Мұқан Төлебаев шығармаларының биік шыңы - опера

МУЗЫКА
2889

Тәңірі өлшеп берген өнер дәні құнарлы топыраққа түссе бауыры сая, жемісі азық болары сөзсіз. Кезінде ақиық ақынымыз Ілияс Жансүгіров :

 - Ыстықкөл жер айнасы мөлтілдейді, 

Балқашты қамыс қамап желкілдейді. 

Аттанған алты өзені Жетісудың, 

Балқашқа бауырымдап еңкілдейді - дейтін елді мекенде, анығырақ айтқанда, қазіргі Алматы облысы Қаратал ауданына қарасты Балқаш көлінің оңтүстік жағалауындағы Қарашыған аулында әйгілі композитор Мұқан Төлебаев дүниеге келді (1913-1960). 

Мұқанның азан шақырып қойған аты Мұхамедсәлім - Мұқан Төлебаевтың анасы Тәжібала Ақшалқызы суырып салма ақын, әрі әнші болғандықтан композиторлық қасиет оған ана сүтімен сіңген деседі. Әкесі Төлебай Үйсінбайұлы қарапайым ұсталық қасиеті бар өте еңбекқор, біртоға жан болыпты. Бес жасында бала Мұқанның қолына нағашы ағасы дәстүрлі айтыскер ақын, домбырашы Апырбай Әуелбайұлы музыка өнеріне баули бастайды. Ол бала күнінен әнші, сазгер Құл ақын мен суырып салма Шашубай Қошқарбайұлы сынды өнер саңлақтарының туындыларымен сусындапты. Қолына қазақтың қара домбырасын ұстатып, Мұқанның талабын байқап көрген ол баланың бойындағы дарынын аңғарып, саз әуенінің иірімдеріне бойлатады. Домбыра үні сыбызғы үніне алмасады. Бала Мұқанның жан дүниесін тербеген күй ұстазына да ұқсайды. Тылсым дүние сыры сыбызғыда шыға береді. Өнерге бас иген халық Мұқан өнеріне сүйсініп қамысты көлге Сыбызғы көлі деп ат қойып алады. 

Мұқан жиырма жасқа келгенде ол кісі дүние салады. Өзінен кейінгі екі інісін жеткізем, анама көмектесем деген оймен Мұқан «Үлгі» ұжымшарында есепші болып екі -үш жыл еңбек етеді. 

«Алмас қылыш қын түбінде жатпайды» дегендей, болашақ өнер иесі ақыры Бөрлітөбеге барып, аудан орталығында өнерлі жастардан «Жұмысшы жас» театрын құрады. Мұқан Төлебаевтың өнерге алғаш қадам басуы осыдан басталған. 

1936 жылы Мұқан дарынды жастардың слетіне қатысып, өнерімен көзге түсіп Мәскеудегі П.Чайковский атындағы консерватория жанынан құрылған қазақ студиясына әншілік оқуға түсіп, бірер жылдан соң профессор дайындайтын бөліміне оқуға ауысады. 

1941 жылға дейін сол жерде оқи жүргенмен денсаулығы сыр беріп, Мұқан Төлебаев Алматыға оралады. 

Мұқан 1942-44 жылдары халық аспаптар оркестріне дирижерлық етеді. Ал 1947-51 жылдары Мәскеу консерваториясында оқуын қайта жалғастырып, композицияның қыр-сырын жете меңгереді. 

Осыншама дарындылық, өнерге бейімділік қайдан десек, тарих сыр шерткендей, Мұқанның шешесі Тәжібала бірбеткей, арқалы жан еді. Бір жағынан суырып салма ақын, әншілігімен де Жетісу өңіріне белгілі болған деседі. 

Бесіктен ана әлдиін естіп, ес біле қоңыр дауыспен салған небір халық әндерін тыңдаған Мұқан әкесінің інілері Әлім мен Әбікеннің домбыра, мандолина, гармонмен қосылып салған қазақ, татар әндерін жадында сақтаған. 

Кейін сол әндер жаңа әндердің тууына септігін тигізді. Мұқан Мәскеу консерваториясында оқып жүрып, бірталай ән шығарды. Алғаш « Мәскеуге сәлем», «Жастық шақ», «Шаттық жыры», «Есімде», «Әнші сыры», «Домбыра сыры», «Қанатым», «Фестиваль әні» деген әндерді шығарса, кейін аспаптық музыкаға көбірек көңіл бөлді. 

Ауылдан естіген халық әндері болмаса композицияның қыр-сырын түсіну алғашында Мұқанға қиынға соқты. Композиторға керек гармония, полифония, музыка формаларын талдау сияқты пәндер оның дүниетанымын кеңейтті. 

Сол кездің өзінде операға музыка жазу, күрделі шығармаларды шығару оның толғандырып жүрген тақырыптары еді. Мұқанның композиторға қойылатын талаптың салмағын сезінуі, үлкен мақсатқа батыл қадам басуы, көңіл қуантарлық жағдай болатын. Ұстазы профессор Глиэр Мұқанның зор қабілет иесі екеніне көзі жетіп ерекше баулыды. Білгенін аямай үйретті. Сол жылдары халқымыздың сүйікті композиторы Нұрғиса Тілендиев те Мұқан Төлебаевпен бірге Мәскеуде оқыған. «Жақсыдан шарапат» демекші, Нұрағаңның ән өнеріне қызығушылығы досының қосқан ақыл-кеңесінен кейін жүзеге асқан. 

Мұқан елге оралған соң сүйікті ісін жалғастырып, Брусиловскийден сабақ алып тыным көрмей үйрене берді. Оның арманы симфония оркестріне, аспаптық музыкаға, көп дауысты хорға шығармалар жазу болса, сол тілегі бірте-бірте орындала бастады. Мұқан Төлебаевтың «Бесік жыры», «Кестелі орамал», «Тос мені тос», «Жылқышы», «Ақ мақта» әндері мен «Көп жүрдім», «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» романстары кім-кімнің де жанын байытады. Мұқан өмір жайлы үлкен философияны музыка арқылы жеткізе білді. 

Мұқан Төлебаевтың симфониялық оркестрге арнап жазған «Қазақ увертюрасы», «Той», «Лирикалық би» шығармалары асқақ үнді, лирикалық сезімге толы ойлы да көлемді шығармалар. 

Композитордың шығармаларынан даланың кеңдігі, халықтың рухы, жігері анық байқалады. Мұқан әндерінің гармониялық құрылымы, полифониялық стилі шығарманың көркемдігін аша түсті. 

«Қойшы әні», «Қырман жыры», «Ақмақта» әндері ауыл тынысын, қаз-қалпында шат көңілмен жеткізе білген сәтті шығармалар. 

Композитордың жеке аспаптарға жазған шығармаларының да мазмұны бай. Әсіресе скрипкаға арналған «Лирикалық би», «Бесік жыры» туындылары фортепианоға арнап жазған поэмалары да өз кезінде тыңдаушы жүрегіне жол тапқан. Ал симфониялық оркестрге арнап жазған «Қобыланды» увертюрасы аспапты музыкаға да батырлар жырындағы Қобыланды батырдың ерлік ісін шебер жеткізе білді. 

Осыдан кейін «Қазақстан» атты поэма туды. Бұл да полифониялық әшекеймен безендірілген лирикалық шығарма. Бақыт таңының атқанын жырлаған ол жарқын болашаққа деген сенімді музыка тілімен шаттана баяндады. 

Композиторға техникалық жағынан қиындық тудыратын жанрдың бірі - камералық шығармалар. Сүбелі үлкен шығармалар жазу Мұқанға қиынға соққанмен көп жылғы қажырлылықтың арқасында ол «Біржан-Сара» операсына музыка жазды. Алғаш тырнақалды туындысы композиторға абырой әкелді. 

Мұқанның енді бір шұғылданған бағыты хорға арнап ән жазу болатын. 1958 жылы Мәскеуде өткен әдебиет пен өнердің онкүндігінде концертті қорытындылаған Мұқан Төлебаевтың «Отан даңқы» шығармасы халқымыздың рухын жеткізер, құлақтан кіріп, бойды алар кең тынысты шығарма еді. Композитор бұл жолы да ерекше қанаттанып, шығармашылық шабытта елге оралған. Кезінде Иса Байзақовтан алғаш естіген «Желдірме» әні Мұқанға маза бермей, осы әннің желісімен шығарма жазуға мәжбүр етті. Бұл шығарма әуені өткір, шапшаң орындалатын. Тыңдаушыға әсер беріп, көңіл-күйін реттейтін бұл шығарма Қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы. 

Мұқан шығармаларының биік шыңы опера. Мәскеуде оқып жүргенде батыстың классикалық операларын тыңдай жүріп осы саланы да меңгерсем деген арманы оны әркез мазаламайтын. 

Операның либереттосын жазу Қажым Жұмалиевтың үлесіне тиді. «Біржан- Сараның» операсының мәтіні Мұқанға бірден ұнағаннан ол опера жазуға кірісті. Ақыры 1946 жылы бұл опера алғаш рет сахнада қойылды. Қоюшы режиссеры Құрманбек Жандарбеков те, рольде ойнағандар Күләш Байсейітова, Шабал Бейсекова, Әнуарбек Үмбетбаев, Байғали Досымжанов және Кәукен Кенжетаев еді. 

1949 жылы үкімет тарапынан бұл спектакльдің сәтті қойылуына орай композитор Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Мұқан бұл спектакльді халық әндері мен Біржан әндерінің әуенін қосып ерекше әсер қалдырды. Композитор «Біржан - Сарадан» кейін бірнеше опера либереттоларын жазды. «Адамгершілік пен махаббат» либереттосы бойынша бірер ария жазды. Ал «Қозы Көрпеш-Баян» операларын жазғанымен көптен келе жатқан өкпе ауруы тілегіне жеткізбеді. Композитордың аяқталмай қалған «Нияз бен Раушан» операсы, Е. Брусиловскиймен бірігіп жазған «Амангелді» операсы, сондай-ақ драмалық қойылымға арнап «Достық пен махаббат» «Жамбыл» киносына арнап жазған «Жамбыл» шығармалары мен «Тос мені тос», «Кестелі орамал», «Май кеші» әндері келер ұрпаққа жетер асыл мұра. Ал «Тілеуқабақ», «Өтебай», «Майдақоңыр», «Әудемжер», «Япурай», «Қамажай» әндері кәсіби өңдеудің арқасында классикалық үлгіге енген үздік туындылар. Композитор Мұқан Төлебаев өзінің аз ғұмырында өз өнерімен танымал болып, лайықты атаққа ие болған алғашқы кәсіби маман. Дүниенің кілті ғылым, білімде екенін ерте түсінген дарын иесі алғашқылардың бірі болып, Мәскеудегі үлкен ұстаздардан дәріс алып, өмір бойы үлкен ізденісте қажырлылық танытқан өнер өкілі. 

Мұқан Төлебаевқа еңбегін адал бағалап, «Коммунизм шұғыласы» кантатасы үшін Республикалық Жамбыл атындағы сыйлық берілген. 

Кезінде әйгілі актер Қалибек Қуанышбаев композитор жайлы: «Мұқан Төлебаев өз ұлтының кешеуілдеп көркейген көркем өнерін көш ілгері сүйреп, талай асуы белестерге көтерген кемеңгер қайраткер десе, қазақ өнерінің жанашыры, үлкен жүректі Ілияс Омаров: «Мұқан қазақ мәдениетінің тарихында өнерімен өміршең аяулы дарын иесі. Оның жаң тебірентер музыкасы келер ұрпақтың рухани азығы» деген болатын. 

Көп жыл бойы Қазақстан Мәдениет министрі қызметін атқарған Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жексенбек Еркінбеков: «Мұқан Төлебаев - қазақ музыка әлеміндегі ерекше тұлға, жарық жұлдызы. Мұның жазған музыкалары еш уақытта өлмейді, өшпейді. Мұқаңның музыкаларын тыңдап отырғанда тұла бойың шымырлап, ерекше бір тебіреніске бөленесің. Мұқаңның музыкасының құдіреті осында»- деп ерекше баға берді. Композитор Мұқан Төлебаевтың опералары, оркестрлік немесе вокалды-симфониялық шығармалары, камералық-аспаптық пьесалары, әндер мен романстары терең сезімталдығымен, өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленеді. «Біржан-Сара» операсы - сазгердің композиторлық дарындылығының шырқау шыңы ғана емес, қазақтың музыкалық мәдениетінің жауһарына айналған туынды екеніне еш күмән жоқ. Композитор Мұқан Төлебаевтың шығармаларының көркемдік-идеялық бағыты - айқын, ұлттық бояуы қанық.  ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы 2013 жылды ұлы композитор Мұқан Төлебаевтың туғанына 100 жыл толуына байланысты «Мұқан Төлебаев жылы» деп жариялады. Бұл туралы шешім Уфада өткен ТҮРКСОЙ-ға мүше мемлекеттердің мәдениет министрлерінің бас қосуында қабылданған еді. Зор дарын иесінің құрметіне Қазақстанда, сондай-ақ, Түркияның бірнеше қаласында маңызды мәдени шаралар өткізді.Жыл сайын ТҮРКСОЙ ұйымдастырып өткізетін опера күндері аясында түркі елдерінің белгілі өнер қайраткерлері мен әншілері Мұқан Төлебаевтың шығармаларын орындайтын болды. 

Әйгілі композитордың туғанына 100 жыл толуына орай 2013 жылы оның туып-өскен ауылында жаңа Мәдениет үйі ашылып, Мұқан Төлебаевтың есімі берілді. Бейнесін келістіре қоладан құйып, еңселі гранит тас тұғырына отырғызған Мұқан Төлебаев ескерткіші Талдықорғанның қақ төрінен орын алды. 

2013 жылы «Астана Опера» өз тарихындағы бірінші театрлық маусымын ашты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсының премьерасын тамашалады. Қажым Жұмалиевтың либреттосына жазылған «Біржан-Сара» операсы композитор шығармашылығының биік шыңы, ұлттық музыка мәдениетінің інжу-маржаны болып саналады. Қасиетті қазақ елінің інжу-маржанын теріп, табиғи өнерді көш ілгері дамытқан, өзінің аз ғұмырында батыс үлгісіндегі классикалық қазақ музыкасының негізін қалаған қайраткер, Кеңестер одағының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ұлағатты ұстаз, білімді дирижер Мұқан Төлебаевтың екінші өмірі, өміршең шығармашылығы келер ғасырға өз бояуында жететін құндылығымен ерекше. 

Алтын Иманбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері 

Madeniet.kz

author

Мұқан Төлебаев

Жаңалықтар

Жаңаөзенде 11 жастағы оқушы қыз сыныптасын ұрып-соғып, оқиғаны видеоға түсіріп алған, деп хабарлайды...

Жаңалықтар

Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында жақсы жаңалықпен бөлісті. Енді халықаралық ғылым...