Жауынгер күнделігі

ӘДЕБИЕТ
2781

Күнделік жазбалардың иесі Емберген Омаров, тегі – Орта жүз Арғын, арғы бабасы – Қаздауысты Қазыбек би, дәулескер күйші Тәттімбет, беріректегі жақындары – арқалы ақын-композитор Мәди Бәпиұлы, Республика Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы, кейіннен прокуроры болған Нығмет Нұрмақұлы, өзара немерелес ағайындар. Ембергеннің өз атасы Күрдеубай болса, Меккеге барып, қажы атанған. Ал әкесі Омардан төрт ұл, бір қыз – үлкен шаңырақ еді. Қазақстандағы жаппай аштық бұларды да аямайды, үйдегі бес баладан жалғыз қалған Емберген оқу қуады, Алматыға келеді. Қазақ мемлекеттік унверситетінің физика-математика факультетінде оқып жүргенінде жаһандық соғыс басталады да, ол майдан даласынан елге жараланып оралады. Содан бастап алпыс жылдық еңбек жолының қырық жылдан астамын Қарағандының политехникалық институтында (қазір университет) физика-математика саласынан дәріс оқып, шәкірт тәрбиелеуге арнайды. 


01.01.1941 ж. Календарь беті 1941 жылды ашты. Кеше университеттің акті залында Жаңа жылдық бал-маскарад болып өтті. Бір жақсы жері радиоладан музыка ойналып, би биледік. Арақ, сыра сатылды. Біз студентпіз ғой. Бәріміздің ортамыздағы бір графин сыра аузымызға тиді ме, тимеді ме?..


24 январь күні комитет шақырады дегенге барсам, бюро

болып жатыр екен. Самсоненко маған: «Сен үгітші боласың» деді әйт-шүйт жоқ. Мен жұмыс істейтінімді, үгітшілікке уақытымның жоқтығын айттым. «Істесең де істейсің, істемесең де істейсің» деп жекірді Самсоненко маған.  Олар сондай. «Істемеймін» дедім мен бір айтқанымнан қайтпай. Мына жақта отырып Чередняк дегені күбірледі: «Оған как недисциплинированный и за отказ от агит. работы сөгіс берілсін». Мен «жақсы» дедім қасарысып.

Бір шұнақ лаққа ұқсайтын шүртиген ауызды қарындас: «Несі жақсы?» деп мені қағытады. Сонымен оларға «рахмет» деп мен кеттім. Сөгіспен мұқатып олар қалды. Оларға не керек кісінің келешегінің.

08.02.1941 ж. Кеше орыстың академиялық драма театрында «За океаном» атты спектакль көрдім. Менің барам деген ойым жоқ еді. Евгений Юрьевич Аймауытов билет сатып алған екен. Ол бармаймын деп билетін маған бергені. Пьеса еврей тұрмысынан алынған. Жаман пьеса емес, ұнаған жерлері көп. Тзива деген Есфираның сіңлісі не қылған дүзі қара еді. Есфираға жаның ашиды.

05.03.1941 ж. Мені ақша төлемедің деп университеттен шығарды. Амал жоқ, арызданып Жоғарғы Советке бардым. Орындарында Қазақбаев та, Ермағамбетова да жоқ екен. Тек Мусина деген әйел отыр. Арықша келген, аурудан жаңа тұрған адам секілді. «Не айтасыз?» деп, мені сүлесоқ қарсы алды. Мен оған сырттан көмек алмайтынымды, оқу үшін төлемедің деп университеттен шығарғанын айттым. Аяғында сіздерден нендей көмек болады деп сұрадым. Аты әйел ғой, жасқаншақ. Үкімет жағында отырғанымен мынау былай, анау алай деп тиістісін ашық айта алмады. Секретарь Байманов дегенге жіберді. Оған да кіріп шықтым.

Әдемі киінген, галстугін шіреген қара сұрлау жігіт екен. Кабинет толған жұмсақ барқытпен тысталған диван, орындықтар. Мен оған қолымдағы өтінішті ұсындым. Бірер ауыз сөзден кейін ол маған қарап мораль оқи бастады. Сөзінің түйіні: бізде ондай қаражат жоқ. Совнаркомның орынбасары Климентьев дегенге бар. Мүмкін олар бірдеңе етер деп өтінішімді қолыма қайтып берді. «Су басынан суалар» дегендей, бірінші барғандағы алған жауабыма еңсем түсіп, «сенген қойым сен болсаң» деп, Совнарком жағына қарай аяңдадым.

«Климентьев занят» деп босатпай қойды. Сонымен ешбір ойлағаныма жете алмай үйге қайттым.

26.03.1941 ж. Бұл уақыттың ішінде бізде талай жаңалықтар болды. Айдың 12-сі күні комсомолецтердің университеттік жалпы жиылысында маған берген сөгісті қарады. Жиылыс председателі және мені айыптаушы Самсоненко сөйлеп бақты. Оның бар тапқаны Омаров үгітшілік жұмыстан бас тартты. Өтірік бәле жабу қиын ғой. Мен істің мән-жайын айттым. Ашуланып, асығып та кеттім білем, сөзді үсті-үстіне тоғыттырып та жібердім. Және көпшілік жиылыста бірінші рет сынап сөйлегенім ғой. Жалаға қалай төзерсің. Сонымен, жиылыс мендегі сөгісті алды. Әрине, Самсоненконың бет-бейнесіне әжептәуір кір келгені сөзсіз.

17-сі күні Жоғарғы Советтің  референті Топаевтың шақыруымен сонда бардым. Ол маған Баймановтың «ариясын» қайталады. Мен 8-і күні университетке бересіден құтылып, бұйрық бойынша қайта алынған болатынмын. Топаев оны білмейді, «Наркомпросқа қарайтын балалар үйінің  бастығы Құдайқұлова дегенге бар, ол саған көмек береді» деп түйіндеді сөзін. Қазақбаев менің  өтінішіме, оны шақырып алып, «түсіндір» деп бұрыштама қойған болса керек. Сонымен оларға рахмет айтып қайттым.

Айдың19-ы күні райвоенкоматтың шақыруымен барып, мобилизационный листок алдым.

30.06.1941 ж. Маусымның 28-і күні барлық сабақтарды беріп құтылдым. Барлығы «бес» болып өтті.

Осы бір айдың ішінде не болмады: 22-сі күні Германияның қанқұмар төбеті Гитлер Советтер Одағының жеріне арам тілін созды. Советтер Одағы мен Германияның арасында соғыс басталды. Бүгін, міне, сегізінші күн. Советтің ержүрек  батыр, адал ұлдары жерін, елін қорғауда жанын аямай күресіп, жау шабуылына  үш рет қарсы соққы беріп үлгерді. Мен каникулға елге бара алмайтын болдым. Әзірше еңбек фронтына, колхоз жұмысына барамыз. Осылай болуға керек те. Қызыл әскерлер майданда таласта жүргенде, біздің демалып шалқадан жатуымыз адамдыққа жатпас.

04.07.1941 ж. КазМУ-дан жүз қаралы бала ауыл шаруашылығы жұмысына аттандық. Түнінде әкеліп, товарлы пойызбен жөнелткен. Вагон ішінде еркін түрегеп тұруға болатындай орын жоқ. Шілденің 5-і күні кешінде Молалы станциясына, одан осы күннің түнінде машинамен түн ортасы ауа Абакумовка деген селоға келдік. Шаршап, қалжырап жеттік. Студенттер көшедегі бір қораның ішіне жата салдық. Келесі күні жаяу, Бүйен Ақши совхозының орталығына аттандық, 23 шақырымдай жер екен. Түсте келісімен үш бригадаға бөліндік. Мен бірінші бригадамен 1-ші фермаға баратын болдым. Директор Захаров – калмақ. Бір күн осы жерге қондық.

Келесі, 8-күні, жұмысқа шықтық. Мая салушыға шөп тасушы болдым. Бендюков екеуміз бір арбада болдық. Үш күндей істеп, арқаның етін ауыртып алып, басқа жұмысқа, өгіз айдауға ауыстым. Волокушада үш адам істедік.

Міне, бүгін 14-күні арқам әлі тәуір болған жоқ. Қыздар арқамды глицеринмен ыспалады. Онымен де тәуір болған жоқ.

29-күні Қапалдың аудандық ауруханасына келдім. Бірінші тамызда мені ауруханадан шығарды. Сырқатым грипп екен.

Вот сегодня второй день как я выписался из больницы Капала. Не нахожу ничего. Даже хлеба не продают. Я сижу за городом, наблюдая за подводом, как будто охранник этого города. Сижу у пересечения дорог. Город Капал находится у подножия горы Алатау. Сидел около час. Не встретил подвода и вернулся в город…

Алматыдан студенттерден барлық военнообязанныйлар түгел жіберілсін деген телеграмма болды. Алтысы күні шықтық, 21 адам. Жолда таудан түсе берісте арба аударылып, 5 кісі жараланып қалды. Василий Тимофеевич Демин, Переверзев, Жапаров Рысхан, Махметов Құлмахан. Мен тіземді, құйрығымды, шынтағымды жаралап алдым. 7-сі күні Абакумовка поселкасына келдік. Ол жерден 20 сомға Молалыға жеттік. Не керек, 9-ы күні Алматыда болдық. Шіркін, Алматы, жерің кілем, ауаң жұпар ғой. Бізді қош исімен қарсы алды. Сол күні военкоматта болып, 20-сы күні әскери училищеге барасың деген қағаз алып, жатақханаға келіп жаттым.

22.08.1941 ж. Фрунзе қаласына келдік. Бізді бір отрядтың ішіне алып келді. Қаласы қандай екенін білмейміз, босатпайды. Тамыздың 24-і күні комиссия болды. Мен денсаулық жағынан жарамай қалдым. Маған жүректің резкий неврозысың (1мин. 124 рет соққан) деді. Адам дегенің күнде келеді, топырлап жатыр. Казарманың іші сыймайды. Біз далада сазға да, үйде полға да жатып байқадық. Жиырма төрттің түнінде 4 кісі отрядтан қашып, шаһар араладық. Олар Балғабаев Әбіл, Қалижан Бекқожин, Малдыбаев Уәлиахмет (Хасен Малдыбаевтың інісі).

31.08.1941 ж. Қарғалыдағы оқыту-үйрету батальонға келіп түстік. Жаяу ғой, әрине.

21.09.1941 ж. Біраз күннің ішінде бастан не өтпеді. Біреу айтыпты ғой: «Көп екен көргеніңнен көрмегенің, жақсы екен бәрінен де өлмегенің» деп. Сондай-ақ, тірі болсаң көретінің алда екен. Подьем сағат таңғы 5-тен, содан түнгі он бірге шейін тауда сапта жүруге және базда соғыс құралдарын игеруге үйренеміз. 14 күні ант алдық. Денсаулық  жақсы емес. Әзірге шыдап жүр. Бізді қалада еш жерге босатпайды.

 22  сентябрьде бізді жаяу әскер училищесіне ауыстырды. Алпыс шақты адам осында келдік. Училищенің курсанттары палаткада Каменское плато курортының жанында тұрады екен. Бізді әрбір шатырға бөліп-бөліп жіберді. Мен жетінші шатырға кеттім. Командир Мираскин деген ісінен сөзі көптеу Одесса училищесін бітірген лейтенант. 12 кісі бір палаткада жаттық. Бөлімше командирі  Осадчинский оңбаған бақырауық. Адам баласының ішінде  ақымағы көп қой, мен білемін деп қуыс кеудесін тарсылдататын.

Взвод командирі Шумский өте қатты адам. «Үзіліске 2 минут 23 секунд» деп қарап отырады. Үш рет мылтық ату жаттығуына шықтық. Алғашқы күні күн жауын болды. Үстімізден су сорғалап далада отырдық. Бәріміз де тоңып жаурадық. Тамақты таңертеңгі 4 -те ішкеннен түнгі он екі, бірге дейін іше алмадық, 20-21 сағат бойы. Өне бойың бәрі су, құрғақ жерің болмаса жаман екен. Кешке қарай Бақтияров Жағыпар (университеттің студенті) екеуміз бір қазылған үңгір тауып, бүрсеңдеп соған жаттық. Айналамыз батпақ. Кешінде 200-300 грамнан нан жеген болдық. Ертеңінде бросокпен үйге қайттық. Менің жүрегімнің жиі соғатыны бар. Қатты жүгіргенде, демала алмай қалып жүрдім. Арқаңда ранцы. Онда граната, күрек пен противогаз жаныңда салақтайды. Винтовкаң және бар. Мұның бәрі 23 кг. болу керек. Сонда ғана полное боевое боласың. Мұнда сенің ауру-сырқауыңа қарамайды. Мұнда тұп-тура жүруге жарамай қалмасаң, я болмаса температураң 39-40 көрсетіп жатпаса, саған нанбайды.

Палатканың іші қараңғы. Кешке жатқанда бірінің одеялын бірі алып, бірі одеялсыз қалады. Сағат 22-де отбой. Ол интернационал айту, прогулкамен бітеді. Таңғы 5-те подьем. Айналаң у-шу. Көйлекшең физзарядкаға барасың. Тұрарда қап-қараңғы. Аяғыңа ботинка киіп, обмоткасын орауға уақытың жетпейді. Әрі қарай тіпті уақытың жоқ. Бар болғаны 2 минут 23 секунд үзілістермен сабақта боласың. Жай уақыттағы күнің есіңе түссе, кейде жылағың келеді.

        Моншаға барғанымыз бір қойыртпақ. Бірінің киімін бірі алып, 7-8 сағат бойы у-шу болып жатқанымыз. Сабын бермейді. Шығарда қолтығыңды, бұтыңды үйкеуге сасық дәрі жетіп жатыр.

Қыркүйектің 22-сі күні қысқы үйге алып келді. Бәрімізге «фронтқа барасың» деп хабарлады. Фронттың киімін берді. Осы күннің түнінде пойызбен Алматыдан шықтық. Бір вагонда 70 шақты кісі.

Қыркүйектің 24-і күні, кешкі сағат сегізде, Ташкент қаласына келіп кірдік. Түсе-түсе қалдық. Содан не керек, әбден шаршаумен 25-і күні сағат үште Шыршық деген қаласындағы «Сталин жолы» лагеріне жеттік.

Қазір ноябрьдің 2-сі. Шыршықтың шаңын жұтып жүріп жатырмыз. Еш жақтан хат-хабар алу жоқ. Бергені көбіне қара нан, тары көже. Үш жолдаспыз: Сардарбек Ақпанбетов, Ғалиасқар Ысқақов және мен.

13.11.1941 ж. Жыл артынан жыл, күн артынан күн қуып дегендей ноябрь айының ортасы да тез тақалып қалды. Әлі ешбір айта қаларлықтай өзгерістер жоқ. 11-і күні екі кісі бірі 7 жылға (4 стақан арақ), бірі 6 жылға (4 стақан арақ) сотталды. Олар – мас болып әскер заңын бұзғандар.

15.11.1941 ж. Бірінші рет қар жауды. Таңертең сағат сегізде жорыққа шықтық. Жорық – 30 километрлік. Күн жауып тұр. Бізді жойғыштар взводына ауыстырыпты. Сапта тұрмыз. Жұмақанов Шорман, Беделбаев Әбдіқожа және мен – үшеуіміз бір бөлімге келіппіз. Үстен су өтуге айналды. Біз шыққанда жер де шылқылдап қалды. Көп жүргеннен кейін, әр рота жеке бөліне бастады. Боевое положение алды. Мен жойғыштар взводының байланысшысы болдым. Мен ауырып жүрмін дегенімді керек қылмады. Үстен су өтті. Батальон қайтуға айналды. Қайтарда қатты жаурадым. Бричкаға отырып келдім. Аяқ су, киім су, ауыстыратын түк жоқ. Үйдің іші және суық. Асханаға ас ішуге бара алмадым. Дем алысым тарылып ұйқым келгені. Қақырғанда қақырықтан қан шықты. Дәрігерге келдім. Ыстығым 39,2. Мені госпитальға апаруға ұйғарды. Аяқ-қол мұздай. Сағат 22-де бричкаға салды. Түнделетіп алып келді. Қақырықпен қоса қан шығып жатыр. Қарашаның 15-інде түнде келіп жатқаннан, міне, бүгін 18-і, әлі госпитальдамын. Қақырықпен қан шығуы тоқталған жоқ. Дәрігер ашып ештеңе айтпайды. Бас ауырады, бел, тізе қақсайды. Мен госпитальға соғыстан кейін түсемін бе деп ойласам, одан бұрын түстім. Мүмкін, үйге қайтармын.

19.11.1941ж. Ыстығым қалпына келді. Бірақ, бас қатты ауырады. Бүгін Жәркен нәрселерін әкеліп беріп кетті. Жыласып айрылыстық. Оларды бүгін түнде жөнелтпек. Жәркен Ақпанбетов – достыққа жарайтын жігіт. Әскерде жүріп біз екеуміз бір туған адамдай болып кеттік. Оған арнап өлең шығардым:

Жігітсің басың алтын, бетің ашық,

Тек жауыздың оғы болсын сенен қашық.

Жақсы ат, қират, өлтір неміс итті,

Талаптанған істеуге бізге қастық.

Бірге туған адамдай болдық біздер,

Иемберген деп артымнан кім мені іздер?

Сен болған ең дәл сондай, Жәркен досым,

Сен кеттің, енді маған кім кеп жүрер?

Жәркенім, ренжіме, жолың болсын,

Орденге қайтарыңда кеудең толсын.

Аман-сау шаттықпен сен қайтады деп,

Иемберген досың мұнда сені тоссын.

13.12.1941 ж. Бүгін Ташкент қаласына апарып мені Одесса тубинститутының профессорына көрсетті. Рентген кабинетінен өттім. Мені апарған 2-рангалы  әскери врач Жбагин Константин Михайлович деген еді. САВО-ның дәрігерлік  комиссиясы болып жатқан үйіне кірдік. Кісі дегенің лық толған: біреуі ақсақ, біреуі соқыр, біреуінің қолы жоқ… Одан шығып, вокзал басындағы машинаға бару керек болды. Вокзалдағы агитпунктке кіріп едім, іші толған әскерилер, олардың да арасында жарымжандары өте көп екен. Екі аяқты хайуан Гитлердің кесірінен ғой. Госпитальдың асханасынан бір щи алып іштік. Әскерилердің де кенеліп, жақсылап тамақтанып жатқаны шамалы. Сағат 20-да госпитальға қайта оралдым.

25.12.1941 ж.

Гитлер ит,

Екі аяқты хайуан.

Мейірімсіз жұт,

Европаны жайлаған.

Ол ойланды,

Миы айналды.

СССР -ға созды қолды,

Адасқан еспен,

Сандырақпен,

Барлық күшті ол салды.

Тебілер көтке жалмауыз,

Қиратылар ол жауыз.

                             Госиталь. Шыршық.

07.01.1942 ж. Бүгін мен госпитальдан шығамын. Көңіл қуанышты. Мүмкін анамды, аға, ініні көрермін. Сағат – 16. Барлық документтерімді алып та үлгердім. Бірақ үмітім желге кетті. Маған ешбір демалыс, түк жоқ екен. Ташкентке соғыс комендантына жіберді. Әуелі госпитальдан жаяу шықтым, арқамда сөмкем бар. Ептеп жүріп отырып (әл аз ғой), Шыршықтағы химзавод станциясына келдім. Станция дегенім бір будка, кішкене үйшік болып шықты. Госпитальдің билет алуға берген литер қағазын поездың билетіне ауыстырып, қалааралық поезға мініп кеттім. Әскери адамдарға жеке вагон. Мен төртінші вагонға міндім. Мінгендер–  ылғи әскерилер. Вагон іші түтіннен көрінбейді.

Міне Шыршық, ол Ташкентке жапсарлас. Мен 35 км жерден келдім. Жер лас, қар жауып, еріп жатыр, былықпай.

Шыршықтан үшінші трамвайға отырып, вокзалға келдім. Ол жерден он екінші трамвайға мініп, Түрікмен көшесінен түсіп, комендантты таптым. Берген қағазын көрсеттім. Писарь мені пересыльный  пунктке жіберді. Онда кезекші писарь менімен сөйлескісі де келмеді. Сенің қағазыңда әскери коменданттың белгісі жоқ. Сен әскери комендантқа жіберілгенсің, сонда бар дейді. Дауласып біраз тұрып, амал жоқ, оған менің онда болғаным туралы қағаз алып қайта комендантқа келдім. Одан «обеспечьте красноармейца Омарова ночлегом на одну ночь» деген қағаз алып, қайта пересыльный пунктке келдім. Онда орын жоқ деп қайтарды. Қайтадан келіп, комендант кеңсесінің дәлізіне жатып түнді өткіздім. Онда-мұнда жүрісте жүріп, госпитальдің берген қағазын жоғалттым. Күн суық, аяқ тонып жатыр. Таза болмаса да еденде жатып, жұмсақ төсекке жатқандай ептеп ұйықтаған да болдым.

08.01.1942 ж. Писарьға направлениені жоғалтқанымды айттым. Олар «қайтадан госпитальға барасың, оның көшірмесін әкелесің, немене ай қарадың ба» деп зекіді. Ақырында көптеген ақыл айту, ұрыспен бірге тағы пересыльный пунктке қағаз беріп жіберді. Онда келсем, санобработканың қағазын көрсет, әйтпесе сені есіктен жібермейміз, маған десең бір жұма аш бол, бізге ол «не холодно и не жарко» деді. Өйткені мен 07.01 күнгі түстен бүгінге шейін тамақ ішпегенімді айтқан едім. Ақырғы секундында мені бір сестрасымағы қарап, «пропустите на территорию пересыльного пункта красноармейца» дегені. Барсам, кісі дегенің көп: бірі ақсақ, бірі соқыр, біреулері жаңадан алынғандар. Документ тапсырған, документ алған, нанға талон алған (800 гр. сөткесіне) т.т. сондайдар.

Документті аға писарьға беріп, одан нанға талон алған едім, оны сол жерде-ақ жоғалттым. Мені Алматыға частыға жіберді, 5 кісіміз. Алматыны қайта көретініме, еліме бір қадам болса да жақындайтыныма, әрине,  қуаныштымын.

Пересыльный пункттен барлық документті алып, енді гарнизондық моншаға бет алдық. Өйткені, санобработканың справкасы керек. Онсыз поезға босатпайды. Халық арасында ма, армия арасында ма, сыпной тиф бар дейді. Содан тазалайды.

10.01.1942 ж. Сүйікті қала Алматыдамын. Міне, 1-ші Алматы вокзалына түсіп, тамақ ішіп үлгердім. Сағат 11-12-де қалааралық поезға мініп, 2-ші Алматыға келдім. Мен бес минут Мырзағұлдың үйіне кіріп шығуға ұлықсат алып, онда шинелімді, жазғы шалбарымды, флягімді, бір пар шұлғауымды қалдырып кеттім. Одан колхоз базарында болып, №1 рестораннан тамақтандым.

11.01.1942 ж. Орындыққа ұйықтап шықтым. Мені ұлттық дивизияға жіберсе екен. Сағат -10. Бізді тіркеді. Мені Қарғалыға баратын 200-дей кісімен бірге жіберді. Бір қазақ лейтенанттың кесірінен. Әйтпегенде алдында мені қазақ полкына жібереміз деп отырған еді. Сағат 19-да бұрынғы таныс жеріміз Қарғалыға алып келді. Келісімен бір үйге кіргізген. Қу тақтай үстіне жаттық. Мен қырғыз жігіттерімен бірге болдым. Олардың бауырсақ, еті бар екен. Маған да берді. Қазақ, қырғыз халқы есептесуді білмейді ғой.

13.01.1942 ж. Баяғы өмір басталды. Сағат таңғы 6-да тұру керек. Мен келгеннен рота командиріне мені қазақ полкына жіберсеңіздер екен деп өтінудемін. Оны комбатқа айтамын дегеніне, міне, үшінші күн. Бүгін әдейі сап түзеуге шықпадым. Соған ерегісіп, ол неге шықпайсың, встать деп ақырғанда мен төсектің үстінде отырған жерімнен қозғалғам жоқ. Ол маған 5 сөткеге арест берді. Менің тілегенім осы еді. Қуана-қуана гауфтвахтаға өзім кеттім. Сағат 7-де арестке алды. Тоғыздар шамасында комбат шақырып алып, болған оқиғаны сұрады. Мен бәрін айтып бердім. Ол сен ешқайда бармайсың, сен осында қаласың. Бөлімше командирі етемін деп, анау-мынау нотация айтты. Егер менің айтқаныма көнбесең, өзіңе жаман болады деп қорқытты да. Мен «как хотите, делайте. Я стою в  переводе Казахский полк» дегенді айттым. Қайтадан гауфтвахтаға кеттім.

Мұнда айдың 15-іне шейін жаттым. Көрмеген басым мұны да көрді. Дәретхана тазаладым, еден жудым. Бір рет жұмысқа шықпадым. Маған тамақ әкеліп бермей қойды. Мені шалбардың белбеуін бермегенім үшін қарауылдағы орыс балалары аямай ұрды. Кісі жегіш иттер-ай, басымды ісірді, қолым қан болды. Кеудеге ұрып, тұншықтырды. Басқа ұлттан адам жоқ. Кезекші лейтенантқа шағым айтып едім, ол «шакалдарды» қолдады.

Осы күні мені гауфтвахтадан шығарды.

Бір махоркамды мені ұрған «шакалдар» алып қалыпты. Тауып бер деп едім, тағы қорқытты. Амал нешік, «Көп қорқытады, терең батырады». Түнінде моншаға барып келдім. Келісімен 8-ші ротаның политругімен әңгімелестім. Ол тәуір адам екен. «Сені қазақ полкына жібергіземіз. Жақында Алматыға көшеміз» деді. Мен рахмет айтып, қатты қуандым.

19.01.1942 ж. Не қылған сұмдық! Көңіл қалай басыңқы болмайды. Бүйтіп жүргеннен Құдайдың алғаны да жақсы ғой. Мені қазақ полкына әлі жіберетін емес. Бүйте берсем, өзімнен өзім құритын түрім бар.

24.01.1942 ж. Өмір дегенің өзі құбылмалы нәрсе ғой. Міне бүгін 7-ші күн Алматыдағы балалар қалашығындағы казармада жатырмыз. Ешқайда босататын түрі жоқ. Неге десең, қалаға сыпной тиф жайылған дейді. Ол аз десең, танысыңмен 10-15 минут жолығып сөйлесуге де болмайды екен. Ойға мына бір өлеңнің түсуін:

          Өңкей жас аңсағаны өмір гүлі,

          Жүректі тілім-тілім тіліп үні.

          Қу өмір іздегенін тауып тынып

          Қуантам сорлыларды қандай күні?

                                      («Жалбыр» операсынан)

Сондай-ақ, арман көп көкіректе. Сол арманға жетесің бе, жоқ, жетпей- ақ кетесің бе? Бұл қазіргі тұрған өмірдің сұрағы.

Мен өзбек, тәжіктермен бірге бір ротадамын. Олардың халы өте аянышты: орысша білмейді. Әркім оларды жәбірлейді: скотина, идиот и т.д.

03.02.1942 ж. Сейсенбі. Бүгін Түрікменстанның қаласы Красноводскіде отырмыз. Бұл – алты сөтке жүрген жолдың қортындысы. Өмірімде келем деп ойламаған жерден, міне, тегіннен тегін келіп шықтым. Жолдағы жерлер таңданарлық: ылғи құм, сексеуілден басқа ешбір өсімдік жоқ. Қазақстан мұның жанында бақша екен. Жолда ауызға татып аларлық түк таба алмайсың.

Келісімен Красноводскіде тамақтандық. Суы тұз екен. Қорыққанмен жан қала ма. Күн сайын фронтқа жақындап келеміз.

Менің жолдасым Юсупов Шәйзада (қазақ) Қырғызстандікі. Бұдан әрі Каспимен өтеміз. Сағат -15. Красноводскіден шығып, Уфра деген жерде моншаға бардық. Жүрген жеріміз ылғи тұрба, мұнай цистерналары, соғыстық маңызы бар баздар. Сағат 15.30- дан 23-ке шейін моншаға түсіп болмадық. Әскерлер қай жер болмасын сол жерге тоқтасымен құлай салады. Сағат 24-те біздің взвод моншадан шықты: біреуі іш киімін, біреуі шинелін жоғалтқандар, біреуінікін біреуі кигендер көп. Орысша «бардак». Өйткені 25 кісілік моншаға 100 кісіден босатады.

05.02.1942 ж. Бейсенбі. Каспий теңізінің үстінде «Багиров» деген кемемен келе жатырмыз. Бакуге жақындап қалдық. Кеше сағат 22-де Красноводскіден шыққан едік. Трюмға кіріп жаттық. Көңіл өте жаман. Толқыннан түнімен бас айналып шықты. Әйтеуір, құсқаным жоқ. Шығып-түсуің бір азап – акробатика. Шығарыңда досыңмен қоштасуыңа болады. Жығылып кетсең, ол дүниеге путевкасыз барасың.

Cағат -17.00. Бакуге келдік. Портты қала екен. Троллейбус жүріп жатыр. Бізді әкеліп «Агиттеатр» (музыкалық комедия театры) деген жазуы бар үйге кіргізді. Үйренген бас, еденге орналастық. Шинель бар, ендеше төсек-орын жеткілікті; оны кисең – киім, жатcаң – көрпе, жастық. Шинель қасиетті киім ғой.

07.02.1942 ж. Сенбі. Поезд үстіндеміз. Вагон іші лық толған. Ыстық, темекінің түтіні. Орталықтағы полка мен жоғарыдағы полкада бір-бір адамнан жатыр. Астыңғы полкаларда 4-тен 8 кісі. Олар демалу үшін ауысуы керек. Берген тамағы бір сөткеде жарты котелек қатқан нан, бір шәй қасық үкпе қант.

08.02.1942 ж. Жексенбі. Новороссийскіге жақындап қалдық. Құдай енді мені осындай жолдастармен кездестірмесін. Өліп бара жатсаң бір жұтым су бермес. Сағат -16. Новороссийскіге келдік. Қала таудың басына салынған. Элеваторы өте үлкен көрінеді. Бізді бір балшығы езіліп жатқан батпақты албарға алып келді. Тамақ берген жоқ. Вагонда берген қатқан нанмен жүрміз әлі. Біздің ондыққа нан, колбаса жетпей қалыпты. Үлесімізді басқа біреулер алып кетсе керек. Бірінің қалтасындағы бір тиынын бірі ұрлауға ұялмайды. Үш кісіге бір банкадан консерві берді.

Түнде тегі далада дамылдауға тура келеді.

10.02.1942. ж. Сейсенбі. Кеше сағат 15-те Новоросийскіден «Курск» пароходымен Керчке қарай  беттедік. Пароходтың трюмі толған кісі, төрт мыңға тарта болар. Отырарға орын жоқ. Бүгін сағат тоғызға таман «Камышбурун» станциясына келіп түстік. Бұл жерде немістер бір жарым айдай тұрыпты. Үйлердің көбі қираған. Жергілікті халықтан адам өте аз.

Сағат 15-те немістің 5 самолеті ұшып келді. Біздің зениткалар оқ атып еді, ешқайсына тимей, олар зытып отырды.

Керчке қарай шығып, жол қауіпті болған соң, қайтадан қайтып, бір үйге келіп кірдік. Орын жеткілікті болды, бос үйлер көп қой.

12.02.1942 ж. Бейсенбі. Міне, бүгін 34 -ші мотопех полктың қарамағына,  «Семиколодцев» станциясына дейін жаяу шығып келіп отырмыз. Отыз километрдей батпақты жерді жаяу кешіп өттік. Адам баласы жүрегі соқса жүре береді екен. Жолда неше түрлі ауыр көріністер: адам өлігі, жылқы өлексесі, қираған, өртенген машиналар.

17.02.1942 ж. Сейсенбі. Осы келген бес күннің ішіндегі азаптың өзін адам аузымен айтуға болмайтындай. Неге десең, ілеуде бір қайсар адам ғана бұл жердің тұрмысына шыдар. Жері батпақ, аяғыңды алып жүруге болмайды. Әсіресе, аш болсаң, қимылдаудың өзі өте ауыр. Бес күндегі жағдайды тізейінші: 13-і күні окопта түнеп шықтық; адам баласы өлген соң, орынды жерден табады ғой, міне бізді өлмей тұрып-ақ үңгірге тықты; күні бойы ішкен тамағымыз: түсте қара суға қайнатқан бидай, кешке бір түйір нан. Осының өзіне өте бақыттымыз деп қуандық.

Жердің жамандығынан машина, көлік жүрмей жатыр.

14-і күні С.Белов екеуміз өзімізге окоп қаза бастадық. Аш кісінің жер қазуы қандай «оңай» еді… Күн бата бұл жерден шығып Абесчи-Карсан селосына келдік. Біздің мақсат Майкент селосынан мылтық алып қайту еді. Абесчи-Карсанға түнеп шығып, ертеңіне (15күні)  мылтық алатын жерге келдік. Мұнда менің халым азайды. Жүруге дәрмен жоқ. Дәрігерге барып едім, сен біздің полктан емессің деді. Қайта айналып, 10 шақырым жер Сабекеге келіп, түнінде суға піскен бидайдан тамақ алдық. Келесі,16-сы күні, алдыңғы шеп врачына барып едім: ол 54 МСП санитарлық бөліміне қағаз берді. Міне, бүгін (17-сі күні) осында түнеп шықтым. Екі сөткеден бері ішкен тамағым: екі рет бір аяқтан тары көже ғана. Қарын ашады. Амал не? Отырасың, төзу керек.

Кейбір қызыл әскерлер далада оқ тиіп өлген жылқының, сиырдың етін әкеліп пісіріп жеп жатыр. Әуелі отын да жоқ. Не деген сұрқия жер еді.

Аға врач мені сапта жүруден тысқары қызметке көшірілсін деген қағаз берді. Ендігі халдың не болатынын тағдыр біледі. Бір Құдайға тапсырдым.

22.02.1942 ж. Сенбі. Міне, күнделікті шылымның жарығымен жазып отырмын. Қолдың бәрі күйе, оған дәптер беттері айғақ. Жаңа ғана түскі тамақ берген. Капуста көже, нан жоқ. Мұнда, міне, 9 күн, аштықты да, суықты да көрдім. Өмірімде мұндай жайлар болатыны түсіме кіріп пе еді. Біз үш кісі бір тар окопта жатырмыз. Түнімен аяқ қатып шығады. Бір окопта:  С.Белов, Болгов – оңбаған бақырауық қаныпезер, тілазар маймылға ұқсаған оңбаған адам. Менің жолдасым Юсупов Шайзада 2-батальонның 4-ротасында. Ол менен айрылғанына жылайды. Амал не? Ерік бізде ме. Бет-қол жуу деген ұмытылды. Шинелді киюге хал әзер келеді. Кеше екі кісіні атты: бірі орыс, бірі грузин. Бірі постыдан кеткен өз бетінше, бірі өзін өзі жаралаған (қолын). Мұнда сразу ату. Хал нашар. Алладан жәрдем болғай-ақ. Мені саптан тысқары қызметке көшіруден әлі хабарым жоқ. Күн суық, ызғарлы. Жел соғады да тұрады. Сүйектен өтеді. Жылы төсек, жақсы тамақ түске ғана кіреді. Оған қашан жететініміз белгісіз. Ең болмағанда тамағы жақсы болса екен. Мен партияға кірейінші деп арыз бермекші болдым да, қазірше артты қыстым.

Бұл тұрған жеріміз Керчь мойнағы: жау жақ теңіз. Феодосиядан шығатын темір жол немістің қолында қалып тұр. Біздің тұрған жер қауіпті жер. Осында 3 армия бар дейді. Кеше бізге 100 грамнан арақ берді. Ол құр нанмен жүре ме? Хат жазуға шама жоқ. Аман қайтсақ, сол үлкен олжа болар еді. Екінші батальоннан аштан үш кісі өліпті. Файзақов (өзбек) өзімді өзім жаралы қылам деп жылайды. Міне, фронттың қиындығы. Басқа жақ алға  жылжып жатыр дейді. Бізде ол жоқ. Біз бірінші шептік қорғаныстамыз. Бұдан арғысын тірі болсам, тағы көрермін. Ол да жазылар. Өткен күн ойға түссе, есіңнен адасарсың. Тек аман-саулық болсын. Аман-сау жан анамды көретін күн болсын. Осымен бітірейін: жарасы құрғыр қайта-қайта өсіп жазылмайды. Күндіз күн суық.

26.02.1942 ж. Бейсенбі. 23-і күні бақытсыздыққа ұрындық. Жау снаряды түсіп, окобымыз жанып кетті. Менің биалайым, жауынгерлік сумкам, противогазым күйіп кетті. Және фляга сынып, ол да күйді.

24-і күні полк орнын ауыстырды. Неше шақырым жер шыққанымыз белгісіз. Түнде (23-і күні) машина кездесті, тиелген наны бар екен. Қызыл әскер көп, булкаларын күзетшісіне қарамай, талап әкетті. Жағдайлары аш қасқырлар сияқты еді.

Осы күннің түнінде далаға қаңбақтан ықтасын жасап, түнеп шықтым. Түн өте суық болды. Аяқ-қол мұздап әзер шыдадым.

25-і күні күндіз окоп қазумен болып, кешіне қарай көршілес село Аргунчибасыға барып, окопқа салатын темір алып келіп, окопты жаптым. Өте ауыр болды. Дегенмен шыдап, «Бір бейнеттің бір рахаты бар» деген ғой деп, окопты жабуды ойладым. Окопта жалғыз ұйықтап шықтым. Аса суық болған жоқ. Үш мезгіл нан береді. Өзгесі өгеріссіз. Бүгін 26-сы, СВТ қаруын алдым. 60 патроны бар. Күн ашық жылы болып басталды. Окопты жөндеп жатырмын. Ешкімнен хабарым жоқ. Штабтағы врачтың қортындысынан және хабарым жоқ. Жарық күн қашан туар екен?  Соғыс біте ме, жоқ па?!

05.03.1942 ж. Бейсенбі. Бүгін Керчь қаласы, Кооперативная 34,  бір орыстың үйіне түнеп шықтым. Бастан кешкендер: 24-і күні біздің тұрған ауданнан шабуылға шығуға бұйрық болды. Біздің батальоннан 100 шақты кісіні мылтық жетпеді деп алып қалды. Күн жауын. Бізді «Руский» деревнясының жанындағы үңгірге әкеп қамады. Үңгір іші қараңғы. Әктің үстіне жаттық. 28- күні қайтадан ротаға алып келді.

Врачтың қорытындысының не болғанын білу үшін, комбаттан ұрықсат алып,  штабқа комполкке бардым. Ол қайтадан врачтың қағазын керек қылды. Қайта врачқа келдім. Ол қағазын берді. Айдың 2-і күні босап шықтым. Үші күні «Семиколодцев» станциясынан платформаға  мініп, жолға шықтық. Жаралылар өте көп. Мен содан санитарлық полкке келіп отырмын. Мұндағылар мені денсаулық түзеу батальонына жіберді, мен оған бүгін бармақшымын.

08.03.1942 ж. Жексенбі. Бүгін резервтегі батальонға келгеніме 2 күн. Хал өте төмен. Мен дәрігер қорытындысын осындағыларға көрсетуім керек. Ол мені әлі көрген жоқ. Не болары белгісіз. Бәрі 54 МСП писарының кесірі. Дәрігердің берген қағазын алып қалып.

10.03.1942 ж. Бүгін төртінші күн резерв батальонында ештеңеден хабарым жоқ, құр жатырмын. Арыз айтарлық кісі де жоқ. Тамақ күніне 600 гр. нан, 2 рет галушка береді. Артын Алла оңғарсын.

12.03.1942 ж. Бейсенбі. Абай айтқан «Баяғы жартас, бір жартас, қаңқ етер түкті байқамас» дегендей, орыншамын. Ешкімнен қайыр, жақсылық күтуге бұл Керчьте реті келмес.

Мен жалғыз теңіздегі аралдайын,

Көзге шыққан сүйелдей болды жайым.

Жалғыздық бұл жалғанда қиын екен,

Әркім саған кісінер айғырдайын.

Бұл жалған бір қалыпта тұрар ма екен?

Жан анаммен жүздесуге қашан жетем?

Әйтпесе, қаламын ба қиыр шетте,

Не болар бұл сапарым, енді не етем?

17.03.1942 ж. Сейсенбі. Бүгін «Русская особая ротада» отырмын. Кеше күндіз  1-ші   запастағы полктың  штабына барып, одан батальонның штабына писарлыққа алынсын деген қағаз алып келгем. 15-і күні кешінде 100 қаралы кісіні («1-ая русская ротадан») фронтқа жіберді. Мен ауруым себепті қалдым.

18.03.1942 ж. Сәрсенбі. Бүгін «Русская особая ротаның» командирі маған 2 тәулік арест берді. Өйткені мен нарядқа бармадым. Неге десең, штабтың начандигі ешқайда нарядқа бармайсың, писарлық қызметіне алынғанша деген-ді.

20.03.1942 ж. Жұма. Гауфтвахтадан шықтым. Маған «1-ая русская особая ротаның»  командирі жолығып, сен маршевый ротадан қалдың, дезертирсің дейді. Менің оған қарсы дәлелдеме документімнің барын ол қайдан білсін. Алдағы күн белгісіз.

25.03.1942 ж. Сәрсенбі. Бүгін 5-інші күн азербайжан ротасында писарь болып істеп жатырмын. Қарамақта 500-ге тарта кісі бар. Хал орташа.

29.03.1942 ж. Жексенбі. Тоғызыншы күн азербайжан ротасындамын. Өмірде айта қаларлықтай өзгеріс жоқ. Қағаз жұмысы ауыр, күндіз-түні істейсің. Неге десең, бұрынғы писарь бәрін былықтырған. Помполитрук, званиясы рядовой, ешқандай білімі жоқ Еремин Иван деген бір орыс. Тек ішіп-жеп, киім киюден басқа түк білмейді. Сосынғысы айғай-ұйғай.

31.03.1942 ж. Сейсенбі. Март бітіп, апрель басталды. Тұрмыста өзгеріс жоқ. Соғыстың аяғы көрінбейді. Қашан бітетіні белгісіз. Менің қазіргі халым, өткен бір-екі айдың ішіндегі өміріммен салыстырғанда, барин сияқтымын. Менің қарамағымда бір кісі бар. Ол «связной» деп аталады. Ол менің бұйырғанымды істеп отыруға тиіс. Маған отынды, суды, тамақты сол жеткізеді. Менің ісім – тек жазу. Мұндағы адамның көбі сауатсыз – надан. Мысал үшін помполитруктың қызметін атқаратын орыс Еремин Иван Семенович, хат білмейді. Оны қойған себебі, тек партия мүшесі болғандығы үшін. Оның бірде-бір рет қызыл әскерлермен әңгіме жасағанын көрмеппін. Оның ісі – нан жеу. Адамдарды тамақтандыру қағазын (строевая записка) мен жазамын. Ол соған командир  болғандықтан, ротаның бұрынғы рядовойы, қол қояды. Бүгінгі күндері 300 кісіміз. Күннің өтуі өте қиын. Көбіне қапаланып отырасың. Амал не, тұрмыс қожа ғой.

03.04.1942 ж. Жұма. Бүгінгі күн қандай ауыр еді. Мен жалғыздан жалғыз үлкен барақта отырмын. Кісілердің бәрін тараттық. Ротаның командирі Степан Андреевич екеуміз қалып отырмыз. Ол маған орыстың  ротасына барамыз дейді. Бір кезде 500-дей адам бар еді, қазір біреуі де жоқ. Сотүстік Кавказда быт-шыт болған Қырым армиясының қалдықтарынан құрастырып, оны 2- армия деп атап, Краснодар өлкесін қорғауға жіберген. Бұл жерде де оңбадық. Фашистер бізді үсті-үстіне соққыға алуда. Байланыс кіші лейтананттарын даярлайтын мектепті бітіріп, мен де осы қанды қырғын ішінде жауынгерлік борышымды өтеп жатырмын.

18.05.1942 ж. Майдың 10-12-сі күндері жау зеңбіректерінен оқ қарша жауды, біреуі дәл жанымнан жарылып, есімнен танып қалдым. Есімді жисам, жауынгерлер еріксіз шегініп кетіп жатыр. Достарым мені тастаған жоқ. Құлақ бітеліп дым естімеймін. Олар мені қолдан асығыс құрастырылған салдың үстіне жатқызып, өздерімен бірге Қара теңіз айдынына алып шықты. Су да жоқ, нан да жоқ. Жауынгерлер теңізде қалқып жүрген, ішінде селедка балығы бар, бір бөшкені ұстап алды. «Өлмегенге өлі балық кездеседі» деген рас екен, соны жедік. Шөлден қаталап, көзіміз қарауытып, есімізден адаса бастадық. Алдымыз күмән еді. Бақытымызға қарай, алты тәуліктен кейін бізді жағалау күзетінің катерлері құтқарып, Таманьға жақын жердегі Комсомол станицасына әкеліп тастады. Бізді құтқарған техник – лейтенант Палиев Владимир Степановичке мың алғыс!

1943 жыл, март айы. Басқа да жараланған қаруластарыммен бірге Сочи қаласы түбіндегі Хостин госпиталында жатырмын. Соңғы уақытта не болғанын есіме алудамын. Былтыр 17 тамыз күні Георгиевка деген станицаны қорғау кезінде қатты қырғын шайқас болды. Мен әскери бөлімшелер арасында үзіліп қалған байланысты қайта жалғап бола берген кезім еді, дәл жанымнан снаряд жарылды…

Хостин госпиталында ұзақ жаттым. Созылмалы жараға айналған жарақатымның жазылар түрі жоқ. Міне, 1943 жылдың наурыз айы. Мені тағы бір мәрте әскери-дәрігерлік комиссиядан өткізді, ақыры соғысқа жарамсыз деп тапты. Шынымен мен үшін жауынгерлік жорық жолы аяқталғаны ма? Денімнің сауында қолымнан келгенді істедім. Елге қара жаяу бармаймын, омырауымда «Ерлігі үшін» деген медалім бар...

Дайындаған Өтен Ахмет

author

Өтен Ахмет

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...