ӘДІЛБЕК ҚАБА мен ТӨРЕҒАЛИ ТӘШЕННІҢ АЙТЫСЫ

ӘДЕБИЕТ
2752

Айтыс десе қазақтың делебесі қозады. Арқаланып кететіннің біреуі менмін. Бір кездерде КазГУ-дің журналистика факультетінің 5-ші жатақханасында өткен айтыстан бірінші орын алғаннан бері жабысқан «ауру». Жалпы, баяғыдағыдай суырып салатыны да, жазба айтысы бар әйтеуір қазақ айтысқыш қой. Кейде әлеуметтік желіде де сөз қағыстырып қалып жатады. Әлеуметтік желі демекші, жақында бір кездерде «Айқын» газетінде Бас редактодың бірінші орынбасары қызметін атқарғанымда қызметтес, жақсы дос болған журналист Төреғали Тәшенов екеуміз фейсбукте әзілдесе отырып аяқ астынан айтыса кетпейміз бе, әлгі жерде. Пәленің басы оның қысы-жазы жалаңбас жүретінінен басталды. «Өстіп жүріп бастан кетесің ғой» дегенге саятын әзілге ол өлеңмен жауап беріпті. Оған мен жауап ретінде бір шумақ қыстырып жібердім. Сөйтіп, айтыс басталды да кетті.

ТӨРЕҒАЛИ ТӘШЕН:
Қысқы суық тұрса да қақырынып,
Жүре берем бөрікті атып ұрып.
Аяқ жылы, ал басың суық болсын,
Бөріксіз де сау миым, ақылым нық!

ӘДІЛБЕК ҚАБА:
Қалыпты ау, бұйра шашың шалаңданып,
Бұйра бас, қайда шіркін, балаң қалып!?
Қылтиып қызға әдемі көрінем деп,
Арда миың қалмасын шабанданып.

ТӨРЕҒАЛИ ТӘШЕН:
Шал болдық, жоқ баяғы балаң қалып.
Қыздарға қарамаймыз арамданып.
Суық ол миды қайта сергітеді,
Бұйра шаш жусақ шығар тарамданып, - дей келіп, баяғыда қатарымыз болған соң небір жатыпатар қалжыңмен қажап жүретін кездерді еске салып,

Аман ба, Астанадай шаһарыңыз,
Қалмапты жатып алып атарыңыз.
Жақ жүніңіз жарасып тұрушы еді,
Жақсы еді жылмиғаннан сақалыңыз, -деп 20 жыл жолдас болған сақалымды алып тастағаныма да тиісе кетіпті.
Мен де қарап қалмай Бас Прокуратураға Басқарма басшысы қызметіне барғанымда кілең пагондының арасында қалың қойдың ішіндегі серке сияқты сақалменен жараспай қалған соң алып тастағанымды тілге тиек қылып былай дедім:

Қалмайды жатып алып атарымыз,
Сиреді қалжың сүйер қатарымыз.
Полковник болғанында атағымыз,
Погонға жараспады сақалымыз.

Жақсы еді жылмиғаннан сақалымыз,
Бүгінде жас жігіттер қатарымыз.
Қазірше пулеметтен атып жүрміз,
Оқшантайда бар кезде атарымыз.

Жақсы ғой бет шіркіннің нұры болса,
Төкеңдер қыз-қырқынның гүлі болса.
«Ақ боз атың» ұзаққа шабады екен,
Бас пен аяқ әсілі жылы болса, -деп анау мынау түрікменнің сеңсең тұмағынан да қалың, тарақ батпайтын бұйра шашына тағы тір тиісіп өттім.
Ол да қарап қалсын ба, мені қайтадан сақалдан алды.

Жүгін тастап журналист-қара нардың,
Сақал сатып, погонды қалап алдың.
Ел жұртың аман тұрса, ол да болар,
Погоны алыс емес генералдың!
«Ақ боз ат» пен қатар шауып ақындығың,
ФБ-да бермей тұрсың өлең алдын!
Тауарыш полковник честь имею,
Сарт етіп оң жамбасқа келе қалдың, -деп мақтап-мақтап келіп, мақтамен бауыздап келіп жіберді.
Мен де қарап қалмай:

Сақталғаны жақсы ғой балаң қалып.
Қыздарға қарамаңыз арамданып.
«Ақ боз атты» қамшылап тұрмасаңыз,
Қалады көні қатып, қараң қалып,- деп Төреғалидың сөз басында «Шал болдық, жоқ баяғы балаң қалып, Қыздарға қарамаймыз арамданып» деп шалдықты мойындағанын есіне сала отырып, «ақ боз атты» бәйгеден ерте шығарса «бабы кетіп», шабуы кем болатынын меңзеп бір шымшып алдым да, аңғал да ақжүрек досыма көптен көкейде жүрген ақжарма тілегімді төгіп төгіп жібердім:

Рахмет, Төкенжан тілегіңе,
Адамға арамы жоқ жүрегіңе.
Қара сөзден май шайқап, қыл суырған,
Сендей шебер барын жұрт біледі де.

Ер жүзіңе сақалың көрік болсын,
Жазғаныңа оқырман жерік болсын.
Немерелі болыпсың, бір бұйра бас,
Бауы-дағы батырдың берік болсын! , деп тізгінді бір тарттым. Төкең де немересін айтқан соң көңілі жібіп, жайылып сала берді. Ол да ақжарма тілектен шашу шашып:

Әлі талай биікке шарқ ұрыңыз,
Ер Әдеке, аман боп, сау тұрыңыз!
Жастық жыры жалындап маздай берсін,
Таусылмасын «Махаббат маусымыңыз!»,- деген соң анау-мынау айтыстардағыдай жаттап келмей-ақ көсіліп, әрі атыспай, шабыспай, силыққа таласпай тарастық. Айтысып тұрған жақсы екен, Сізге қалай, біздің айтыс...

Әділбек ҚАБА

author

Төреғали Тәшенов

АҚЫН

Шоу-бизнес

Айтыскер ақын Балғынбек Имаш Мұқағали Мақатаевтан кешірім сұрады, – деп хабарлайды madeniporta...

Жаңалықтар

Енді жүргізуші белгіленген жылдамдықтан асырса 158 мың теңге айыппұл төлейді, деп хабарлады madenipo...