АҚТОҚЫМ

ӘДЕБИЕТ
2025

Қаңтардың қысқы күні қырқаға иек артып, құлақтанып біраз тұрды да құлай салды. Он шақты көлік, төрт-бес әйел, кептеген аяққаптай домаланған күпілі бір бала мен бір кепкен шал текшеге көтерілгенде дүние көгілдір тартып еді. Қысқы ымырт Алтайға қашан да қарақұрықтамай, бозалаңдап кіреді де қар бетін көкшіл сағымға бояп, ай туған соң жер дүние қайтадан шаңқайып шыға келетін әдеті. Бүгін ай қорғалап туатын болса керек, орман іші күңгірттеу, тау сілемдері жер шетіне көшіп бара жатқандай тым алыстан мұнартады. Бір жұма бойы толас бермеген алақаншық боран таң ата ғана жығылған, енді қызыл шұнақ аяз бет қаратпай жалап тұр. Тірі жан түгілі тоң қарағайлардың өзі тарс-тарс айырылып, жер құйқасын тітірентіп қояды. Ауа қорғасындай қолқаңды қарып түседі.

─ Әй, шұнақ! Оңға бұрыл, оңға!..

Шалдың шақар даусынан тайга селк ете қалды. Қарағай басынан қар сусыды. Таяқ тастам жердегі шөп маясының түбінен бір топ елік үрікті. Соңғы текешік жалтақтап қарай беріп еді, мүйіз тармағының бір сыңар молақ тұқылынан Ақтоқымды таныдым.

─ Әй, шұнақ, нағып тұрсың енді?! - деп шал екінші рет шар ете қалғанда құйрығының ақ қылшығы делеңдеп Ақтоқым бытқылға сіңіп жоқ болды.

Сол Ақтоқымның өзі. Тек сирағы сыптай боп ұзарып, тұрқы созылып кеткен тәрізді. Қарамай кеткеніне көңілім қолқ етіп орта түсіп қалды. Амал жоқ, торы биені қос өкпеден тепкілеп жүріп оңға бұрдым. Науаланып қалған қасат жолдан шығысымен-ақ торы бие оппаға шөкелей кіріп жатып алды. Қыстың күні шана үстінен көрі аттың жайдақ сауыры жылы. Аяғыңның басын аяз бүргенмен әйтеуір тақымың тоңбайды. «Жарбайып сен де түспей қойдың - ау!» - дегендей торы бие бұрылып бір көз тастады да мыңқ етпейтінімді сезген соң күртік қарды кеудесімен ырғап - ырғап, амалсыз ілгері жылжыды.

Мая түбі шиыр, белдеулеп жеп қойыпты.

─ Ата, мен Ақтоқымды көрдім!..

─ Әй, шұнақ, мен саған таудың тағысын санап бер дедім бе?!. Шанаңды доғар да биеңмен жол тапта! - деп шал тағы да зекіп тастады.

Бойы бір тұтам боп осы бір шал кіжінеді де жүреді. Өмірі ренжімей тіл қатып, ренжімей шаруа тындырып көрген емес.

Бес тал сақалы көк сүзіп, сығырайған кішкентай көздері қадалып кеп тұрғаны. Құлағымыз қалқандай болса тілімізден «шұнақ» деп сөгеді. Әуелде түсінбеуші едік, тіптен құлақта жазық жоқ, жарты ғұмыры кісі есігінде өтіпті де өзінің де бар естіген «жылы» сөзі «шұнақ» ендігі жұртқа айтар ілтифаты да осыдан аспапты. Шынарға беделі бәлендей емес; көктемге егіс, жазғы пішен, орақта торғайдан бұрын оянып, көктемгі ызғар, жазғы, күздің боз қырауына қарамастан қара қостағы бала сирағынан суырып алып құлқын сәріден жұмысқа алды. Келіннен иба, кемпірден иман да күтпейді, қысы үстінен бір киім түспейді, тамақ талғағанын да жұрт аздаған қажақ-құжағын диірменге тандырға нан жауып отырғанда, шалымыз талқанын қаужап жүре беретін. Қашан аяқ суытатыны да белгісіз, не шаршағым келмейді демейді, өзінен басқа бір адамға сенбейді, Ал қалатындай барлық іске араласып, қыл аяғы колхоз іші есіндегі ара-тұра өтетін жиналыстан да қылқиып қалмайтын. Әттең сауаты кем, әйтпесе... тақымың талып тозып, өгізден енді түсіп жатқанда газет оқып тақымдайтынын қайтерсің...

─ Япырай, мынау өзі ынжық екен ғой! - деді шал күңкілдеп қалған мені жақтырмай, сосын айырдың дүмі мен биені жұқа шаптан нұқып жіберді, - әкет әрі, аяқ астына оралмай!..

─ Буаз бие құлын тастап кетпей ме, анау күрең шолақты қайтеді, - деді мая төбесінің қарын құлатып жатқан келіндерінің бірі.

─ Өлмейді, - деді шал. - Қарыны кебежедей неме, қар бұзуға әбден!..

Сонымен торы бие екеуміз науа жол мен мая арасындағы таптауға кірістік. Үңірейген орманның үрейі жаман, маядан ұзасақ - жау күтіп тұрғандай жалтақтап, жүрісіміз қалады да кері қайтқанда - ту сыртымыздан көп ұстап алатындай тыпырлап жан теріміз шығады.

Сол жылы қар қалың, қыс қатты болып еді. Көрші отырған екі ауылдың арасына жол салу үшін тебінде жатқан жылқыны айдап түсіретін. Жылқы жарықтықтың шаруадан күні бар ма, бір колхоздағы маңдайға басар жалғыз айғырдың үйірі тақымнан босаса - шанаға, шанадан шықса арба мен соқаға жегілетін. Өз аузымен оттап, өз аяғымен көретін есті хайуанның соғыс жылдары мойны құрғап, сауыры кеппеген. Бұрын қысырақ пен тай -жабағының жал - құйрығына қайшы тиюші еді, енді арқан мен тәжіден бастап күрмеуге келмейтін қысқа жіпке дейін қыл-қыбырдан есілетін болған соң қарыны жер сызған мама биелер де қылтасын жаба алмай етегін түріп шыға келді. Малдың аты мал, торы биенің табаны тозар деймісің, бәрінен де жеті түнде жын қаққандай тұтам жерге әрлі-берлі салақтатып қойған қырсық шалға иттей ыза боп жүрмін ішімнен. Боран басылысымен, мал аштан ұлып тұр деп тағат таптырмай осында айдап келген де шалымыз. Бір жұма соққан боран адамды да, азғантай малды да ауылдан ұзатпай қойғаны рас, бірақ жаның ашынғанда малдың ашыққанына қарамайсың. Баяғыда қысырақ бітпеген қырсық шалды малсақтығын айтсай!..

Торы бие мен екеуміздің қас - кірпігімізді қырау шалғанда қырқадан қиялын таусылған айдың кетігі көрінді. Шап шағыр көк жүзінде шанжау - шанжау жұлдыз қалтырайды. Ұлытаудың қойнауы ұлыған иттей көңіл азынатады. Қар жамылған қара орманда жылт жоқ, ақ сәлдесін бүркеніп алып бұйығып жатыр. Мынау қиясына көз тіксем бөркім түсетін зеңгір тау мен қиырына көз салсаң қиялың жетпейтін шексіз орманда өзіңді құмырсқаға теңейсің. Әсіресе түн баласында, аязды қыстың түнінде...

Менің көз алдыма сонау меңіреуден сая таппай жүрген Ақтоқым елестеді. Қар қалың жылы үңгірдегі аю мен қаңқасы жеңіл қояннан басқаның бәріне қиын десетін аңшылар. Соның ішінде бұғы, елік пен күдір көп қырылатын көрінеді. Тайганың қары кейде үш-төрт метрге де жетеді, сол кезде тұяқты мақұлық омбыға қамалып, көрінген жыртқышқа жем болады екен. Биылғы қарды метрлеп ешкім өлшеген жоқ, бірақ қаңтар түскелі бері елік атаулы ауыл маңынан шықпай жүр. Қиқым теріп, шөп тасыған шананың соңынан қалмай, іргеге дейін еріп келіп қайтатын Топ ішінен Ақтоқымды да көрдік деп еді жұрт.

Ақтоқым биылғы көктемде көзін ашпаған балапан болатын. Саумалдық тере жүріп тоғай ішінен тауып алғанбыз. Ит-құс па, бірнәрсе талап тастапты, жаралы тоқымдығына кейін ақ жүн шықты да содан Ақтоқым атанып еді. Әуелде шалажансар байқұсты ауыздандыру да азапқа түсті. Қолдан сусын алмады, ешкілер бауырына салмады. Ақыры көрінген үйдің ешкісін жығып сап, төрт аяғынан керіп тұрып зорлап емізетінбіз. Бақырауық әжелеріміздің талай-талай таяғын да жеген кездеріміз ғой. Үйреншік пе, сүзіп тастайды дей ме, кейін Ақтоқым тұрған ешкіге тиіспей, жусап жатқандардың емшегін қатарласса да құр жібермейтін қызық мінез шығарды. Тек содан соң ғана бұл тентектігін қойып, бөріктен жем жеуді де кейде басымыздағы малақайымызды ала қашып, бермей ыза қылатын. Қылығы қызық төрт болса да кісі сияқты ақылды, ойыншыл, екі көзін қап-қара, кәдімгі жәудір көздің сұлуы еді.

Сөйтіп жүргенде пішен басталды, одан орақ науқанына кеттік. Ақтоқым алажаздай бізбен бірге қарақоста, көже-көпсекке балаларымен бірдей ортақ болды да арманның қызыл дәніне тойған соң мүйізі жетіліп, күзге дәу теке боп шыға келді. Жаз бойы көрмеген соң барақ иттері жатырқап қалған екен. Алғашқы күні қып-қызыл төбелес шығарып, мүйізінің бір сыңарын таптырды да танауын тістеттіріп пұшық атанды. Осыдан біз оны қорадан шығармайтын болдық. Бірақ тоқым бұған қатты өкпеледі, бұрынғыдай емес, көңілі «жемге де марғау, бөтен кісі көрсе алдыңғы екі аяғымен» тепкілеп тасаға тығыла береді, ақыры алғашқы қар бүкіл ауылдың иттерін бөрліктіріп түні бойы тауға үріп шықты. Ертеңгісін мектеп директоры: «балалар, жаралған тағы қораны қашан да жатсына береді, «еркіне қалмай қоя беріңдер», - деді...

─ Ай, шұнақ!.. Айға бата қып тұрмысың?! Андағы тырығыңды жекпеймісің шанаға!

Шал жымырық құлақ итқұлақшынын милықтата киіп шәлтиіп тұр екен. Мен торы биенің қамытына дәртені онан шаужайлап шығарғанша басқа көліктер әудем ұзап кетті де кіренің ең соңында қала бердім. Тағы да қырсық шалдың кесірі сияқты көрінді; түзге шыққанда алдына салады да ауылға қайтқанда артына тастайды. Қыстың күні таудан шөп тасығаннан қиямет жұмыс жоқ. Қыстың қиясы мен еңкуі бірде қиралаңдатып, бірде қуып, алады, ауып қалсаң серігің келіп көмектескенше жатқаның, оның үстіне әр жыртығынан құбыжық мынау үңірейген орманның зәредей тағы бар. Не болсаң ол бол деп шөп үстіне «делбені бастырыққа қыстырып жата кеттім. Бие аман болса мың кетпе!..

Тозған айдың сынығы жел үрген батпырақтай аспанға шырқап барады екен. Үркер төбеге келіп қапты. Шар күмбез сынып кетейін деп тұрған сияқты. Терістен қызыл есті де қарағай басы шулады, жоғарыдан сусып түскен қар қылауы айдың жүзіне кемпірқосақ кигізіп, әуеде миллион ине қайшыласып ұшып жүргендей көрінді. Қимылдаған соң денем жылынып, жұмсақ шөпке жамбасым тиісімен ақ ұйқым келді. Жақын жерден орманды күңірентіп елік үрді. Ақтоқымның даусына ұқсайды. Менімен қоштасып қалайын дегені де... Көзімнің ілінгенін де ілінбегенін де білмеймін, маужырап жатқанымда тағы бір үн құлағыма шалынды. Ит-құстың ұлығанын естігенім осы еді, жүрегім аузыма тығылып, енді болмағанда шананы торы биемен қоса тастай қашайын деп тұра бергенімде:

─ Қолыңды әкел, - деген шалдың дауысы шықты.

Әдейі тосып тұр екен.

─ Немене қорықтың ба, - деді шана үстіне шыққан соң. Қорықпа үйіріңді қасқыр болса да шұбырынды кірені торымайды.

Әлгінде ғана әзірейілдей көрген шалыма әкем келгендей ішім жылып сала берді. Сонда да қорққанға қос көрінеді деп жан-жаққа жалтақтаумен жатыр едім, әлден уақытта өкпе тұстан қараңдаған бір топ шоғыр науа жолға орғып - орғып шықты да шана соңынан шұбыра кеп қуды.

─ Ойбай, кеп қалды!..

─ Не кеп қалды, - деді шал теріс қараған күйі.

─ Қасқырлар кеп қалды.

Шал айылын да жиған жоқ.

─ Ә, ол қасқыр емес, елік қой, - деді. - Жануарлар жандары қысылған соң біздің қарамызға ілескені де...

...Сол күні ауыл іргесінен түні бойы қасқыр ұлып, таң атқанша ит атаулы дүрлігіп шықты. Ертеңгісін мал жайғам кірген апам:

─ Япырай, мына қыс тағыға дейін қотанға қуып тықты - ау, - деп кейіп жатыр екен.

Мен Ақтоқым қайтып келді ме деген үмітпен тысқа атып шықтым. Күресін басында Ақтоқымның сынық мүйізі мен тыртық танауы ғана қалыпты.

Әттеген-ай, ауылдың барақ итіне жем болғанша бөрінің бөтекесінде кеткенің жақсы екен-ау деп өкіндім...

author

Қалихан Ысқақ

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...