«Той-томалақ. Әнші-мәнші жайлы өсек. Әншісымақтарды «жұлдыз» еттік» – Жұбаныш Жексенұлы

Жаңалықтар
1611

Танымал әнші Жұбаныш Жексенұлы қазіргі қазақ әншілері мен шоу-бизнес өкілдерінің деңгейі туралы сөз қозғаған. Оның айтуынша, қазақ эстрадасында өздеріне сенімді ылғи «кәсіпқой», үлкеннен имену, кішіден ұялу дегенді білмейтін бір толқын келді дейді.

Бұл туралы ол «Қазақ үні» газетіне жазған мақаласында айтады.

Әнші «қазір елімізде елдің санасын оятатын, танымды, ой қозғайтын бағдарламалар жоқтың қасы. Тыңдарманның да, көрерменнің де деңгейі төмендеп кеткен», деп ағынан жарылыпты.

«Бір сөзбен айтқанда, Масқара! Кім не істеп жүргенін өздері білмейді (әсіресе осы шоу-бизнес, әннің айналасында жүргендер). Осыдан кейін әнші болғаныңа ұялып, арлана бастайсың…

Үлкендерге бұл неге осындай болды, мынау проблема ғой, қалай шешуге болады – деп сұрасаң, «мені кім тыңдайды дейсің», деп басын алып қашады. Есімін ұмытып қалдым, Қытай жақтан келген бір бауырымыз: «Қазақстанда айқайлап ән айтқаннан басқаның бәрі адам емес екен ғой» – деп еді…», деп ашыныпты әнші.

Қоғамның да деңгейі сол, әнші-мәнші жайлы өсек теруден аспай қалды. Деңгейсіздік өте қатты белең алды… Осыдан біраз уақыт алдында Бибігүл Төлегенова апамызға инстаграммда өте сорақы пікірлер жазылды… Сол кезде менің жалпы тыңдарманның ойлау деңгейі, мәдени деңгейі өте төмен екеніне көзім анық жетті. Төмен бе, жоқ әлде мүлдем жоқ па? Көрген көз бен естіген құлақтан ұят. Айта берсең, мұндай мысалдарды мыңдап келтіруге болады.

Мұндай әңгімелер, ойлар айту өте қауіпті.. Көре алмайтын адам болып шыға келесің.

Айтатын әннің деңгейі той-томалақтың төңірегінде… Бірақ образдары – ел мүддесін ойлап, шаршап жүрген тұлға!

Өйткені ел, халықтың өзі сол әншісымақтарды қолдан «жұлдыз» етіп жіберді… Экранға елпілдеп, екі-үш рет шықса, мән-мағынасы жоқ «Бірлік болсын әлемде» дегенді аузы талғанша қайталағаннан басқа ешнәрсе айта алмаса да, аяғы талғанша секіре берсе, жетіп жатыр… Ертеңіне – «жұлдызсың».

Тіпті, сені одан кейін телеарналар мәнсіз, даңғаза шоу бағдарламаларына жүргізушілікке шақырады.

Осындай, тек фонограммамен ғана елді алдап, ән айтатын, бірақ екі ауыз сөздің басын құрап сөйлей алмайтын «әншілерді» жүргізушілікке шақырып жүрген «Еуразия-1» сияқты телеарналардың «талғамы» туралы не айтуға болады?

Арзан күлкілі сайқымазақтар мен дәлдүріш әншілердің қаптап кетуіне еш таңдаусыз, талдаусыз, талғаусыз, сүзгіден өткізбей-ақ эфирге шығара беретін көркемдік кеңесі жоқ телеарналар мен радиолардың да «үлесі» зор. Ең алдымен миллиондаған көрерменді аяу керек емес пе? Ұят тіпті…», — деп жазыпты әнші.

Жаңалықтар

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі алтын, күміс, қорғасын, мырыш және басқа да қатты пайдалы қазба қ...

Спорт

Қазақстандық Шавкат Рахмонов пен ирландиялық Иан Гэрри арасындағы айқасқа екі аптадан сәл-ақ астам у...