БЕРЕКЕ БАСЫ – БІРЛІКТЕ

Жаңалықтар
666

Анау бір жылдары, сайлау науқаны жүріп жатқан  кез: «Жекешеленіңдер деп тым-тырақай етті де, енді бірігіңдер деп ұрандап  жатыр екен кейбір депутаттар, бұл қалай?» деп жоғарыдан келген уәкілге сұрақ қойып едім. Ол кісі: «Осы депутаттың өзі: ірі шаруашылықтарды таратайық, жеке-жеке кетсін деп Президенттің құлағына сыбырлаған көптің біреуі болатын-ды. Енді, ірілендірейік деп атой салып жүр!» - деп жауап берді.  

Тағы да бір облыс активінде: «Мені ұжымшарды таратуға қарсы болғаным үшін - бір кезде «халық жауы» атаған! Енді сол кер кеткендігім үшін марапат алып жатырмын...» деген-ді бір өндірістік кооператив басшысы, өңіріне «Құрмет ордені» қадалып жатқан сәтте.

«Жаңа деп тамсанған нәрсеміз – әбден ұмыт болған ескі» деген бір тәмсіл бар. Өткеннің барлығын санадан өшіріп, жарамсыз етіп тастайтын жаман ғадет кейіннен жұққан дерт-ау. Ескіні түбірімен төңкеріп, орнына жаңа дүние орнатуға аса құлшынып тұрамыз. Осындай олқылықтар нәтижесінде әсіресе ауыл жұртты қатты зардап шекті. Осы орайда Қазақстан Республикасының «Ауыл шаруашылық кооперативтері туралы» қабылданған Заңы - сол кеткен олқылықтарды түзеуді және жүйелі жұмыс атқаруды жөнге салатын бірден бір маңызды құжат. Бұл Заңға өміршеңдік ұмтылыс беру үшін «Ауыл шаруашылығын дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. 



«Ауыл шаруашылық кооперативтері туралы»


Аталмыш заң аясында ауыл шаруашылығына қатысты барлық нысандарды ірілендіру, біріктіру, сондай-ақ, жер ресурстарын тиімді пайдаланып, өндірілген өнімдерді сату, сақтау, өңдеу сияқты және басқадай кооперативтік принциптерді пайдалану көзделген.

Соның ішінде: сервистік қызмет көрсету бойынша - машина-трактор станцияларын құру; кооператив мүшелеріне тыңайтқыштар үлестіру; ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу орталықтарын құру; ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу; кішігірім шаруа қожалықтарын үлкен өндірушімен немесе қайта өңдеушімен ынтымақтастыру қағидаттары қарастылыған. 

Осы соңғы тарауға тоқталатын болсақ: шағын шаруа қожалықтары ірі ұжымдармен екеуаралық қарым-қатынас орната алған жағдайда - өз бетінше қолы жетпейтін көптеген жеңілдіктерге ие бола алады. Бұл бірікпей, іріленбей де шаруа қылуға шақыру емес, кооперацияланудың артықшылығын ескерту.


Кооператив ешкімді өз меншігінен айырмайды


«Кооператив ешкімді өз меншігінен айырмайды. Бірақ, жалпы, кооперативті халық бұрынғы ұжымдастырумен шатастырады», - деген пікір де бар. 

Мәселен, бір шаруада жер, бірінде техника, тағы бірінде егіндік тұқым, мал-жан бар делік, осылар бастарын қосып, қоғамдасса: жерлері жыртылып, егіндері жайқалып, түскен өнім өзара бөлістен соң, қалғанын малға қысқы азыққа сайлап, малдарын бордақылап сатып, пайдаға кенелуге болмай ма?  Кооператив құру – ауыл тұрғындарының тұрмысын көтеріп, жұмыспен қамту мәселесін де шеше алады деген саяси негізді ақтайтын негізді қадам.


Кооперативтің пайдасы


«Қолымда 40-30 бас сауын сиыр бар. Солардың оншақытысын ғана сауамыз. Себебі, одан артық сүтті ешқайда жарата алмайсың. Қалаға апару да оңай емес. Жеткенше ашып кетеді. Ауыл-үй арасындағылардың сұранысы да, берер бағасы да төмен. Ал кооператив құрылып, сүттің литріне 80 теңге берсе - қосымша табыс деген осы емес пе?» - дейді бір шаруагер азамат.

Осы тұрғыда тағы бір мысал: шағын ауданда 10 500 ірі қара бар көрінеді. Соның  5 500-і сауын сиыр. Егер бір сиыр жылына 2 мың литр сүт берсе, ауданда жылына 10 500 тонна сүт сауылмақ. Оның артылатын өнімі 4 мың тонна шамасында деп болжанған. Осыған орай аудан басшылығы республикадағы 6 сүт зауытымен келіссөз жүргізіп, қазіргі таңда серіктестікке қол жеткізген көрінеді.


Кооператив туралы жалпы түсінік:


Әр ауылда құрылатын кооперативтерде кемінде 20 адам жұмыс істеуі тиіс. Оның басшыларын ауыл халқы сайлайды. Төраға сүт қабылдау мекемесін сатып алу үшін ҚазАгро қорынан несие алады. Сүт қабылдау мекемесінің бағасы шамамен 5 млн. теңге десек, соның не 30%-ын, не болмаса 50%-ын мемлекет бірден өзі жауып тастайды. Ал қалған қарыз кооперативтің мойнына артылады. Ең тамашасы, ауыл жұртынан 80 теңгеге сүт сатып алған кооператив үстеме ақша көрмей, сүтті сол бағасымен зауытқа сатады. Қабылдаған әр литр сүтіне мемлекет 10-15 теңге субсидия береді. Қорыта келгенде, осы қаражатты кооператив жалақы мен несиенің қарызын өтеуге жұмсайтын болып шықты. Сондай-ақ, кооператив мүшелерімен қатар мүше еместер де өнімдерін сүт және ет қабылдау мекемесіне кедергісіз өткізуіне мүмкіндіктер қарастырылған.  


Кооперативтің берері не?


Кооперативке мүше шаруа қожалықтарына келешекте мал тұқымын асылдандыру мен түрлі несие рәсімдеуіне жол ашылады. Сүт пен ет дайындау жұмыстары қатар жүргізіледі. Сойылған малдың басына мемлекет тарапынан кооперативке 20 мың теңге төленеді. Шаруа мен қарапайым тұрғынға қосымша міндет немесе жауапкершілік жүктелмейді. Айта кететін бір жәйт. ет қабылдау мекемесі айына бір күнді санитарлық күн сайлап, тек қана ауру малды союға арнайды. Бұндағы мақсат – дертті малдың санын азайтып, жұқпалы аурудың алдын алу. Ондай еттерді аса ыстық температурамен әзірлейтін өнімдер зауытына жөнелтеді.


Кооперативте еңбек етудің артықшылығы неде?


Ең ұтымдысы, ауыл жұрты тауарын делдалсыз, тиімді бағамен сата алады. Сондай-ақ, өнімді сақтау мен қайта өңдеу жұмыстарын да бірлесіп атқара алады (көкеніс қоймасы, сүт жинау бекеті, мал семіртетін алаң, жемдеу цехы). Сонан кейін, кооперативтерге мемлекеттік қолдау көрсетіледі (жеңілдікпен несиелендіру, техника мен құрал-жабдық сатып алу, өнім өндіруге инвестициялық субсидия дегендей). Бұндай жеңілдіктердің өзге де түрлері қарастырылған және қарастырыла да бермек.


Түйін


Сөз соңында тағы қайталап айтпағымыз: «Жалпы, кооперативті халық баяғы ұжымдастырумен (колхоздастырумен) шатастырады. Бұл екеуінің арасында ешқандай ұқсастық жоқ. «Аша тұяқ қалмасын, асыра сілтеу болмасын» деген ұран да жоқ. Яғни, ешкімнің өз қарамағындағы дүние-мүлкі мен мал-жаны мемлекет меншігіне өткізілмейді.

З. Самалбекұлы


Шоу-бизнес

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова жаңа жылдық әннің әуезімен әуежай алдында биледі, деп хабарлады madenipo...

Жаңалықтар

Жетісу облысында Алакөл аудандық сотымен Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығ...