Қазақстан Тәжікстанның шекара қызметі үшін мамандар даярлап, шәкіртақы төлейді

Фото: Душанбе мэриі Telegram арнасы

Жаңалықтар
396

Қазақстан Тәжікстанның шекара қызметі үшін мамандар даярлап, шәкіртақы төлейді, деп хабарлайды madeniportal.kz Ulysmedia.kz тілшісіне сілтеме жасап. 

«Ашық НҚА» порталында «Қазақстан үкіметі мен Тәжікстан үкіметі арасындағы Тәжікстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің Шекара әскерлері үшін кадрлар даярлау саласындағы келісімге қол қою туралы» үкімет қаулысының жобасы жарияланды.

Белгілі болғандай, тәжік шекарашылары Алматыдағы ҰҚК Шекара академиясында оқиды.

«Қазақстан тарапы Тәжiкстан Шекара әскерлерiнің әскери қызметшiлерiн ҚР ҰҚК төрағасы бекiткен штат саны лимитi және ҰҚК Шекара академиясын ұстауға бөлiнген қаражаттың шегiнде, тараптар жыл сайын келiсетiн мамандықтар бойынша оқуға қабылдайды. Келiсу нәтижелерi келiсiмшарттармен ресiмделедi», - делінген құжатта. 

Әскери қызметшiлердi оқуға қабылдау Тәжiкстан тарапының жыл сайынғы жазбаша өтiнiмдерiне, Қазақстан тарапының ұсынымдары мен мүмкiндiктерiне сәйкес жүргiзiледi. Қазақстан оқу жылы басталғанға дейін алты ай бұрын Тәжікстанға әрбір оқыту мамандығы бойынша квота мен әрбір мамандық бойынша орын санын жолдайды. Өтiнiмдер оқу басталғанға дейiнгi алты ай бұрын жiберiледi. Өтiнiмде оқыту мамандығы және әр мамандық бойынша жеке үмiткерлер саны, оқуға үмiткерлердiң жалпы бiлiм деңгейi көрсетiледi.

Тәжiкстан тарапы жыл сайын Қазақстан бекiтетiн квотаға сәйкес ҰҚК Шекара академиясында оқитын үміткерлерді іріктейді. Үміткер қазақ немесе орыс тілін базалық деңгейде (А2) меңгеруге тиіс. Үміткерлердің қазақ немесе орыс тілін меңгерудің ауызша және жазбаша сөйлеу дағдыларын тексеруге қазақстандық тарап өкілдері міндетті түрде қатысады. 

Қаулы жобасына сәйкес, Қазақстан Тәжікстанның әскери қызметшiлерiн шәкіртақымен және жатақханамен, үш мезгілдік тамақпен, киім-кешекпен қамтамасыз етеді.

Түсіндірме жазбада «жобаны іске асыру Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджетте көзделген қаражаттың шегінде және есебінен жүзеге асырылады» делінген.

Құжат ашық порталда 10 қазанға дейін талқыланады. 

Заң

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі д...

Жаңалықтар

Алаяқтар Миниср Аида Балаеваның дауысын қолдан жасап, аудиохабарламалар таратқан, деп хабарлады ma...