Алаяқтар өзін әртүрлі қызметтердің - курьер, дәрігер немесе мекеме қызметкері ретінде таныстырып, аз...
Шоқайды қаралаудың артында кім тұр?
Мұстафа Шоқайды қаралау неліктен Қазақстанның тәуелсіздігіне қауіпті?
Соңғы кездері осыған дейін тасада тығылып отырғандар тағы «тірілді». Мұстафа Шоқайға тіл тигізу «науқаны басталды». Ал бұлардың артында кім тұр?
Бұлардың артында “Мир без нацизма” деген ұйым тұр.
2012 жылы Киев қаласында тіркеліп, «орыс әлемінiң» қағидасы мен құндылықтарын Украинаға белсенді түрде таратты.
Сол бағытта “бендеровшы-укрофашисттердi” тауып қоғам арасына от салды бұлар. Кейіннен “Новороссия” жобасын жүзеге асыру үшін жанталасты. Соның нәтижесінде міне бүгінге дейін Украинаның шығысында қантөгіс тоқтамай тұр.
Айтайын дегенімді алыстан шалып отырғаным бекер емес.
2014 жылы аталмыш ұйым Қазақстанға келді.
Оның басшылары – Андрей Щербаков пен Анастасия Ахметова деген Қазақстан азаматтары.
Бұлар 6-7 қазақ блогерлерді Мәскеуге аттандырып, ақпараттық соғыстың әдіс-тәсілін үйренуге жібереді.
Қазақстанға қайта оралып әлгілер әлеуметтік желілерде Мұстафа Шоқайды қаралауға білекті түріп тастап, кірісіп кетті.
Қазақтың асыл азаматын “фашист” деп атап, ұлтжандарды (қазақ тілін мемлекет тіл ретінде тұғырына қондыруды аңсайтындарды, Қазақстанның тәуелсіздiгi баянды болғанын қалайтындарды, тәуелсіздік іргесін сөгілтуі мүмкін Еуразиялық одаққа қарсы шыққандарды) «казахофашисты – шокаевцы» деп аяқ астынан орыстың жауы деп тапты.
Әрине, мұнымен шектелген жоқ.
Ұлтжандарды азаматтарды «елдегі орыстардың, орыстілділердің ар-намысын таптап, құқын бұзып жатыр» деп бір бықсыса, «орыс тілі неге екінші мемлекет тіл болмайды» деді енді бірде.
Іріген ауыздан шіріген сөз шығады емес пе? Қазақтілді қауымның қарсылығын көрмегесін, тіптен жүгенсіз кетті.
«Солтүстік Қазақстан Ресей жері» деп шықты тағы бірде.
Аңдаған адамға бұл таза Украинада іске асырған сценарий.
Осыдан 4-5 жыл бұрын бір топ қазақ ұлтжандары тізе қосып, «Украинадағыдай ұлтаралық арандату болдырмаймыз, Украина халқының қателігін қайталамаймыз» деп, Қазақстандағы ресейшіл ұйымдар және олардың демеушілерімен, жебеушілерімен ақпараттық айқасқа шыққанбыз.
Сол тұстары Тайчибеков деген қарақұрт шықты. Қазақты қаралаудың мың сан әдістерін меңгерген әлгіні қазақтілді басылымдармен бірлесіп жүріп жындыханаға жаптық.
Міне, сол кезде әлгі “Мир без нацизма” ұйымының мүшелері Тайчибеков сотының алдында митинг ұйымдастырғаны бар.
«Мақсатымызға жетеміз, сөзімізді сөйлеп, соңымыздан ерген азаматымызды абақтыдан босатамыз» деп ойласа керек.
Мақсатына да, мұратына да жеткен жоқ.
Тайчибековтың сотынан кейін әлгілер сабасына түсіп, орысша айтқанда «подпольеге» кетті.
Енді міне араға 5 жыл салып тағы төбе көрсетіпті.
Түнеукүні Тоқаев Мәскеуге барып келді ғой. Сол сапарында Путин екеуі тарихты фальсификациялауға жол бермеу керек деп ұйғарымдасқан.
Бірақ, бұған тәуелсіз Қазақ елінің әлдеқашан әділ бағасын алған, Алаштың маңдайына біткен Мұстафа Шоқайдың қатысы болмауы керек. М. Шоқай жөнінде Бас Прокуратураның реабилитацияланды (ақталды) деген шешімі бар. Осы күнге дейін Шоқай туралы мемлекеттік тапсырысмен фильм де түсірілді, көше мен мектептерге есімі де берiлді.
Осы жазбаның тобықтай түйінін мен айтпасам да түсініп отырғаныңыз анық. Қазақтың алпауытын қайдағы бір шовинистердің қаралауына жол бермеуіміз керек. Бұл біздің парызымыз!
Ботагөз ИСА
Мұстафа Шоқай орыс отаршылдығы туралы:
«Орыс отаршылдығының басқа ағылшын отаршылдығынан айырмашылығы, ағылшын отаршылдары өзінің басып алған жерін сауда айналымына қосқысы келсе, ал орыс отаршыларының соңынан орыс мұжығы қоса келіп, басып алған жерін орыстандырады».