Қабдеш Жұмаділов«Жер қозғалса қозғалар. Бірақ анау-мынауға Қозыбай қозғала қоймас», &mda...
Роза Мұқанова. Менің Таразиым
Құрметті оқырмандар! Қазақтың көрнекті жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Әкім Үртайұлының 85 жасқа толуына орай, «Мәдениет порталы» қаламгердің шығармашылығына арналған әдеби апталығын бастаған болатын. Бүгін сіздердің назарларыңызға жазушы-драматург Роза Мұқанованың 2013 жылы 30 тамызда «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген «Менің Таразиым» атты мақаласын дайындап, ұсынып отырмыз.
Көк пен Жер, Ай мен Күн бір-бірінен алшақ болғанымен, Тәңірдің өзі жарастырған жұп сияқты көрінеді маған. Көк болмаса, Жер ырысын бере алмас еді, Күн болмаса, Ай көрінбеседі. Бірақ екеуі екі жақта алыста, қашықтықта. Екеуі де үнсіз, екеуіде тылсым, жұмбақ... Көк пен Күнді қайдам, Жер менАйды мүлгіген мұң басқандай болады да тұрады. Себебі, адам о баста-ақ мұңнан жаралса керек. Табаны тиген Ай мен Жерді де мұңға толтырып жайлатса керек. Бұл мендегі қызық пен қулықтан ада, асаулығы мен бұғаулығы да жоқ, ішкі көңілдің күйі. Ұққаным – есейгенге дос та азаяды, есейген жан досқа мұқтаж да болмайды. Таңдап сүйген жалғыздығыиасау жүйріктей ешкімді маңайлата бермей жанталасады. Өзімен-өзі болғысы келіп, өз жанын өзі бір сәт ұйып тыңдағысы келіп оңаша қалғанды қалайды. Жылқы үйірінен адасқанда кең даланың төсін айырып, ұшқан құстай желіп бара жатпай ма? Парлап бара жатқан бойындағы ащы тер ме, ащы жас па, жаратылысы ғана білер. Жаратылысқа жан бағынады. Жанды бағынышта ұстаудың қаншалықты қауіпті екенін бәлкім, білетіндер де бар шығар. Жан жаратылысыңа бағынбаса, жарылып тынады. Жан жарылса, бұ жалғанда пенденің тұрағы қалмас.
О.Мандельштамның А.Ахматоваға «Мен өлімге дайынмын» деген сөзі жиі еске түседі. Жаратылысты мойындау – өлімді мойындау. Өмір мен өлімнің егіздігіне, өмірдің сыңары өлім екеніне көз жеткізгендік.
Осиптің сеніп, сыр ақтарар достары да болмаған деседі. Әсілі, шығармашылықта әділін бетке айтатын адамда дос бола да бермейді. Заманында Н.Чуковскийдің роман жаздым деп даурығып қоймағанын естігенде, романды енді оқып біткен Мандельштам: «Для романа нужна по крайней мере каторга Достоевского или десятины Л.Толстого»,-деп төбесінен тас түскендей етеді. Бұл, жалпы, шығармашылығына, көркемдік әлеміне деген ұлы жауап кершіліктен айтылған сөз деп ұғалық. Ал Фединге: «Ваш роман» («Похищение Европы») голландское какао на резиновой подошеве, а резинато советская», - дегенін есіңізге алыңызшы. Ақиқатты айтуда басын да, бәсін де тігіп әділ бағасын беріп, өзінің қара басының емес, әдебиеттің құнын түсірмеуді негіз еткендер болды. Көндігіп, көрінгенге көнтері бола алмайтындар «өлімге дайынмын» дегенде, өлмейтін ой айта алатындығымен, даралығымен өзгелерден оқшау тұрса керек. Бұлар – Абай, Мұқағали сындылар. Мен солай түйдім.
Мұқағалидың барлық өлеңдері оның өлімге дайындығын көрсетеді. Жанға үрей енгенімен, санаға бостандық берген Мұқағали өзін ұлы дайындық биігінде танытқанын бағамдайсыз. Бәлкім, өзі өмірден өткенімен, өлеңдері биіктіктен беткейге түсе қоймағаны сондықтан болар.
Біздің жұрт көп оқымайды, естігенді ғана мұрат тұтады. Осы ретте Әбіш Кекілбаевтың «Бұ жұрт Толстойдың атын ғана біледі, ал затын білмейді» дегені де ащы шындық. Осы сырды бағамдағанда Таразидың да даңқын дақпыртпен ғана білетін, шығармашылығынан бейхабар жұртта жоқ дей алмаймын. Көзіқарақты оқырман болмаса, Таразиды теледидардан көрумен ғана шектелгендердің қатары көптеу шығар.
Тарази – өзгеден тағдыры да, болмысы да бөлек, қазақылықтан гөрі жаңашылдығы басым, өре мен талғам әуелден сергек, тағдыры дара суреткер.
Көпірме сөзге жоқ, ұзақ қарап отырып, бір-ақ ауыз сөз айтып, тұрып кете беретін жұмбақ, ішінде піл өліп жатыр ма, ит өліп жатыр ма, сөзге сараң. Отбасы, тұрмыс, туыс, жекжат деп аталатын тұсауға санасын малтықтырмаған. Жалқылықты, саяқтылықты таңдаған. Ғарышпен ғана үндестіретін жанына өзі ғана иелік еткісі келеді. Жауапкершілік алып, өзгенің тағдырын қамыт етіп, біреудің сыңары болғысы келмеген. «Сыңар», «егіз» деген ұғымға оның табиғаты келе бермейді. Ортадан да, қатардан да, ағайыннан да безініп жүретіні сондықтан. Бұл жаратылысты біреу түсінісе, біреу түсінбеуі бек мүмкін.
«...Менде жанұялық сезім болған емес», - дейді ол «Болашаққа шегініс» деген кітабында.
- Өзімнің әке-шешеме еріп, бір жаққа барып, еркелеп көрген емеспін. Мен олардан қашып жүретінмін. Бірге отырып тамақ ішпейтінмін. Дастарханға не ерте, не кеш отырамын. Нағашымның үйі «қал» десе, қала саламын. Адам жатырқауды білген емеспін. Нағашы әжем құшақтайды, мен де құшақтаймын. Бауырына басып жатып ұйықтататын. Атам да сөйтетін. Мынау атам, мынау нағашым деп бөлген емеспін. Маманың інісі болды. Жәділ дейтін. НКВД-нің қызметкері. Әйелі Шура деген орыс еді. Мен солардың үйінде де жүрдім, бірақ жатырқаған емеспін. Сонымен, атам әкеп салған нағашымның үйінде қалдым. Атам есекке мініп ұзап бара жатқанда артынан қарап тұрдым. «Сонда атам кетіп бара жатыр-ау деп қиналған жоқпын, типыңдаған көк есегімді қимай тұрғаным рас» («Болашаққа шегініс» 59-бет). Немесе «Тасжарғанда» Омар деген кейіпкері бар ол жары Сәулемен қосылғанына үнемі өкінеді де жүреді. Үнемі отбасынан құтылудың жолын іздейді. «...отыз алты жасқа келгенде мені не қара басты. Сәуле сорлыны сүймейді екенмін. Сүймейді екенмін ажырассам керек...» («Тасжарған» романы, 1975 ж.). Омар неге Уляны аңсайды? Омар енді ғана құрған отбасынан әп-сәтте неге жеріп шыға келді. Улямен болған әр түні бақыт құшағына батырып, Сәулемен болған күні мен түні неге жан азабына тұншықтырды? Отыздың алтысына келген Омар әйелі Сәуледен безінуге не себеп? Неден тоят таппай құлазиды Омар? Мүмкін Омарды алдап қолына түсіріп, байлап-матап қойған Сәуленің қулығы мен қылығын кешірмейтін болар. Әлде, адам атаулыға тек жекіп сейлеуді әдетке айналдырған, қабағы мен-мендіктен ашылмайтын, биік мансаптағы күйеудің ғана әйелі болғысы келетін, күйеуі қызметтен түссе, отбасын трагедияға айналдыратын дүниеқоңыз Сәуленің эгоизмінен қаша ма? Әлде, тоңмойын Сәуленің сырласу, жан рахатын бөлісуден ада еркек шомбал дөрекілігінен жан сауғалай ма Омарды жаныштайтын?.. «...Қой, Омар! Сенің адам екенің рас болса, «іш шәй» десіспей, әйеліңмен ажырас! Кетбетіңнің қараған жағына! Отыз алты жас деген түк емес, қартайып, белің бүгіліп тұрған жоқ, кет бұл арадан». Омар неге біреудің некелі жары Уляға өліп-өшіп беріліп кетті. «...Өзімен-өзі алысқан сұрапыл айқастың белгісі еді, сынып кетпеудің, мүжіліп қалмаудың айласы еді, қара басын қорғаштап төмендей алмаған соң етегіне жармасқан қорқау тағдырдан көкке шырқау биікке көтеріліп кетіп құтылмақ болған жан далбасасы еді», - дейді автор. Омар Уляны сүйдім демеді.
- Сүйесің бе? - деп қылмыңдаған біреудің әйеліне ләззатты түндерді жүк қылғаны рас, онда да Сәуледен қашып жүріп, Сәуледен бой тасалап безініп жүріп, бұл Омар неге ұрынбады...
Таразидың Омарын Г.Маркестің «Любовь во время холеры» романындағы махаббатын елу жыл, тоғыз ай және төрт күн күткен кейіпкеріне ұқсатамын. Армандаған Фермина Дасаны кездестіру үшін кейіпкер қай қызға ұрынбады, қай әйелге соқтықпады, кімнің етегін көтермеді дейсіз. Тіпті, кез-келген кездесулерде сәті түсіп, қыз-кырқында жолы оңынан болатын. Бірақ сүйгенін таба алмаған еді, тағдыр оған шын сезімді, армандаған махаббатын кездестіру үшін елу жыл, тоғыз ай және төрт күнді күтуді нәсіп етті.
Жазушы жадында, өмірбаянында болмаған дүниені жаза алмайды. Тіпті, жазды деген күнде оқырманын сендіре алмайды. Суреткер оқырманды шыншылдығымен ғана баурайды. Фальш болған жерде оқырманды сендіре алмайсыз. Оқырман өзі мойындап, түйсік санасы иіген кезде «Апыр-ау, мынау мен ғой. Мына кейіпкер дәл мен» деп өзін-өзі көріп, өзін-өзі таныған кезі, суреткердің мәре биігіне жеткен тұсы дер едім. Ол оқырманның ой-санасын жаулаған кезде жазушы екендігіне енді ешкім шек келтіріп, шүбә қалдырмайды.
Жазушы өз тағдырынан алды ма, әлде өмірде болған бір сюжетті жәукемдеді ме, ол жағы жеке лабораториясының жұмбағы. Мәселе сол жұмбақты сыр етіп айтып емес, бейнесін салып, сана жиегіне оқырманы сенерліктей шарықтатып апаруында.
Маған «Тасжарғандағы» Омар жақсы таныс.Омардың тарығуыда, Таусылуы да қайта түлеп қомданғаны да автордың жан-дүниесіне тым ұқсас.
Иен жұртта Айға қарап отырып, жаны ұлитын суреткерлер қатарына Таразиды қояр едім. Жанын аяп, жалтаңтап өмірдің жайлы тұсын, ыңғайлы жолын аңдып, тағдырдың сүрлеуінен бойын алып қашып көрмеген Әкім өз басына түскен қиындықтың бәрін жеңе білді. Мен оның адами тұрғыдан да, суреткерлік тұрғыдан да батыл, әділдігіне, батырлығына тәнтімін. Зиялы деп санайтын ортаның кейбір тұлғалары түске дейін бір пікір, түстен кейін бір пікір айтып, өз сөзінен өзі айнып, шатасып отыратындары болады. Ал Әкім Тарази бір-ақ рет пікір айтуы мүмкін. Және одан өле-өлгенше айнымай кетуі бек мүмкін. Оның күнделіктегі жазбаларын оқып отырып, осыдан отыз жылғы жазылған пікірінің қандай дәл, қандай айқын екеніне таң қалдым. Өмірде ең қимас, бағалы дүниесі болса, ол – күнделігі. Күнделік – Әкім Таразидың сыңары. Оның сыр бөлісер жалғызы да күнделігі. Күнделік жазбалары – мінәжаттан, Аллаға құлшылықтан тұрады. Әр сөз ұғымға айналады, ұғым – санаға қонады, Сана – жанды толқытады. Қиын... Күнделік оқу қиын...
Ол ешкімді ешқашан кінәлаған емес, бәлкім, көп жағдайда өзін кінәлауы мүмкін. Ренжісе ішінде, жадында. Күнделіктің бетін пенделікпен ластамаған. Бірақ әділ пікірін күнделіктерінен толық кездестіресің. Оқып отырып – қатаясың, оқып отырып – босайсың.
Задында ұлы жазушылардың көркем шығармаларымен қатар,күнделіктерін де жоғары бағалаймын. Толстойдың, Ахматованың, Цветаеваның, Ахмадуллинаның күнделіктері көркем шығармалармен пара-пар дер едім.
Тарази күнделіктерін оқу ауыр. Ауырып, жатып қалған кездерім де болған. Өмір сүруге құштарлықтан айыратын бұл жазбалардың біз үшін кейде бетінің ашылмағаны да абзал.
Әкім Тарази жеңіл оқылатын суреткерге жатпайды. Тіл жатық, жеңіл оқылғанымен, ой астары жер қыртысы сияқты түрлі-түсті қабаттың сырын аңғартады. Меніңше, өмірбаяны таяз, көргені мен түйгені аз адамнан суреткерлік шықпайды. Суреткер сүзгіден өткендей тазарып барып, сол тазару жолында талай бәле-жаладан, қауіп-қатерден, қиянаттардан сүрініп өтіп, сүрленген тұста, азапты жеңіп, не жеңілген тұста ғана суреткерлікке қол жеткізер.
Алпысыншы жылдар әдебиетін қазақ әдебиетінің алтын ғасыры дейміз. Мұқағали, Тәкен, Бердібек, Шерхан, Сайын, Әкім, Жұмекен, Қадыр, Әбіш, Мұхтар, Фариза, Тұмайбай, Қалихан бұлардың барлығы аштықты, соғысты көрген, сол ауыр кезеңді бастан өткеріп отырған, ел мұңын еміп өскен ұрпақ. Елдің өксігін, халқының жан жүдеуі мен қасіретін өз тәндерінің сүзгісінен өткізгендер. Бұл буын саясатты да, сатқындықты да көпе-көрнеу біліп танып есейгендер. Балалықтың таңы жоқшылықпен, зармен, еңселерін езіп ұстау керек деген тоталитарлық жүйемен атты. Қазіргі әдебиеттің үңірейген орнын неге келесі бір буын алмастыра алмай тұр. Себебі, бүгін жазушымын деген пақырдың бойына өмірбаян деген ұлы азық бітпеген. Көргені мен түйгені көгенделген, оқығаны бар болар ерінбегендерінде, бірақ ол суреткер үшін олжа емес. Жазушыға олжаны ой етіп беретін тағдыры.
Әдебиеттің қайталанбас ірі тұлғалары: Пастернак, Ахматова, Н.Гумилев, Мандельштам, Маяковский, Цветаева, Блок. Бұлардың «тағдыры өмірінен сұлу». Өмірбаяндары бай, рухы мықты, әдебиетке жаны сүзіліп, тазарып енгендер. Олар да жүйеден қорлық көріп қапаста тұншығып, мерт болғандар. Әдебиет деген киелі мектептің осы өкілдерін 60-жылдардағы қазақ әдебиетінің өкілдеріне қатты ұқсатамын. Алдыңғы толқынның әлемдік деңгейге шығып, бірден көтеріліп кетуінің басты себебі, өзге тілде еркін сөйлеп, жаза білуінде еді. Француз, неміс тілі орыс зиялыларына жат болған жоқ. Ал қырдан келген қазақ үшін орыс тілінің өзі жат болғаны жасырын емес. Әдеби таланттар өз бағытын, сауаттанумен бастап, орыс тілін үйренуі керек болды. Мандельштамның Дантені аудару үшін итальян тілін жаттағаны сияқты, Пушкин мен Лермонтов, Толстой мен Достоевскийдің табиғатын тану үшін сол тілді жаттау қажет болды.
Үйірі бөлек, талант қарымы бөлек бұл топты Ғабит, Тахәуи, Тәкен, Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Нұрғиса Тілендиев, Мұқағали, Бердібек сынды тұлпарлар бастап, соңына таңдап, талғап: Әкім Тарази, Әбіш Кекілбай, Олжас Сүлейменов, Сайын Мұратбеков, Асқар Сүлейменов Қалихан Ысқақ, Зейнолла Серікқалиев сынды жүйріктерді танып, жол көрсетті. Бір-бірінен бөле жармай, оларды тең ұстады. Бөліну, жеріну, желсөзден гөрі ашық пікір-сынмен айқастырып көріп, күш сынатып, бәйгеге салып, шабыстарын шыңдатып жүрді. Әдеби дәстүрдің үлгісін қалыптастырған бұл үйір бірде шүйіркелесіп, бірде шайнасып қалса да сырт кез қызығатындай, қызғанатындай тектілер сабын түзді. Қазақ әдебиеті сап түзей алмай тұрғанда қалыптаса бастаған бұл үйірдің келгенін ол кездегі жүйе аңдай алмай да қалды. Бірақ жүйенің аты жүйе, бұл үйірдің де бірін-бірі талағанын, бірін-бірі қорлағанын, арандатқанын қалады. Жікке, жүзге бөліну дегенді бұлар емес, жүйе ойлап тапты. Осы тұста биік асуды қалағандар шатқалдарға соғылды. Бірі соғылды, бірі жараланды, бірі сүрінді, бірі діттеген жеріне жеткен де болар, бәлкім. Шатқал – тағдырдың нәсіп еткен сыйы, әрі сыны. Таңдаулары емес, Алланың маңдайларына бұйыртқан өз сыйы. Әдебиеттің кеші мен көркін бастаған үркердей топ жалқыланды. Жалқыға жау көп. Жамандар топтасып жүреді, топтасып жүріп әрекет жасайды. Жалқы – жалғыздығынан әлсіз. Мұқағали – жалқылықтың құрбаны. Нұрғиса да, Ш.Айманов та, Ғабит те, Тахауи да, тіпті, Жұмекен мен Асқар да. Қазір де тобыр ішінен бөлінген топты көремін, топ арасынан жалқылар бой көтереді. Жалқылықтың дерті не?.. Оны ұғатын, сырына үңілетін кім?.. Пенделіктен жоғары болу арқылы жалқыланғандығын өздері де білмеген шығар. Олар пенде емес, Алла сүйіспеншілікпен жаратқан АДАМ.
Өз заманында пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «ең жаңсы АДАМдар олар менің заманымдағы АДАМдар. Және ол адамдардан кейінгі адамдар» деген екен. Алпысыншы жылдардағы әдебиетке келгендердің рухы «Зар заман» кезеңінің ірі өкілдерімен рухтас болды. Ерекшелігі – «Зар заман» кезеңінің өкілдері өз дәуіріндегі әлеуметтік қайшылықтарды, туған халқының отаршылдық езгідегі ауыр халін ашық айтты.
«Арқадан дәурен кеткен соң,
қуғындап орыс жеткен соң,
тіпті, амал жоқ қазақтар,
түсті сенің торыңа.
Орыс – бүркіт,біз – түлкі,
аламын деп талпынды.
Орыстан қорлық көрген соң,
отырып билер алқынды.
Ағашты тауға үй салып,
алды кәпір алқымдап.
Елді еркіне қоймады,
буыршындай тақымдап.
Дәуренбексіп болыс тұр,
кәпірдің сөзін мақұлдап.
...Өңкей арам залымдар,
зәремізді алады.
Арам берсең жымиып,
қалтасына салады». Осылайша ел қасіретін ашық айтып өткендер.
«Ашық сайраған» зардың түрін өзгертіп, қасіретке айналған тақырыпты қара сөзбен образға айналдырып, дәуірдің әдеби кейіпкерін қалыптастырған сол арқылы бүтін бір халықтың тарихын, әділетсіздік көрген қиянат-тауқыметін көркем әдебиетке жүк еткен М.Әуезов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытовтар. «Хан Кене», «Ақбілек», «Қилы заман» сияқты арнасы толысқан, кемелденген туындылар жазды. Қазақ әдебиеті жаңа белеске көтерілді. Жаңа деңгейге көтерілген ұлттың әдебиеттің де басына бұлт үйіріліп, құрбандыққа шалынды. Бұлар да зар заманның азабын құшты.
Ал, алпысыншы жылғы әдебиеттің өзгешелігі мен ерекшелігі не, бағындырған биігі не? Алдыңғы толқын ноқтаға басы сыймағандардан. Сол себепті де басын бәйгеге тіккендер.
Алпысыншы жылғы әдебиет майталмандары алдыңғы толқын салған сүрлеуден өзге жол іздеді. Өзге жол іздемесе, бұлардыңда қылша мойны қыршыннан үзіліп, арша еті борша болмақ. Сондықтан алдыңғы үлгіні өзгертті. Әкім Таразидың Асау Бөкен деген кейіпкерінің айтатынындай енді бұлардың «мүйізі басының сыртына қарай өспеді (көзге көрініп тұратын) басының ішіне қарай қарай өсті». Сұмдық көрініс .. Мүйіздің ішке қарай өсуі – патология. Сыртқа өсуден де қауіпті емес пе? Бәрібір суреткерде ажал оғын күту бар. Осы ой түбі бір жарылыстың болатынын оқырманына «ым...» мен болса да білдіргені емес пе? Бұл топ жаңа үлгі арқылы әдебиетті өзгертті. Әдебиетті өзгерту арқылы қазақтың сауатты буынын қалыптастырды. Сауатты буын қалыптастыру арқылы сананы қалыптастырды. Сана – жүйені өзгертті.
Ешкімнің көңіліне қаяу түспесін, алпысыншы жылдар әдебиеті қазақтың тәуелсіз әдебиетін қалыптастырды.
Қазаң саяси әділеттілікке қол жеткізе алмағанымен, тәуелсіз әдебиетке қол жеткізген халық. Қай заманда, қай ғасырда болсын, ұлт тәуелсіздігі үшін, бостандық жолы үшін оның әдебиеті көш соңында қалған емес, көш басынан үнемі орын алды. Осы үрдістен жаңылып көрмеген толқын да алпысыншы жылғы әдебиеттің көрнекті өкілдері деп білемін. Айғайға салып даурықпай, керіліп кердең болмай үнсіз, қалам қауқарымен қызмет етті. Жаза білді. Тәуелсіз әдебиетті шығынсыз, соғыссыз жасау – дәл осы жылдардың жемісі. Дүрсе қойып, кінә тағып, түрмеге тоғытатын жүйе бұл толқынның әдісін, әдеби әдісін, стильдік қолданысын, ой қатпарын аңдауға, тұзақ құруға, кісен салуға өрелері мен қырағылығының ықпалы жетпей тұрды. Алданды. Өйткені, бұл толқын алдыңғылардан өзгерек болды. Содан болар қазақ әдебиетінің алтын дәуірін қалыптастырды. Демек, бізде ӘДЕБИЕТ бар, болған. Әдебиет ғылым ба?..
Әдебиет – өнер. Оны өнер тұрғысынан зерттеу керек. Әрине, оған өре жетсе. Әдебиетті ғылым деп, жалған ғылым қалыптастырып, ғалымдар тізімін түзгеннен гөрі, әдебиетті өнер деп келісіп, жазушы мен ақынның қалыптасуы мен ерекшелігіне, жазылған еңбектерін зерделеуде жол ашылса кәні. Қазір «шөп те өлең, шөңге де өлең» дегендей, ғалым да, журналист те – ЖАЗУШЫ.
Сонымен, қазіргі саналы толқын, аға толқынға қарыздар. Бұл үйірдің жалынан мен ұстадым деп, әріге шабамын, олардан озамын деп жүргендер де жоқ емес шығар, бірақ шығармаларының жоқтығы ақиқат. Бәрі жазылып, айтылып қойғандай ма, қалай?
Бенедикт Лившицтің: «Блоктың өмірде болуы, менің өлең жазуыма кедергі» -дегенін естігенде, Блок күліп: «Мен түсінемін, маған да Лев Толстой кедергі жасайды» деп өре биіктігін, даралық пен таланттың шыңын бағындыру бір адамның қиял-арманына бағынбайтынын мысқылмен білдірмейтін бе еді.
Біздің әдебиеттегі кейінгі толқын аға буынға тіл тигізгенді қызық көріп, малталап күнін көріп жүр. Жөні жоқ сын айтқыш, оқымай, білмей жатып, мін айтып сейлеу арқылы атақ жасамақ болады. Бұлар атақ-даңқы шыққандардың тобығында қалғандарына өкпелі буын.
Тәуелсіздігімізді алып, еңсеміз көтерілген тұста әдебиетте қызық жағдайлар кездесіп жатты. Әлі есімде, Жазушылар одағының кезекті бір жиналысында жас әдебиетшінің: «Қашанғы үлкендер төрден орын ала бересіздер. Болды емес пе? Енді төрді бізге, жастарға беріңдер» деп еді. Сол жігіт 20 жыл өтсе-дағы әдебиет төрінен орын ала алмады, әдебиеттің төрі оған бұйырмады. Сонда Сайын Мұратбековтың «Өй, айналайын, төрді сен сұрап алмайсың, төрге сені шығаратын шығармаң ғой, оқырманың ғой» деп еді, күліп. Осы сөз жадымда мәңгі сақталып қалыпты.
Заман өзгеріп, басқа дәуірдің жаңалығына иек артқандаймыз бірақ ұлы суреткердің жасаған образдары мәңгілікке айналып кететіні қалай? Әлбетте, санамызда «мәңгілік ештеме жоқ» деген ұғым бар. Олай болса, неге Бейімбеттің ауылнайы мен оязы сол бойда менімен XXI ғасырда өмір сүріп жүр? Мен неге Әкім Таразидың Кірпішбайымен қайта қауыштым? Қоғам, адам, сана өзгерсе де неге Кірпішбай өзгермейді? Кірпішбайды неше мәрте мылжалап өлтіргім келеді де тұрады. Неге кешегі досым, бүгін билікке қол жеткізе сала Әкім Таразидың Кірпішбайы болып шыға келді... Кірпішбай басқа дәуірдің келмеске кеткен Кеңес дәуірінің жемісі емес пе еді. Менің тәуелсіз елімде не бітіріп жүр ол? Бүгінде тобыр арасынан Асау Бөкенді көремін. Көремін де қызығамын. Неге Асау Бөкен сияқты болғым келеді? Неге мен оның тәуелсіздігіне, еркіндгіне құмартамын? Еркін, тәуелсіз қоғамда өмір сүріп отырып, мен неге еркін, тәуелсіз қоғамды аңсаймын? Асау Бөкен неге маған бүгінгі күнде де идеал болғысы келеді? Сұрақ көп, жауап жоқ...
Осы тұста жазушының кейінгі жылдары жазған «Андрейін», «Глобусын» психологиялық тым ауыр жүк көтерген туынды екеніне назар аудартқым келеді. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда мұндай шығарма жазылған жоқ. Бұл, бәлкім, жазушының табиғи өзгеруінің, шығармашылық дамуының да үлесі болар. Көркем әдебиеттің жауапкершілігі – оқырман санасына «соғыс» ашуы деп білемін. Көркем әдебиет – ақпарат құралы немесе документальді фильм емес екені аян. Көркем шығарма болғаннан кейін шындық – жібек матадан жамылғы жапқандай болар. Әдебиет – шындыққа бейнелеп қарайды. Ал, «Андрей» мен «Глобустың» астарында қорланған, өксігі бар ұлттың тағдыры мен бейнесі жатыр. Бұл бейне барған сайын қоюланып, төбе-құйқаңды шымырлатады. Оқырман өзінің тәжірибе алаңындағы жалаңаш, қорғансыз, көрсоқыр азабы мен ортақтасады. Тарази оқырманын аямайды, оны ширықтырып барып, мойындатып болып, жалғыз өзін жар басына отырғызып кетеді. Шығарманы оқып болғаннан кейін ұзақ уақытқа дейін өз-өзіңе келе алмай қалатының бар. Өзгеге деген кек пен нала күш алып, өшпенділік оқырман санасын еріксіз оятады. Ал бүгінгі тәуелсіз әдебиетке керегі осы. Ұлттың оянуы.
Ә.Тарази «Андрейде» өзін де аямайды, өзі де тоталитарлық жүйенің құрбаны. Жазушы өзіне ғана тән шеберлікпен оқиға өреді. Дәл осы үрдіс біздің ұлттық әдебиетке әлі із салған жоқ. Жазушы өзінің «менін» көркем әдебиеттің принципімен жасырмайды. Өзі де осы алаңда. Бұл суреткер жауапкершілігі шығар. Бәлкім, жауапкершіліктен әлдеқайда қауіпті де болар. Себебі, «Андрейде» ақиқат жатыр. Құран-Кәрімде: «Ақиқат жоқ жерде – адасу бар» дейді. Меніңше, жазушы көркем әдебиетке талай сүбелі дүние әкелгенімен, дәл «Андрейдегі» шеберлігін басқа шығармаларда көрсетпеген. Бәлкім, бұған елінің тәуелсіздігі арқылы келген суреткер тәуелсіздігінің де нышанын байқауға болар. Көркем шығармада жазушының өзі де кейіпкерге айналған дедік. Ол ұлтына қарсы іс-қимыл, әрекет жасаған адам. Мананамен Мәскеуде оқып жүргенде танысады. Таныстырған – досы Андрей. Манана арқылы адамның жан-дүниесіндегі құбылысты, жүйеге ғана қызмет еткен белсендінің, құрбандық қамытынан құтылмауы, шырғалаңға түскен тағдыр-тауқыметінің үлкен ойынға айналған трагедиясына кейіпкер Әкімнің ортақтасуы.
«...Манана Андрейге қарап сөйлеп кетті. -Сен Андрей, түк білмейсің. Отызыншы жылы және отыз бірінші жылы... Мен ол кезде жап-жас медициналық сестрамын ғой. Алтай тауында қазақтардың, кешір қырғыздардың, кешір қазақтардың, - деп екі-үш рет қайталап қазақ пен қырғыздың атын шатастырып отырды. Ол кезде біз киргиз деп айтатынбыз, - деп маған бұрылды. -Сен кешір, Аким. Біз сенің халқыңды киргиз дейтін едік қой. Үлкен тапсырма болды бізге, бүкіл Қазақстан бойынша үлкен тапсырма болды. Біз киргиз ауылдарын бір жерге жинап бәріне укол салдық қой, укол. Білесің бе, сен? Укол. Мен алғаш ол уколдың не сыры бар екенін білмейтінмін. Біз укол салғанда әскерилер, әскери адамдар киргиздарды қоршап тұратын далада болса. Үйде болса, біз укол салған үйлердің сыртында әскер тұратын. Мен оны ол кезде білген жоқпын. Мен кеп укол салдым. Қасымда менің Вера деген қыз бар еді. Ол мендей емес. Бәленің бәрін біледі ғой деп ойлаймын. Біз укол салып үйге қайтып келгенде ол жымыңдап күле беретін. Мен кейде одан сұрайтынмын: «Сен неге укол салғанымызға қуанасың? - дейтінмін. Ол менің ондай сұрағымды күтпегендей, күтсе де бұрыннан әзірлеп қойған жауабы бардай.- «Жай, біз маман ретінде іске жарап қалғанымызды айтам да», - деп кібіртіктей беретін, кібіртіктей беретін.
Манана түсініксіз бірдеңелерді күбірлеп-күбірлеп, дәлізге шығып кетті. Сол кезде Андрей маған қарады: -Ой, қиын болды жағдай. Енді бұдан ақша ала алмаймыз. Енді бұл көтеріліп кетті. Қайтайық па? - деді.
...Шай іш, Аким, - деді. Іш шай. Сендердің киргиздарың... осы сөз аузыма түсе береді, кешірші. Қазір қазақ деп атайсыңдар ғой. Білемін, қазақтар маған керемет ұнайды. Жақсы халық. Мен киіз үйлерде ас ішіп, қонып та жүрдім ғой.. Отыз бірінші жылы.... отыз бірінші жылы... біз үлкен иттік жасадық. Біздің уколдан кейін қазақ ауылында түрлі аурулар пайда болды. Талай қазақтың мұрны шүңірейіп түсті, талай қазақ сарыаурумен ауырды талай қазақ, қазақ. Байқұс киргиздар.
Өз-өзіне сөйлеп сандырақтап отырғандай болып кетті Манана. Көкірек ауруын да тараттық біз. Ең қиыны, адамның ерік-жігерін құм қылатын дәрі салдық қой біз оларға. Есінен адасқан адамдай мәңгіріп қалды түгел Алтай халқы. Қайда жұмсасақ бара беретін, не айтсақ көне беретін халыққа айналды. Біз ауылдарды аралап жүрдік. Содан кейін білесің бе, сен білмейсің бе, ОТЫЗ ЕКІНШІ ЖЫЛ басталды ғой, Аким. Отыз екінші жыл дегенді үрейленіп, қиналып айтты: -Мен осы күнге дейін өзіме өзім кешірмеймін. Сол арада мен Әкім, мына мен, риясыз ыржиып қалжыңдадым:
-Отыз үшінші жылы тудым ғой мен, Манана. Мен отыз екінші жылды білмеймін-дедім.
Жетесіз, мәдениетсіз адамның сөзін айтқанымды сездім. Өзімнен өзім жиіркендім. «Жетесіз ит-ай!» деп, өзімді-өзім тұқыртып, үнсіз отырып қалдым». Осындағы Аким кейіпкер - қазақ портреті. «Әділетсіздік жасалды сенің ұлтыңа» деп айтылған сөзге келісуге болмайтын, ондай сөзді алда жалда естіп қалса бойын үрейге алдыратын ұлт болды қазақ. Сендер ұлы халықсыңдар! Сендер біз сияқты надан ұлтты адам қатарына қостыңдар!» деп ұрандап өмір сүрген ұлттың келбеті бар «Андрейде». Сол ұлттың болашағы қандай болмақ? Тәжірибе алаңында рухы мен санасы жалаңаштанған ұлт өз азаттығы, тәуелсіздігі үшін мынау ғаламда күресе ала ма? Ол ұлтта күрескерлік, азаттың санасы өшірілген жоқ па еді?.. Бұл суреткердің оқырман санасына жаңару мен жаңғыру үшін ашқан «соғысы».
«...По заданию мировых правителей проводятся эксперименты на людях, проводятся клонирование всего живого. а государсгва и их руководигели, которые сопротивляются им, или уничтожаются, или свергаются. ...как СПИД, болезнь Эбола и многие другие разработаны а их тайных лабораториях и преднамеренно распространяются среди людей. Чтобы оболванить и одурманить молодежь, целенаправленно распространяются наркотики, внедряется в их сознание культ наживы и насилия, вседозволенность. При этом они не жалеют и свое население: с одной стороны, их станет меньше, с другой стороны оставшиеся будут безвольными и послушными толстяками» («Кто правит миром?» кітабынан). Бүгінгі күнде жария болған әлемдік билік құралының құпия жүйесінің шындығы. Осы шындықтың құрбаны болған ұлттар да жетерлік. Сол дәуірді қазақ ұлты да бастан өткізген. Әйтпесе қазақтың ғана ұлттық дертіне айналған құрт ауруының қазақ даласында ғана жаппай белең алуы тегіннен тегін емес шығар.
Керкем әдебиеттің құндылығы – көтерген мәселесінде. Ұлттың оянуына, ойлануына мүмкіндік ашу. Осы тұрғыдан келгенде Тарази суреткерлік құпияның кілтін тапқан жазушы. Көсемсіп, әсемсіп, ділмәрсіп, тамсанып, шешенсіп сөз саптаудан өмірбойы бойын аулақ ұстады. Мәні терең, мағынасы сан қырлы шығармалары хас шебердің үлгісімен ғана жасалған айшықты мозаикаларды құрады. Шығармаларындағы ерекшелік – өз тағдыры сияқты ешімге ұқсамайды, ешкімді қайталамайды.
Материалды «Мәдениет порталының» рұқсатынсыз көшіріп басуға болмайды!