Ресей цифрлық даму, байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрлігі ел шекарасынан өткен кезде ш...
Кәсіпкерлік көзін отбасыдан өрбіту қажет
«Династия» жобасы отбасылық кәсіпкерлік пен қаржылай сауаттылықты дамыту және оны ары қарай қолдауды мақсат етіп, Отбасылық бизнес ассоциациясы серіктестерімен бірге осы игі шараны жүзеге асыру жолында еңбек етуде. Осы істің арқасында елімізде жаңадан 4 компания шаңырақ көтеріп, 4 серіктестік жоба өмірге қадам басты. Осы орайда Алматы қаласындағы SmaArt.Point ғимаратында жобаға қатысушыларды марапаттау шарасы да өткізілген-ді. Бұл жобаның бас демеушісі ретінде «Хоум Кредит Банк» жеңімпаздарға үш қаржылай грант табыстады. Сондай-ақ осы жобаға қатысушылар кәсіпкер деген заңды мәртебеге де ие болды.
Аталмыш жобаға Қазақстанның әр аймағынан, яғни 12 ауданы мен 8 қаласынан келген 300-ден астам адам бас қосты. Қатысушылардың жас ерекшеліктері 25-55 жас шамасындағы әйел адамдар еді. Үш айлық оқу мерзімі ішінде 8 мастер-класс пен қосымша түрде 4 рет сарапшы мамандармен жүздесу өткізді.
Осы жобаның көздегені – еліміздің қай түкпірінде болмасын кәсіпкерлікті мақсат еткен жандарға қол ұшын беру болып табылады. Және басты ерекшелік осы кәсіпкерліктің негізінде – отбасылық ресурстарды пайдалану және сол арқылы өз ісін өркендетумен қатар жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізу қарастырылған-ды.
Жоғарыда аталаған үш айлық білімді бойына сіңіргендер: өзі ашқан компаниясының қаржылық негізін біліп, күнделікті қарым-қатынаста қажетті маркетинг құралдарын пайдалануды үйреніп, сонымен қатар жаңа серіктестер тарту мен өзіне тұтынушылар жинастыруды да меңгеріп шықты.
Осы орайда Қазақстан Отбасылық бизнес ассоциациясының төрайымы Яна Исакова былай дейді:
- Егер статистика мәліметіне жүгінсек, отбасылық бизнес түрі қазіргі таңда табысты кәсіптің бірі болып саналады. Бұл жаңалықты мен аштым деп айта алмаймын, себебі күллі әлем мойындап отырған ақиқат. Мысалы біздің халық ұлттық және отбасылық құндылықтарды өте жоғары бағалаймыз. Сонан кейінгі айтарым, «Отбасылық бизнесті ашу қиын» деген кертартпа пікірден арылуымыз керек. Алда-жалда бір жаңа іс бастағың келсе, алдымен жаныңдағы жақын адамдарыңмен ақылдасатының рас емес пе?! Әрине солай. Біздің тарапымыздан осы отбасы мүшелеріне серіктестік негізінде іс бастап, шаруасының өрге жүруіне кеңес, көмек беру қарастырылған.
Бұндай жобаға кез келген адам қатыса алады. Тек тіркеуден өтуі ғана керек. Басты талап, жобаға ниет білдірген кісі өзімен бірге жақын туыс адамын ерте келуі міндетті.
«Банк Хоум Кредиттің» қоғаммен байланыс менеджері Эльвира Нұрбаева:
- Шынымды айтсам, бұл жоба туралы хабарамыз аз болатын. Бір жолы Қазақстан Отбасылық бизнес ассоциациясының төрайымы Яна Исакова бізге қоңырау шалды. Ол кісі тек Алматы қаласы ғана емес, жалпы ел бойынша «кәсіпкер боламын» деген үміткерлердің басын қосып, бизнес ашудың жолдарымен таныстырғысы келетінін айтты. Бір ғажабы ол кісі бізден қаржылай көмек емес, сол қатысушылардың қаржылық сауатын ашуға қол ұшын беруімізді сұраған еді. Біздің банк бұған дейін бес жыл бойы осы қаржылық сауат ашу тұрғысында жобалар жасап, жүзеге асырып келе жатқан болатын. Сонымен Янаның бастамасы біздің ойымыздан шығып, үш ай бойы талапкерлермен отбасылық негізде кәсіп жүргізу тәжірибесімен бөлістік, - деп атап өтті.
Алматы қаласында аталған жоба бойынша сексенге жуық отбасылық жұп үш ай көлемінде әр апта сайын мастер-класқа қатысып, тәжірибе алды. Ал банк тарапынан оларға кәсіпкерлікке қатысты негізгі деген қаржылық құралдардың қыр-сырын ашты. Сонымен олар экономика мен қаржы саласына қатысты барлық мәліметтерге қанықты. Сонымен қатар кәсіпті бастар алдында қандай нәрселерге назар аударып, ой тоқтату жағынан да кеңес алды.
Осы жобаға «Атамекен» Қазақстан республикасының ұлттық кәсіпкерлер палатасы айтарлықтай демеушілік жасағанын атап өткен жөн. Сондай-ақ Іскер әйелдер кеңесі мен Алматы Менеджмент университеті де сол қолдаушылардың қатарынан табылды.
Жобаға қатысушы Сәуле Архарова жоба туралы өз ойын былай деп жеткізген болатын:
- Осы жобаға дейін бизнес-жобаны қалай жазу керектігін білген жоқ едім. Негізгі кәсібім өнер адамы болғандықтан нәсіпті көбіне той-томалақтан ғана тауып жүрдім. Ал енді қаржыны қалай ұстап, қалай кәсіп жүргізу амалдарын осы жоба аясында үйренгендіктен өзгеше көзқарас қалыптасты. Соның арқасында шығармашылық шеберханамызды ашуға мүмкіндік алдық. Қазір «Архаровтар шығармашылық шеберханасы» деген атпен танымал болып келе жатырмыз. Бұндағы мақсатымыз тек ақша тауып қана қоймай, халыққа сапалы өнер көрсетіп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлау. Қызметің өтімді болса, оған сұраныстың мол болуы нарық қағидасы екенін ұқтым.
Жобаның тағы бір қатысушы Жанар Байболова:
- Негізгі мамандығым заңгер болатын. Осы жоба арқылы пайдама жарайтын білім алдым деп санаймын. Отбасымыз жұмыла кірісіп, киім-кешек дизайнері жағын меңгеруге тәуекел еттік. Әйелдерге арналған сумка жасауды жолға қойып, отбасылық бинестің көзін тапқан сияқтымыз – деп ағынан жарылды.
З. Самалбекұлы