Қазір қазақ прозасында жалғыздық идеясымен жазылған бірнеше шығармаларды іріктеп, қолға алып көрдік....
ОЭ, ОЛАР ЖӘНЕ БІЗ
(тосын толғам)
Сөз мырза маған төтеннен сауал қойған: « Сендер, қазақ қаламгерлері, тым талантсыз емессіңдер, әлемнің алдына түсіп кетпесеңдер де, соңында қалып қоятын жағдайларың жоқ, бірақ сендерді үнемі тығырыққа тірей беретін бір түйткілдің, негізгі түйткілдің тетігін білесің бе?» Жауап қата алмадым. Иығымды қиқаң еткізгеннен басқа айтарым болмаған. Не деп жауап қатармын? Ол қайтадан тілге келді: « Себебін білмек тұрмақ, ойлануға да құлықсызсыңдар, осы өтірік пе? Әйтпесе бар ғой, талант жөнінен ешкімнің қойын бағатын жөндерің жоқ, осы күндері әлемдік көркем сөздің серкелерімен тайталаса, бірде озып, бірде қалып дегендей, әйтеуір солардың сапында жүрер салмақты жетістіктерің бар еді. Неғылайын енді! Қазақ десе өздеріңе тиеді, айтпасаң тағы да болмайды. Мысалы, өздеріңдей жапон елі бар ғой, бірінің жазғанын бірі оқиды, оқып қана қоймайды, бағалайды, бағалап қана қоймайды, әлемге паш етіп мақтануға барынша әбжіл. Әріге бармай-ақ, соңғы 30-40 жылда жарқырай көрінген Абэ, Мисима, Оэ және Муракамилер бір-бірін құрметтеп, тіпті кезек пе кезек мәртебелерін аспандата тілге тиектеп отырғаны ақиқат. Әй, бірақ, сендер оны түсіне алармысыңдар!..» Осылай деді де, айтарын кілт үзіп, менен алыстап, ұзай берді. Ойланып мен қалдым. Рас-ау, осы біз... қандай халықпыз? Таяуда жапонның танымал қаламгері Кэндзабуро Оэнің бір интервьюін оқыған едім – сол есіме сап ете қалғаны. Сол сұхбатында Харуки Мураками жайында сауал берген журналиске Оэ айтады: « Мураками қарапайым, түсінікті жапон стилінде жазады. Оның шығармалары шет тіліне көп аударылды, әлемде оқырмандары көп. Әлем әдебиетінің сахнасынан өз орнын нық алды, бұл Юкио Мисима екеуміздің қолымыздан келмеген еді...» Осылай деп түйіп айтқан. Қалай мәртебесін асқақтатады, ә! Одан соң әлгі журналист Мисима екеуінің арасындағы қарым-қатынас жайынан да сұрайды, сонда Оэ: «Ол мені жек көрді... Мисима мені синтоизмді, ұлтшылдықты, императорға табынуды жақтайды деп ойласа керек. Бірақ терроризмді мадақтайтын ниетім болған емес. Үйін тастап, қоғамнан бөлініп, террористерге қосылып кеткен жас адамды түсінуге тырыстым...» ( «Он жеті жасар жігіт» деген шығармасы туралы айтып отыр). Өзі туралы бұған дейін артық-кем сөз айтса да, Мисимадай қаламдас серігін қара есекке теріс мінгізіп жатқан жоқ, әдемілеп әдіптеген. ( Біз қайтер едік?!.) Міне, жапондық көркем сөз сардарлары бір-бірін осылай жек көріп, осылай жақсы көреді. Қанша ренжіп тұрса да қандас қаламгерді жаманшылыққа қиып, қадірлі басын теріс пиғылдылардың «қанжығасына» оп-оңай байлап бере салмайды. Ал, біз... қандай халықпыз? Кімбіз осы, а? Ең бірінші кемшілігіміз – бірімізді біріміз мақтап, жылы сөз айтуға жоқпыз. Екіншіден, талантты шығарманы көре тұрып та, көрмеген боламыз. Үшіншіден, атақ-даңқ десе, өзгені емес, алдымен өз басымызды ойлап кетеміз. Ең сұмдығы – біз бір-бірімізді оқығымыз келмейді. Демек, қазақ болып қазақтың қуанышын да өзінен қызғанамыз – осы өтірік пе? Барша адамзатқа шынайы тазалық пен мөлдірліктің шапағатын себетін аса мәртебелі көркем әдебиет секілді әрбіреуіміздің де көкірек сарайымызда адалдықтың асыл ұрығы көктеп шықпайынша көсегеміз көгеруі де неғайбыл. Мен осыны ұқтым, Сөз мырза!!!
Жолтай Әлмашұлы