«ШӘКИЗАДА БАЛУАН» яки ескерусіз қалған ерлер (деректі хикаят)

Фотосурет: мақаланың авторы ұсынған

Спорт
1519

Иә, Баян-Өлгий аймағында «Шәкизада балуан» дегенді ешкім білмейтіні рас. Ал, өз басым осы Шәкзаданың алып күші туралы өз ауызынан естігенде, қазір бүкіл ел білетін атақты балуандарымыз Қожағапан, Әбдіғажы, Нұрқадыл, Айдаубай, Түсіп Бақый, Нәжікей, Борбан, Зуқай, Оңалхан, Бақыт, Х.Құрметхан, Мұрат, Қанат, Қапшан Құрметбек... берідегі Әсен, Айдос, Береке, Еркебұлан,  Ерболат, Мұстапа, Серіктерден күші артық болмаса да кем емес шығар деген ойға келіп қатты таңқалған едім. Содан, бұл балуан ағамыз неге көпке танылмай елге белгісіз болып қалды, деп түп себептерге де үңіліп, осы жазбамды қолға алғам-ды.

Алтайдағы арғы керей қазағы мен Қобда бетіне ауған шыбар керей қауымы бұл күнде өзіміз «спорт» деп атап кеткен балуандық өнерге онша көңіл бөлмеген сияқты. Өйткені, ауыз аңыздарда бәлен балуан дегеннен гөрі бәлен батыр деген көп айтылады. Және, моңғол ағайындардың ішіндегі дөрбет тектілердің саны баянөлгийлік қазақтардан әлдеқайда аз болса да үкіметтік ең жоғары атаққа ие болғандардың көбі сол дөрбеттер. Қанша жылда қазақтан «далай, даян, дархан аварга» (даңқты, даңғыл, дара саңлақ ) біреу де шықпады, ал оларда ондап саналады. Онда, бұ қалай? Олар дене-пішін, қай жағынан да қазақтардан көп өзгешелігі жоқ. Жер жағадайы, ауа-райы да өте ұқсас, ішкен-жеген тамақтың да айырмашылығы шамалы. Енді, қандай себеп бар? Ойлай келе, моңғолдар балуандық өнерге өте жан-тәнімен берілгенін байқадым. Ал, біз қазақтар ондай емес екенбіз. Өз басым, бала-бозбала күннен бері жоғарыда аттары аталған атақты балуандадың көбімен етене таныстығым бар екен, кейбірі жерлестерім. Қожағапан атамыз, Бұлғын сұмында өткен бала күнімнен бері көз алдымда, анандай жерден қарағанда мініп келе жатқан астындағы үлкен аты кішкене тай секілді көрінетін, сондай алып адам еді. 

Қырқыншы жылдарда Хұжырты-Бұлғын халықы Алтайға қарай қашып асып босқын болған шекара әлеметіне қатысты Қожағапан жиырманың ішіндегі дер жасында жаламен ұсталып, ұзақ жылға сотталған екен. Зүүнхара лагерінде болыпты, саяси қылмыскерлерді Ресейдің Сібіріне мәшинеге тиеп жөнелткелі жатқанда, лагер бастығы басқа кісіге ауыстырып алған, дейді. Сөйтсе, сол өзін арашалап қалған азамат бірнеше жыл бұрын аймақаралық бәсекеде өзі жыққан увслық балуан болып шығады. (Ол да сотталып кейін ақталып сонда бастық болыпты) Қожағапан лагерде бір өзі үш кісінің жұмысын атқарыпты, алып қазаққа қызыққан бастықтың бірі жазғы үкіметтік тойда Уланбатырға жасырын апарып күрестіргенде «Маршал Чойбалсанның балуанын» жығып бәлеге қала жаздаған қызығы және бар. Сөйтіп, мойынындағы пайын артық орындағанның арқасында алған жазасынан ертерек шықса да жасы отыздың ішін аралап қойған кезі екен. Шыға сала үкіметтік тойға күресіпті. (Үкіметтік той дегенге сол елдің ең мықтылары таңдалып жыл сайын 512, елу жыл сайын 1024, гинес үшін 6016 балуан күреседі) Сонда, атақты бір моңғолдың абыз жасауылы Қожағапан балуанның мүсіні мен қимылына сынай қарап отырып: «Қап-ай, ә!» деп қатты өкініпті, «жиырма жасында біздің  қолға келген болса, алдын бермес, авырғының нақ өзі екен, жасын өтікізіп алыпты, енді начиннан аспайды, әттең!..» депті. (Мемлекттік атақтың алғашқысы) Айтқаны айдай келеді, моңғолдың балуан жасауылдары да қазақтың ат бапкері мен қыран бапкерлері секілді асқан қырағы, сұмдық сұңғыла екені елге аян.

Одан кейін, «улсын начин» атағы бар Нұрқадыл балуан менің дәргер кезімде Бұлғын сұмынындағы Төңкей деген мұғалім баласының үйіне келіп жатқан кезінде, дәргерханаға жатқызып емдеп, ықыласын алған едім. Сондағы өзгеше бейнесі мен айтқан әңгімесі әлі есімде. Екі қолтығына екі балдақ тіренген, көлденең тұрқы шамамен метрдей төрт бұрыш  сынтас секілді алып қария қаралуға келді. «Балам, енді өзің емдеп көр! Өлгейдің дәргерлері бауырың жарамай қалған май жеме, ананы жеме, мынаны жеме деп, аштан қатыра жаздады. Содан, құдылданың дарғысы (сауда ұйымның бастығы, дегені) Қапшанға барып едім, іскладтарынан төрт-бес қанар қойдың құйрық майын  алғызып берді. Соны кемпірім асатынын асып пысырып, қуыратынын қуырып беріп, жегенімде алты айырығымнан терлеп бір жырғадым. Әйтеу, қайтып емдесең де тамақтан тыйма!» деді. Оңаша палатаға жалғыз жатқыздым, бауырын жақсартатын дәрінің түрін де толық тағайындадым. Дәргерхананың қатаң тәртібінен тыс, балуанға кез келген уақытта адамдардың ас-су әкеліп кіргізуіне арнайы рұқсат еттім. Әрине, бізге қатты разы болып батасын берді. Енді, сол кездегі балуанның ауру меңдесе де, қанша қартайса да жартастай болған мүсіні, моңғолдың атақтыларынан артық болмаса кем емес еді ғой!? Ал, қартайғанда мұндай болса, жас кезінің қуаты тіпті, алапат болғанын айтып жатудың керегі не? Бірақ, «улсын аварга» (ел саңлағы) бола алмаған, себеп әрине, бізде қазақта қолдаушы мен дайындаушы кем. «Әбдіғажы заан» (ел бойынша піл-балуан) деген балуанды көрмесек те, ол кісінің  қазақтан шыққан бірден бір ең жоғарғы атаққа жеткен жалғыз балуан, одан ары қалай не болғаны бізге мәлім емес.

Содан, шамамен отыз-қырық жыл «үкіметтік атаққа» қол жетпеген ұзақ үзілістен кейін Бақыт балуан шығып келді. Ал, осы аралықта жоғарыда аттары аталған, бәлкім аталмай қалған Борбан, Нәжікей, Зұқай, Оңалқандар да «аймақтық арыстан» деген атақтан аспады. Өз басым осы аталған ағаларымды түгелдей көзбен көріп, көңіліме түйген егей азаматтар еді. Егер, осы қазақ балуандарды, анау «далай даян» Мөнхбат, Баянмөнх, Түвдэндорж, Батэрдэнэдермен қатар тұрғызсақ дене тұлғалары олардан кем түспейтін, иық тіресетін алып тұлғалар болатын. Онда, неге «үкіметтік саңлақ» сапына жете алмады? Тағы да, сол біздің қазақтың балуандыққа деген салғыртығы дер едім. Иә, осы сөзімді қуаттау үшін Бақыт балуанның үкіметтік саңлаққа жетуінің өзі, бозбала жасынан моңғол балуандарының сапына барып, дәл солардай жаттыққанның арқасы десем, қате болмас. Бірақ, атақты Әбдіғажыдан  кейін «улсын харцаг-начин» (ел бойынша алғыр қыран) деген атаққа жетсе де неге «улсын заанға» (піл-балуан) жете алмады. Тіпті, «заанға» да жетіп тұрған екен. Қас-қағымдай уақыттағы қарсыласының тәсілі ғана Бақыттың уысынан  «заанды» тигізбей қағып кеткен. Яғни, сол «заанды» алуға ең үміт еткен жылы, «цагаан сар» (моңғолдың ұлттық жаңа жылы) күрес бәсекесінде Бақытқа шақ келмей жығылып жүрген тағы бір өзі теңдес Мөнгөн деген атақты балуан, дәл сол «заанның» тағдыры шешілетін үкіметтік тойдағы жетінші «даваада» (күрес кезеңі) Бақытпен бетпе-бет келеді. Екеуі дүйім жұрттың көз алдындағы ашық той алаңында аңдысу сәтінде жүр, бүкіл ел, әсіресе, баян-өлгийліктер тынысын ішіне алып  тым-тырыс болған кез, екі балуанның бір-бірінен көз айырмай арбасқан мезеті. 

Сонда, әлгі Бақыттан жығылып жүрген жігіт жымия түсіп жалғыз ауыз сөз айтыпты: «Багыт минь, чи азтай золиг юм даа, надаар заан хүртлээ дээ!» (Бәке, бақытты екенсің мен арқылы заанға қолың жететін болды ғой!) деп. Осы сөз түрткі болғандай Бақыт та өз тәсілімен сарт-сұрт ұстаса кетеді, бірақ, ойламаған қызық болады, әлгі балуан, бір түкке тұрмайтын оңай әдіс жасағанда Бақыттың тізесі жерге тиген! Қандай, өкініш!

Содан, жығылыстан кейінгі күрес әдеті бойынша яғни жығылғанын мойындау тұрғысында Бақыт қарсыласының қолтық астынан еңкейіп өткенде анау Бәкеңнің құлағына: «Бакыт минь дээ, амны мэхээс алдлаа даа!» деп сыбырлапты. (Бәкем-ай, ауыздың әдісінен аспай қалдың-ау!). Егер, ел ауызындағы Бақыт балуан туралы айтылған осы аңыз шын болса, моңғол балуандар күрес өнерін шашының ұшынан қара тырнағына дейін, жығылып бара жатып жыққанға дейін, ояуынан ұйқысына дейін, көзінен сөзіне дейін... бүкіл өн бойына сіңіргендігі осылай көрінеді. Осылайша, қазір «МОНГОЛ БӨХ» деп, бүкіл дүниеге мәлім болған, спорттың айырықша түрі – моңғолдың ұлттық бірегей өнері, тіпті, оларға ұлттық рух беретін деңгейге дейін көтерілген ерен бәсеке.

Осы моңғол халқының бір бөлігіне айналған ондағы қазақ қауымы олардың осындай бірегей күрес өнерінің терең қатпарларына енді-енді ғана қадам басқанға ұқсайды. Өткен Барыс жылы Әбдіғажыдан кейін «улсын заанға» қол жеткізген Серік балуанның жетістігі осыны паш етті. Және, Бақыттан кейінгі кезеңде үкіметтік тойда күресіп «улсын начинға» жеткен Мұстапдан бастап басқа балуандар  Мұрат, Әсен, Айдос, Береке, Еркебұлан, Ерболаттар  осы кезеңнің бастамасы деуге тұрады.

Сонымен, осы әңгіменің шығуына себеп болған, сөз басында айтылған «ШӘКИЗАДА БАЛУАН» жайлы хикаяны бастаудың сәті келді. Міне, осы аталмай қалған белгісіз күш иесі де дәл осындай «өнер жетімдігінің» құрбаны демеске лаж жоқ. Бұл кісі бақи дүниеге көшкелі де екі-үш жылдың жүзі болды. Өзі бұлғындық менің жерлесім, біздің әкеміз шамалас жастағы малшы-құсшы, құрлысшы секілді қызмет атқарған адам. Ел «Шікә» деп, атайтын еңсегей бойлы, даңғырлап сөйлейтін әңгімешіл кісі еді. Осыдан он неше жыл бұрын (09-02-2009)  өзі маған айтқан кеңесін айнытпай күнделік дәптеріме белгілеп алған екенмін, ендігі әңгімені сол кісінің өз сөзімен бастасам, оқырманға жақындай түсемін.

«Алпысыншы жылдардың орта шені ғой деймін, Бұлғынның Салтанат негділі бір топ жігітті контордың отынын  дайындауға таудағы қарағайға жіберді. Дарғыларың (басқарушы) Түсіпбай мен Қабидан деді. Одан басқа он шақты жігітпіз. Есімде қалғаны, Жақсылықтың Шәйзасы, Мілианның Суыры, Бескерейдің Қатайы бар. Іскілаттан ағаш кесуге деп, бірнеше су жаңа ұзын ара, қара сыры әлі кетпеген саптаулы өткір ақ балтадан бір-біреуден берді. Азығымызға қойдың мұздаған екі-үш бүтін еті, бір қанар күріш, бауырсақ пысыратын ұн, семіз түйеннің қом майы, төрт бұрыш саршай...

Қия беттегі жас қарағайлардан таңдап-таңдап аралап жығамыз, мәшине бойындай етіп шөркелегендерін қарлы беткейден жаяу сүйреп жаттыққа түсіреміз, күні бойы қара тер боп шаршап келіп, күн бата іргесін қармен көмген қосқа келіп топырлап кіріп сығылыса сұлай кетеміз. Жастау болған соң Қатайды қалшы-аспаз қылғамыз, от жағып, қара шай қайнатып, тамақ істейді. Бір күні төменнен оның ойбайлаған дауысы жаман шықты. Не болды, баршы деп, Суырды жібердік. Біраздан соң оның дауысы бажылдап тіпті, жаман естілді. Оқыс болды ма, деп бәріміз опыр-топыр тіктен тайғанай жүгіріп қосқа келдік. Сөйтсек, Қатай қостың алдындағы ағаш шөркеге түйенің қом майын ақ балтамен тураймын деп отырып, сол қолының сұқ саусағын шауып алыпты. Шөркенің үсті, қостың іші қып-қызыл ала қан. Шолтиып қалған саусағының басы ұйыған қан, әлі қан тамшылап жүр, шабылған саусағының ұшын қостың керегесіне қыстырып қойыпты. 

Келгендердің біреуі ескі шүперекті қабаттап бармаққап тігіп жіберді, бірі ертоқымның киізінен кесіп алып отқа өртеп, күлін талқандап  жараның басына салып еді, аттың терімен бордақ болған киіздің күлі желім сияқты екен, қан сап тыйылды, бармаққаптың да басына күл толтырып орап тастадық. Көзі жасауырап, қу шүперектей болған Қатай қостың іргесіне шөке түсіп отырып қалды. Енді, не де болса тамақ ішіп алып тауға бірақ шығайық деп, қазанға қарасақ шылқылдап еріген түйенің көкшіл майына салған күріш шала бөртіп пыспай қалыпты. Қазандағы еріген майды екі табаққа бөліп құйып, шала пысқан күрішті қайта қуырып жесіп алдық. Құрғақ тамақтан кейін қара шай ішерге келгенде, әлгі еріген май құйылған екі табақтың иесі Нұршәріп пен Шәйза майды құятын бос ыдыс таппай қалды. Нұршәріп маған қарап: «Әй, Шікә, мына майды ішсең он теңге беремін», деді. Мен «Әкел, ішемін», дедім. Шәйза да жабыса кетті: «Менікін ішсең мен де он теңге берімін», деп. Ол кезде он теңгеге бүтін саршай не төрт қапшық ақтәтті (шақпақ қант) алатын кез ғой. Шайын ұрттай бастағандардың бәрін жағалата қарап: «Ой, ондай болса, бәрің ақша шығарып жүз теңге беріңдер, екі табақты түгел ішейін», дедім. Бірінен бірі қарыздап Қабидан ақша жиып берді. Кейбірі умаждалған ескі, кейбірі шытырлаған су жәңе ақшаны қолыма алып, «Кәне, санап көрейін, жүз теңге шын болса», деп саусағыма түкіріп санап жіберсем жүз теңге екен. Бүктеп, пенжеңкемнің іш қалтасына салып ала қойдым. Енді, айтқан бәс бойынша бір табақтағы майды қолыма алсам, суып, тоңазыған шеті табаққа жабысыпты. Қымыз ішкендей, қоймалжың майды дем алмай жұтып жібердім. Табақ шетіндегі жабысқан майды саусағыммен шыр айналдыра жалап, түбінде іркіліп қалғанын тіліммен орай жалап табақты айнадай қылып, жұтынып-жұтынып жібергенімде кеудемде кілкілдеп тұрған май да төмендей қалды. «Әй, Қабидан табағың әне, шәйіңді құйып іш, жуып ішесің бе, жумай ішесің бе, өзің білесің» дедім. Содан, «Шәйзаныкін де әкел!», дедім. Оны да, жәңегідей дем алмай, дәмін алмай қылғыта жұтып жібердім. Маған міз бақпай жағалай қарап отырғандардың екі-үшеуі, мынаны көргенде, қарадай лоқсып, қостан шыға-шыға қашты. Жүрегім кілкіп, демімді ішіме ала тығыла жұтынып отырып қалдым. Содан дік көтеріліп қостан шықтым.  Лоқсымайын деп, кере дем алып тауға қарай адымдап өрлей жөнелдім. Ақ балтаны қолыма алып, жығылған ағаштың бұтақтарын оңды-солды біраз шапқанда-ақ, ішкен-жегенім ілезе бойыма сіңіп арқам терлеп күшім қосылғандай болды. Қатай сыңар қолдап жүріп кешкі тамаққа кеспе көже істеп қойыпты. Ожау ұстаған біреуі маған қарап: «Көженің сұйығынан құяйық па, қоюынан ба?», деді. Біреуі, «Әй, бұған сұйық сорпа ғана құй, бағанағы майы сіңсін, күпті болып өледі!» деп жатыр. Мен, «Үий, қою сұйық дейтін іштеңе жоқ, саптаяғыма толтырып құйыңдар!», дедім. Мұны естігенде бәрі жан-жақтан шулап кетті: «Әй мынау, үйіне не қойып жүр, мына құсап ішіп-жесе, бала-шағасына іштеңе қалдыра ма, өзі!?» деп, кеукілесіп жатыр. Олардың сөзін керек те қылмай, шөміштей үлкен саптаяқтағы көжемді жалап-жұқтап түгел ішіп алдым. Түнде, қосқа төсек-орнымызды жайып жатар кезде бәрі менің жанымнан қашты. Бөлек жатсын, не қостың сыртына кетсін, мынау түнде құсып-тышып бәрін былғайды, десті. Үндемей іргеге таман жата қалдым да, қорылдап ұйықтап таңертең ашқарыным жалақтап сап-сау тұра келдім, бірге ұйқтағандар бетіме қарап, «мынаған дауға жоқ екен» дегендей, бастарын шайқап қояды. Бір қазан қара шайды жабырлап іштік, таусылмай қалған шайды табағыма сарқып құйып тураған бауырсақпен қосып ішіп-жеп алдым. Кешке жақын дөңбегімді сүйреп төмен түсіп келе жатсам, бір ұзын жас қарағайды екі-үшеуі жабалып, қия беттегі жылғадан шығара алмай тыпырласып тұр екен. «Әй, жегендерің бойдарыңа қонбайтын қуыршақсыңдар ма, кәне былай тұрыңдар!», деп қарағайдың тұмсығын тесіп өткізген қайыс арқанды, иығыма екі орап қиғаштай тартып, жылғадан сопаң еткізіп шығардым да, қары қатқақтаған тік еңіске таман сырғытып кеп жіберіп едім. Әлгідер, сонда ғана маған сенгендей, «Әй, Шікә кешегі ішкен майыңды ақтадың, сен өзі...» десіп қалды.   Сүйтсем, осы қасымда жүргендердің бәрі бала күнімізден бері менімен бірге өссе де, бойымда қара күшім бар екенін, балуандығымды тіпті, білмейтін, керек те қылмайтын секілді. Әлгі ішкен майымды қомағайлық деп, жобалайды екен. Содан әлгі ағаш сүйрегіштерім, кешке жатар кезде бағанағы менің жас дөңбекті жалғыз сүйрегенімді сөз қылып, әй, мына Шікәңде күш бар екен, десіп кішкене көтермелесіп қойды. Содан, өзім де байқамай осыдан үш-төрт жыл бұрын Қобдаға қой отарлатып барғандағы балуандығымды әңгімелеп едім, әй кім біледі, біз көрмеген нәрсені тұздықтаңқырап жатқан шығарсың, десті.»

Сондағы жолы бұл әңгімесін де маған айтқан-ды. Енді, соны барынша өз сөзіммен қысқаша баяндайын. Байқағандарыңыздай, қатар жүрген адамдар қасындағы кісінің ерекшелігін ескермейді екен ғой. Оның үстіне, бұл әңгіменің негізі баянөлгийлік қазақтардың балуандығы моңғолдардан кем емес болса да, мықты болса да, біз халық ретінде соны шын қолдамағанымызды дәлелдейін дегеннен шыққан сөз еді, бұл. Сонымен, Шәкизаданың алып балуандығын тірісінде ел білмесе де, мойындамаса да, тым болмағанда кітап руханият бетінде қалсын деп, сондағы қызықтарды айтумен хикаямды түйіндейін:

Бұлғын өңірі қияпат жер бедері мен төл табиғаты жарасқан ғажап өлке! Қытаймен шекараласқан  батыс бетін асу бермес қия жартастар мен адам аяқ басуға келмейтін түйе қорымдар қоршаған. Күнгей беттегі көрші Қобда аймақ жағында тап-тақыр  күрең таулардың тізбегі түстікке қарай жалғасады. Жазда өзеннің екі бетіндегі сай-сала жоталардағы жасыл жайлау жанға жайлы салқын, алуан шөбі мен мөлдір бұлағы қай малдың да күйін келтіретін шүйгін. Ал, қыста осы мекендерді ат бауырлайтын қар басып қалатындықтан, бұлғындық малшы қауым талай жылдан бері көрші Қобда аймағының қыста қар жұқа түсетін күнгейлі жерлеріне мал отарлататын үрдісте еді. Әңгімедегі Шәкизаданың басынан кешкен жағдай осы отарға тіке қатысты. Екі күн астам уақыт жыла қонақтап мыңнан астам қойды айдап қос артқан түйе, екі мініс аттарымен Дұндғол деген жердегі көздеген көң-қораға жетеді. Талығып шаршаған мал-жан, селеу шөбі туырылған, мал аяғы әлі тимеген күңіренген күнгейдің ұядай ықтасын көңді қорасына келіп, күріп етіп тыншый қалады. Ертеңінде Шікә өзі қос тігіп орнығып, інісі Толан өріске малға кетеді. Сөйтсе, түске қарай екі атты адам тарсылата шауып қосқа жетіп келеді. Аюдай обиған кәрілеу біреуі әй-шәй жоқ: «Әй, қасығ сендерді мұнда кім шақырды?»  дейді. Сонда, Шікең, оның сөзін бит шаққан құрлы көрмей, «Үий, сонша неге ентігіп тұрсыңдар, аттан түсіп шәй ішіңдер, жылда келіп жүрген жеріміз, білесіңдер ғой...» депті (ұранқай-моңғолша айтты ғой). Анау келген аю қара: «Мына жылы қора біздің өз қыстауымыз, ертең көшіп келгелі отырғанда сендер басып кеп қондыңдар, таңертең біз келгенше қосыңды әкет!» деп, сенімен сөз бітті дегендей, атын сарт етіп қамшылап кете береді. Ертеңінде, Шікең қойға кетіп, бір арқа отынды арқалап кешке келсе, әлгі жұртта түтіні будақтап моңғол үй отыр, тіккен қостарын біреу жығып жұртына үйіп қойыпты. Толан маңайда көрінбейді. Шікең бұл кешегілердің ісі екенін ұға қояды. «Е.е.е.», дейт те, түйе-арқа отынды моңғол киіз үйдің қазан жағына күрс еткізіп тастай салып, үйдің аласа есігінен екі бүктелгендей еңкейіп ішке кіреді. Үйде бір кемпір, бір жас қыз отыр екен, әй-шәй жоқ кіріп келе жатқан түйедей қазақтан шошығандай олар да бақырая қарайды. Шікең, ештеңе болмағандай жайдары дауыспен жайшалап амандасады. Анау екеуі де талай қонақты көрген қырдың момын халқы ғой, үн-түнсіз жүріп дуілдеп жанып тұрған пештеріне қазан асып, шай қайнатып, бөтен қазақтың алдына дастарқан жаяды. Шікең бір қазан шәйді түгел ішіп, тәтті шүйірмектерінен тоя жеп жырғап отыр. Содан өз қостарының асында бүктеулі жатқан төсек-орнын көтеріп келіп киіз үйдің оң жағына төсегін салып алады, тағы бір шығып қостағы құрт-ірімшік, ақтәтті, бауырсақтарын да орамалға түйіп әкеліп, сойған қойдың жарты етін де қоса әлгілердің қазан жақтарына әкеп қояды. Ана екеуі аң-таң. Шікең, «Етті аса беріңдер, бәріміз жейміз», дейді. Сонымен, Шікең дайын жылы үйде құрметті қонақ құсап, етін жеп, сорпасын ішіп кең-таш жатып қалады. Таңертеңінде үй иесі қайнатқан дайын шәйді ішіп, қойын жайып көңіл баяғыдай өріске кетеді. Өрісте Толан бауырына кезігеді, ол анадағы ашулы қараның үйді көшіріп келгенін, өзіне қамшы ала жүгіргенін, қосты жықтырғанын айтып, өзі амалсыз көрші қосқа кеткенін айтады. «Пәле болады, көшейік ол арадан» дейді. Шікең болса, олар түк те істемейді, әшейін домбытып жүрген біреулер, малға енді бұдан қолайлы жер табылмайды, деп, қайта көшуге көнбепті. Сонымен, түк болмағандай төрт-бес күн өтеді. Шікә күндегідей тәңертең кетіп кешке қайтады, жылы үй, дайын тамақ. Содан, келесі бір күні таң ата тасырлатып төрт-бесеу жетеді. Шәйін ішіп, қойын өріске айдағалы тұрған доңсойыл қазаққа әлгілер төніп кеп тоқтайды.

Олардың біреуі осының алдындағы аю қара екенін таныйды. Басқасы бөтен. Әлгі аю қара: «Міне, Дуут сұмынның аварғы балуанын ертіп келдім, енді өз обалың өзіңде, қазір мойыныңа шалма салып, атқа сүйреп өлтіреді!» деп, кіжінеді. Шікең күледі: «Үий, ондай көрінген адамды атқа сүйреп өлтіретін заң бар болса білейін, батырың болса көрейін!» деп. (Әрине, бұлардың ондай істемейтінін іші сезіп тұр ғой) Айтқанындай ат үстінде екі бүйірін тіреніп тұрған, балуан десе балуан дегендей төбедей жойман жас жігіт, шумақтап ұстап тұрған қайыс арқанын Шікаға қарай сермеп кеп қалады. Шіка да үйіріліп келген қайыс арқанның шумағына екі қолымен сарт етіп жабыса кетеді. Анау да соны сезіп тұрғандай, қолындағы арқанын тақымына басып, атын кілт бұрып тарта жөнеледі.

Алғашында, Шікең екі аяғымен табан астындағы көпсіп жатқан сары көңмен ыра тартылып біраз жерге дедектеп барып қалады, келесіде көң арасынан көрінген үйген тезектей жер тасқа аяғын тірей шіреніп тыртыса кетеді. Аттың қатты екпінімен шауып бара жатқан әлгі алып балуан, арқанның кілт іркілісінен шалқалап барып, аттың сауырынан ауып жерге төңкеріліп түседі.

О да шалымды екен, көзді ашып жұмғанша атып тұрып, екі аттап келіп Шікәны қапсыра ұстап, сілкіп лақтырмақ болады. Сүйтіп, аяқ асынан ойламаған күрес басталып кетеді. Аттың үстіндегі жаңа келген үшеу, киіз үйден селтиіп сыртқа шыққан кемпір мен қыз секілді көрермендер сары көңді бұрқырата алыса кеткен екеуге тыныстарын ішіне алып көз тігуде. Әлгі, «сумын аварғы» (ауылдық алпауыт)  деген жойман сары, Шіканы ілезде лақтырып тастайтындай күрес әдістерін үсті-үстіне жасап, ойран-топыр ойнақтаса да, жерге жабысқан терек секілді тарамыс қазақты қозғалта алмайды. Содан, Шіка да енді сен болдың ба, дегендей оның көлбірете буынған моңғол ішігінің белбеуінен сірестіре тартып, шегіндіре-шегіндіре сасқалақтата итергені сол еді, жойман сары шалқалай құлайды. Шіка да енді тұрғызбайын дегендей кеудесіне қона кетіп, нығарлап отырып, екі жағындағы шашылып жатқан көңді әлгінің қойын-қоншына екі алақанымен толтыра салып,  бұрқыратады. Сол кезде ат үстінде тұрғандар еріксіз тарқылдап күле бастайды. Төбелес сөйтіп ойынға айналады. Қыздың да сықылықтап күлген дауысы естіліп қалды, кемпір болса тіссіз қызыл иегі көрініп өзінің қонағының жағына шыққандай мәз боп о да тұр. Жығылған батыр, бет-аузы көң-көң болып «қойдым, жеңілдім!» деп, ыржиыпты. Сонымен, әлгі айбындап келгендер үн-түнсіз кете барған.  Үшінші күні Шікең қораға келсе, киіз үй көшіп кеткен иен жұрты жатыр. Алыстан қарауылдап жүрген болу керек, Толан келіп қосты тігіп, етті асып, көңілі енді ғана жайланғандай, «Алыстан сендердің тегін кинөлеріңді көрдім!» деп, тырқылдап күліп қояды. Сонымен, Шікеңнің арқасында жайлы жерде қыстап, малдары қоңды қалпы енді, ақпан туғанда елге қайтуға қамдана бастаған бір күндері әлгі алдыңғы аю қара қостарына жетіп келеді. Баяғы қату қабақ жоқ, әңгіме қозғап, қостың шайын ішіп, тамақ жесіп мәз-мәйрам отырып, бір жаңалықпен келгенін айтады. Қойынынан шақыру қағаз шығарып Шікаға береді. Сөйтсе, Қобда аймағының түбінде өтетін, ол кезде «Малшылар тойы» дейтін «жаңа жыл шаған» мерекесіндегі аймақтық күрес бәсекесіне шақыра келіпті. Шікең, оған: «Ойбу, мен өмірі күресіп көрмеген біреумін, зодық-бодықты кимек тұр ғой қолыма ұстап көрмеппін!» деп, барғысы келмейді. Аю қара: «Өй, мен сені баянөлгийдің балуаны деп, тізімдетіп қойдым ғой, осының алдында балуан екеніңді көрдік емес пе, бар күрес, мен балуанның жасауылымын өзім шығарам сені!» деп, дем беріп кетеді. Толан бауыры да, қойға мен ие болам, бар деп қолпаштаған соң, сөйтіп, аймақтық балуан күресіне аяқ-астынан қатысады. Алғашқы апыр-топыр төрт-бес давада (күрес кезеңі) Шікең қарсы келгендерді өзінің қарадүсін жалғыз әдісімен иықтан шап беріп ұстап, жалғыз сілкіп үйіріп лақыра береді. Баянөлгийлік балуанның мына күшіне отырғандар таңқала дуілдесіп кетеді. Балуан десе, қаны қызатын, күші басым кім болса да жаны сүйетін моңғол қауымы Шәкизаданың атын айғайлап кәдімгідей дүрлігіседі. Күрес кәмисиясы, енді негізгі аймақтық атақты балуандарды іріктеп, атақ шақырып, бірін-бірі қалап алатын (амлаж авах) кезеңде Шікадан балуандық атағын сұрайды, ондайы жоқ екенін, айтса олар оған сене қоймайды. Содан балуанның атағын шақыратын жасауыл: «Баян-өлгийн бөх Шынгышбайн Шакизадаа!» (Баян-өлгийлік балуан Шыңғышбайұлы Шәкизада) деп, шақырудан басқа амалы қалмайды. Сөйтіп, соңғы кезеңдерде Шіканы қалап алуға еш балуанның батылы бармаған, қайта-қайта «тұнып» қалып, қарсы келгендерін де шақ келтірмей жығады. Ақыры,  Шікең өзі еш ойлап көрмеген моңғол күресіндегі «үзүүр-түрүү» (іркес-тіркес) дейтін ең соңы екеуде қалады. Сөйтсе, екінің бірі үкімет тойында күресіп жүрген «аймақтық арыстан» атақты алып біреу екен.

Шікеңнің онымен күрес алаңына шыққандағы өзі айтқаны тіпті, қызық: «Сарлықтың дөнен бұқасы секілді, мойыны мен басы бітеу, төртбақ біреу екен. Тізесін тіреніп ап маған көзінің астымен тесіле қарап біраз тұрады да, кеудесін көтере сырт айналып, қолдарын ары-бері былғақтатып алып қайта күжірейіп қарайды. Мен ғой, алдымен ұстаса ананың өзі ұстасын деп, қолымды алға созып өзімше балуан сияқты көрінбек боп тұрмын. Анау бұрыштағы көк шатырдан әлгі менің жасуылым болған «аю қара» танысым, маған айғайлап: «Әй, маңғыр қасығ, андағы арыстанды астыңа кігізіп алма! Әлі де еңкей, иығынан қатты тіреп, үйір!» деп, дауыстап қояды. Мен де өзімше бағанадан бері біраз тәсіл біліп қалғандықтан пенде емеспін бе, мұны да жықсам деп тұрмын. Сонымен, әлгі сарлықтың бұқасындайым, шыр айналдырып жүріп, мықын зодығымнан шап берді. Қолы тастай екен, өзіне қарата қатты тартып, алға кеткен аяғымды шала бере қатты итеріп шалқамнан түсірердей  қуалай жөнелді. Шалған аяғымды тарта алмай қалсам да, арттағы аяғымды кейін серпе тірене жығылмай шегіне бердім. Ол жолғы әдістен аман қалғанымды біле қойған әлгі мені босатып жібере салды. Сонымен қойшы, шәй қайнатымнан да көп уақыт бойы әлгі сарлық бұқадайым маған неше түрлі әдістерін жасады. Мен де тыртысып қояр емеспін. Тойға жиналғандар у-шу, қызықтың көкесі болып жатқандай.

Бір кезде сып етіп, басымен сүзе астыма кіріп кеткенін байқамай да қалдым, дырылдата итеріп шалқамнан түсіруге шақ қалғанын сезе  бере, белінен орай ұстап, көтере қалдым, оның екі аяғы жерден көтерілді. Мен болсам, зілдей ауыр оны мықшия көтеріп, ентігіп тұрмын. Бір уақытта, тәуекел енді, жығылсам да арманым жоқ дегендей итере түсіп үстіне жата кеттім. Ол астыма бүктетіліп түсті, мен де оның үстіне етпеттей жығылдым.  Одан бұрын тұрдым, ол да серпіліп атып тұрды. Анадай жерден аю қарам бақырып жіберді: «Әй, маңғыр қасығ, сен жықтың жүгір, туды айлан!» деп.

Мен би дейтіндей дұрыс биім де жоқ қой, жалпылдай жүгіріп туды айналып, ендірдегі бастықтар жаққа қарап санымды шапалақтадым. Сарлық бұқам қолтығымның астынан өтіп тұрып, арқамнан ақырын қағып қойғаны, сен жеңдің, жігіт екенсің, деген белгісі екенін байқадым.» Атағы жоқ Шікең балуанның бұл әңгімелерінен моңғолдардың нағыз еркөңіл халық екенін нақты байқауға болады. Міне, «ШӘКИЗАДА БАЛУАН» деген хикаямыздың соңына да келдік.

Әйтседе, ел ішінде ешкім ескермеген тағы талай ерлер бар екендігін қоса айта кетсем, қазақтар күш иесі балуан бола тұра күрес өнеріне салғырт қараған деп, сөз басында айтқан пікірімді нақтылай түсер едім. Сондай бір алып балуанның өз баласының ауызнан естіген әңгімені сол сөзімнің түйіні болсын, дейін.

Қазақта «Сүйегі асыл» деген сөз бар. Көбінде ондай сөзді ауырпалық-қиыншылықта мойымайтын, аш-тоқтықы елең қылмайтын, ызғар суықта дірдектемейтін... бүкіл өмірі сондай қиын-қыстауда өтсе де ұзақ жасайтын біртуар адамға арнаған.

Сондай бір кісі Бұлғын сұмындық Балбағайұлы Әзілжан десе болғандай. Бес-алты жыл жалғасқан Герман-Совет соғысы дейтін қиын кезеңде осы кісі жердің түбі Бийскіге ашқұрсақ күйде жаяу-жалпы барып, Баян-Өлгейге он қанша рет қатынап азық-түлік тасыйтын түйе-кіреші болған екен. Сонда жас мөлшері қырықтың жуан ішінде екен. Бірге жүрген жігіттердің айтысында, шөгерулі түйеге дейін әр қабы жүз кила тартатын екі қап тұзды екі қолтығына қысып көтеріп әкеліп жалғыз өзі қомдай беретін дейді, сондай ауыр екі қанар ұнды да сөйтіп ешкімнің көмегінсіз-ақ артып-тарта жүре беретін аса қармаулы болған.

Содан, елуінші жыл да келіп, қоңторғай жарлы-жақыбай халық сәл еңсе көтерген тұста Хұжырты сұмыны орналасқан екі судың құйғанындағы жазықта, жаз ортасында Моңғолдың үкіметтік тойы болып көп балуан күресіпті. Көрші Қобда аймағынан да атақты моңғол балуандар әдейілеп келгендіктен жергілікті қазақтар білек күші бар деп үміттенген жігіттерін түгел күреске шақырады. Сонда, жасы елудің үстіне шыққан Әзілжан да бөтен сұмынға намысты бермейік дегендей ақ жейде, дамбалшаң беліне әскер белбеуін буынып белсеніп шығады. Ол кезде елудегі кісіні кәрі шал дейді ғой, сонда өзіне менсінбей миығынан күліп  тұрған жиырманың ішіндегі аласұрған жас жігіттерді әлгі «кәрі шал» Әзілжан бірінен кейін бірін шопақ құрлы көрмей лақтырыпты.

Сондан, әскерден жаңа келген, нар жігіттік қаптал күші бар, төртпақ денелі Мәмей соңғы қалған төрттің бірі болып Әзілжанмен беттеседі. Жездесініп қитығына тиеді: «Апайдан ұят қой, қорықпа-қорықпа, ақырын топ еткізем!» деп.

Әзілжан да: «Өй, жаман балдызым, мына тойдағы көз тастап жүрген қыздарыңнан ұят болмасын, сені жықпай-ақ қояйын, жәй көтерем...» деп, шап беріп Мәмейдің әскер белбеуінен ұсай алып, баяғыдағы Биіскідегі ұн көтеретін тәсіліне салып, бір үйіріп өз арқасына шығара қойып, еңкейіп алып ары-бері адымдайды.

Сонда, Мәмей: «Жығылдым дейін, жығылдым дейін, тез түсіре салшы!» депті, тойшылар болса, ылар-шу күлкі, цирк көргендей мәз.  

Сөйтіп, ол жолғы күрес бәсекеде ең соңғы екі балуан қалады, бірі шекара-застава бастығы «Цэргийн арслан» (әсери арыстан) деген атағы бар Шилэг деген офицер жігіт. Дене бітімі тіпті, аюдан кем емес, екі санының өзі жүн салған екі қаптай, буылтық-буылтық денесі зодог-шуудагқа (моңғол балуандары киетін арнайы сырылған берік киім) сыймай тырс-тырс етіп шалқая қарап тұр.

Басындағы сәнді шошақ тымағын жасауылы сыпырып алып: «Бөхөөн гараа!» (балуаныңды шығар!) дегенде әлгі ауыр дене ілезде ойнақ қағып шыға келіп, күректей жалпақ алақандары ауаны ескендей екі қолын жоғары-төмен қалықтата сермеп, алып қарақұс секілді сәндене билеп топ ортаға шыға келді. Дуілдеп отырған ел тым-тырыс болады. Мына жойманға ешкім шақ келмес дегендей, іштей мойындаған үнсіздік... той қызықтағандар тап сонымен өздері күресетіндей үреймен күрсіне ентігіп қалған қысқа мезет.

Осы кезде, өзінің кең-мол қазақы ақ жейде-дамбалымен көлеңдеп Әзілжан да ортаға шығады, белінде сәл бостау буына салған жалпақ қайыс әскер белбеу. Офицер балуан, үстінде күрес киімі жоқ, мына жабайы қазаққа мүсіркей қараса да, өзінің туа бітті балуан түйсігімен оның да осал жау емес екенін сезгендей, бір тізесін тіреніп, бір қолын алға соза «кәне бері кел, көрейін сені...» дегендей кірпік қақпай қадалып тұра қалады.

Әзілжан да оның сол істегенін өзіне істеп, дәл солай тұра бергем дегенде, әлгі көз ілеспес жылдамдықпен Әзілжанның ұсынған қолын шап беріп ұстай алады да жұлқа тартып келесі қолымен тағы дәл сол ұстаған қалының білегінен шап беріп үйіре айландырған сәтте, іркес-тіркес ұстасқан, сіресе шегінген шарта-шұрт қозғалысты тамашалап отырғандар, бір қарағанда Шилэгтің қолында кеткен Әзілжанның ақ жейдесінің жеңін көріп, тағы да ду күлкі бұрқ етеді, қызықтың көкесі енді, болды дегендей.

Әскер балуан мына дамбалшаң қазақты орнынан оңай қозғауға келмейтін табандап қалатын темір-күшін бірден аңғарып, келесіде қырық тәсілінің бірінен кейін бірін жасап, оның есін шығарса да жасаң көгалдың үстіне оның аяғы желіммен жабысып қалғандай тыртысып тапжылар емес.

Енді, мына сыңар жең қазақты, зодогты моңғол басқа бір амалмен алдағысы келгендей көгалдың шетіне таман әкеліп, жерден бір уыс топырақты алақанымен қалқып алды да, қара топырақпен қолын құрғатып тұрған сыңай таныта, Әзілжанға еңкейе таянды. Сыңар жең қазақ та оны өзінің астына кіргізбеу қамын жасап бүкірейе берген сәтінде қолындағы қалдық топырақты оның көзіне қарай шашыңқырап жіберді.

Дәл сол сәтте қорғана бүкшиген Әзілжанның желке тұсынан ол екі қолдап ала кеп түсті, енді өзі еңкейіп тұрған немені, жұлқа тартып екпетінен түсіру ғана қалды ғой. Дәл солай болды, оның қатты тартқаны сонша, дедек қаққан Әзілжан еңкейе жүгіріп енді, жығылдым-ау, дей бергенде, үстіндегі ақ жейдені оның мойынынан сыпыра тартқан қалпы арыстан Шилэг шалқасынан жығыла төңкеріліп түседі. Тойшылар у-шу сенерін де, сенбесін де білмей аңырып қалған. Еңсесін тіктеген Әзілжанның жейдесі жоқ жалаңаш тұрған денесі ақзудан да аппақ екен. Даңғаза ел күлкі аралас «Ақ балуан! Ақ балуан!» деп озандап бүкіл тойды ұрандатыпты... Сөйтіп, елде жоқ атақ таңылып, бас бәйгеге ие болады.

Сексенінші жылдары әскердан жаңа келген Әзілжанның кенже ұлы Тілеуберді де сол баяғы жылы Шилэг балуанмен күрес болған жердегі бір ауылдың тойында күресіп, бәрін жығып ағалапты. Сонда, Тайлақ ауылының ақсақалдары: «Ой, қарғам, баяғыда осы жұртта кәрі әкең «Ақ балуан» деген атақ алып еді, жарадың!» деп, жас балуанды алқап өткенді еске алса керек.

Бәлки, моңғолдардың айтатын «ясны бөх» (сүйек балуан) дегені осы кісі шығар.

Елуінде, жас балуандарды жығып «Ақ балуан» атанса, алпыстан асқан кезінде тағы бір ерлік жасапты. Қағылғаты деген жердің егінін күзетіп жүріп, шөп шауып жатқан жігіттердің егінге түскен аттарын Қойшолуындағы жайлауға асырып қуып жібереді. Ызаланған сегіз-тоғыз жігіт топтасып келіп күзетші қарияға қоқиланғанда, астындағы «Қаутай қоңыр» деген атымен ары-бері ойқастап әлгілерді оңынан келгенін оңынан, солынан келгенін солынан аттарынан көкпар тартқандай жұлып-жұлып алып,  қарсы келгенін бишігінің шыбыртқысымен орай тартып төңкеріп, қым-қуыт аударыспақ ойын салыпты. Осыны Шотпақ деген қу тілді әзілқой қария сыртынан көріп: «Әзілжанның сондай тегін кәнсертін көрдім, дейін дей-ау!» деп елге жайып жіберген қызығы тағы бар, екен.  

Сексенінші жылдары Әзілжан ақсақалдың жасы сексеннен асып қалған кезінде де күші қайтпаған, дейді. Хангелді, Тайлақтың қыз-жігіттері кезіккен жерде жездесініп тәлкектеп қатты ойнайтын көрінеді. Сондай бір жолы күзем жүн сабап жатқан иен үйге жас балдыздары «Әже, шәй ішіп алыңыз!» деп, алдап кіргізіп, сабаумен түртіп-шұқып, бетіне жүн шашып мәз-мәрам күлкі қылғанда, алты қанат үйдің бір жақ керегесінен түре көтеріп, анадай жерге айландырып тастағанда, жүн сабап жатқандар үрпиіп далада қалыпты, деседі.  Тоқсаннан асқан кезінде де қариялық қәлсіреу болмапты, Тілеубердінің айтысына қарағанда, жаз жайлауда түйемен көшкен кездерді, бір-бір жігіттің күші бар, өзімізді ауыл балуаны санайтын біз Қаутай екеуміз екі жақтап мықшыңдап көтере алмай жатқан кебеже, ауыр тең-жүктерді жалғыз өзі екі қолдап көтере беретін, дейді.

Иә, қазір әттең дейміз, сондай күш иесі осы кезде болғанда ғой, олимпиядаға барар еді деп, сонау кезде осындай мықтыларды ескеріп қолдайтын заман болғанда ғой, моңғолдың «даян, дархан» атағын алар... деп.

author

​​Абай Хамза (Абай Мауқарұлы)

ҒАЛЫМ

Шоу-бизнес

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова жаңа жылдық әннің әуезімен әуежай алдында биледі, деп хабарлады madenipo...

Жаңалықтар

Жетісу облысында Алакөл аудандық сотымен Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығ...