңыздарды), шежірені, қалыптасқан тарихи таным шарттарын жақсы білуі керек. Яғни біздің жалғаншымыз өзі де, әкесі де емші болғандықтан, бұл (медицина, фармакология) саланың бүгінгі жағдайын да, дәстүрлі халықтық жағдайын да жақсы меңгерген, оның өзі тұратын аймақтағы бұрынғы өткен емшілер, тәуіптер, бақсылар жөнінде де білгенінде сөз жоқ, сондықтан «Шипагерлік баяндағы» емшілік мәселелерге қарсы уәжді айтса, сондай мамандықты жақсы білетін басқа біреу ғана айта алады. Ал біз айта алмаймыз, өйткені осы салада білетініміз шамалы. Оның есесіне автордың тарих, шежіре, фольклорлық таным өресі жөнінде бірдеңе айтуға мүмкіндігіміз бар. Жалғаншы да ет пен сүйектен жаралған пенде ғой, қанша зерделі болса да, ол нақты бір реалды уақыттағы, дәлірек айтқанда, 1960-90 жылдар аралығында қоғамда қалыптасқан тарихи, шежірелік таным деңгейі ауқымында жұмыстана алады, яғни ол қазақ тарихының қалыптасқан ақиқаттарынан хабардар. Ол тек қолда бар тарихи таным материалы деңгейінде өзінің жалған дүниесін жасайды. Міне, нақ осы жерде ол «ұсталып қалады», өйткені әрқашан да өмір сүретін мынадай сауал бар:
«Егер сол қолда бар тарихи таным материалы қате болса ше?».
Онда әлгі «тарихи дүниенің» жалғаны көрініп, «арты ашылып қалады». Өйткені тарихи таным материалы үнемі бір деңгейде қалмайды, ол үнемі жаңарып отырады. Бұрынғы ақиқат деп қабылданып жүрген деректер мен тұжырымды бір ғалым қате деп тауып, кемшін тұстарын көрсетеді, жаңа деректер пайда болады немесе бұрынғы ақиқатты басқаша қырынан көру дағдысы қалыптасады. Мәселен, қазақтану тарихының деңгейі Шоқанның, Абайдың, Шәкәрімнің, Мұхаметжан Тынышбайұлының, Санжар Асфендияровтың, Бекмаханов пен Марғұланның, Ақышев пен Қозыбаевтың заманында әртүрлі болған, аталған ғұламалар өз заманындағы тарихи таным ауқымында еңбек етті. Сондықтан олардың орасан еңбегі бар, бірақ олардың да қателескен мәселелері болған, өйткені өз заманындағы таным деңгейі оларды қателесуге мәжбүр еткен. Ал бүгінгі, соңғы 10 жылдың ішіндегі тарихи таным деңгейі 1970-80 жылдардың өзіне қарағанда, мүлде басқаша. Енді бір ондаған жылда бүгінгі анықталып отырған ақиқаттарға да біраз өзгерістер енері сөзсіз. Болмыс ақиқаты солай. Міне, осындай жағдайда жалғаншының өзі өмір сүріп отырған кезіндегі тарихи таным сипаты өзгергенде, оның «тарихи дүниесінің» жалғандығы да барынша айқын көріне бастайды.
«Шипагерлік баянның» реалды авторы қолда бар тарихи деректің қисынына сүйене отырып, Өтейбойдақты Әз Жәнібектің және мифтік Жиреншенің замандасы болған, олармен істес болған тұлға ретінде көрсеткен. Әрине, ол Әз Жәнібекті қазақтың алғашқы ханы болған Жәнібек деп ойлаған да, сол Жәнібектің қасына аңызда жүретін Жиреншені де, өз атасы Өтейбойдақты да апарып тыққан. Кинодан көріп жүргеніміздей, басқа бір ортаға жіберілетін агентке (шпион, жансыз, барлаушы) арнап, жасанды, яғни қолдан жасалған өмірбаян жасалатындығы сияқты, Өтейбойдақ та қолда бар тарихи танымдық материалдарға негізделген «легендаға» ие болған. Яғни Өтейбойдақ дегеніміз осы жағдайда Құлжаға атаман Дутовты өлтіруге жіберілген Асанәлі Әшімов (Шадияров) немесе Берлинге жіберілген Штирлиц сияқты. Ал «легенда» қате деректерге негізделген болып шықса ше? Онда агент ашылып қалады.
Өтейбойдақтың «легендасы» да сондай, өйткені Әз Жәнібек дегеніміз – Керейдің қасындағы қазақ Жәнібекемес, XIV ғасырда өмір сүрген Алтын Орданың ханы болған басқа Жәнібек. Жиренше шешен де, оның әйелі Қарашаш та, Асан қайғы мен Абат, Алау, Тоған батырлар да, қырық уәзір де осы «алтынордалық Әз Жәнібек циклінің» тарихи-аңыздық кейіпкерлері, сондықтан Әз Жәнібек пен Жиреншенің араға 100 жыл уақыт салып, Жетісуда жүргендігіне бізді ешкім де сендіре алмайды. Оның үстіне Мұхаммед Хайдар Дулаттың дерегіне жүгінер болсақ, қазақтың бірінші ханы Жәнібек емес, Керей хан. Керейден кейін хан болып, оның баласы сайланды, тек содан кейін ғана хандық тізгінді Жәнібек баласы Қасым хан алды. Қазақтың фольклорында қазақтың Жәнібегі мен Керейі туралы бірде-бір аңыз жоқ, олардың тарихта болғанын қазақ тек Мұхаммед Хайдардың және онымен замандас шайбанилік сарайдың авторларының еңбектері арқасында білді. Ал екі Жәнібекті шатастыру сонау Абай мен Шәкәрім кезінен басталып, XX ғасыр бойына жалғасып келді. «Шипагерлік баянның» реалды авторы да осы қателесудің байыбына бара алмай, сол қателікке негіздеп, өзінің жалған дүниесінің жалған авторына керекті «легендасын» дайындаған. Сондай-ақ, кітаптың шежірелік бөлігінде кездесетін Өтейбойдақтың 60 аталық, 72 аталық шежірелік тізбегі де, ешбір шежірелік дәстүрге кірікпейтін Қазғақ және Созғақ күнбилер (қытайдың жазбасындағы «гуньмо» сөзін жалған қазақылаудың нәтижесі) де, Алаш сайлауыт есімі де, «ұлы дүз, орта дүз, кіші дүз» деген көрсеткіштері де XV ғасырдағы, Керей мен Жәнібектің заманындағы қазақ халқының болмысын көрсете алмайды, өйткені қазақ халқының бір этникалық стереотиптік мінез-құлқы мен іс-әрекеті бар жұрт ретінде қалыптасуы XVI ғасырда басталып, іс жүзінде XVII ғасырдың аяғында, Тәуке ханның кезінде (барлық қазақтың Түркістан, Ташкент, Сырдария аймағында шоғырлануы дәуірінде) іске асты. XVII ғасырдағы жоңғар және қалмақ экспансиясы жан-жақтан жиналған, тілі мен әдет-ғұрпында ала-құлалықтары мол сан алуан «қазақы» ру-тайпаларды қазіргі екі-үш облыстың жеріндей тар аумақта тығыздала қоныстануға мәжбүр етті, сол кезде олар бірдей тілге, шежіреге, ортақ әдет-ғұрып пен мінезге, діни көзқарасқа ие болды. Бүгінгі Алтай мен Атырау аралығындағы қазақтың жақсы қасиетінің бірдей болуының сыры да осы XVII ғасырдың болмысында жатыр.
Мәселен, ең қарапайым қисын бойынша, XV-XVI ғасырдағы алшындар (болашақ Кіші жүз қазақтары) өздері шыққан ноғайлы ортасының басқа ұрпақтары – ноғайлар, қарақалпақтар, астрахандық, барабалық татарлар сияқты «й» диалектісінде (йақшы, йаман, йайлау) сөйлеген, өйткені тарихи қисын сондай, ал XV ғасырда жалайыр-дулаттармен қатар өмір сүруге тиіс албандар да Моғолстанның немесе Темір ұрпақтары билеген Мауереннахр жерінде тұрған, Мұхаммед Хайдар Дулаттың жазғандарына қарағанда, Моғолстан Жәнібек түгілі оның ұлы Қасым хан кезінде де Қазақ хандығына қосылмаған, яғни албан Өтейбойдақ деген кісіміз, тарихи қисын бойынша, Жәнібектің емес, Моғолстан сұлтандарының бірінің қасында жүруі керек. Ал албан руының сол кездегі тілінің де Жетісудағы моғолстандық түрк тайпаларының тілінен өзгешелігі болмауы тиіс. Ал біздің авторымыздың кітабының тілі кейбір терминологиялық «өзгешеліктері» болмаса бүгінгі, XVII ғасырдан кейін қалыптасқан қазақ тілінен аумайды. Атырау мен Алтай арасындағы қазақтың тілінде пәлендей диалектілік айырмашылықтың жоқтығына В. Радлов XIX ғасырда таңғалған, егер ол XV-XVI ғасырда өмір сүрген, сәті түсіп қазақ жерін көрген адам болса, оның «қазақ тілінің барлық жерде бірдейлігі» туралы сөз айтылмас та еді. Өйткені сол кезде қазақ тілі жеке ру-тайпалық диалектілерден біртұтас тілге айналып болған, «шикізат тіл» болатын.
Тағы бір мәселе – кітаптағы үш сөзі («ұлы дүз, орта дүз, кіші дүз») туралы. Қазақтың жүзге бөлінуі де тек XVII ғасырда, яғни Өтейбойдақ пен Жәнібектен кейін 200 жылдан соң ғана қалыптасты, сондықтан Өтейбойдақтың шежіресіндегі «үш жүздің» аталуы да, Қазғақ пен Созғақтың, Алаштың аттарының аталуы да, тіпті, 2000 жыл бұрынғы «күнбиге» айналған «гуньмо» иероглифінің жүруі де көңілге сенімділік ұялата алмайды, керісінше, жалғандықтың тым айқындылығымен күдікті күшейте түседі. Міне, осындай мәселелердің басын ашып алмай тұрып, қолда бар материал деңгейінде жасанды шежіре жасау да жалғаншының құпиясын айтып қоятындығын естен шығармаған жөн. Этногенезді түсінудің өз заңдылықтары болатыны сияқты, шежіренің де жасалуының, яғни «технологиясының» өз заңдылықтары бар. Қазақта шежіре көп болғанымен шежіретану ғылымы жоқ, оның сырын шежіреге қатысты қалам тартқан қазақ ғалымдары да әлі күнге дейін таба алмай келеді. Сондықтан «Шипагерлік баяндағы» Өтейбойдақтың 60-72 аталық шежірелік жүйесін (соның алдында ғана жарық көріп, «бүкіл қазақтан сүйінші сұралған» тағы бір ғаламат – «Түп тұқияннан өзіме дейін» деген кітаптағы Қазыбек бектің сонау Елжау мен Нәнби сияқты күнби-гуньмоларға дейін баратын супершежірелік жүйесімен қоса) жалған, бүгінгі шала шежіретанымға негізделген ретроспективалық конструкция деп есептеуге болады. Білгір ғалым қолда бар таным мен дерекке арқа сүйеп, көне замандық түсінікті ептеп болса да қалпына келтіре (реконструкция) алады, бірақ олардың бірде-біреуі күні бүгінге дейін «Шипагерлік баян» мен «Түп тұқиянның» авторларындай осындай «ғаламат шежірелік реконструкцияны» жасап көрген жоқ, ол мүмкін емес те.
Үшіншіден, аталмыш еңбекке қатысты кітапқа енгізілген қыстырынды қосымшаларда айтылған «марқұм Нығымет Мыңжани мен Әзімхан Тышқанұлы тірі кездерінде бұл кітапты оқып, құнды пікірлерін ұсынған» сөзінен не күтуге болады? Егер ол кісілер оқып, пікір айтса, неліктен олардың пікірлері жоқ, тек жергілікті партиялық-әкімшілік қызметкерлер Т. Ыбырайұлы мен X. Әкімжанұлының, М. Сүлейменұлының, Жәнәбілдің, Қадыс Жәнәбілұлының ғана сөздері кіргізілген? Рас, кітап басында Ә.Тышқанұлының алғы сөзі енгізілген, бірақ ол кісінің тарихи еңбекті саралай алатын эксперт екендігіне кім кепілдік бере алады? Ал Нығмет ағамыздың қазақ тарихына байланысты жазған «Қазақтың көне тарихы» дегенін оқып шықтық. Марқұмға тіліміз тисе, кешіре көрсін, осы кітаптың ғылыми деңгейі Қазақстандағы 1960-1980 жылдардағы тарихи таным деңгейінен кем болмаса аса алмайтын, көп тұстары тек қазақстандық авторларды қайталап шығумен шектелген ортанқол дүние екендігін айтуымыз керек. Жалған дүниені «мынау дегенің керім ғой» деп мақтаған ғалымның жалғаншыға айтқан сөзі – іс жүзінде қоразға «қандай керемет әншісің, даусың неткен ғаламат» деп комплимент айтқан көкектің мақтағанымен бірдей. Фальшивкаға ортанқол, жергілікті деңгейдегі тарихшылар «ақиқат» деп баға беріп отыр. Шалағай еңбекке «танысым ғой», «ағайыным ғой» немесе «сыйлы азамат еді», «ұят болар» деген принципке сай жағымды баға беру, мақтап рецензия жазу, пікір айту – жалпы қазақтық дерт. Бұл жерде тек Нығмет ағамызға ғана сөз айтудың жөні болмас та. Сондықтан осы еңбектің ақиқаттығы жөнінде жазылған рецензияларды «ләппәй, тақсыр» деп құлдық ұрып қабылдай берудің жөні жоқ.
Жалпы, жалған өмірбаян, шежіре, тарихи ситуация, туынды жасау үрдісі жергілікті деңгейде барлық облыстар мен аудандарда бар. Оны өзім тұратын облыс пен аудандағы жергілікті газеттерде жария болған соңғы он жылдың материалдарын саралай отырып, сеніммен айта аламын. Өйткені қазаққа тән «поведениенің» барлық жерде бірдейлігін ескере отырып, Маңғыстауда болып жатқан осындай науқаншылдықты басқа облыстарға да тән типтік ситуация деп қабылдауға болады. Міне, біздің жақта да Есет батырға, Қосай Атаға, тіпті, қасиетті Бекет Атаға (мысалы, оның ақындығы туралы) қатысты бүгінгі авторлардың ойынан шығарып, ақиқат ретінде қосып жүрген «фактілері» бар, бірақ олардың барлығы жергілікті деңгейде қалып қойып, жалпы ұлттық танымға айтарлықтай өзгеріс әкеле алмайды, сондықтан олар туралы сөзді шығындаудың қажеттілігі жоқ. Ал «Шипагерлік баян», «Түп тұқияңнан өзіме дейін» сияқты бүкіл ұлттың тарихына, мәдениетіне көлеңке түсіретін суперфальшивкалар туралы үнсіз қалуға болмайды. Өйткені осы «еңбектерді» ақиқат ретінде қабылдап, олардан келтірілген үзінділерді тарихи айғақ, цитата ретінде пайдаланып жүрген жай ғана журналистерді емес, сақалы ағарған ғұламалардың еңбектерін көргенде (оған мысал ретінде «Түп тұқияннан» цитата келтірілген профессор Әділхан Байбатшаның «Қазақ даласының ежелгі тарихы» деген, 1998 жылы «Санат» баспасынан шыққан еңбегін айта кетуге болады), қазақ тарихтану ғылымының болашағынан түңілгендей боласың. Бір жалғанның үстіне екінші, үшінші, оныншы жалғанды үстемелей беруден, яғни бір «былшымбайды» одан әрі қоюландырып, «былшымбайландыра» беруден қазақ ұтпайды. Сондықтан осындай «қазақтан сүйінші сұраған», «көктен іздегені жерден табылған» киіз кітаптардың жалғандығын үнемі көрсетіп отыру қажет, сонда ғана тағы бір кезекті «сүйінші жәдігерлерден» сақтануға болады.
Біреу айтар: «сенің руың, жүзің басқа болғасын, көре алмағандықтан, қызғаныштан жазып отырсың» деп. Немесе «сенің не шаруаң бар, сенен де үлкен, білімді ғұламалар үндемей отырғанда, сенікі не, яғни «больше всех надо?» деп сұрар. Мәселе – жерде не руда емес, мәселе ғылыми этикетте. Өйткені дәрігердің «Гиппократ антын» орындау кодексі сияқты, ғалымның да жазылмаған жауапкершілік, жөн-жосықтық кодексі бар. Қазақ ғалымы да осындай кодекс ауқымында жұмыстануы тиіс. Тек сонда ғана ғылымды алға жылжытып, пікірталас арқылы ақиқат ауылына жетпесек те, жақынырақ бара аламыз.
Өкініштісі – біз бүгінгі авторлардың жалғаншылығын айыптап отырып, қазаққа еш зиянын тигізбеген, есімдері тек шежірелерде сақталған Қазыбек Тауасарұлы мен Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы сияқты бейтарап жандардың да атына кір келтіруге мәжбүрміз. Олар да – біздің арғы атамыз, олардың бүгінгі қазақ алдында еш жазығы жоқ. Тек олардың бүгінгі сауатты екі ұрпағы өз аталарын ұлықтамақ болып, аттарын бүгінгі даңққұмарлық, пендешілік пиғылының ойыншығы етіп отыр. Сондықтан біз осы белгісіз үлкен қазақтардан ұрпақтарының осындай қылықтары үшін кешірім сұрауға мәжбүрміз, «аруақтарың бізді атпасын» деп сұраумен ғана шектелеміз.
Маңғыстау облысы.
«Алтын Орда» газеті, 2002 жыл, 11 қаңтар