Ақын Гүл Зарқұмардың 7 өлеңі

ӘДЕБИЕТ
8925

Әлемнің үмітіне үрей туғызып, көңіліне қаяу түсіріп, жан әлемін құлазытып тұрған осынау пандемия кезінде "Мәдениет порталы" кішкене болсын жүректерге жылу сыйлағысы келеді. Осы мақсатпен портал ұжымы қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік орыны бар ақындарға сауын айтып, өздерінің көңілінен шығатын 7 өлеңін сұрап, жариялап келеді. Бұған дейін елге белгілі бір топ ақын өлеңдерін ұсынған болатын. Ақындарға алғысымыз шексіз!
Бүгін ақын Гүл Зарқұмардың 7 өлеңін ұсынамыз! Мархабат!

Ақын Гүл ЗарқұмарАспан бөлек сендегі бұлт та бөлек,
(Қара көздің қауызын шыққа бөлеп...)
Саған ауған аңсардың, сағыныштың,
Өлең болып өзегін жарып ұштым...
Құшағыңа асыққан арман едім,
Сенен артық биігім бар ма менің?!
Бөкентау!
Ауа бөлек сендегі құт та бөлек,
Самал желің бойға нәр, рухқа қорек...
Жүрегімді жұлып ап бөктеріңе,
Көмер едім сый етіп көктеміңе...
Сені аңсаған аяулы сезім едім,
Жерұйығым ғұмырлық өзің едің-
Бөкентау!

* * *

Тағдыр неге береді екен жанға мұң,
Атты талай сағынышпен таңдарым...
Туған жерді қию қандай ауыр сын-
Қанатыңнан жұлынғандай қауырсын...
Биіктіктен шыққан мынау зор басым,
Сия алмады қоғам деген торға шын...
Еркіндіктің самал желін сағындым,
Басып алды көңілімнің тағын мұң...
Шекара да маған шектеу қоя алмай,
Туған жерге жетермін деп ой,Алла-ай!
Күндіз-түні құса кештім, ой кештім,
Бұл аңсауды түсінбей-ақ қойды ешкім...
Туған жердің нарқын білмей өтпеңдер,
Жұмағың сол... Арасында көк пен жер…

* * *

Ақын болып не ұттың деп ғұмырдан,
Әділетсіз қоғам түспес тұғырдан...
Аққа күйе жаға алатын тобырдың,
Көздері де соқыр екен соғұрлым...
Сөздері де жансыз, өлі, жоқ қаны,
Ту сыртымнан сол сөздерін оқтады...
"Сұңқарының қанаттары қырқылып,
Тұлпарының тұяқтары жыртылып..."
Қалсын деген қастарымның тілегін,
Кешіре алған менің абзал жүрегім!
Сен мендегі бақ-ырыстың өзісің,
Жарығы мол көкірегімнің көзісің!
Сен мендегі қасиеттің нұрысың,
Сол үшінде тарылмайды тынысым...
Күйкі тірлік қуғандардан емеспін,
Мен - түйсікпін, мен- сезіммін,мен- еспін!
Жалыққанда дүниенің сотынан,
Бақыт жайлы өлең жазып отырам...
 
* * *

Бәлкім, бұл тағдырдың заңы емес те
шығар?!
Жүректен жүрек қалмады егеске шыдар…
Бақытқа балқып көрмеген басымның
құнын,
Білмеген мынау тірлікке ашындым
бүгін…

Ақын боп ғұмыр кешудің азабын тартып,
Жанымның жасын өлең ғып жазамын
сарқып.
Ғашықпын деген хаттардың демінен
жанып,
Отырып алып оңаша егілем неғып?!

Болар ма екен арман мен мұңдардың
шегі?!
Түсіме енді бітпейтін шыңдардың шебі…
Зарығып өтер ай, жылдар, күндердің
зарын,
Естігім келмей, сөндірдім түндердің
шамын.

Тағдырдың мынау тұтқан
бір шымылдығында,
Көз жасым талай көміліп,тығылды
мұңға…
Тәуекел етіп ысырдым тұншығып барып,
Сыр тұнып қалған көзімнен мұңшылық
тамып…
Мен күтіп келем бақытты шақтарды
нұрлы,
Махаббатпенен гүлдеген бақтар
ғұмырлы!
 
* * *

Тағдырына үкім айтқан өлеңнің,
Келеді ылғи шуағына бөленгім...
Шын ниетпен махаббатын қарсы алып,
Айтқым келер бар әлемге жар салып:
- Бақыттымын!-десем дәтім жетер шын,
Әттең,дүние... Бекерсің тек бекерсің!
Көздерімнің жарық нұрын бұлдасам,
-Елті болып кет!- дейсің-ау,сырғасы ән?!
Көкжиекке батқан жалын от сынды,
Мен іздеймін бұл қоғамда жоқ шынды...
Іңірлерім қобыз тартып келгенде,
Алтайдағы еске түсер ермен де...
Бардың жоғын, жоқтың барын түгендеп,
Жан дертімді өлең келіп жүр емдеп...
Шаштарыма қалампырды қадап ап,
Қымызды аңсап отырамын адал,ақ...
Аспан маған, мен аспанға тік қарап,
Жапырақтың жиегіне шық тарап...
Өлең болып кетсе екен деп бұл ғалам,
Тілеймін де... Ғарыш жақтан сыр бағам...
Тылсымына батырады кейде шын,
Ғұмырымның сызып сыршыл бейнесін:
Тағдырымның итжейдесі өлеңнен,
Өлеңменен өмір сүріп өлер дем...
Тау мен тастың арасынан көшкен бүр -
Өлең болып өр биікте өскен гүл!
 
* * *

Аспан деген сағыныштың мекені-
Көздің нұры көкті бойлап өтеді...
Іңкәрліктен арыла алмай ғұмыр-мұң,
Жүрегіме зардың жасын сіңірдің...
Неге менің аласа емес аспаным?!
Дүниеден мүлдем бөлек, басқамын...
Атар таң мен батар күннің бар сыры,
Менің бәлкім, жанарымның жарқылы?!
Жақын келсем, жанып кетер ме екен деп,
Сағыныш жүр аспан жақты мекендеп…
 
* * *
 
НИКА ТУРБИНАНЫҢ РУХЫНА…
 
Бізді тағдыр жаратса да жасын ғып,
Ника, менің құрдасымсың ғасырлық!
Жарып аққан жарық жылдар өзегін-
Өлең деген асыл құт...
Сенің жырың оқылғанда ғарыштан-
Жұлдыздардың жүрегінен зар ұшқан...
Мынау тобыр дүниенің әлегі,
Менің дағы тынысымды тарылтқан...
Ника, менің атар таңым бар әлі,
Өмір сүру қандай қиын саналы?!
Әділетсіз дүниеден жалыққан,
Жаным менің жаралы...
author

Бақытгүл Баймолдақызы (Гүл Зарқұмар)

АҚЫН

Шоу-бизнес

Танымал әнші Сәкен Майғазиев әлеуметтік желіде марқұмды еске алып жазба арнады, деп хабарлады madeni...

Жаңалықтар

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі алтын, күміс, қорғасын, мырыш және басқа да қатты пайдалы қазба қ...