"Қазына кітап" қорының жетекшісі Алмас ШәйкенБіздің елдің өзіне тән бір кемшілігі ме...
Ұларбек Нұрғалымұлы. «Жылқы ішінде ала жүр...»
Қыз ұзатып көрген жоқпын. Бірақ сол сәтті өз басым өте бір астаң-кестең алақұйын сезімді бастан өткерер, көңіл босатар ерекше оқиға деп білем. Өйткені кішкентай кезімде әпкелерім (негізі біздің жақта «әпеке» дейді) ұзатылғанда көргендерім, сезінгендерім жанымның терең түкпірінде сол қалпы сақталып қалыпты. Көңіл айнасының шаңын бір сүртсем, бәрі де бала күнімдегідей жарқырап көз алдыма келе қалады. Білмекке ықыласты болсаңыз, баяндап көрейін.
Құдалық, одан кейінгі жол-жоралғылар өз алдына бөлек әңгіме ғой, мен тек ұзатылу жайына ғана тоқталайын.
Ең үлкен әпкемді ұзатардан бір ай бұрын бүкіл туыс үйіне шақырды. «Қыз – қонақ» деген сол ғой. Қасына екі-үш құрбысын ертіп, сән-салтанатымен әлгі үйлердің бәріне қонақ болды. Неге екенін осы салтты «танысу» дейді. Сән-салтанат деп отырғаным, ұзатылатын қызға ең көркем атты күміс ер-тоқым, күміс жүген-ноқтамен әшекейлеп мінгізеді. Жаңа киім киеді. Қасындағы қыздар да барын киіп, бақанын қолына алып дегендей сәніне сән қосып шығады. Ол кезде қыз күніндегі киімнің келіншек болғанда жарамайтынын білесіздер ғой, ұзатылар қыз қонақтыққа киген жаңа киімін қасына ерген құрбыларына үлестіріп кетеді. Сонымен, не керек, барған үйі барын алдына тосып, еркелетіп-ақ бағады. Ұзатылып барады ғой. «Бізден не қаласаң да ала ғой, ағаң тіпті бар жасауыңды өзі жасап беруге бар» деп бәйек болған жеңгелер, «Барған жеріңде апайыңмен бала күндегі ұрыс-керісіңді есіңе ала қойсаң болды – сағынбай қаласың...» деп қағытқан жезделер... бәрі-бәрі қыз көңілін көтеріп бәйек. «Отыз күн ойын» дегені сол шығар, бәлкім.
Межелі күн жетті. Тойдан бір күн бұрын құда жақтан төрт адам келді. Жездем, күйеу жолдас жігіт, құда-құдағи болып келген екі кісі. Ертең той деген күні түнде әпкем естелік үлестірді. «Әпекелерің естелік үлестіруге шақырып жатыр, барыңдар» дегенде топ бала жарыса жүгірдік. Әкемнің ағасының үйі, інісінің үйі бәріміз қатар отыратынбыз, көрші-қолаң, тойға келген басқа туыстың балалары бар дегендей, өте көппіз енді. Біз кіргенде шешем шығып келе жатыр екен. «Мә, мынаның бәріне қайтып жеткізесің, кішкене ересектеулеріне берсең болды ғой» деп күліп жатыр. Естеліктің көбі шетін шілтерлеп, кестелеп тіккен кішкентай шыт орамал. Көбін өзі тіккен. Кейбіреуін қонақ болып жүргенде құрбыларына тіккізген. Оның кейбіреуіне сырға, жүзік, сағат дегендей заттар, кейбіреуіне кәмпит түйіп дайындап қойыпты. Ол жерде сыйлық балаларға емес, негізінен, өзінен кейінгі ересек бауырларына, сіңлілеріне, туыстарының ересек балаларына беріледі. Туыстық қатынасты өлшей отырып, мысалы, біреудің тұңғышы болса оған сағат түйілген, біреудің жалғыз қызы болса оған сырға түйілген деген секілді қомақты сыйлар, одан кейінгілерге орташа, төмен деп ретімен беріле береді. Кішкене балалар еленбейді де. Әпкеңнен орамал алуға жарап қалу деген адам қатарына қосылғандай үлкен дүние. Мен үшін солай әйтеу... Сол жолы естелік орамал менен ілгері ағама келіп тоқтады ғой. Ең соңғы кәмпит түйілген шытты Ұланбекке беріп жатып, маған: «Үй, менің Ұларбегіме жетпей қалыпты ғой, болды, саған Сәкен береді» деп басымнан сипап қойды. Астыңғы иегім қисаңдап үнсіз ғана төгіліп жылайтыным болушы еді, тұла бойды тітіретіп сол келе жатты... Азайып бара жатқан шыттарға қарап өзім де ойлап тұр едім, жетпей қалғанда жаман болдым. Сәкен дегені – өзінен кейінгі әпкем Сәкенгүл. Сол ұзатылғанда береді дегені ғой. Сөзі де ұнамады. Ол кезде 7-8 жас деген әжептәуір естияр кез емес пе?! Көкейдегі сөзді қарасаңызшы: «Шыт алу үшін Сәкеннің ұзатылғанын күтем бе енді?». Шыға жөнелдім. «Мә, ананы қара, өкпелеп кетті. Сенің артыңнан бармай қоймасын. Ха-ха-ха!». Ыза буып қылқынып барам. Түкке шамаң келмейді, бекер...
Той күндіз өтті. Кеште ойын-сауық. Жастар бір үйде, үлкендер бір үйде. Ән, күй, өлең, түрлі ойындар. Сол күні тойға құдалар жақтан айтысатын, күй шертіп, домбырамен ән салатын дегендей тілді-жақты арнайы адамдар келеді. Біздің жақ та бір ақынын дайындап сақ отырады. Айтыс, өлеңі көп болғаннан кейін бе, маған жастардан гөрі үлкендер жақтың отырысы жақсы құсап тұрады. Ол айтыстардан есте қалған шумақтар аз емес. Ниғымет, Бәкей ағаларымыздың, Мейрамхан, Шәуел, Марфуза апаларымыздың тойдағы айтыстарына өзім де қосып, балаларға құлпыртып тұрып айтып беретінмін.
Түн ортасы ауа думан тарқайды. Шешелеріміз киіт буып күбір-сыбырмен таң атқанша жүреді, әйтеу. Таң ата көрші-қолаң келе бастайды. Ауылдың үлкендері келеді. Неке оқылады. Содан кейін дастархан жайылып, шай құйылады. Сол бір сәттің салмағы ауыр енді. Үй толы адам. Балаларды сыртқа шығарып жіберіп үлкендер ғана отырады. Мен «сүзгіге» ілінбей, біреудің қолтығының астында қалып қойғам, біреу кеп сүйреп кетпесін деп демімді ішіме тартып әрең тұрмын. Әпкем мен жездем де осы үйде. «Е-е-е, қарақтарым...» деп Қасейін ақсақал әңгіме бастағанда үй іші тым-тырыс тынып қалды. Бір кезде анам сөз алды. Жылап отыр. Үзіп-үзіп, өксіп-өксіп айтады: «...Шамамыздың келісінше бақтық, қақтық, тәрбиеледік. Жетіспегені де бар, жастай ұзатып отырмыз. «Жақсы жерге түскен келін – келін, жаман жерге түскен келін – келсап» дейді, ары қарай сіздердің істеріңіз. Қарғам, бетіме келер сөз қайтарған емес, бір жаманат сөз естірткен жоқ. Жат жұртқа жаратылған соң амал жоқ, әйтпесе әкесінің де серігіндей болды... сендерге аманат енді. Адамдықтарыңа сеніп отырмыз, қыз деген осы екен, қанаты жетілгенде қолыңнан ұшырып қоя бересің баяғы...». Жеңгелерім, көршілер бәрі жылап тұр. Әпкеме қарасам, екі иығы солқ-солқ етеді. Өксіп отыр. Менің де жылағым кеп астыңғы иегім қисаңдай бастады.. Қайта-қайта еңсесі түсіп кетіп, жеңгелері қолтығынан демеп қояды. Әкем салбыраған басын көтерер емес. Құдалар жақ сөз алды. «Сіздерге рахмет! Біз де қыз ұзатқанбыз, оңай емес, жүректеріңізді жұлып бергендей болып отырсыздар. Десе де, жыламаңыздар, енді жылағандарыңыз да жөн ғой, сөйтсе де балаларыңыз жаман жерге бара жатқан жоқ, сіздер болып, біздер болып ақыл-кеңесімізді айта жүріп жұрт қатарына қосылар...» деген секілді небір сұлу сөздермен сонарлай келіп, «Құдеке, енді балаларға батаңызды беріңіз» деп тоқтады. Әкем кеудесін кере, құлашын жая: «Иә, Алла! Балаларым... жолдарың болсын, бақытты болыңдар! Әумин!» деп бет сипады. Жұрт сыртқа лап қойды. Мен де жүгіре берем деп бірдеңеге шалынып жығылғанымша болған жоқ, біреу аяғымды басып кетті. Мысықтай быж ете қалдым. «Мынау неге ғып жүр, осы біреудің жүрмейтін жері жоқ екен» деп күңк етіп аттап өте шықты.
Сыртта жүк машинаға тиеліп дайын тұр екен. Үлкендер сыртқа шыға қалып дөңгеленіп тұра-тұра қалды. Бір кезде қыз-келіншектер қолтығынан демеп әпкемді шығарды. Оң жақта тұрған көрші апамызды бас салып құшақтап, сыңсу айтты. Кәдімгі өлең ғой. Иә, айтпақшы, оны да алдын ала жаттайды. Тойдан бұрынғы қыдырыста, үйде қасындағы құрбыларымен отырып сыңсу жаттап отырғанын талай көргем. «Қардыбайға не деп айтасың?», «Жолдыбайға бүйтіп айт» дегендей әзіл-оспаққа салып күлісіп жататын. Сол сыңсу. Өлеңжанды баламын ғой, сөздері құлағымда қалды. Әкемді, анамды, нағашы атам, нағашы апам, бәрі-бәрін бір-бір құшақтап бір-бір шумақ айтады. Қасындағы екі-үш қыз дауыс қосады. Сондағы үлкен жездеміз (әкемнің қарындасын алған) Қардыбайға айтқан сыңсуы қандай ғажап еді!? Мұнда әркімге тек өзіне айтылуы тиіс сөздер ғана айтылады. Беталды айтыла бермейді. Ұзатылып бара жатқан қыздың жездесіне айтқан сыңсуы мынау:
Жылқы ішінде ала жүр, Ұстай алмай бала жүр. Әкем – кәрі, бауырым – жас, Көзіңнің қырын сала жүр, –
дегенде үй ішінде сыр бермеген әкем әкем теріс айналып жеңімен көзін сүртті. Бұл әпкемнің өзі шығарған өлеңі емес қой, бұрыннан келе жатқан сыңсу. Ұзатылып бара жатқан бір қыз айтып, жатталып қалған шумақ қой. «Қыз – қамқор» дейді ғой қазақ. Рас! Әкеге қыздай қамқор, үй ішіне қыздай қамқор адам көрмедім. Анам тоғыз бала көтерді. «Балалар көбейсе бірін-бірі бағады» дейді ғой, бағады, бірақ қыздар бағады екен. Бір-біріміздің мұрнымызды бұзып төбелесіп жататын ұлдардың кірін қыздар жуды, киімін солар жамап, нанымызды солар пісіріп, тамағымызды солар істеді. Қазір де біз ауылға барсақ, қонаққа барғандай шалжиып жатамыз, ал, жат жұртқа кеткен қыздар төркіндеп келгенде әкесінің әр жейдесінің жағасын тексеріп, үйдің ауласына дейін жарқыратып шығады ғой. Қарашы! Мынау шумақтың алдыңғы екі жолын қайталап қараңызшы. Анау топ жылқының ішінен көздегенін ұстай алмай жүрген бала мына қыздың бауыры ғой, шамасы келмей жүр ғой, өзінен үлкен әпкесі көмектесер еді, ол жатжұрттық болып жаралған соң ұзатылып кеткен... Бұл – өзі жатқа ұзатылып бара жатып, қалып бара жатқан бауырын, әкесін уайымдаған қыздың көкірегіндегі сурет еді. Шынайы өлең өмірге осылай келген. Енді уайымдады болды ма? Жоқ! Оны біреуге тапсыру керек. Кімге? Жездеге! Қай уақытта? Өзі ең сыйлы болған, сөзі ең өтімді болған – тап аттанар кезде. Қамқорлық қана емес, даналық!
Жездеміз қолтығынан демеп, машинаға отырғызғалы жатыр еді, өзі де аңғармай қалса керек, әкем қасына жетіп барыпты. Әпкем қайырыла құшақтап егіліп жылады кеп. Шындығында үлкен әпкем Қанзила әкемнің серігіндей болып кеткен қызы еді. Ерекше жақсы көретін. Оған ұрыспақ түгілі, кейіп сөйлегенін естіп көрген емеспін. «Қыз бала әкеге жақын болады» деген рас сөз. Өте рас сөз!
Қытайда өткен жазушы Мағаз Разданұлы «Алтайдың ақиықтары» деген романында: «Жүз түйеге жасауы артылып аттанғалы тұрған жалғыз қызы Дариға алдына келіп, «Қош, әке!» дегенде, қу дүниенің төбеқұйқасын қара бурадай шайнап өткен Ер Оспанның басы салбырап кетті...» деп жазатыны болушы еді. Мен көрген оқиға да содан мысқал кем емес секілді.
Осы әңгімемді бірде Мұсылманбек дейтін сырлас ағама айтып бергем, жүзбе-жүз отырып айтылғанда әсерлі шықса керек, үнсіз отырып қалды. Аузын жыбырлатайын десе, көзі «сөйлеп» кетейін деп тұрғанын аңғардым. «Әр әке қызын осылай ұзатса ғой...» деп терең тыныстады аздан соң. Қыз ұзатуды соншама қиындатып жібергендей болдым ба деп сәл ыңғайсызданып қалғаным бар еді сонда. Сол үшін сөздің соңын көңілдірек аяқтауға тырысайын.
Анау шытты айтам, «Сәкеннен аласың» деген. Алдым ғой соны. Шетін бізбен шілтерлеген көк шыт. Ол шынымен естелік екен. Өмір бақи есіңнен кетпейді. Ол болмаса жақын болмай қаласың деген әңгіме жоқ қой, десе де туыстық жан дүниеңді жалғап тұрар дәнекердей ғажап сыйлық екен. Ауылға барған сайын Сәкенгүлге бір көйлек ала баруды өзіме міндет санап тұрам. Жаңылған деген көрші апамыз: «Сәкенгүл қарғам ұзатыларда мені құшақтап, «Ауылымдағы көреген, апамнан көрген өнегем...» деп сыңсу айтты ғой, аман болсын, қарғам сол» деп отырғанын талай естідім. Тегін емес, шыт та, сыңсу да тегін емес...
Есті қазақ қыз қадіріне жеткен ғой! Есті қыз ел анасы атанып, қазақтың шаңырағын шайқалтпай, босағасын беріктеп осы күнге жеткен екенбіз ғой!
Қызғалдақтай құлпыртып қыз берген Құдайыма мың-мың құлдық!