Мұстафа Өзтүрік және оның шәкірті

Дереккөзден

ТАНЫМ
596

Бірнеше күн бұрын Астана қаласында жұмыс бабымен жүрген Мұстафа Өзтүріктің шәкірті, қара белбеудің 6-дан иегері, таеквондодан ардагерлер арасындағы әлем чемпионатының үш дүркін чемпионы, Алматы қаласы таеквондо федерациясы кеңесінің басшысы, «Жекпе-жек» ұлттық спорт федерациясының вице-президенті Исатай Қабековпен танысудың сәті түскен еді. Орайы келген жүздесуде қазақ таеквондосының іргетасын қалаған азаматтардың бірі де бірегейі Исатай Шотанұлымен әңгіме-дүкен құрдық.

Исатай Қабеков 1967 жылдың 28 мамырында Павлодар облысының қазіргі Ақтоғай ауданына қарасты Шұға ауылында туып өскен. Сол ауылдағы сегіз жылдық мектепті бітірген соң, Павлодардағы мал дәрігерлері техникумында білім алады. Содан соң екі жыл әскер қатарында қызмет етті. Отан алдындағы борышын атқарып келгеннен кейін бойдағы қабілетін шыңдап, Алматыда суретшінің оқуына тапсырмақ болады. Бірақ оқу орнына түсе алмай қалып, құрылыста жұмыс істеуге тура келген екен. Соның арқасында тас қалаушы мамандығын игеріп алған. Бір жыл кейін қазіргі О. Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжіне суретші мамандығы бойынша оқуға қабылданған ол спортты да жанына серік етеді.

«Алғаш Алматыға барған кездері қалада каратэ және кунг-фу спорт түрлеріне жасырын қатысып жүрдік. Құрылыста жүргенде үш күн каратэге, үш күн кунг-фуге барып машықтанып отырдым. Үш жылға жуық осы спорт түрлерімен тұрақты шұғылдандық. 1990 жылы Алматыдағы Цирк ғимаратында Мұстафа Өзтүрік деген таэквондошы келетіні туралы хабарландыруларды көрдім. Циркке барсам, сол кісі өнер көрсетіп жатыр екен. Түрлі трюктер жасап, өз өнерін көрсетті. Жиылған жұрттың таңданысын көрсеңіз ғой... Кейін оның иығына шапан жауып біздікілер де құрмет танытты.

Ол екі адамға қара белбеу табыстады. Оның бірі — Қазақстан Республикасы таеквондо федерациясының бірінші президенті Бексейіт Түлкиев болса, екіншісі — кикбоксинг шебері Асқар Әбдірахманов болатын. Сол кездері олардың бірі федерация басшысы болып тағайындалса, екіншісі Қазақстанда ең алғаш ашылған Мұстафа Өзтүрік атындағы мектептің директоры болып бекітілді. Бұл кездері біз жатақханада тұратынбыз. Бір күндері бір балалар келіп, дәл біз тұратын жатақхана жанынан Мұстафа Өзтүріктің мектебі ашылғанын айтып келді. Бір топ бала жетіп бардық. Барсақ Асқар Әбдірахманов жаттығу өткізіп жатыр екен. Қатысуға жазылдық. Асқар ағамыз бізге әдіс-тәсілдерді көрсетіп жатты. Ал оның қасында 7-8 үлкендеу жігіт бар екен. Олар бір жарым жылдан бері кикбоксингпен айналысқан, былайша айтқанда жаттықтырушының көз алдында дайындалып жүрген балалар болып шықты. Бастапқыда бізге көрсеткен жаттығулар жалықтыра бастаған соң Асқар ағаға барып, ересектермен дайындалғым келетінін айттым. Басында маған сенімсіздік білдіріп, райымнан қайтармақ болды. Бірақ мен өзімнің де үш жыл дайындалғаныма сеніп тұрған едім. Жалпы таеквонда өнері Қазақстанда 1992 жылдан бастап қана таза өткізіле бастады. Оған дейінгі жарыстың бәрі каратэ болатын. Сондықтан бұл спорт түрінен де өзімді дәлелдей алатынымды жеткіздім. Бір кезде салмағы 90 келі болатындай Альберт деген бір спортшыны шақырып алды да орысшалап «Оған қатты соққы жасап, жараққаттап алма» дегендей ескерту жасады. Сосын  «Хаджиме» деген пәрмен берді. Яғни, баста дегені еді. Осы сәтті күтіп тұрған мен өзімнің үйреншікті әдісіме салып, қарсыластың бетінен ұрып, секіріп келдім де тамағынан тептім. 90 келі жігітіміз дүңк етіп жерге сұлап түсті. Залдың бәрі түсінбей қалды. Екінші қарсыласымды да құлаттым. Содан кейін менен спортпен бұрын айналысқан-айналыспағанымды сұрады. Бұрын шұғылданбағанымды, училищенің бірінші курсында оқып жатқанымды, ауылдан енді келген адам екенімді айттым. Бұған дейінгі үш жыл дайындалғанымды жасырдым. Содан ол кісі мені Алматы қаласындағы қазіргі оқушылар сарайында ашылған Мұстафа бастаған таэквондошылардың үлкен залына шақырды. Содан күзде Алматыдағы оқушылар сарайына Мұстафа Өзтүрік келді. Бірінші рет сонда таныстық. Залда 15-16 жастағы балалардан бастап, 35-40 жасқа дейінгі спортшылар сап түзеп тұрды. Ол уақытта кішкентай балалар жаттықпайтын. Асқар аға мені сол сәтте атақты таекондошымен таныстырды. Мектебіндегі аға жаттықтырушы екенімді айтып мені көрсетті. Сонда Мұстафа Өзтүрік менің атымды сұрады. «Исатай» деп едім. Ол кісі маған «Сен бүгіннен бастап Исатай емес, маған Исахан боласың! Менің әскерім боласың» деді. Келістім. «Бірақ саған бір тапсырмам бар. Жаттығуды тек қана қазақ тілінде жүргізесің» дегенді айтты. Содан бастап, күні бүгінге дейін жаттығуларымызды тек қана ана тілімізде жүргіземіз. Біз осылай танысқан едік.

Кейін бір-бірімізге жақын адам болып кеттік. Қазақстандағы көз көрген кез келген таеквондошыдан сұрасаңыз Мұстафаның шәкірттерінің арасындағы ең жақсы көретін шәкірті мен болғанымды айтып беруге тиіс. Жанында жүрдім. Қазір Жапонияда тұратын 1990 жылғы ұлым бар. Соның атын Мұстафа Өзтүрік Әбдірахман деп өзі қойды. «Сынықтан өзгенің бәрі жұғады» демекші Мұстафа жеті тіл білген болса, менің балам бүгінде бес тілде сөйлейді. Ол кісінің анасы бір жылдары менің үйімде тұрды», - деді сөзге жүйрік ағамыз.

Шәкірт пен ұстаз бір-бірімен тығыз қарым-қатынас орнатады. Кейіпкеріміз тәлімгерінен көп дүниені көріп-біліп алуға құштар болды. Сол кісінің жаттықтыруымен жарыстарға шығып жүрді. 1992 жылы Қазақстанның ең алғашқы құрама командасы ретінде Түркияда ел намысын қорғағандардың бірі болды. Дайындықтың нәтижесінде жүлдегер болды. Осыдан бір жыл бұрын оның ұйымдастыруымен Павлодар қаласында алғаш рет таэквондодан республикалық семинар өтті. Сонда Бексейіт пен Асқар ағаларынан кейін алматылықтар арасынан алғашқылардың бірі болып Ақан Диқаев екеуі таеквондодан қара белбеу иеленді.

«Пенде болғаннан кейін келіспеушіліктер мен түсініспеушіліктер болып тұратыны заңды ғой. Бірде Асқар ағамыз мені аға жаттықтырушы қызметінен алып тастады. Сол сәтте залда тұрған жігіттердің көзінше олай болса кететінімді және менімен бірге тағы кімдердің кеткісі келетінін сұрадым. Сонда көп бала соңымнан еріп, менімен бірге кетті. Залда 20 шақты ғана бала қалды. 1990 жылдан бері өзім жаттығу өткізіп келген Таукөлдегі Ахмет Байтұрсынов атындағы мектепке көшіп алдым. Күн сайын таңертең екі сағаттан мектепте екі жаттығу жүргізіп жүруші едім. Түскі астан кейін тағы екі жаттығу өткізетінмін. Бұдан кейін таксимен оқушылар сарайына барып, Асқар ағамыздың жаттығуына қатысатынмын. Одан соң қалып тағы екі сағат  жаттығу жасайтынмын. Міне, сол мектепке түбегейлі орналастым. Біршама уақыттан кейін 1000-ға жуық баламен Бексейіт аға басқарып отырған федерация құрамына қосылдық. Федерацияны көтеруге қолғабыс еттік.

Түркияға жасаған сапарымыздан соң, 1995 жылы Корея мемлекетіне жарысқа бардым. 1998 жылдары Ресейдің округтарынан келген спортшыларды да жаттықтырдым.  Бүгінде 1990 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан меткебім, өз атымдағы клубтарым бар. Өкінішке қарай, мен кеткеннен кейін Алматыда ашылған Мұстафа Өзтүрік атындағы мектеп жабылып қалды. Кейін федерациядан да кетіп қалдық. 1993 жылы ағамыздың мектебін қайта жалғастырмақ болып, Асқар ағаның алдына бардым. Тоқтап қалған мектепті маған берсе, жұмысын қайта жүрізетінімді жеткіздім. Бірақ ол кісі бермей қойды. Ал қазір мұндай мектептерді қалағаныңша және өз бетінше аша беруге болады. Ол кезде заман басқаша еді. Алматыда бұрын «Дәулет» деген қонақ үй болатын. Сонда Мұстафа Өзтүрік бар екен. Жоғарыдағы жағдайға байланысты соңымнан он шақты шәкіртімді ертіп алдым да сол кісіге бардым. Бір адамның атынан екі мектеп аша алмайтынымызды, шәкірттерім кезекті мектепті менің атымнан ашқысы келетінін айтып едім. Ағам қуанып кетті. Батасын беріп, тезірек іске кірісу керегін айтты. Сөйтіп «Истай» атындағы кәсіпқой спорт клубы ашылды.

 Бүгінде бұл клубқа 31 жыл толды. Шәкірттерім республикамыздың чемпиондары. Өзім де олардан қалыспай жүрмін. Ардагерлер арасында таеквондодан үш дүркін әлем чемпионы болдым. Қазіргі уақытта қара белбеуден 6 дан иегерімін», - деді даңқты азаматтың ізбасары,

Осыдан соң әңгіме ауаны Мұстафа Өзтүрік айтқан сөздер мен естеліктерге қарай ойысты.

«Мұстафа Өзтүрік бірде бізді бір ғимараттың шатырына алып шықты да «Пумсэ» деген техника түрін көрсетуді бұйырды. Мен көрсетіп жатыр едім, кенет «Тоқта!» деп бұйырды. Ал өзі кетіп бара жатыр екен. Шатырды айналып, қолына қара таяқ тәріздес дүниені ұстап  бізге қарай келе жатты. «Тәсілді қате орындағаным үшін жазаламақ па?!» деген де қорқынышты ой туды. Сөйтсек, қолындағысы темір сүймен екен. Сонымен шатырдың беткі қабатына төселген қарақағазға «Ж» әріпі тәріздес сызба түсірді. Іле «Осы сызық бойымен техниканы орындап, бастаған жерге қайта оралуың керек» деп ұғындырды. Айтқанын айна қатесіз орындап беріп едім. Бір қолымен құшақтап «Міне, енді дұрыс болды» деді. 

Енді бірде Мұстафа ағамызбен бір жарым айға жуық хабарсыз кеттік. Содан бір күні қайда жүргенін анықтап, хабарластым. Сөз басын көптен көріспегенде айтатын әдетімізге салып: «Ой, аға! Сізді таппай қалдым ғой...» деп бастап едім, ол кісі бірден: «Әй, Исахан! Мұндайыңды қой. Сен егер мені ұшқан құстан сұрасаң, қайда екенімді айтады» деді. Сонда ұялғаным-ай. Бұдан кейін мұндай сөзді айтпайтын болдым. 

Тағы бір жайтты өз көзіммен көрген едім. Алматының Шелек ауданы 60 жылдық мерейтойын атап өтті. Соған барар алдында дайындығымызды Мұстафа Өзтүріктің өзі бақылауына алды. Аяқ-қолға арналған кешенді жаттығулар кезінде біраз қатысушы «Пумсэ» техникасын жөнді орындай алмадық. Осыны байқаған Мұстафа дәл осы жаттығуды бәрімізге 100 мәрте жасатты. Нәтижесі жаман болған жоқ, ауданға барып сәтті өнер көрсеттік. Ұстазымыз ризашылығын білдірді. Сосын сол маңдағы киіз үйлердің бірінде үлкен кісілермен бірген Мұстафа да дастарханнан дәм татты. Мен де сол жерде болдым. Киіз үй іші жақсы безендірілген. Бір бұрышта сандық, тағы бір бұрышта жүк жиылған. Отырған қауым өзара шүйіркелесіп отыр. Кенет киіз үй ішіндегі ақсақалдардың бірі Мұстафаға «Елдің бәрі сені аузынан тастамайтындай қандай кереметтігің бар? Көрсетші, кәне» деді. (Мен сол сәтте көргенімді сөзбен айтып жеткізе алмайтыным анық. Бірақ бұл шынымен де болған жайт). Осы сөзден кейін малдас құрып отырған Мұстафа қолын жерге тіреместен бір-ақ сәтте сандықтың үстіне сол күйі отыра қалды да, қайтадан жерге гүрс етіп жайғасты. Оның қалай және қандай тәсілмен бойын жазып, қолын тіреместен қас-қағым сәтте көтеріліп, жерге қайта қонғанына әлі күнге дейін таңқаламын. Мұны аса көп адам көрген жоқ. Десе де, ол осылай әлгі ақсақалдың ауызына құм құйғандай жауап берген еді. 

Ол қайтыс болатын жылы депутаттыққа түсті. Еңбекшіқазақ ауданы бойынша біз оған дауыс жинауға көмектестік. Қазіргідей емес, ол кезде тұрғындардың есігін түнде де қағып, дауыс жинай беруші едік. Есік пен Түрген жақта көбіне түріктер көп тұратын. Өз кандидатымыз Өзтүрік болған соң олардың бәрі сол ұқсастықты ұнатқаннан қол қойып беретін. Бірақ, ол кісі депутаттыққа өте алмай қалды. Сол жылы 1 наурыз күні ол кісі Германияға ұшып кетті де, мен Павлодарға жол тарттым. Сол күні қоштасқан едік. Ал ағамыз сапарынан оралған соң 15 наурызда қайтыс болды. Қаралы хабарды естігенде сене алмадық. Естуімше, қонақта отырған кезінде екі бүйрегі сыр берген деседі. Тексергенде екі бүйрегі іріп кеткен екен дегенді де естідік. Бала күнгі досы — Мәметтің айтуынша, Мұстафаның соңғы сәтінде аурухана қызметкерлері қасына ешкімді кіргізбеген. Оның сөзінен үлкен өкінішті байқадым. Өйткені, әр адамның отбасына, достарына айтар бір аманаты болатынын анық қой. Досы Мұстафаның соңғы сөзін ести алмағанына қапалы еді», - деп күрсінді Исатай Қабеков.

Бүгінде Исатай Қабеков ұстазының атындағы дәстүрлі жарыстарды өткізіп жүр. Әлі күнге дейін спортпен шұғылданады. Шәкірттерін таеквондо өнерінің қыр-сырымен таныстырады.

 

Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ

Астана қаласы

 

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...