Магистратура бойынша білім гранттары иегерлерінің тізімі жарияланды, деп хабарлайды madeniportal.kz....
Балаларын орыс сыныбына беретін ата-аналар қазақтың соры
instagram/turar_sattarkyzy
Қазақстанда ата-аналардың балаларын орыс сыныбына беру тенденциясы ұзақ уақыт бойы байқалып келеді. Соңғы жылдардағы статистика бұл үрдістің әлі де сақталып отырғанын көрсетеді. Осы тақырып төңірегінде Alash.kz ұлттық порталының тілшісі «Қара шаңырақ» ҚБ директоры, этнология магистрі, ұлттық құндылықты дәріптеуші Тұрар Сәттарқызымен сұхбат жүргізді.
ТАЗА ҚАЗАҚ МЕКТЕБІ ЖЫЛ САНАП ЖОЙЫЛУДА
Ресми статистика бойынша:
- 2020 жыл: Қазақстанда шамамен 1,5 миллион оқушы орыс тілінде білім алды. Бұл жалпы оқушылардың шамамен 25%-ын құрады.
- 2021 жыл: Орыс сыныптарында оқитын оқушылардың саны 1,6 миллионға жетті.
- 2022 жыл: Орыс сыныптарында оқитын оқушылар саны шамамен 1,7 миллионға жетті.
Бұл деректерге сәйкес, орыс тілінде білім алатын балалардың саны тұрақты өсіп келеді.
Соңғы төрт жылдағы Қазақстандағы 1-сыныпқа балаларды орыс сыныбына беру тенденциясы аймақтық ерекшеліктерге байланысты өзгеріп отыр. Әсіресе, орыс сыныптарына балаларды көптеп беретін қалалар ірі және көпэтносты өңірлерде байқалады.
ҰЛТТЫҚ ТІЛДІ БІЛМЕЙТІН ҰРПАҚ ӨТЕ ҚАУІПТІ
- Статистикаға көз салсақ, 2023-2024 оқу жылында Астананың өзінде 11 мың 1-сынып оқушысы орыс тілін таңдаған. 2010 жылда қазақ тілді мектептердің саны 68% болған, қазір 48%-ға түсіп кетті. Неге? Ел дамыған сайын ұлттық тіл дәрежесі мен деңгейі неге төмендеуде?
- Бұрынғы орыстанған облыстың бірі - Целиноград облысының тумасымын. 14 жасымда қазақы ауылдан, өзге ұлт өкілдері аралас ауылға көшіп келген кезде өз тіліңде сөйлегеніміз үшін ауыр сөз еститінбіз. Бала кезімде облыс орталығына келгенде өзге ұлт өкілдерінің «Говори на нормальном, человеческом языке, калбит» дегенін естігенде «сонда менің ана тілім «не нормальный» тіл ме?»,-деп қаным қайнайтын. Тіпті мектеп бітірген уақытта жоғары оқу орнына түскенде конкурстан балл жетпей, қаладағы балабақшада бір жыл жұмыс істегенмін. Сол кезде орысша білмегенім үшін көп кемсітетін. Жұмыстан мінездеме алған кезде «Не общительная, потому что незнает русского языка» деп жазып та берген. Неге өз елімде тілім үшін осындай төмен күйде жүруім керек деп ойлайтын едім. Әкем марқұмның жатқан жері жарық болсын, сол кездегі ұран болған «Балаңды орысша оқытсаң адам болады» деген сөзге ермей, бар баласын қазақша оқытты. Ал бүгінде, ата-бабамыз сан ғасырлар аңсаған тәуелсіздігіміз бар, егеменді елміз. Туымыз, әнұранымыз, мемлекеттік тіліміз бар. Бірақ ана тіліміз ең сорлы, бейшара күй кешуде. Менің бала кезімде ана тілімді өзге ұлттар кемсітіп, төмен санаса, бүгінде өзге емес, тілінен, ділінен, тамырынан безген, өз қазағым менсінбейді. Жаныңа бататыны да, осы. Ұлттық құндылықтың қайнар көзі – ана тілімізге құрмет болмаған жерде даму, тұрақтылық, ортақ сана, ортақ сезім ешуақытта болмайды. Қазақ қашанда анасын құрметтеген ұлт. Тіпті тілін де ана тілім дейді. Ана тіліне деген құрметтің болмауы, өз тілінде сөйлемеу – алпыс екі тамырын идіріп, тоғыз ай көтеріп, түнде бесік таянған анаңа деген құрметсіздік.
Тіл - халықтың жүрегі. Ана тілі деген ұғымның түп-тамырында ұлттық болмыс, ұлттық рух, салт-дәстүр мен рухани құндылығымыз жатыр. Жылдан-жылға мемлекеттік тілдің мәртебесі биіктемей, төмендеп бара жатқанын көріп отырмыз. Қазіргі таңда қаракөз қазақ балаларының 30%-ы орыс мектебінде білім алып, тілі орысша шығуда. Жалпы халқымыздың 40%-ы, ана тілін білмейтіндер мен шала сөйлейтіндер болып отыр. Бұл ұлт үшін қасірет. Тіл өлсе, ұлт та өледі. «Ұлттық рухтың негізі - ұлттық тіл»,-деп Мұстафа Шоқай айтқандай, ана тілімізге құрмет болмай, әр қазақтың жүрегінде ұлтына деген сүйіспеншілік болмай, бойында ұлттық намыс болмай, ана тіліміз өзіне лайықты тұғырына қона алмайды. «Балық басынан шіриді» демекші, биліктің өзі ана тіліне жаны ашымайды, жалтақтық танытады. Әйтпесе тәуелсіздік алғалы 30 жылдан астам уақыт өтті, ал бізде ең басты құндылығымыз тілімізді әлі өзінің лайықты тұғырына қондыра алмай келеміз. Ана тілімізді, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін, ұлттық тарихымыз бен мәдениетімізді өскелең ұрпақтың санасына сіңіретін, «Қазақ болу -мақтаныш» дегенді насихаттайттын ұлттық идеология жоқ. Өз тамырымызды өзіміз білмесек, өз тіліміз бен ділімізден өзіміз безіп жүрсек, өзіміз түрлі дінге, түрлі ағымға бөлініп, адасып жүрсек, басқаларға не дей аламыз?! Мемлекет құраушы ұлт ретінде қалай өнеге бола аламыз?! Бала кезімде ана тілім үшін өзге ұлт өкілдерімен күрессем, бүгінде тіліміз үшін, ұлттық құндылықтарымыз үшін, намыссыз қазақтармен күресіп жүрмін. Әр қазақтың санасында өзінің тілі, ділі қашанда биік тұруы керек. Бұл басқа ұлттарды, тілдерді кемсіту емес, өзіңнің ана тіліңе деген құрмет. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін, ол Қазақ елінде тұрып жатқан халықтың ортақ тіліне, ұлтаралық қатынас тіліне айналдырмай, тілдің көсегесі көгермейді. Ол үшін Конституциядағы орыс тілінің мәртебесі алып тасталуы керек.
- 2017-2018 жылы туған балалар қазір 1-сыныпқа барады. Демек, ата-аналарының көбі 1995-1996-дан кейін туғандар. Тәуелсіз елде дүниеге келгендер әлі балаларын орыс мектебіне апарып жүр ме? Олардың қандай қорқынышы бар?
- Баласын орысша сыныпқа беретін ана-ананың екі уәжі болады. Біріншісі, «Қазақ мектептеріндегі білім сапасы төмен, орыс мектептері жақсы білім береді», екіншісі, «қазақша оқыған бала тұйық, өз ойын жеткізе алмайды, орысша оқыған бала озық болады». Көп жылдардан бері мектептермен тығыз байланыста жұмыс жүргізгендіктен, өзімнің байқағанымды айтып өтейін. Бүгінде қазақ мектептері әлдеқашан орыс мектептерінен озып кеткенін білемін. Сондықтан «Орыс мектебіне ол жақта білім сапасы жоғары болғаны үшін береді» деген әңгіме сылтау ғана. Баласын орысша сыныпқа берудегі басты себеп – ата-анасы өздері орысша сөйлеген соң, баласын орысша мектепке береді. Бастарын қатырғысы келмейді. Ал балада таңдау жоқ, бала үшін таңдауды ата-анасы жасайды.
Бүгінде мектептерде бір проблема бар, ол – орыс тілді мұғалімдердің тапшылығы. Кеңес кезінде жоғары оқу орнын бітіріп, бірақ мұғалім болып жұмыс істемеген, көп жыл басқа салада қызмет етіп, мұғалімнің жалақысы көтерілген соң, орыс мектебіне келіп сабақ бере бастаған талай адамды жеке танимын. Яғни, бұл дегеніміз, орыс тілінде сапалы білім беретін мұғалім жылдан-жылға азайып келеді деген сөз. «Орыс сыныбына мамандық иесін табу қиын» дегенді мектеп директорларынан жиі естимін.
Жыл сайын ҰБТ нәтижелерінен де қазақ тілді мектептер оқ бойы озық тұрады. Әлемдік пән олимпиадаларында да қазақша оқыған балалар талай алтын тағып келіп жатыр. Білім гранттарын бөлу жағынан да қазақ тілді топтарға көбірек бөлінеді. Қазақ мектебін бітірген түлектер Еуропада да, АҚШ-тың алдыңғы қатарлы оқу орындарын бітіріп, шетелде де, еліміздің түрлі саласында қызмет етіп жүр.
«Қазақ мектептерінде білім сапасы төмен» деген пікірге айтарым, қазақ мектебінде оқитын талай ұл-қыздарымыз халықаралық түрлі олимпиадаларда, ғылыми жобаларда жақсы жетістіктерге жетіп жатыр. Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелері бойынша да жоғары балл алып жатқандар қатарында қазақ мектептерінің түлектері көп. Алыс-жақын шетелдің оқу орындарына түсіп, талай белесті бағындырып жүрген қазақ тілді ұл-қыздарымыз.
Кейбір қазақша білмейтін мемлекеттік қызметкерлер өз ойын жеткізе алмай, елге күлкі, мазақ болып жүргенін талай көрдік. Қазақтың болашағы қазақ тілінде екенін, баласының болашағына балта шаппау керек екенін бүгінгі ата-ана ұғынуы керек.
Былтыр «Қарашаңырақ» ҚБ аясында «Балаңды қазақша оқыт» деген жобамен 60-қа жуық балабақшаға барып, ата-аналармен рухани-танымдық кездесулер өткіздік. Қазақ тілі, ұлттық құндылықтар жайлы дәрістер оқыдық. Баласын орыс сыныбына беремін деп тұрған біраз ата-ананың ойын өзгерттік. Бұл жерде өзімді толғандыратын бір нәрсе жайлы айта кеткім келеді. Бүгінде өкіл балам болып кеткен, биыл 3-сыныпқа көшкен баланың анасы орыс тілді баласын орыс сыныбына беремін деген. Қазақша оқытуға көндірген едім. Мектепке барғаннан кейін бір аптадан соң бала «мама, мен оқымаймын, апай мені жақсы көрмейді, ұрсады» деп жылап келеді. Анасы дереу маған хабарласып «апай, сіз қазақша оқыт дедіңіз, балам тұйықталып қалды, күнде жылап келеді, оқымаймын дейді» деп қатты ренжіді. Мен болсам, оқытатын мұғалімінің телефонын сұрап алып, сөйлестім, ол кісі «бұл бала қазақ болмайды, тілі орысша, түк ұқпайды» деді ашуланып. «Сіз ұстаз бола тұра алдыңызға қазақ боламын деп келген бір баланы «қазақ болма» деп көкірегінен итерсеңіз, оқыта алмасаңыз, несіне мұғалім болып отырсыз, қалай өзіңізді қазақпын деп айта аласыз?»,- деп қатты айттым. Мұғалім намысты жан екен. Сосын анасына да айттым, «бала оқыту оңай емес, оның үстіне балаңның тілі орысша, мұғаліммен бірге еңбектен, балаңа қолдау көрсет, қиындықтан қорықпа, қажет болса, өзім көмектемесін» дедім. Бүгінде өкіл балам жақсы оқиды, қазақша сайрап жүр. Ата-анасы «Баламызды сақтап қалдыңыз» деп үнемі рақметін айтады. Сөйтіп, «Қазақ еліне бір қазақ» деп, бір қазақтың баласын орыстанудан сақтап қалдық.
Кейін осы оқиғаны әлеуметтік желіге жазғанымда маған қанша ата-ана хабарласып, біз осындай жағдайдан кейін баламызды орысша оқыттық деді. Қанша бала қазақша оқимын деп келсе, мұғалімдер қиынсынып, бастарын қатырғысы келмей, «ой, балаңыз түк ұқпайды, орыс сыныбына беріңіз» дейді екен. Осындай балалар да орыс сыныбына барғандардың статистикасын көбейтіп жатыр. Егер мұғалім мен ата-ана біріксе, баланы оқытуға болады ғой. Жеңіл жолды іздейтіндер бар, сол өкінішті. Осыны қалалық білім басқармасына талай айттым. Қазақша сөйлей алмай барған балаларды «орыс сыныбына беріңіз» дейтін мектептер де бар екен. Жыл басталғанда бастауыш сынып мұғалімдерімен жұмыс жүргізейік дедім. Бірақ нәтижесіз.
- Қазақ тілінде сөйлеуден ұялатын тобыр орта әлі де бар ма?
- Сонау қылышынан қан тамған кеңестік кезеңде қазақ мектебін ашу қиынның қиыны болды. Сол кезде сатирик ағамыз Шона Смаханұлы «Еліміздің келешегі, ұлт болып қалудың түп негізі – отбасы мен ұлттық мектепте» деп жоғары жаққа хат жазып, үй-үйді аралап, қол жинап, қазақ мектебін ашуға бар күш-жігерін салған екен. Сондай заманда ұрпағының қамын ойлаған ағамыздың ерлік әрекетінен біз неге үлгі алмаймыз?
«Оян, қазақ!» деп жырлаған Міржақып, «сары маса» болып ызыңдап, халқын оятпақ болған Ахметтердің бүгінгі ізбасарлары - ұлт жанашырлары бірігіп ұлт болашағы үшін тілді сақтап қалуға жұмылуы керек! Өзге тілділерге «қазақша сөйле!»,-деп «таяқтап», олардың тарапынан агрессияға ұшырап тілді де, қазақты да жеккөрінішті еткенше, елдігіміздің бекемдігін, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуын ойласақ, тіл – бөлінудің емес, барша халықтың бірлігі мен ынтымағының құралына айналуы тиіс. Бір елдің азаматтары болған соң тіліміз де бір болу керек. Бір тілде сөйлеуіміз керек. Жер ортақ, ел ортақ болған соң, тіліміз де ортақ болу керек. Қазақстанда тұратын, қазақтың нанын жеп, суын ішкен әр азамат, мемлекеттің тілін меңгеруі керек. Сонда ғана біз бір елміз деп айта аламыз.
Өз тілімізді өзіміз сыйламасақ, өз ұлтымыздың болашағын өзіміз ойламасақ, өзгеге де оның қажеті жоқ екенін, қазақ тілінің болашағы қазақтың ғана қолында екенін өзіміз де, өзге тілді өз ұлтымызға да түсіндіруіміз керек. Ит екеш ит те өз тілінде үріп, торғай екеш торғай да өз тілінде шырылдайды. Мал да төлімен өз тілінде ұғынысады. Ендеше, біз неге өз тілімізден безіп, өзге тілге телініп, жүреміз? Егер біз тіл мәселесін бүгін жөндемесек, қорқыныштысы, 22 ғасырда қазақ болып қала алмаймыз.
Әлеуметтік желіден Теріскейге қоныс аударған бауырларымыздың дәрігер жазып берген анықтаманы түсінбей қиналып жүргенін оқыдым. Өз елінде жүріп тіл мәселесінен қиындық көріп жүрген қазақ ғана шығар... Тәуелсіздігіне 30 жыл толған, егемендігі бар, дербес ел үшін бұл ұят нәрсе емес пе?!
- 1-сыныпты орыс тілімен бастаған оқушылардың болашағы қандай болады? Олар түбегейлі "орыстана ма?"
- Өкініштісі өзге емес, өз қазағым балаларын өзге тілде оқытуға құмар. Осындай намыссыздар ана тіліміздің қолдану аясының кеңеймей, жыл сайын орыс мектептерінің азаймауына үлес қосып отыр. Тіпті өзге ұлт өкілдері қазақ тілін үйренуге құлшыныс танытып жатқанда, өз қазағымыз ұрпағын орыс мектебіне сүйреп, орыстануға дайын. Салдарынан өз тілін құрметтемейтін, өзге елге қарап елеңдеп тұратын, дүбара ұрпақ саны артып келеді. Олардың уәжі баяғы, кеңес кезінен мұра болып қалған стереотип – қазақ мектептерінде білім жоқ, орысша оқыса алғыр, пысық болады, қазақша оқыған бала тұйық, ұялшақ, өз ойын жеткізе алмайтын болады дейді.
Тувалық құрбымның айтуынша, қазір олардың тілдеріне қысым келтіріліп, мектептері жабылып, жаппай орыс тіліне көшіру саясаты жүріп жатыр екен. Тіпті Үкіметтерінде «Орыс тілінің инспекторы» деген штат бар екен. Ол балалардың орыс мектебіне баруын қадағалап отырады екен. Біз тілімізден айырылып барамыз деп мұңаяды құрбым. «Сендер тәуелсіз елсіңдер ғой, әлі орыс мектептері бар ма?»,- дейді. Әрине, өзге тілді біл, «жеті жұрттың тілін» білуге ұмтыл, бірақ ең алдымен өз тіліңді құрметте, тіліңе деген құрмет, еліңе, жеріңе деген құрмет болуы керек. Ал жерге деген құрмет тілден басталатынын ұмытпауымыз керек.
«Аралас мектеп екі тілді дегенімен, көбіне орыс тіліне басымдылық беріліп, мектепішілік іс-шаралар орысша өтіп жатады. Себебі орыс тілі бәріне «түсінікті, ыңғайлы» тіл дейді. Ал бұл жерде сол аралас мектепте оқитын қазақ тілді оқушылардың, ұстаздардың өз тілінде ақпарат алу құқығы ешкімді қызықтырмайды. Дәліздегі оқушылар бір-бірімен орысша сөйлеседі. Мектеп директорымыз қазақ болса да, қазақ тілін менсінбейді. Қазақ тілінің ұстаздары бейшараның халін кешіп жүрміз»,-деген еді елордалық аралас мектепте істейтін құрбым.
Бірер жыл бұрын қаламыздағы мемлекеттен қаржыландырылатын балабақшалардағы көрнекіліктердің бәрінен өзге ұлттың «иісі» шығып тұрғанын, бүлдіршіндерді өзгенің идеологиясымен тәрбиелеп жатқаны жайлы жазған едім.
Аралас мектептердегі ата-аналар жиналысының басы қазақша сәлеммен ғана басталып, орысша өтетінін көргенмін. Біраз жыл бұрын №80 мектеп қазақша болып ашылып, өз қаракөздерім «ұлардай шулап» бізге орыс сыныбын ашыңдар деген соң, аралас мектепке айналып кеткен болатын. Тіпті «Орыс сыныбын ашпасаң, Путинге айтамын» деген оқиға болған жерде өзім болдым, көзіммен көрдім, құлағыммен естідім. Мұны да айтып тұрған өзімнің қаракөз қазағым, ұлтын ойламайтын, санасы отарланған, намыссыз, мәңгүрт қазақ.
Аралас мектептің шақыруымен жиынға бардым. Мектепті таба алмай жүріп, кездескен қаракөз баладан: Балам, №35 мектеп қайда?,-деп сұрадым. Көзі бақырайып. «Я вас не понимаю», дейді. Орысша сұрадым. Қазақсың ба?,-десем, қазақпын дейді. Түрі қазақ, тілі мен ділі бөлек екен. Бір ауыз сөз қазақша сөйлемек түгілі, дым түсінбейді. Осыған қарап, жалпы аралас, орыс мектептерінде оқитын балаларға мемлекеттік тіл қандай деңгейде оқытылады?,-деген сұрақ еріксіз туындайды екен. «Мұғалім өзі үшін бәрібір қояды»,-деп қазақ тілден «өтірік» бағалар алып жүрген оқушыда мемлекеттік тілді білемін деген құлшыныс бола ма?
Ал жүрегінде мемлекеттің тіліне деген сүйіспеншілік болмаған баладан елін, жерін ойлайтын патриот шыға ма? Олар орыс тілін «ана тілім» деп оқып, солай қабылдайды. Ана тілін оқытқанда адамда бір-ақ ана тілі болатынын, ол туған топырағының нәрімен, ата-бабасының қанымен, анасының сүтімен берілген тіл.
Қазақ ғана өз тілін әр адамзат баласы үшін киелі, қастерлі ұғым ана сөзімен атайтынын қазақ болып туған, бірақ тілі мен ділі өзгерген өскелең ұрпақтың жетесіне жеткізу керек деп ойлаймын. Өкініштісі, аралас мектептердің мәселесі қаншама жылдан бері айтылып жатса да, әлі де шешімін тапқан жоқ.
Кеңес кезінде «орысша білмесең, адам болмайсың!» деген ұранмен бірталай қазақ баласын орысша оқытты. Өкініштісі, бүгінде көптеген зиялы қауымның ұрпағы өз тілінде сөйлемейді, әкесінің, атасының қазақша жазған дүниесін оқымайды, түсінбейді. Сонда егер өз ұрпағына өз тілін үйрете алмаған ұлылардың жазғанын өз ұрпағы түсінбесе, онда өз ұрпағына тәлім бере алмаса, басқаға не ақыл айтпақ? Ауыр болса да, шындық, осы. Бірақ ауылда қазақша білім алған аға-апаларымыз қазіргі зиялы көшті бастап тұр емес пе? Барлық ақын-жазушыларымыз, белгілі қоғам және мемлекеттік қайраткерлері, өнер мен мәдениет саласының майталмандары қазақша оқыды емес пе? Олар сонда кімнен кем екен?!
- Мектеп қабырғасында қазақ сыныбына да, орыс сыныбына да орыс әдебиеті үйретіледі. Неге? Бұл пәннің бізге қандай қажеті бар?
- «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім ал» дейді ғой. Тіл білгеннің артығы жоқ, әрине. Дегенмен, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» деп ақын Қадыр Мырза-Әлі айтып кеткеніндей, бала ана тілімен сусындап өсуі керек. Орыс әдебиетінің орнына «Әлем әдебиеті» деген пән енгізілуі керек деп ойлаймын. Балалар оны жеке пән ретінде емес, әлем әдебиетінің бір бөлімі ретінде ғана оқуға тиіс деп санаймын. Өйткені біздің балаларымыздың әлем әдебиетін оқуына аз көңіл бөлінеді. Әдебиет құндылықтарға тәрбиелейді. Толстойды оқыған бала Байронды да, Шекспирді де оқуы керек деп ойлаймын. Біздің балаларымыз қандай құндылықтармен тәрбиеленіп жатқанына көңіл бөлуіміз керек. Қазақ әдебиеті мен әлем әдебиеті бөлек оқытылатын пәндер болуы керек. Өйткені бір жылдары қазақ әдебиеті пәнінен бас тарту жайлы да пікірлер болған.
- Ұлттық құндылықтарымыздың ұлықталмауының артында «ұлттық» дүниелерді бойға дұрыс сіңірмеген ұрпақ тұр ма?
- Біз кеңестік заманның теперішін көрген, айдауымен жүрген, санамыз отарланған ұрпақпыз. Қазақ мектептері жабылып, қазақша сөйлегеніміз үшін қысым көрген, тіліміз үшін күрескен, ұлттық құндылықтарымыз, тарихымыз бен руханиятымыз ұмыт бола жаздап, шын мәнінде «мың өліп, мың тірілген» қазақтың ұрпағымыз.
Бүгінгі жас ұрпақ - тәуелсіз елдің санасы азат жастары. «Неге қазақша сөйлейсің?»,-деп оларға өз елінде ешкім қысым жасамайды. Бірақ, азат елдің азат ұрпағының өз тілінен, өз ділінен безіп, ұлттық тамырын тәрк етіп, ұлттық құндылықтарынан, салт-дәстүрінен ажырап бара жатқаны өзегіңді өртейді.
Ұлттың ұлт болып қалыптасуының бастауы - ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Ұлттық құндылықтарымыз – ұлттың қорғаны. Өткен заманда ата-бабаларымыз «ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен» жерімізді кейінгі ұрпақ үшін қорғап қалды. Ал біз тәуелсіздігіміздің қадірін білмей, өз қағымыздан өзіміз жерініп, жаһандануға жұтылып барамыз. Ұлт қайраткері Мұстафа Шоқай: «Ұлттық құндылықтардан жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халықтың мүддесі мен мұқтажын жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды», – деген екен.
Ата-бабаларымыз «Ұят болады, жаман болады, обал болады» деген ұстаныммен адал ұрпақ тәрбиелеген. Обал мен сауапты ұқтырған, жаманнан жирендірген, жақсыға үйреткен. Бүгінде қоғамда небір жантүршігерлік оқиғаларды естиміз. Тіпті ести-ести етіміз де үйреніп кеткен. Қай саланы алсаң да, жемқорлық дендеп тұр. Қазақ «Судың да сұрауы бар» деген. Ұлтқа қызмет ететін, халқын ойлайтындар аз. Жеке басын ойлап, дүние қуып, қалтасын ойлағандар, ұлттың тамырына, ұрпақ болашағына балта шауып жатыр. Жүрекпен қызмет ететін жанашырлар аз. Талай жыл шенді-шекпендінің есігін қағып жүрген кезімде ұққаным, ұлт құндылығын бойына сіңіріп өспеген ұрпақ үшін ұлттық құндылықтың да, тілдің де, ділдің де құны бес тиын. Әлі де қазақша сөйлесең ауылдан келген сияқты, орысша сөйлеу мәртебелі, мәдениетті деген түсінік бар. Қай салада болмасын қазақ тілі міндетті болмай, қазақ қоғамы жаппай қазақша сөйлемейді.
- Тек қана «қазақ тілді» мектептердің азаюында мемлекеттің кінәсі бар ма? Қазақ тілді мектептердің көбеюіне Заң, жоба, жүйе қажет пе?
- Бұл сауалыңызға жауабым біреу-ақ. Баласын «қазақша оқытамын, қазақ боламын» деген ата-ананың ойын өзгертудің жолы біреу-ақ. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін, өзінің лайықты тұғырына қондыру үшін Конституциядағы орыс тілінің мәртебесі алып тасталуы керек. Қазақ тілі Қазақ елінде тұрып жатқан халықтың ортақ тіліне, ұлтаралық қатынас тіліне айналдырмай, тіліміздің көсегесі көгермейді.
Астанада былтырдан бері балабақшаларда орыс топтары азайып, биыл баратын балаларға орыс топтары ашылмайтын болғанын естіген едік. Сөйтсек, «Қазақстандағы балабақшаларда орыс тілді топтарды сақтап, орыс топтарын қайтарыңдар» деген петицияға қол жинап жатыр екен. Ең сорақысы, «баламызды орыс тобына бергіміз келеді» деп ұрандатып жүргендердің басым көбі өзіміздің қаракөздер. Не дейміз!?
Сұхбаттасқаныңызға рақмет!