немесекіші жүздің көктемірі ...Қазақтың сол бір аруақ алқаған атақты қызының есімі ұлттық...
Елікбай Иса: Қарт Қаратаудың қазынасын әлі ашқанымыз жоқ
Халқымыздың жыраулық дәстүрін сөз ете қалғанда көкіректен құйылған жырдың екпінін көмеймен, таңдаймен түрлендіріп төгетін орындаушыларымыз еске түседі. Дәстүрлі орындаушылардың көшін Сыр бойының жыршы-термешілері бастаса, Батыс, Жетісу жыраулық дәстүрін домбыраның алғашқы қағысынан жазбай танимыз.
Біздің кейіпкеріміздің «Қаратау өлкесінің қазынасын әлі ашқанымыз жоқ» дейтініндей бар. Өйткені Қаратаудың арғы жағындағы Алатау, бір жағы – Құлан тау, етегін қырғыздың Маймақ тауымен қымтап тұрған осы өлкенің жыраулық мектебі, осы өңірде өткен сал-сері, ақын-жырауларының туындыларының айтылып жүргенін сирек естиміз. Оның жайын білмек үшін осы өлкенің дәстүрлі жыраулық мектебін жаңғыртушысының бірі Қазақ Ұлттық Өнер Университеті жанындағы «Қорқыт ата» атындағы ғылыми зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Елікбай Исамен сұхбаттасқан едік.
– Қаратау өңірінің ақын-жырауларының мұрасының ескерусіз қалуының басты себебі, бұл жерде орындалу мәнерімен де жырлардың философиялық ерекшелігімен де құдайсыз өкіметтің оң қырына келмегенімен де болар. Жырдың дені «Бұрынғы өткен заманда, Дін мұсылман аманда» деп басталатын. Осы жолдарды айтқан жырауды халық арасында насихаттауға шектеу қойып, күні бүгінге дейін Қаратаудың қазынасынан қақты ғой.
Десе де, ара тұра болса да, жыр термелер жазылған грампластинкаларды жатып жүріп жаттап өстік. Ол кезде жыр жинағы қат болатын. Қолға түссе ол да олжамыз. Сөйтіп жүріп қазақтың жыраулық өнерінің көшіне ілестім. Өміріме өзгеріс алып келген жайт, 1998 жылы Қаратауға сапармен келген Нұрсұлтан Назарбаев ағамызбен байланысты еді. Сол кісінің алдында термелеттім. Елбасының «Ақмолаға көшіп жатырмыз. Қазақстанның жаңа астанасы болады» деген сөзіне құлдық ұрып, 1999 жылы қарашада осында келдім. Он жыл қалалық филормонияда жұмыс істедім. Одан кейінгі жылдары шәкірт тәрбиелеу қажеттігін сезіндім. Содан, Құдай тілегімді құп алып, сол кездегі Өнер академиясына ауысқан едім.
-Ондағы ойыңыз шеберлік сыныбын ашып, өз өлкеңіздің жас термеші –жыршыларын дайындау ма?
– Өлкеміздің жыр-термелері зерттелмей жүргені жаныма бататын. Жалпы, әр жердің ежелден келе жатқан, сол топырақта пайда болып, сол елдің жергілікті халқының құлағына сүйкімді естілетін орындау мәнері бар. Мысалы адайлардың арынын аспандататын батыстың жыр мектебі бар. Оған Жайықтың жауһарларын қосыңыз. Арқаның табиғатына тән жазық дала болуған соң ба, көбіне жыр-термесін серпілтіп жоғары дауыспен айтады. Жетісу мен Қаратау өлкесінің жыршыларының мақамы ұқсас келеді, олар да сөздің ұйқасын ойнатып жырлайды. Қарасаңыз, жан-жағымыз тау. Таудың ішінде айқайлаудың қажеті аз, дауысыңызды жаңғырықтың өзі іліп алып әкетеді. Жетісудың артында Арқа жатыр, одан алғаны бар және Шығыспен дәстүрі байланысқан. Өзіндік мектебімен Жетісудың да шоқтығы бөлек.
Біздің өңірдің дәстүрлі әнді орындаушыларынан жырдың сөзін тиянақты жеткізуді талап етеді. Орташа дауысты диапазон болса жеткілікті. Қос ішекті де басқа өңірдегідей желдіртіп қағып, күмбірлететіндей қажеттілік жоқ. Домбыра біздің Қаратауда сүйемелдеп, қос шумақтың арасында жыршының тыныстауына ғана септігі болып, сөзді қайырып отырады. Жасымызда құйма құлақ қарияларымыз домбыраны қос ішегіне қолымыз жиі тисе, «неге қатты ұрасың, сөзі жұтылып қалды» деп кейістік білдіретін. Әрбір әріптің дұрыс айтылуына мән беріп, ұяң дыбыстардың орны ауыспай, анықтап айтуды қадағалаған.
Бір қызығы, егер өзінің қанында болмаса, басқа мектептің әншілері дәл Сырдың сүлейлеріндей айта алмайды. Қаратаудың мамыражай табиғатында өскен жыршы батыстың екпініне шыдамайды. Сырдың жыршылық мектебінде өскен баланы Қаратаудың мәнерінде оқытсаңыз да ойлаған жерден шықпайды. Әр жердің өз орындаушылық мәнері бар дейтініміз де сондықтан. Қазақта «шымшық сойса да қасапшы сойсын» дейді ғой. Өз топырағанда түлеген өрендерінің талантын ашып, дәстүріне баулу үшін 2009 жылы Қаратау өлкесін жырауларын дайындайтын сыныпты ашуыма осы айырмашылықтар себепші болды.
-Осы жылдың ішінде, сіздің шеберліктен өтіп, суырылып шыққан жүйріктеріңіз болды ма?!
– Жыраулық мектебін қалыптастыру, қайта жаңғырту шәкірт оқытумен шектелмейді. Жеңді түріп шәкірт дайындауға кірісу үшін алдымен жырымызды бір ізге салып, жаттататын жырларды жинап, қойнауда жатқан қазынаны аршып алу керек. Сондықтан да Өнер ордасының ректоры Айман Қожабекқызынан рұқсат алып, ілгеріде өткен жырауларының мұрасын зерттеуге ден қойдым.
Жырымыз да жетерлік екен. Ар жағын алсақ, Жиделі Байсын жерінен басып өтіп, шеті Самарханға дейін барамыз. Осы күнге жеткен Алпамыс батыр, Қамбар батыр, Мұңлық-Зарлық исі қазақтың жыры ғой. Оның бер жағындағы Зарқұм, Бала Әбілда, Ер Шора тағысын тағылар бар. Өткен ғасырдың басында Жүсіпбек Шайхысламұлы біраз дүниемізді түгендеп кетіпті. Бертіндегі Қаблиса жырау, Майкөт, Молда Мұса, Мәделіқожа, Еркөбек, Мұса ақын, Құлыншақ, жүз жасаған Қайыпназар Айтпенов мұраларын да оқулығымызға енгіздік. Шудың бойында Аша деген жер бар, «Ашаның алты салы» – Қылышбай ақын, Өзібек, Қазақбай ақын, Бармақ ақын, Сәттібек ақынның шығармалары әлі халыққа толық жеткен жоқ.
-Сол ақындардың бірі – Сауытбек дедіңіз.
–Иә, оның «Ақбөпесін» әлі күнге дейін көзіне жас алмай тыңдайтындары кемде-кем. Елдің айтуынша, Сауытбек салмен Ақбөпе сұлу көңіл қосады. Қолдың қысқалығынан сүйіктісіне қалың малын жинап жүргенде, төтеннен Жалайырдың Ноғайбайы баласына тоғызыншы әйелдікке Ақбөпені айттырады. Суыт келген құдалар қалыңын төлеп, қызды алып кетпек болады. Уағдаласқанын күткен Ақбөпе науқастанған болып тағы бір аптадай мұрсат алады. Амал жоқ, Сауытбектен хабар болмаған соң ұзатылып кете барады. Үш жігітпен келіскен қалыңын алып келе жатса, салдың алдынан ауылдың адамы шығып Ақбөпенің ұзатылғанын айтады. Қыздың көшін қуып жетсе, Ақбөпе: «Әкетсең, сенімен кетемін» деп егіледі. Оған жанындағы жігіттер келіспей: «Ноғайбай Ақбөпені іздеп мына елді қырып жібер. Ағайынның арасында от салма» деп қайтарады. Лажы жоқ, ақын аттың басын кері бұрады. Сонымен қайтып кел жатып бір тойдың үстінен түспей ме. Естіген жұрт сенің ғашығыңды анау Ноғайбайдың баласы әкетті дейді ме деп сұрамай ма. Сонда Сауытбек айлы түнде ұлыған бөрідей «Ақбөпесін» жырлап, елді жылатқан деседі.
«Мені тастап кеткенің бе Ақбөпем-ай,
Мына жұрт неғып отыр жоқтамай,
Қалың малыңды беремін деп кеткен едім,
Құдайдың тас төбемнен ұрғанын-ай! Ақбөпе ұзатылып барған соң бір айдан кейін құсадан өледі.
-Қаратаудың шоқтығы биік ақыны, «күнгей қазағының Абайы» Майлықожа деп айтады. Майлықожаның өсиет-термелерін насихатшысы ретінде де біраз жұмыс атқарып жүргеніңізді білеміз.
– Майлықожаның зертеушілерінің басында тұрған филология ғылымдарының кандидаты Әсілхан Оспанұлының шығарған Майлықожа жинақтарын ұлы Ералы Әсілханұлы табыс еткен болатын. Соның бірін Елбасына табыс еттім. Сондағы Нұрсұлтан ағаның айтқанына тәнті болдым. Ол кісі кітапты парақтап отырып, «мынаның ішінде Зарқұм бар екен ғой» дегені. Мен таң қалдым. Зарқұм – кәпірлердің патшасы. Пайғамбарлардың сахабаларымен соғысқан. «Әбілда бала бар екен» ғой деп кітапқа тағы шұқшиды. Өз басым, «Әбілда бала» дастанын осы жинақтап оқып білген едім. «Әбілданың қайда жатқанын білесің бе?» деп сұрағанда, білгенімнен білмегенім көп екеніне көзім жетті. Майлықожа пайғамбарлар тарихынан қисса жазып, назымдап, қазаққа жеткізген ғой.
Майлықожа Сұлтанқожаұлы (1835-1898) – суырып салма ақын. Оның ұлдары – Асан, Жолбарыс, Исабек әке жолын қуған. Майлықожа Сұлтанқожаұлы XIX ғасырда өмір сүрген ақын-жыраулардың ішінде өзіндік орны ерекше, артына мол мұра қалдырған. Атақты Жамбыл ақынның «Майлықожа, Сүйінбай, пірім еді сиынған» деп бекер айтпаған. Әзірге үш томдық жинағы қолжазбасымен баспаға дайын тұр. Бірақ ақын шығармалары осымен түгесілді деп ойламаймын. Әлі де архив ақтарсақ қолымызға көп нәрсе түсер еді.
Осыдан біраз жыл бұрын жоқ іздеп, беделді бір ағамыздың атып салып, Ташкентегі Әлішер Науайы атындағы кітапханаға бардым. 1985-1989 жылдар арасында түскен сапарларым мені көп олжаға кенелтті. Сирек ұшырасатын қол жазбалар мен кітаптар бөлімінің ғылыми қызметкерлерінің арқасында, қазақ ауыз әдебиетінің ең жаныашыр жинаушысы әрі бейнеткеш зерттеушісі болған башқұрт бауырласымыз Әбубәкір Ахметжанұлы Диваев жариялаған дүниелер арасынан шықты ол олжалар. Және бұлар Майлықожа шығармашылық қызметінің бүтіндей бір жаңа қырын – қазақ ауыз әдебиетінің сақтаушысы, насихатшысы, шебер өңдеуші жазушы ретіндегі қызметін таныстыратын деректер болып шықты.
Міне, сол кісіден қалған көл-көсір өлең-дастан, терме-толғау, өткір сықақ, алымды айтыстары халқымыздың асыл мұрасына қосылды. Олар негізінде үш топқа топтастыруға болатын еңбектер. Әуелгілері – ертегілер, екіншісі – аңызнама әңгімелер-дағы, үшіншісі – батырлар жыры, хикаяттар болып келеді.
Майлықожаның айтуынан «Сырдария облысының санақ мәліметтері жинақтарында», басқа да басылымдарда Әбубәкір Диваев ақын айтып жаздырған жеті ертегіні орысшалап жариялаған екен. Олар «Үш ауыз сөз», «Түлкі мен маймыл», «Бөдене мен түлкі», «Бұл не деген батпан құйрық» ертегілері, «Екі патша» (орысшасында «О глупости»), «Сұм түлкінің қылықтары» (орысшасында «Похождение одной лисицы»), «Ала қарға мен түлкі» (орысшасында «Лиса и ворона») ертегілері бар.
Майлы ақын фольклоршы этнограф Әбубәкір Диваевпен сыйлас болыпты. Оның үш жылдай жанында жүріп, қолжазбасын аврхивке берген Әбубәкір Диваев: «Мен мысал сөз жазуды Майлықожадан үйрендім. Оған еліктеп бірнеше мысал жазып едім, жақтырмай жыртып тастады. «Өстіп те жазады ма екен?» деп те кейіді деп жазады. Жанында үш жыл жүргенде ғана мысал сөзімді жақтырып күлімсіреп маған қарады. Осыдан кейін мен де жаза алады екенмін деген сенім оянды» деп жазады. Майлықожаның мысал сөздерімен бірге «Ер Шораны» орысшаға аударып кеткен.
-Осыншама мұра қалдырған ақынды бүгінде білетін бар, білмейтін бар…
-Алдында айттым ғой, «Дін мұсылман аманда» жазылған дүниелердің басында Майлықожаның жырлары тұр. Кеңес заманында белгілі жазушы Асқар Сүлейменов Майлықожаның шығармаларын баспаға әзірлеп, осы іске жауапты бір жақсы ағамыздың алдына алып келген екен. Ағамыз оқып болып, жоқ деп те айта алмай, «Я, Алласы мен біссіміласы көп екен» деп амалсыз қайтарады. Асқар ағамыз біраз уақыттан соң, «Алласы мен біссіміласы» күзелген қолжазбаны қайта алып келіп: «Майлықожаны партияңызға қабылдай беріңіз» деп ағамыздың алдына тастай салған екен. Сол күйінде жұқа кітапша жарық көрді. Бірақ, бұл ақын мұрасының бір тамшысы ғана еді. Аз таралыммен болса да өсиеттері мен термелері жарық көріпті.
Бұйыртса, Майлыақынға Астанадан көше сұрағалы отырмыз. Егер тілеуімізге құдай жеткізсе, жыл сайын Қаратау ақындарының, соның ішінде Майлықожаның термелері мен жырларынан жарыс өткізетін ойымыз бар. Осы істердің бәрі өңірдің мектебін түлететін талантты жастарды жинауға мүмкіндік береді. Өз мұрамызға деген қызығушылық тудырады. Қасиетті қазынамызды көкірегін құйған жырау да, оны тыңдағандар да рухани оянып, тазарып, оған мұрындық болғандар да мол сауаптың астында қалары анық. Дегенмен, «мұсылман дінінің амандығын» жырлаған жырларды жырлайтын кез әлі келмеген бе деп қорқамын.
Жақында «Қарату өлкесінің діни жыр термелері» деген кітапты ҚМДБ діни сараптау және талдау бөліміне жіберіп едім, оң қортындысын бермеді.
Хатта: «…Адам (а.с) қиссасын баяндағанда «періштелер мен һүрлердің, бәрі қашып жиылды, қайтып шыдап жүреміз, адамның боғы сұйылды, сыдырамен сабады, сегіз пейіш үйіңді» десе, басқа жерінде «Адам ата күнәхар, әмірімді күтпеген бейішті былғап жүрмесін, далаға алып шық» деген «сегіз сарай пейіштен, сабауменен шығарды» деген жолдарға күмән келтіріп, және басқа да мысалдар келтіре келе, «аһлі сүннаның сеніміне қарама қайшы» деген шешім шығарыпты.
Қазіргі діннің ресми басшыларының түсінігіне сай келуі үшін Майлықожаның өзі тіріліп келіп жырын түземесе, бұл біздің құзіретіміздегі шаруа емес. Мұның өзі Майлықожаны «партияға қабылдағаннан» да бетер қиын шаруа болып тұрма қайдам?! Жалпы назымның шарты мәтінді көркем сөзбен, тыңдарманына лайықтап жеткізгені еді ғой. Орыс отарлығы ішкерілей еніп, халқы шоқынуға бет бұрғанда, дін исламды насихаттап, пайғамбарлар хикаясын назымдап, күндіз демей, түн демей ауыл-ауылды аралап халықтың санасына селкеу түсірмеген ақынның еңбегін бағалауда бүгінгі ұрпағы не ойлайды түсінбеймін.
-Өкінішті екен. Дегенмен, ел арасы кең ғой Майлықожа мұрасын жинауға кімдер атсалысты?
-Түймелиев Ыбырахым Спандиярұлымен таныстығым жемісті болды. Кезінде Спандияр Түймеліқожаұлының əкесі Жүсіпқожа баба сол өңірдің Датқасы, кейін болысы болған Аппазқожаның жеке хатшысы болған екен. Майлы ақын осында қонаққа келгенде шығармаларын қағаз бетіне түсіріп алып отырған.Осы кездегі тікелей мұрагері Ыбырахымнан біраз дүние сол қолжазбадан алынды. Өз уақтында Əсілхан Оспанұлы да Майлықожа туындыларын осы қолжазбадан алған.
1945 жылы дүниеге келген Ысмайылов Зұпар зейнеткерлікке шыққанға дейін Сарыағаш ауданы Жібек Жолы ауылдық округының
Жаңа Тұрмыс елді мекенінде М.Ғабдуллин о.м директоры болған.Шығармашылықпен айналысады. Ол кісіден біраз дүниелер алдым.
Майлықожа бабаның шығармаларын жинауда жəрдем берген ұрпақтарын айта кету керек.
Сарыағаш қаласының тұрғыны Ақбердиев Бөкейхан Əріпханұлы, Сəлімбеев Қожатоғай ауылдық округының имамы Кайфиддин Датқақожаұлы, Мамыбеков. Қалдарқожа Айтқожаұлы, шымкенттік Тастанбеков Атахан деген азаматтарға алғысым шексіз. Ешимов Абдуахихат Əбдірахманұлы – (Сарыағаш ауданы Ынтымақ ауыл округы Майлықожа орта мектебінің директоры) Сламов Нұрлан Дəулетбайұлы (М.Ғабдуллин о.м. қазіргі директоры) – Майлықожа мұрасына адал азаматтар деп танимын.
Атын бөліп айтатын тағы ағам бар. Ол Саттарұлы Сейіт-Омар шежіреші ақсақал. Әрі Майлықожа, Мәделіқожа, Жүсіпбек Шайқысламұлының мұраларын жинаушы, төте жазуынан кириллге аударушы. Сарыағашқа барғанда қолымнан жетектеп жүріп, қожалар мұрасына қанығуыма себепкер болған азаматтың еңбегі ерекше.
Әңгімені жырауларды дайындайтын мектептен бастадық қой. Бүгінде әнші-жыршыларымызды даярлаудың жолы қандай?
– Жыршы-термеші дегеніміз кім? Оның өнер жолындағы талпынысы қазіргі стандартты мектептен басталады. Бірінші каластан тоғызыншы класқа дейін, тоғызыншы сыныптан кейін колледж бар. Төрт жылдық колледжден соң тағы төрт жыл бакалавр бар. Екі жыл магистрлік пен докторантураны айтпайын. Осы жылдары алдымен Майлықожаны түгел білуі керек. Одан бөлек, Алпамыс батырдан бастап, Ер Шораға дейін дастандардың жеті-сегізін жатқа айтуы тиіс. Сонда ғана жыршы атанады. Әрине оңай емес. Бірде екінші курстың студенті келді, көзі қызарып ұйқысы қанбағаны көрініп тұр. Не болды деп сұрасам, «түнімен жыр жаттадым, қызығына түсіп кеттім» дейді.
Емтихан тапсырарында жырды бастап енді қыза бастағанда, мысалы үшін Ер Шораның Қалмақпен соғысқан жерін айт деп бір үземіз, енді көсіліп келе жатқанда кейіпкердің елге келіп әкесімен кездескенін айтқызамыз. Міне, осыдан тосылмай, жырымен төгіліп өтсе онда жыршы-жырау болғаны. Бұл жолға жүрегіне жырдың нұры құйылған жан ғана түседі. Екінің біріне берілмеген қасиет.
-Ресми дініміз былай десе, «түнімен көз ілмей жыр жаттағанның» жырын тыңдайтындар бар ма? Қазір керек адам оқып та, тоқып та алатын ақпарат заманы ғой.
-Бар, неге болмасын. Бүгін өзіміз де таңды таңға асырып жыр жырлап жүрміз. Ел іші кең ғой. Қызылордаға барамыз, киіз үйді тігіп тастап, жыршыны ортаға алып селт етпестен жыр тыңдайды. Маңғыстауға барамыз, біздерді келді деп құрақ ұшқан жандар. Жамбылыма барайын бір қойын сойып, ұйықтамай әншінің аузына қарап отырған жұрт тағы бар. Жақында ғана Шымкентен келдім. Онда да екі күн бойына тек қана Майлықожаны жырладым. Бұл қазақы қанымызбен түзілген дәстүр. Бойында бір тамшы қазақы қаны бар адам жырмен сусындап тұрмаса, жырауын қолдап «әп, бәрекелді» деп арқасы қозып отырмаса не болады?!
Жыраулардың әрбір сөзі, әрбір жолы қазақы қалпымызға қайтару үшін, қазақтығымызды ұқтыру үшін жазылған. Осындай үлкен жолда дәстүрлі орындаушылар қайдан шаршадым десін. Біздің қызметіміз де қазақтың қазынасының шашауын шығармайық деген мүддемен астасып жатыр.
Айгүл УАЙСОВА