Төлен Әбдікұлы(Дәрігердің әңгімесі)Біздің психиатриялық аурухана қаланың батыс жағында, ернеуін...
Дана Асылбек. «Отелло синдромы»
«Әділетсіздікке апаратын екі жол бар: зорлық-зомбылық немесе алдап-арбау» М. Т. Цицерон
Есік ашып кіргенде үй іші тым тыныш болды. Әдетте, өте шулы үйде бәрі неге тыныштала қалғаны таң қалдырып, кірдім. Кіреберістегі жарық өшіп тұр. Қоссам, жарық қосылмайды. Жарықты тағы қиып кеткенге ұқсайды. Ас бөлмеге барып, терезеден қарадым. Айналада бәрінің үйінде жарық бар. Тіпті сол жарықтар даланы да жарқыратып тұр.
Үй ішінде бөлме көп те емес. Бәрін қарап шықтым, үйде ешкім жоқ. Әйелімнің номерін тердім. Тұтқаны көтермейді.
«Мынау қайда жүр?»
Дәлізде тұрып, телефон дыбысын естіп, жатын бөлмеге бардым. Әйелімнің телефоны үйде жатыр. Телефонын қасынан тастамайтын еді, мұнысы қызық болды. Қайда кеткенін болжап үлгермей, дүкенге кеткені жайлы ой біраз қорқынышыма су сепкендей болды.
Ас бөлме мен жатын бөлмеден көше жарығы түскені болмаса, үй іші өте қараңғы. Дәліздегі шкафтан маңызды номерлер жазылған дәптерді алдым. «Жарық» деп жазылған номерді ешкім көтермеді. Жарықты өзім тексергім келді. Түсінбей барып қарасам, жарық қолмен өшірілген.
Жарықты қостым. Үй шашылып жатыр. Ластығы сондай дала кезген біреу келіп, сасытып кеткендей. Екеуміздің үйді быт-шыт қылатын тентек баламыз да жоқ. Бұның бәрін ересек адам істегеніне сену қиын екен. Әсіресе, мен жоқта тазалықты жақсы көретін әйелімнің бұлай шашып тастағанына аса сенбедім. Үйді өзім жинадым. Үстіме киген киімім сасып тұр. Бәрін жуып, тазаладым. Әдетте істемейтін шаруа болғасын, әйеліме тағы бір ренжідім.
«Үйді қараусыз тастап қайда кеткен, а?!»
Түн ортасы болды, ал әйелім әлі жоқ. Теледидарды өзімді алдарқатуға қосып қойғанмен, оны қарап жатқан мен жоқ. Бар ойым: әйелім маған айтпай қайда кеткені жайлы. Мені тастап кеткеніне сене алмаймын. Тастап кетуі жайлы ойларым жай бір қиял дейін десем де, сол жаққа қарай өз-өзімді тығырыққа тірей бердім. Ақыры шыдамай орнымнан атып тұрдым да, балконға шықтым.
Көше жақтан көлік шуы естілсе, балкон қарап тұрған аула жақ тыныш. Алдымыздағы көрші үйге біреу есікті ашып кіріп кетті. Басқа далада ешкім болмады. Тіпті дәл қазір үйге келеді деген үміт те көп емес. Қалтамнан темекімді шығардым да, соңғысын тұтатып, оны терезеге сүйеніп тұрып шектім. Темекіні тұтатып жатып, есіме оның балконға темекі шеккенімді өте ұнатпайтыны түсті. Дәл қазір ол жоқта осы рәсімді дәл осында орындау, өзіме оған жасалған өте қиянат іс сияқты көрінсе де, еш қиналмастан, рахаттана тарттым. Себебі, ойымда ол қазір басқа біреудің үйінде тыныш ұйықтап жатқаны елестейді. Күйеуі бар әйел екеніне қарамастан, үйіне қондырған бөгде еркек болса деген ой туып, тіпті ашуымды оятты. Темекіні қолыма алып, желмен үйге қараған түтініне көз салып, ішімдегі болмашы ызамды басуға тырыстым.
«Мені тастап, бай еркек тауып алып, соған кетті ме екен... Әлде жай бір құрбысына кетті ме? Құдай-ай, бұл қалада бірде-бір танысы да, туысы да жоқ қой. Менен басқа ешкімі жоқ еді ғой...»
Өз-өзіммен сөйлесіп, өз-өзіме ұрысып, өз-өзімді жазалап біраз ауыр ойдан соң орныма қайта барып жаттым. Оның мені тастап кетуіне еш негіз жоқ болса да, шын тастап кеткеніне өзімді сендіріп, бұған сенуден басқа амал жоғын түсіндім.
Неше түрліні ойлап жатып, таңға жақын ұйықтап та кеттім. Бірақ бұл түндегі ұйқым ұйқы болмады. Түсім мен өңім өзара жағаласып, миымдағы сұрақтарға жауап іздеді.
Көрген түстерім өте қорқынышты болды. Мен жұмыстан келер алдында, үйге ұры түскенін көрдім. Ұры үйден бағалы ештеңе таппай ашуланды. Әйелімді әкетіп, бопсаламақ болды. Қыруар ақша талап етіп жатқанымен қоймай, әйелімді өте қинап жатыр. Ал оның менің атымды атап, айғайға басып, жан ұшыра көмек сұрап жатқаны тіпті шошытты. Құлағыма дауысы кіріп, атымды бірнеше рет атап шақырды. Көмектесе алмадым.
Түсімде бұдан артығын көрмедім. Көре алмадым. Терге малынып ояндым да, бұл дауысты жадымнан өшіре алмадым. Түстің сонша өңге ұқсас бейне болуын алғаш байқауым. Жүрегім қысылып, демімді ала алмай біраз отырдым. Кейін барып түсіндім. Түс соншалық шынайы болуы мүмкін емесін түсіндім.
«Иә, ешбір танысы жоқ әйелім басқа ешқайда қонуға кетпейді. Мені тастамайды да. Бұл түс емес, бұл - аян! Бұл – белгі! Әйелім мені көмекке шақырып жатыр».
Үй ішінде айналып жүрмін. Түсімдегі аянышты бейне көз алдымнан кетер емес. Қабырғаны соғып, әйелімді құтқара алмағаным үшін өкініп, жылап та жатырмын. Бірақ бұдан еш пайда жоқ. Әрекет ету керек. Телефонымды алып полицияға хабар бермек болдым да:
«Олар әйеліңе ие болмадың деп өзіме бас салса не істеймін?! Оны қорғай алмағаным үшін түрмеге жапса не істеймін? Жоқ, одан да өзім іздеймін. Өзім көмектесемін оған».
Телефон тұтқасын лақтыра салдым. Өзім әрекет етуім керегін түсініп, киініп алдым. Қабырғалас көршінің есігін қақтым. Таң атпастан соғылған қағысқа ешкім келе қоймады. Біраздан бері көрші боп келе жатқан кісілер болатын, кеше кешкі бес-алты шамасында үйден айқай-шу естігендерін де айтты. Көршілерімнің мұндай сөздерінен соң көрген түсімнің белгі екеніне әбден сендім.
Бүгінгі жұмысқа барғым келмеді. Жолдас жігітке ауырып жатырмын деп өтірік айтып, жұмыстан бір күнге сұрандым. Үй жақтағы адамдардан әйелімді, күдікті адамды сұрастырып жүрмін. Өте кәрі бір әйел:
«...алыстан бір әйелді бір еркек көлікке салып жатқанын байқадым. Әйел ұйықтап жатыр ма, талып жатыр ма, әйтеуір басы мен қолы салбырап тұрды ғой».
«Еркек қандай? Көлігі қандай?»
Кәрі әйел бұл сұрағыма ұзақ ойланды.
«Көзім көрмеді. Бірақ сен айтқан үйден шыққанын анық көрдім. Басқа ештеңе білмеймін, көрген де жоқпын».
Кәрі әйел әрі қарай ештеңе демеді. Айтқанын болжап көрсем, уақыт үйдегі у-шумен сәйкес келеді. Ұры әйелімді есінен тандырып алып кеткені анық болды.
«Енді ол көліктің қайда кеткенін қалай анықтаймын? Номері де белгісіз. Байғұсым-ай, басымызға не күн туды?!»
Кәрі әйелден бөлек үй маңындағы тағы біраз адамдардан сұрастырып көрдім. Олар тіпті әйелімді көрмегенін де айтты, бірі тіпті ересек адамның жоғалып кеткені жөнінде күліп те алды. Әйелімнің із-түссіз жоғалғаны өте тереңге кетіп бара жатқандай көрінді. Күні бойы айналаны барлап жүріп, оны енді қалай табарымды, кімнен сұрап, қайдан іздерімді білмедім. Көрген түсімді өтірікке балайын десем, бәрі соған кеп тіреліп тұрғандықтан, сенбеске еш амалым қалмады. Мүмкін, ұры маған хабарласып, әйелімді босату үшін ақша сұрап телефон соғатын болар. Мүмкін, әйелім өзі хабарласып, маған бәрін түсіндірер.
***
Үш күн өтсе де, телефоныма әйелімнен, не оны алып кеткен ұрыдан қоңырау келмеді. Жұмысқа бармай қойдым. Әйелімді іздейтін ешбір жолды таппасам да, аула мен үй арасында біраз сандалдым. Жолдарға сағаттап қарап, оны күттім. Ол алыстан «Мен жай қыдырып кеттім» деп келе жатқандай көрінеді. Сосын үйге кіріп, «Балконда темекі шеккенсің бе?» деп ұрысып, «Үйдің ішін мен жоқ үш күнде неге сонша шашып тастағансың?» деп те ренжиді. «Үш күн бойы менсіз түк тамақ ішпеген сияқтысың ғой» деп тамақ әзірлеп, «Жұмысыңа неге бармай жүрсің?» деп тағы ұрысатын болады. Бұның бәрі маған еш ұнамаса да, маған оның жанымда болғаны керек еді. Қасымда болғанда әлдеқайда бақыттырақ болар едім. Қайтып келсе, бұрынғыдай жиі ренжітіп, болмашы үшін бетінен шапалақпен ұрмас едім. Бәрі бұрынғыдай болмас еді. Мына жолмен қайтып келсе, қайта оралса, енді ұрмаймын, енді ренжітпеймін. Бірақ қашан? Қашан үйге қайтып келеді?
Телефоным шыр етті. Бейтаныс номер, бейтаныс адам дауысы. Мені танып тұр, әрі әйелім жайлы да сұрады. Өзін таныстырған бейтаныс адам бір адреске мені шақырды. Маңызды мәліметтер білетінімді айтып, соларды мәлімдеуімді айтты. Мүмкін, бұл әйелімді ұстап отырған адамдар, мүмкін, табуға көмектесетін адамдар. Бірақ мен ешкімнен көмек сұрамап та едім. Десе де, бардым.
Шақырған жерде мені қараңғы бөлменің ішіне әкеп отырғызды. Қарама-қарсы отырған еркектің көздері сондай сұсты, әрі қорқынышты екен. Ұзақ үнсіз отырып, бетіме қарады да:
«Бұрынғы әйеліңіз Назым Асқарқызының өліміне қатысты не дейсіз?»
Төбемнен суық су құйып жібергендей болды. Не ойларымды білмедім. Айтқанын тіптен қабылдай алмадым.
«Сен кімсің? Қайдағы өлім?»
Еркек отырған орнынан атып тұрып:
«Мен саған осында келгелі өзімді мың рет таныстырдым, мың рет. Бұрынғы әйеліңнің өлімі жайлы миллион рет айттым. Өтірік ақымақ болуыңды қой!»
Қаруы бар ашулы еркек маған бірден «сізден» «сенге» көшіп, айғайлай бастады. Артынша тез тынышталып, киімін реттеп, үстел үстіндегі су құйылған ыдысты алды да, бір стақан су құйып ұсынды. Бұл есеңгіреген мен үшін көп көмек болды. Еркек тағы:
«Ал енді айта отыр. Назым Асқарқызын соңғы рет қашан көрдің?»
«Төрт күн болды көрмегеніме. Сейсенбі таңертең жұмысқа кетерде көрдім. Жұмыстан келгенде ол үйде болған жоқ»
«Өтірік!»
Түсінбей қалдым. Жігіт сөздерін жалғады да:
«Жәбірленуші екі айдан бері құрбысының үйінде тұрады. Екеуің ажырасып кеткендеріңе екі айдан асты. Есіңде ме?»
Бұл естігенім менің күлкімді шақырды. Қалада бірде-бір танысы жоқ адам құрбысының үйінде екі ай бойы қалай тұра алады? Ажырасып кетті деген тіпті... Жымиып отырып, жанымдағы еркекке бәрін қайтадан түсіндіргім келді. Еркек соңына дейін тыңдамастан:
«Сен әдейі істеп отырсың ба, әлде шынымен басың істемей ме, білмедім. Сен тым болмаса Арман жайлы білесің бе? Соны айтшы».
Шынымды айтып отырғанымды, тіпті мынау айтып отырған Арманын да танымайтынымды жеткіздім. Ашулы еркек одан әрі айқайлап, үстелді бір ұрды. Қолымдағы су төгіліп, стақан қолымнан жерге тарс ете түсті.
«Сен өз ұлың Арманды шақалақ кезде абайсызда өлтіріп алғансың. Есіңде жоқ па? Соған әйеліңді кінәлап оны біршама айлар бойы себепсіз ұрып-соққаның ше? Есіңде бар ма? Әлде «ой, ұмытып отырмын» дегің келіп тұр ма? Ақымақтың рөлінен шық. Істегеніңнің бәрін де мойында! Ажырасқан соң әйеліңді басқалардан қызғанып, ұрлап әкеткеніңді мойында. Ұрлап, үйіңе қамап қойғаныңды мойында. Айдалаға апарып өлтіргеніңді мойында. Қылмыстарыңды мойындасаң, жазаң жеңіл болады. Айғақтар да саған қарсы сөйлеп тұр. Мойындайсың ба?»
Бұл еркектің қай Арман жайлы айтқанын түсінбедім. Қайдағы өлім мен қайдағы айғақтар? Ойыма бұл өзі қылмыскер емес пе деген ой да келіп жатыр. Бір жағы маған әйелімді табуға көмектесетін сияқты.
«Әйелім сейсенбіден бері жоқ. Көршілер мен жоқта үйде у-шу болғанын, ал ауладағы кәрі әйел оны көлікке салып, бір еркек ұрлап кеткенін айтты. Мен басқа ештеңе білмеймін. Оны табуға маған көмек керек. Осында сол үшін келдім».
Бұның бәрін оларға әйелімді табуға көмектеседі деген оймен айттым. Ашулы еркектің мазасы кеткендей:
«Жарайды, сенің жайың түсінікті болды. Бұлай отыра берсек, нешетүрлі ертегіні басқа кейіпкерлермен қосып айтып кетерсің. Тергеу ісі аяқталды».
Бұл мәлімет оларға көп нәрсеге көмектескені үшін қуанып та қалдым. Әйеліммен кездесетін күн де таяп қалғанын сезіп отырмын. Көзім жасаурап, жоғалған адамымды табатыныма қуандым. Сырттан бейтаныс біреу келіп, қолыма кісен салды да, бұл қараңғы кабинеттен алып шықты. Ойымда әйелімді табуға деген бір үміт пайда болды. Сол үмітпен көзімнен жас саулап келе жатыр. Мына адамдар оны табуға көп көмегін көрсетсе, бір апта, тіпті екі-үш күнде қауышып қалармыз.
***
Мені өте қараңғы тар бөлмеге әкеп отырғызып қойды. Әйелімді әлгі ашулы адамдар өздері тауып, екеумізді осында табыстыратынға ұқсайды. Осыны ойлап, қуаныштан басым айналып жүр.
Көз алдыма кездесуімізді елестейді. Оны көргенде не деп айтарымды да білмеймін. Өзі онша көйлек көп кимейтін еді. Бірақ екеумізге де ұнайтын қара көйлегі бар болатын. Тізеден төмен түсіп тұратын қара көйлегі оны бәрінен ерекшелендіріп көрсетеді. Соны киіп кіріп келеді. Ол менен тығылып қалғанын күліп айтады, ал мен оны бүкіл ауладан іздеп, адамдардан сұрастырып, алаңдағанымды айтамын. Кейін ол мені құшақтап, тосын сый жасағысы келіп, бірақ онысы менің кесірнен іске аспағанын айтып күледі. Мен де онсыз өткен өңсіз күндерім мен түндерімді айтамын. Бірақ әлгінде балконда темекі шеккенім жайлы айтпаймын. Бәрібір үйден темекінің иісі кетіп те қалған шығар.