Азия жазушыларының айы оңынан туған күн - Азия қаламгерлерінің І форумы

ӘДЕБИЕТ
1444

Бүгін Елордадағы Конгресс-Орталықта ҚР Президенті әкімшілігі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырған Азия қаламгерлерінің І форумы өз жұмысын бастады. Мәртебелі шараның ашылу салтанатына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, форум жұмысына сәттілік тілей отырып, нақты ұсыныстарын ортаға салды.

Фотоны түсірген Ерлан Омаров 

"Алдымен, Азия қаламгерлері форумы шығармашылық қауымның маңызды диалог алаңына айналуы керек. Бұл маңызды шара Азия елдерінде қуатты түрде өтуі қажет деп санаймын. Адамзатты толғандырған күрделі мәселелер дәл осындай алаңдарда ортаға салынуы тиіс. Азияны бүкіл әлемдік рухани даму орталығы ретінде дамыту айрықша маңызды", - дей келе Мемлекет басшысы бұл мақсатта "Азия алыбы" атты әдеби сыйлық тағайындауды ұсынды. 

"Сондықтан, әдеби үдерістерді жаңғырту үшін жағдай жасау басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта Азия алыбы әдеби сыйлығын тағайындаған жөн. Әлемдегі әйгілі сыйлықтар секілді бұл марапаттың да беделін арттыруға күш салуымыз керек», - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Азия мемлекеттерінің ортақ мүдде үшін бірігу керек екендігін де алға тартты.

"Азия бір  кездері айырылып қала жаздаған мәдени, тарихи қатынастарын қалпына келтіруде. 20 ғасырда 2 жүйенің текетіресі Азияны да екіге бөліп, тұтас мәдениеттер арасына сызат түсірді. Орталық Азия темір құрсауға алынды. Халықтар мен мемлекеттер қақ жарылды. Алайда, біз бәрімізге ортақ, бастауы бір құндылықтарымызды сақтап қалдық. Жасанды кедергілер жойылған соң біз біртұтас әлем екенімізді қайта сезіндік", - деді ҚР Президенті. 

Мемлекет басшысы отбасылық және қоғамдық дәстүрлер, еңбекқорлық пен білімге ұмтылу Азия халықтарына  тән асыл қасиеттер екендігін баса айтты. 

"Мәдениеттердің жарасымды дамуын бір сөзбен әралуандық үйлесімі деп түсіну қажет. Ұлы Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» айтқаны осыны меңзейді. Азия біріге алады. Қайта жаңғырған Ұлы Жібек жолы осының дәлелі",- деді Қ.Тоқаев. 

Бұл ретте Қазақстан Президенті қаламгерлердің еңбегі Азияның ұлы  мәдениетін жаңғырту ісіне  елеулі үлес қосып келе жатқанын айтты. 

"Еуразия жүрегіндегі қазақ даласы Батыс пен Шығысты жалғайтын дәліз ғана емес. Ұлы дала елі сан тараптағы  ғылым мен білімнің, өркениеттердің тоғысқан тұсы. Бүгінгі форум қазіргі заман үрдістерінің адам әлеуетін дамытуға қызмет ететіндігін көрсетіп отыр. Рухани кемелденуге ұмтылмай өркендеу болмайды. Ондай дамудың ешқандай маңызы жоқ. Азия әдебиетінің өрісі айтарлықтай кеңейіп келеді. Шығыстан шыққан қаламгерлер күллі дүниені мойындатып отыр. Бұл ретте Азия әдебиетін әлемге әйгілеп, дәріптей түсу - форумның тағы да бір маңызды міндеті деп  санаймын. Шығыс  даналарының дәстүр сабақтастығы сіздердің туындыларыңыз арқылы жалғасын табады деп ойлаймын. Батыс технологиясы Азия руханиятымен үндесіп,  шығыстық жаңғыру үрдісін дүниеге әкелді. Қалаларда шығыс әлемінің болмыс-бітімін насихаттайтын креативтік класс пайда болды. Рухани байланыстарды кеңейту жаңа замандағы Азия халықтарының біртұтастығының кепілі. Біз бұл үрдісті қолдап, әлем халықтарының ынтымақ-бірлігін нығайтуға үлес қосуға тиіспіз», - деді Қ.Тоқаев.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы төл әдебиетіміздің де дамуы туралы мәліметтермен бөлісті. 

"Бүгінде төл әдебиетіміздің көкжиегі кеңейіп, әлем әдебиетінің даму көшіне қосылды. Қазақ қаламгерлерінің туындылары арқылы дүниежүзі жұртшылығы ұлттық руханиятымызды танып, білуде. Қазақстандық 30 жазушы мен 31 ақынның шығармалары БҰҰ-ның 6 тіліне аударылып, жарыққа шыққалы отыр. Осы туындылар 5  құрлықтағы 90-нан астам  елге, яғни, 2,5 млрд оқырманға тарайды», - деді Қ.Тоқаев. Қазақстан Президентінің атап өтуінше, бұл қазақ әдебиеті тарихында бұрын-соңды болып көрмеген бірегей оқиға болмақ.

Форумға қатысу үшін арнайы келген Халықаралық «Манхе» әдеби сыйлығының, «Гриффин» поэзия сыйлығының лауреаты, халықаралық «Алтын тәж» орденінің иегері, әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының номинанты кореялық Ко Ын елорда төріндегі шараның Азия әдебиеті тарихында баламасы жоқ екенін атап өтті.

"Жақында өткен Азия әдебиеті фестивалінің ашылу салтанатында мен Африка мен Азияны, Латын Америкасын "үшінші әлем" деп атауға түбегейлі  қарсы екенімді айттым. Менің ойымша біз еуропалық әдеби ағымдардың жетегінде кетпей, Батыс тәжірибесін төл мұрамен байыта білуіміз керек. 

Бүгінгі жағдайды зерделей отырып, Азияның әрбір бөлігі, әрбір елі, мәдениеті өзінің түпнұсқа бейнесін тапса деген ойға келдім. Азия Еуропа сияқты біртұтас емес екені анық. Еуропа ерте бірігіп, жалпы алғанда бір дінге бас ұрды. Бірақ біздің кейбір көршілер Еуропа елдерімен туыстасып кетті. Азияда мұндай тұтастық мүмкін емес. Азия табиғи ерекшеліктердің, тау мен даланың, шөл мен көлдің астасып жатқан әлемі. Осы әркелкілік әдебиетке де тән. Азияның діндері мен философиялық жүйесі де терең әрі күрделі. Ең алғаш Азия өркениеті скифтерден тарады. Кейін ол қара теңіз арқылы бүкіл әлемге тарады. Азия қайтадан түлеп, жаңа нүктеден бастауы керек деген ойлар да айтылады. Меніңше, әрқайсымыз еркін болуымыз керек. Батысқа бағдар ретінде қараудан бас тартуымыз қажет. Тіпті кей жағдайда Азия әдебиеті Еуропа әдебиетін жасартты, тың леп қосты. Бауырлас жазушыларға қарап отырып, Азия әдебиеті – бүгіннің әдебиеті, Азияның әдебиеті – жаңа ғаламшарлық әдебиет деген ойға келдім», - деді кореялық ақын.

Ал, Нобель сыйлығының тағы бір номинанты, моңғол ақыны Гомбожавын Мэнд Ооёо Азия құрлығының мәдени-рухани әлемін кемелдендіруші поэзиялық жаңа толқынды бастауға шақырды. 

"Адамзат өркениетінің поэзия теңізінен терген жауһары секілді антология мәдениетіне Азияның да ұсынар айрықша жаңалықтары енуі керек. Әуелі Азия құрлығы елдерінің ерекше ілтипатымен поэзия антологиясының көп тілге тәржімаланып, шығуына тілектеспін. Бұл прозаға да, әдебиеттің өзге жанрларына да қатысты сөз. Біз қашанға дейін Батыстың қабағына қарап, қолына телміреміз. «Батыс деген Батыс, Шығыс деген Шығыс – бір-біріне еш қарамайтын тұс» деп Киплинг айтып кеткен. Бөлініп-жарылмай әлем әдебиетінің ұлы арнасында әсіре батысшыл үстемдікті өзгерту мақсатында бұл сөзімді түсінулеріңізді сұраймын. Азия әдебиетін қолдауға қатысты тиімді тәсілдерді тауып, айталық, бір белдеулік қор құру арқылы тәржіма және таңдаулы шығармаларды насихаттау – осы құрлықтағы елдердің Үкіметтерінің міндеті болады деп ойлаймын", - деді Гомбожавын Мэнд Ооёо.

Айта кетейік, форум жұмысы 3 күнге созылады. Ертең 11 спикер баяндама оқиды. Келесі күні TED.9 форматында арнайы шара өтеді. Онда 10 спикер дәріс оқып, еркін форматта сұхбаттасады. Сондай-ақ, Абай көшесінің бойында «Қаламгерлер аллеясы» ашылады. Шара аясында Орталық Азия қаламгерлерінің кездесуі өтеді. Онда Ұлы Жібек жолы бойындағы әдебиеттің болашағы туралы айтылды. Форум шеңберінде жас Азия қаламгерлерінің кездесуі де жоспарланған. 

ҚР Президенті әкімшілігі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауыман өткізіліп отырған шара 4-6 қыркүйек күндеріне жоспарланған. Форумға шетелдерден Нобель сыйлығының номинанттары, Букер және ASEAN сыйлықтарының лауреаттары, жазушылар одақтары мен қауымдастықтарының төрағаларынан құралған 90-ға жуық қонақ келіп, қатысуда. 

 madeniportal.kz

 

Жаңалықтар

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жуырда ғана қайырымдылыққа аударған қазақстандықтардың қаржысын жымқы...

Жаңалықтар

Оқиға Алматының Наурызбай ауданында қоғамдық көлік аялдамаларының бірінде күндіз орын алған, деп хаб...