Әкімдік мәліметіне сүйенсек, 16 тамызда Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жиналыс өткізіп,...
«Өлтіре бер, өзім жауап беремін»: Мектептегі әлімжеттіктен қаза тапқан оқушының ата-анасы зар жылап отыр
фото: видеодан скриншот
Қыркүйек айының басында әлімжеттік салдарынан тағы бір оқушы көз жұмды, деп жазады inbusiness.kz.
"Көреміз" бағдарламасына әділдік сұрап марқұмның туысқандары келді. 9-сынып оқушысын бір топ бала жабылып ұрған көрінеді.
"6 баланың анасымын. Нұржан – екінші ұлым. 2009 жылы 6 қазанда дүниеге келді. Балаларым кішкентай болғасын мектептегі әлімжеттік дегенді білмеппін. Нұржанның өлімінен кейін ауыл шулап кетті. Мектепте буллинг бар екен. Бәленің бәрі 9-сыныпқа көшкеннен кейін басталып отыр. Мама, 15 жасымды күшті етіп тойлаймыз ғой" деп айтып жүретін. Оған жетпеді. 10-11 сыныптың балалары жабылып ұрған. Сол оқиғаны көрген көрші бала анасына жүгіріп келіп, "Біржан ағаның баласы құлап жатыр" депті. Қатты қорқып кеткен сияқты. Ескі моншаның ішіне жиналған. Көліктің жарығы шағылыса бергесін, ескі үйге апарып, төбелесті жалғастырған. 11-сынып оқитын оқушы "Нұржанды өлтіре бер, өзім жауап берем" депті. Менің баламда нендей әкесінің құны бар?! Енді жауап берсін. Қарақұстан тепкеннен кейін, тұрмай қалған", – деді Амангүл Раушанова.
Қанды оқиға қоғамды дүрліктірді. Өйткені қылмыстың тергелуі "бармақ басты, көз қысты" болып кеткен. Марқұмның әпкесі әлеуметтік желіде видео жариялап, қоғамдық резонанс тудырды.
"Ауылымызда бір ғана мектеп бар. Мектептегі әлімжеттік бұрыннан бар. Жоғары сынып оқушылары төменгі сыныптағы балаларға әлімжеттік жасайтын. Нұржанның дене бітімі ірі болғасын, көбінде ол сыныптастарын қорғап жүретін. Бокс үйірмесіне барған. Сыныптас қыздары: "Нұржанды қаттырақ ұрыңдар" деген сөзді айтып жатыр. Одан кейін папамның қарындасының қызына "10 удар аламын да, қайтып келемін” деп жазып жіберіпті. Мен Алматыда болғасын інімнің жаназасына үлгермедім. Бірақ ертеңіне үлгеріп келдім", – деді марқұмның әпкесі Аяжан Сыдық.
"Көреміз" түсірілім тобы барғанда марқұмның отбасына күдікті 15 баланың ата-анасы барып, кешіріп сұрап келген. Алайда қара жамылған отбасы кешірім бермейтіндерін айтты. Алайда Гүлназ есімді келіншек ұлының сол оқиғаны көзімен көргенін айтып берді.
"Менің ұлым Ерасыл Нұржанға көмектеспек болып, ауыл дәрігерін шақырған. 11-сыныптың оқушылары 10 сыныптың оқушыларын жыл сайын осылай ұрады екен. Тәртіпке салып, кеуделерінен ұрады екен. Тек бір удар ғана береді екен. Менің балам көмектескен. Нұржауған деген бала екеуі Нұржанды көтеріп алған. Айтылып жатқан ақпараттың бәрі жалған. Ешкім оны жабылып ұрған жоқ, керісінше бәрі көмектескен”, – деді ауыл тұрғыны.
14 жастағы баланың өліміне әзірге үш бала күдікті деп танылды. Мектеп мұғалімдері Жансен мен Нұржауған және Еркебұланның тәртіпті оқушы болғанын айтады. Алайда марқұмның анасы күдіктілер жазадан құтылып кете ме деп алаңдайды. Күдіктінің ата-аналары марқұмның отбасын жалған ақпарат таратып отыр деп айыптайды.
"Жансен қазір тергеуде отыр. 11-сыныптың оқушылары 10-сынып оқушыларына бұйрық берген. Ұлымның кісі өліміне қатысы жоқ. 10-сынып оқушылары ақырындап ұра бастайды, бірақ қатты ұрыңдар деп айтады. Бес баланың бесеуі де ұрып шыққан. Ұлым қашып кете алмадым, бәрі қарап тұр" деді. Марқұмның отбасы жалған ақпарат таратты. Олар Нұржанды өлтіріп, қашып кеткен жоқ", – деді Жансеннің атасы мен әкесі.